Экономика • 11 Маусым, 2020

Индустрияландыру саясаты: Үшінші бесжылдықта қателіктер ескерілсе

625 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Биыл Қазақстан индустрияландырудың үшінші бес­жылдығын жүзеге асыруға кіріспек. Соңғы 5 жыл­да Индустриялық-инновациялық дамытудың мем­лекеттік бағдарламасы арқылы өңдеу саласын­­дағы жал­пы қосылған құн 30,6 трлн теңгені құрады. Былтыр бұл көрсеткіш 2015 жыл­ғы деңгейден 87%-ға артып, 7,8 трлн теңгеге жетті.

Индустрияландыру саясаты: Үшінші бесжылдықта қателіктер ескерілсе

Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды

 

22 мың кәсіпорын жұмыс істеп тұр

Алайда экономиканы әртараптан­ды­руға бағытталған бағдарламаның ал­дың­ғы екі кезеңінде жіберілген қате­ліктер мен кемшіліктер аз болған жоқ. Әсіресе Ақтаудағы планшет шығаратын зауыт пен Қарағандыдағы ұшақ құрасты­ра­тын кәсіпорынның ашылмай жатып жа­был­ғанын көпшілік әлі ұмыта қоймады.

Ал таяуда салалық ведомствоның жыл сайынғы есебінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов 2019 жыл өнеркәсіп секторы үшін табысты аяқталғанын жеткізді. Оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі 27,5%-ды құрап, 11,4%-ы өңдеуші өнеркәсіпке тиесілі. Мамырдағы жағдайға сәйкес, өнеркәсіп сегментінде қазір 22 мың кәсіпорын жұмыс істеп, (өңдеуші өнеркәсіп – 16,1 мың), 1 млн-нан астам адам жұмыспен қамтылған (оның ішінде өңдеуші өнеркәсіпте – 583,6 мың адам). Соңғы 5 жылда өңдеуші өнеркәсіп сегментіндегі кәсіпорындар 45 трлн теңгеге өнім өндірген. Былтырғы қорытынды бойынша бұл саладағы нақты көлем индексі 4,4%-ға өсті. Оң динамика биыл да сақталады деп күтілуде. Осы жылдағы 4 айдың қорытындысына келсек, нақты көлем индексі 107%-ды құрады. Бесжылдық кезеңде өңдеуші секторға 18,7 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылып, еңбек өнімділігі 11,7%-ға артты.

Бағдарламаны іске асыру жылдары өңделген өнімнің экспорты 73,2 млрд долларға жетті. 2015-2019 жылдар аралығында 5,2 трлн теңгеге 556 жоба іске асып, 85 мың тұрақты жұмыс орны құрылды.

Екінші бесжылдықтың маңызды жобаларының ішінде Павлодар облысындағы Бозшакөл кен байыту комбинатын, Шығыс Қазақстан облысындағы Ақтоғай кен байыту комбинаты мен Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорнын, Ақтөбе облысындағы Ақтөбе рельс Арқалық зауытын, сондай-ақ Қарағанды облысындағы YDD Corporation ферросилиций өндіру зауытын атап өтуге болады. Өңірлік әкімдіктердің деректеріне сүйенсек, биыл 1 трлн теңгеге 160 жобаны іске қосып, 17 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құру жоспарлануда. Десе де макроэкономикалық конъюнктураның қарқынына байланысты бұл деректер алдағы уақытта түзетілуі мүмкін.

«Индустрияландыру жылдары өң­деу­ші өнеркәсіпті дамытуда айтар­лық­тай өзгерістер орын алды. Мысалы, жеңіл өнеркәсіппен айналысатын шағын және орта бизнес субъектілерін нақты ынталандырып, осы саланы қайта жандандырдық. Қазір елімізде маталар, кілемдер, балалар және ересектер киімі, шұлық-ұйық бұйымдары, аяқкиім, бас киімдер және тағы да басқа тауар түрлері өндіріледі. Бұл ретте отандық тауар импорттық өнімнің сапасынан кем түспейтінін айта кеткен орынды. Дәл осы салада қосылған құн тізбегінің неғұрлым дамыған сегменті қалыптасты, яғни қайта өңдеуден да­йын өнімге дейін», деді Б.Атамқұлов.

