07 Сәуір, 2010

ҚАЗАҚСТАННЫҢ БАСТЫ МАҚСАТТАРЫНЫҢ БІРІ – ЯДРОЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК

874 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Қазақстанды қандай ел десек, ең біріншіден, бейбітшіліксүйгіш, шетелдермен ынтымақтастық қа­рым-қатынас жасауды көздейтін мемлекет деп айтар едім. Осыдан шамалы уақыт бұрын Швей­ца­рияға сапармен барып қайтқан ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төр­аға­сы, еліміздің Мемлекеттік хат­шы­сы – Сыртқы істер министрі Қа­нат Саудабаев Қазақстанның осы ұстанымдардан айнымай­тын­­ды­ғын дәлелдеп қана қой­май, соған Ұйымға мүше елдер өкілдерінің көздерін жеткізе түсіп те келді. Ал 2 сәуір күні Ресейдің “Из­вестия” газетінде Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаевтың “Алып ауқымды әлем және ядролық қауіп­сіздік” атты көлемді мақа­ласы жарық көрді. Бұл мақала “Егемен Қазақстан” газетінің 3 сәуірдегі санында толық берілді. Елбасының ашық пікірге ша­қыр­ған, адамзатты мазалап отырған өте күрделі мәселе жөнінде жаз­ған ойлары өзектілігімен ерек­ше­ленеді. Осы орайда атом қаруына қарсы, қауіпсіздікті қорғау мақ­сатында еліміздің атқарып жатқан игілікті істері жайлы, оның ішінде Парламент қабылдаған маңызды заңдар жайлы ойларым­ды ортаға салуды жөн көрдім. ХХ ғасырдың орта тұсында алып елдердің жаппай қырып-жоятын атомдық қаруға жедел қол жеткізуді мақсат тұтып, адам­зат баласына алапат қауіп төн­дір­гені тарихтан белгілі. АҚШ пен КСРО  сынақ аймақтарындағы бейбіт тұрғындардың жағдайына қа­рамастан мыңдаған жарылыс­тар жасады. Ондай апаттың зар­да­бын көп шеккен елдердің бірі – Қазақстан. Шөбі шұрайлы, сулы да нулы мекендеріміз жары­лыстың уына бөкті. 1949 жылы ашылған Семей сынақ полигоны өңірге орасан зор зардабын ти­гіз­ді. 1988 жылы халықтың мұңы, кө­кейіндегі ащы шері ақын Ұлық­бек Есдәулет сөзін жазған, сазгер Төлеген Мұхамеджановтың “Заман-ай” әнімен, аса дарынды әншіміз Роза Рымбаеваның орын­дауында әрбір жанның жүрегіне жетті. 1980-ші жылдардың соңы мен 1990-шы жылдардың ба­сын­да халық на­разылығы әлем жұртшылығының назарын өзіне аударды. Ақын Олжас Сүлей­ме­нов жетекшілік еткен “Семей-Невада” қозғалысы сол тұста бейбіт шеру ұйым­дастырып, елдің тілегін алысқа жеткізді. Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың қажыр­лы ең­бегінің, қайраткерлігінің ар­қасында Семей сынақ полигоны біржола жабылды. Яғни, 1991 жыл­ғы 29 тамызда Елбасы “Се­мей ядролық сынақ полигонын жабу туралы” тарихи Жарлыққа қол қойды. Сол кезде тек  семей­ліктер ғана емес, барша қазақ­стан­дықтар шын жүрегімен қуан­ды. 29 тамыз Қазақстанның бас­тамасымен бүгінгі таңда Ядролық сынақтарға қарсы әрекеттердің ха­лықаралық күні болып жа­рияланды. Бұл туралы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарары қабыл­дан­ғаны белгілі. Атом қаруы бір елдер үшін өзгені қорқытып, үркіту құралы болса, енді бір елдерге саяси-эко­номикалық байланыс жасау үшін үлкен зиянын тигізіп отыр. Ядролық қарудан айырылып қал­ғысы келмейтін елдер де бар. Қазір жаңа ғасырда өмір сүріп отыр­мыз. Жаңа үшінші мыңжыл­дық бас­талды. Бұл адамзаттың өр­кениетке бет алған ғасыры екенін әлі де түсінгісі келмейтін жандар­дың бар екені жасырын емес. Қазақстан – өткен ғасырда-ақ ядролық қарудан өз еркімен  бас тартқан әлемдегі тұңғыш мемлекет. 