Аймақтар • 08 Маусым, 2020

Медицина: Жауырды жаба тоқымау керек...

475 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда Солтүстік Қазақстандағы көрсетілген медициналық және фармацевтік қызметтер мен тауарлардың сапасы және қауіпсіздігін бақылау депарментінің бастығы Серікбай Қасмақасов журналистерге брифинг беріп, үстіміздегі жылдың І тоқсанында өздеріне 19 арыз-шағым түскенін жариялады.  Соның 11-нің дұрыстығы дәлелденген.

Медицина: Жауырды жаба тоқымау керек...

С.Қасмақасовтың сөзіне қарағанда арыз-шағымдардың азаю динамикасы білінеді. Олар негізінен жекеменшік емханалардың қызметтерінің үстінен түскен. Мысалы, бір зейнеткер өзіне 1 млн 200 мың теңгеге протез салдырған. Алайда ол бекімеген, себебі алдымен тістің парадентоз дерті емделуі керек екен.  

Медициналық қызметті бақылаушы органның басшысы жалпы жағдайды негізінен жақсы дегенімен Солтүстік Қазақстанның емдеу орындарының жұмысы көңіл көншітпейді. Мәселен, облыстық балалар ауруханасына аяғы сынып түскен 11 жасар Лаура Әлім деген балаға алты айда 6 рет наркозбен ота жасаған. Баланың аяғы әлі де жазылмаған. Аурухананың дәрігерлері аяқ астынан оның сынығынан онкологиялық дерттің «ізін» көріп, оны анықтау үшін ата-анасына өз күштеріңізбен Ресей Федерациясының Омбы қаласына жеткізіңдер деген талап қойған. Жол ақысын, сарап жасаудың бағасын омбылықтарға төлеудің қажеттігін де тапсырған. Ал өзіміздің елдегі тегін сарапқа жіберуді олар артық санаған. Осыған қарағанда біреулердің көлденең табыс тапқанын қалайтын сияқты. Қазақстандықтарды көрші елге «қуудың», сөйтіп тамыр-таныстарына ақша тапқызудың жолы да жасалып қойған ба деп ойлайсың...  

Мәселеге, Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырман араласып, Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов пен облыс әкімі Қ.Ақсақаловқа сауал жасағаннан кейін ғана санитарлық авиациямен оталық материалдар Нұр-Сұлтан қаласына тегін жеткізіліп, баланың бойында ешқандай онкодерттің жоқ екендігі анықталды.

Міне, осындай мәселелер медициналық қызметті қатаң бақылауға алуды талап етеді. Медициналық қызметтердің сапасын бақылайтын қызметке осындайларға да жіті назар аударуы керек-ақ. Облыстық денсаулық сақтау басқармасына бірнеше айдан бері басшы тағайындалмағандығы халықтың денсаулығына деген жанашыр көзқарастың мұнда аздығын көрсеткендей. Ал бастықтың міндетін атқарушы Н.Айманов өзіне жасалған шағымды қарамақ түгілі облыстық балалар ауруханасының бас дәрігерімен сөйлесуге де жарамаған.

 

Солтүстік Қазақстан облысы