Ведомство басшысының айтуынша, индустрияландыру картасы арқылы химия кәсіпорындары жаңғырып, инвестициялық жобалардың есебінен шығарылатын өнімнің ассортименті кеңейді.

«Бүгінде бұрын өндірілмеген өнімдер шығарамыз. Атап айт­қан­да, каустикалық сода, натрий гипох­ло­риті, жуғыш заттар, лак-бояу ма­те­риалдарының жаңа түрлері, жа­рыл­ғыш заттар, агрохимия құ­рал­да­ры және тағы да басқа өнімдер. «Қазфосфат» ЖШС мен «ҚазАзот» АҚ жаңғырту фосфорлы тыңайтқыштар өндірісін 4 есеге, сол секілді азотты тыңайтқыштар өндірісін 2 есеге арттыруға мүм­кін­дік берді. Осы арқылы қазір фосфорлы тыңайтқыштарға деген қажеттілік ішкі нарықты толығымен және азотты тыңайтқыштарға деген сұраныстың 50%-ын жабады. Калий тыңайтқыштарын өндіру бойынша үлкен жоспарларымыз бар. Бұл бағытта инвесторларды іздестіріп жатырмыз. Машина құрастыру ісі де серпінді дамып келеді. 2019 жылы 50 мыңнан астам автокөлік құрастырылды. Биылғы 4 айдың қорытындысына сәйкес, 23 мыңнан астам көлік шығарылды. Осы жылы Алматыда жылына 30 мың автокөлік шығаруға қауқарлы HyundaiTransKazakhstan кәсіпорнында жеңіл көлік жинақтайтын тағы бір өндірісті іске қосамыз», деді министр.

 

Өңдеуші кәсіпорындарға басымдық беріледі

Жауапты орган басшысы екі бес­жыл­дық­тың тәжірибесі ескеріліп, үшінші индустрияландыру­ды жүзеге асыруда жаңа тәсілдерді енгізу көзделгенін айтады. Біріншіден, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге және экспорттық әлеуеті жоғары өңдеуші кәсіпорындарға баса назар аударылады. Екіншіден, сала­лық қағидаттан орта және жоғары тех­но­ло­­гиялық күрделі нақты басым тауар­лар­­ды шығаруға көшу жоспарланып отыр. Үшіншіден, бизнестің қарсы міндеттемелері мен жауапкершілігі анық­талды. Төртіншіден, құнды құру­дың жаһандық тізбегіне белсенді түрде ену қарастырылмақ. Сондай-ақ жыл соңына дейін «Өнеркәсіптік сая­сат туралы» заңның жобасына тұ­жы­рым­да­ма әзірленеді.

Экономикалық өсімді қалпына кел­ті­ру үшін Үкімет жыл соңына дейін к­ешенді жоспар қабылдап, өңдеуші кәсіпорындарды қолдауға бағытталған шараларды енгізу көзделмек. Мәселен, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы 219 млрд теңгеге 268 жоба мақұлданды. Аталған бағдарламаны қаржыландырудың көлемі 400 млрд теңгеге ұлғайып, жалпы көлемі 1 трлн теңгеге жетті.

1

 

Ұлттық банктің саясатымен үндеспейді

Экономика ғылымдарының докторы Қайырбек Арыстанбековтің айтуынша, келесі бесжылдықтың алдында экономикадағы бірқатар жүйеқұраушы сектор қалыптасты. Секторлар ара­сын­да­ғы еңбек өнімділігінің айырмашылығы ішкі нарыққа бағдарланған және инфра­құрылымдық сектордан кірістер шоғырланатын сауда және экспортқа бағдарланған секторға дейінгі, сол секілді салықтарды алу арқылы әлеу­мет­тік қызметтер секторы мен Ұлт­тық қорға дейінгі қосылған құнның қоз­ғалыс бағдарын айқындады.

Сарапшының пікіріне сүйенсек, Индустриялық-инновациялық да­мы­ту­дың мемлекеттік бағ­дарламасының елі­міздің эконо­ми­калық саясатындағы басқа да тет­іктерімен, әсіресе Ұлттық банктің валюта бағамы саясатымен үндестігі байқалмайды. Әлемдік тә­жірибе көрсеткендей, өнеркәсіп өн­ді­рі­сін ілгерілету үшін неғұрлым бұдан да жауапты саясатты ұстануға тура келеді. Оның жарқын мысалы ретінде Жапония, Оңтүстік Корея, Таивань, Испания, Франция, Қытай және Ирландияны қарастыруға болады дейді экономист.