1993 жылы желтоқсанда мұндай батыл қадамға барған Қазақстан­ды әлем жұртшылығы таныды. Біздің ел 18 жылдан астам уақыт бойы әр ісімен, әрбір саяси қа­да­мы­мен бейбітшілікті қолдайты­нын дәлелдеп келеді. Осы бағыт­тағы көптеген халықаралық келі­сім­дерге қол қойылды. Сондай ма­ңызды құжаттардың бірі жуыр­да ел Парламентінде талқыға түсті. 2009 жылдың соңына таман Парламент Мәжілісіне Үкімет­тен атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануға қатысты төрт халықаралық құжатты бекіту­ді көздейтін заң жобалары келіп түсті. Олар: “Ядролық авария жағдайындағы немесе радиациялық авария жағдайындағы көмек ту­ралы конвенцияны ратификациялау туралы”, “Ядролық авария туралы жедел хабарлау жөніндегі конвен­цияны ратификациялау туралы” және “Пайдаланылған отынмен жұмыс істеу қауіпсіздігі туралы және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу қауіпсіздігі туралы біріктірілген конвенцияны рати­фи­кациялау туралы” заң жобалары. Палата шешіміне сәйкес Мәжі­лістің  Халықаралық істер, қор­ға­ныс және қауіпсіздік комитеті осы жобаларды жұмысқа алып, тал­қыға шығаруға жедел дайындады (өзім осы заң жобалары бойынша жұмыс тобының жетекшісі болып тағайындалдым). Палатаның бар­лық салалық комитеттері оң қо­ры­тындысын берді. Жаңа жылдың алғашқы күндерінде өткен Мә­жіл­іс­тің жалпы отырысында бұл жо­ба­лар тұтасымен күн тәртібіне енгізіліп, талқыға салынды. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2007 және 2008 жылдардағы Қазақстан халқына жолдауларын жүзеге асыру үшін қазір елімізде атом энергети­ка­сының негізін құру, ядролық энер­гетика саласын дамыту бағы­тында белсенді жұмыстар жүр­гізіліп жатыр. Осыған орай атал­ған конвенцияларды заң түрінде бекітудің маңызы зор. Жеке алсақ, оның ішінде “Ядро­лық қауіпсіздік туралы кон­венция” ядролық қондырғылар қауіпсіздігіне тікелей арналған алғашқы халықаралық құқықтық құжат болып табылады. Ол Вена қа­ласында 1994 жылғы 17 мау­сым­­да қабылданған. Қазіргі кезде осы конвенцияға қатысушы мем­лекеттердің саны 65-ке жетті. Қа­зақ­стан конвенцияға қатысушы ретінде 1996 жылғы 20 қыркүйекте қол қойды. Конвенция ядролық қауіп­сіз­діктің жоғары деңгейіне қол жет­кізуге, жекелеген адамдарды, тұтас қоғамды және қоршаған ортаны мұндай қондырғылардан шығатын иондаушы сәулелердің зиянды әсерінен қорғау үшін радиация­лық қауіптен қорғаудың тиімді құралдарын жасауға бағытталған. Сондай-ақ, радиологиялық салда­ры бар апаттарды болдырмауды көздейді. Ал “Ядролық авария туралы жедел хабарлау жөніндегі конвен­ция” ядролық аварияларды бол­дыр­­мауға және егер олар болған жағ­дай­да олардың трансше­кара­лық ра­диациялық салдарын ба­рын­ша азай­ту мақсатында мем­ле­кеттердің ядролық апаттар туралы тиісті ақпа­раттарды жедел беруіне бағыт­талғанын баса айта кеткен жөн. Бізге табыс етілген мәлімет­тер­ге сүйенсек, ядролық апат­тар­дың зардаптары көбінесе транс­ше­каралық сипатта болады екен. Сондықтан ядролық апат туралы тиімді хабарлау жүйесін құру оның келеңсіз салдарын азайту­дың негізгі факторларының бірі болып табы­лады. Осы конвен­ция­ны ратифи­ка­циялау еліміздің ядро­лық авариялар туралы жедел хабарлаудың халық­аралық жүйе­сіне бірігуіне, өзге ел аумағында осындай апат болған жағдайда еліміздің халқын және қоршаған ортаны қорғауда жедел және тиім­ді шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Сол секілді “Ядролық авария жағдайындағы немесе радиациялық авария жағдайындағы көмек тура­лы конвенция” атауы айтып тұр­ған­дай, ядролық апат немесе ра­диациялық апатты жағдай орын алғанда олардың зардаптарын азайту үшін және радиоактивті шығарындылар әсерінен