Былтыр Атырауда аталған бағдарлама шеңберінде 28 344 адам жұмыспен қамтылып, 5 млрд теңге қаржы игерілді. Жоспарланған шаралар толығымен орындалды. Ал, биыл бағдарлама аясында 23 566 адамды жұмыспен қамту көзделіпті.
"Жыл басынан бері Жұмыспен қамту орталықтарына хабарласқан 11 410 адамның ішінен 6 217-і яғни 54,5 пайызы жұмыспен қамтылды. Қазір жұмыссыздар саны 9 805 адамды құрап отыр", - деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Серік Қамидолла.
Алайда, мекемелер ұсынған тұрақты жұмыс орындарына 2 344 адам орналастырылып, жоспар 19,5% ғана орындалыпты. Бұдан да төмен көрсеткіштер Атырау қаласында (9,8%), Жылыой және Исатай аудандарында (14,8%) байқалып отыр.
Осыған орай облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асуы тиіс жұмыстарды ұйымдастыра алмай отырған аудан әкімдерінің жұмысын сынға алды.
"Жұмыстарыңызда кемшілік көп. Бәрін карантинге сілтейсіздер. Маған жоспарды қай уақытта толық орындайтындарыңыз керек. Келесі айда жүктелген міндетті қаншалықты орындап, көрсеткіштерді жақсарта аласыздар? Нақты жоспарларыңызды айтыңыздар. Карантинді сылтауратуды қою керек. Жұмыс істейтіндерге әрдайым жол ашық. Төтенше жағдай, тіпті карантин кезінде де жұмыс істеуге арнайы рұқсат бердік. Облыстық арнайы штаб сол үшін күні-түні жұмыс істеді" - деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі құзырлы органдармен бірлесіп, мекемелер мен кәсіпорындарда еңбекақының уақытылы және толық көлемде төленуіне мониторинг жасауды тапсырды.