«Жоғарыда аталған мемлекеттер өңдеу өнеркәсібін жаңғырту үшін біріздендірілген 4 сатыны негізге алды. Нақты тоқталсақ, алдымен импортты алмастыру сатылары. Оның ішіне базалық салаларды тікелей қолдау және жоғары тарифтер кіреді. Екіншіден, экспортқа бағытталған өсімнің бастамашыл сатылары, яғни сыртқы сауданы қолдау және технологиялармен алмасуға басымдық беру қажет. Үшіншіден, жедел дамуды ынталандыру (тарифтерді төмендету) керек. Төртіншіден, дамыған нарықты қалыптастыруға күш салған артық болмайды.

Үкіметтің іс-әрекеті келесідей қадамдарға негізделеді. Атап айтсақ, импортты алмастырудан экспорттық бағдарға дейін, тарифтерді басқарудан нақты валюта бағамын реттеудің іріктелмеген саясатына көшу, ірі фирмаларды құрудан шағын және орта бизнесті қолдауға дейін жалғасады. Бір кезеңнен екіншісіне өту барысында мемлекеттің тікелей араласуы азайып, іріктелмелі құралдардың (кәсіпорындарға субсидия беру) ірік­тел­меген тетіктермен (мысалы, алтын-валюта резервтерін жинақтау саясаты) алмастырылғаны байқалды», деді Қ.Арыстанбеков.

Осылайша шетелдік тәжірибе өңдеуші өнеркәсіптің дамуын жылдамдату үшін мемлекетке тиімді жаңғырту саясатын ұстануға тура келетінін, сондай-ақ оны дер кезінде ауыстырып отыруға мүмкіндік беретін күрделі стратегияны таңдау керектігін көрсетіп отыр. Бұл міндетті тек таңдаулы мемлекеттер ғана атқара алды, деді сарапшы. Бірақ та Қазақстанның алған бағыты бұл үрдіске қарама-қайшы келіп тұр.

 

ТМД елдеріне тән қателік

Қ. Арыстанбековтің айтуынша, арнайы зерттеу ТМД елдеріне екі түрлі қателік тән екенін байқатты. Біріншісі, бұрынғы кезеңде табысты болған ескірген саясатты талабы бөлек дәуірде қолдану. Мысалы, өңдеуші өнеркәсіп тауарларына қарағанда көмірсутекті және басқа да шикізат өнімдерінің артығымен өндірілуін келтіруге болады. Бұл әсіресе Әзербайжан, Ресей, Түрікменстан және Қазақстанға тән құбылыс.

«Соңғы төрт жылда мемлекет биз­нес­­тегі ықпалын азайтудың орнына керісінше квазимемлекеттік секторды күшейтіп, кәсіпкерліктегі үлесін арттырды. Екінші қателік – мерзімнен бұрын ауысу қағидасы. Мәселен, Үкімет кейінгі сатыларда қолдануға ке­летін әдістерді уақытынан ерте енгі­зу­ге тырысады. Дәлірек айтсақ, сырт­қы экономикалық қызметті шұ­ғыл ырықтандыру, ішкі нарықты то­лық­тыр­май тұрып Кеден одағы және ЕАЭО сынды экономикалық ұйымдарға жедел кіру жатады», деді экономика ғы­лым­да­рының докторы.

Ғалым Қазақстан экономикасын құрылымдық талдау 23 сектордың бір бөлігі әлі де бірінші сатыда, тағы бір бөлігі – екінші сатыда, қалғаны – үшінші сатыда, тек шағын салалар – төртінші сатыда тұрғанын жеткізді. Демек, бұл мүлдем басқа өнеркәсіптік саясатты әзірлеп, жүргізіліп жатқан жұмысты түбегейлі өзгертуді талап ететінін аңғартады.

Өнеркәсіп сегментінде тек бір ғана әдісті қолдану елдің даму саты­сына байланысты экономикалық өсім­ді қамтумен қатар тежеуі де мүм­кін. Көріп отырғанымыздай, же­­ке­­леген бағыттарда оң нәтиже бай­қалғанымен, қалған салалар тоқы­рауға ұшырағаны анық деп түйіндеді ойын Қ.Арыстанбеков.