өмірді, мүлікті және қоршаған ортаны қорғауға кідіріссіз көмек беруге жәр­демдесу мақсатында халықара­лық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Осы конвенцияны Қазақстан­ның заң түрінде бекітуі халықара­лық стандарттарға сәйкес келетін ядролық және радиациялық ава­рия­ларға орай әрекет етудің тиімді жүйесін ұйымдастыру үшін және осындай апаттардың зардаптарын жою кезінде, қажет болғанда, ха­лықаралық көмекті тартуға жағдай туғызатыны атап көрсетілген. Ал пайдаланылған отынмен жұ­мыс істеу қауіпсіздігі туралы және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу қауіпсіздігі туралы біріктіріл­ген конвенцияға Қазақстан 1997 жылы қыркүйек айында қол қой­ған. Конвенцияның негізгі мақ­саты ұлттық шараларды және халықаралық ынтымақтастықты, оның ішінде тиісті жағдайларда қауіпсіздік саласындағы техника­лық ынтымақтастықты нығайту жо­лымен бүкіл әлемде пайдала­ныл­ған отынмен және радиоак­тив­ті қалдықтармен жұмыс істеу қауіпсіздігінің жоғары деңгейіне қол жеткізу және оны қолдау бо­лып табылады. Осы конвенцияны ратифика­ция­лау Қазақстанның пайдала­ныл­ған отынмен және радиоак­тивті қалдықтармен жұмыс істеу­дің халықаралық стандарттарға сәй­кес қауіпсіз жүйесін жасау ние­тін айғақтайды. Сол арқылы Қазақстанның атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану сала­сын­дағы халықаралық ынтымақ­тастығын одан әрі дамытуға ық­пал ететін болады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларын орындау үшін еліміздің тиісті ми­нистрлігі Канадамен, Франция­мен, Жапониямен және Үндіс­тан­мен атом энергиясын бейбіт мақ­сатта пайдалану саласындағы үкі­мет­аралық келісімдерге қол қоюға әзірлік жұмыстарын жүргізуде. Аталған халықаралық конвен­ция­ларды заңдық түрде бекіту ядро­лық қызмет қауіпсіздігі жүйе­сінің тиімді жұмыс істеуіне қажет халықаралық стандарттарға сәйкес негізгі құқықтық құралдар ен­гізу­ге, соның арқасында атом энер­гиясымен байланысты қызметті жүзеге асыруда халықты және қоршаған ортаны қорғау деңгейін көтеруге мүмкіндік жасайды. Сонымен қатар, бұл құжаттарды бекіту еліміздің ядролық қаруды таратпау режімін нығайту жөнін­дегі шараларды жақтайтындығын көрсетеді және осы саладағы саяси бағытының өзгермейтіндігін растайды. Сондай-ақ, ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы Қа­зақстанның заңнамасын халық­аралық нормалармен үйлестіруге, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бағытында еліміздің халықаралық ынтымақтас­ты­ғы­ның одан әрі дамуына мүмкіндік береді. Мәжіліс депутаттары талқы­лау­дан кейін аталған заң жоба­ларын толықтай мақұлдау жөнінде ортақ шешімге келді. Бізден кейін осы құжаттарды қолға алған Се­наттағы әріптестеріміз де аталған конвенцияларды бекітуді көздей­тін заңдарды қабылдаса, Мем­ле­кет басшысы осы маңызды құжат­тарға 3 ақпан күні қол қойды. Биыл Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төр­­ағалық ету міндетін атқарып жа­тыр. Елбасы өз үндеуінде мем­лекетіміздің басты мұратын жария етті. Мұнда да еліміз әлемге бей­біт­шіліксүйгіш ұстанымдарын, өмір­шең бастамала­рын, мызғымас бір­лік­ке алып келетін сенім, үлгі бо­ларлық дәстүр, ашық үнқатысу ала­ңын орнату және дінаралық төз­імділік бағыттарын ұран ретінде ұсынып отыр. Барша халқымыз қазір ты­ныш­тық орнатудағы Қазақ­стан­ның үлгісі әлемге кеңінен таны­лып, еліміздегі ынтымақ өз жа­ра­сымын таба бергей деген тілектің үстінде. Сауырбай ЕСЖАНОВ, Мәжілістің  Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі.