Үкімет • 11 Маусым, 2020

Ұлттық деректер банкі әзірленеді

173 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстанда минералды ресурстардың Ұлттық деректер банкі дайындалып жатыр. Бұл жұмыс келер жылы аяқталып, электронды базадағы геологиялық ақпарат кез келген инвесторға ашық болады. Мұндай ақпаратпен салалық ведомствоның есептік кездесуінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев бөлісті.

Ұлттық деректер банкі әзірленеді

Ведомство басшысының айтуынша, геологиялық саланың инфрақұрылымын дамыту аясында биыл «Қазгеология» Ұлттық геологиялық барлау компания­сы» АҚ аустралиялық ALS компания­сымен бірлесіп, Қарағандыда жылына 350 мың сынама жасауға қауқарлы заманауи геохимиялық зертхананы іске қосты. Нәтижесінде, жер қойнауын пайдаланушылар тиісті зерттеулерді Қазақстанда жүргізуге мүмкіндік алды. Бұған дейін отандық геологтер шетелдік орталықтардың қызметіне жүгінуге мәжбүр болып, уақыт пен қаражаттың едәуір бөлігін жоғалтуларына тура келген.

Десек те, министр бұл бағытта қорда­лан­ған проблемалар бар екенін айтты. Атап айтқанда, саланың алдында тұрған негізгі мәселенің бірі шикізат қорының жеткілікті деңгейде толық­тырылмай келе жатқанында болса керек. Мысалы, мұнай қорының орнын толтыру коэффициенті 1,5-ке тең. Өсім жаман болмағанымен оң динамика Қашаған кен орнының есебінен қол жеткізілді. Онсыз аталған коэффициент 0,9 дең­гейінде байқалар еді.

«Соңғы он жылда ірі полиметалл кен орындары игерілді. Мысалы Зырян, Николаевск, Белоусовка және тағы басқа кен ошақтарын атауға болады. 2025-2040 жылдар кезеңінде аймақ экономикаларына айтарлықтай әсер беретін қосымша ірі кен орындарын (Орлов, Малеевск, Тишинск, Риддер-Сокольный) игеру көзделіп отыр.

Сонымен қатар Қазақстанда пайдалы қазба орындарын ашуға арналған ауқымды жоспарлар қарастырылуда. Мәселен, Ақмола және Қостанай облыс­тарында, сол секілді еліміздің орталық, шығыс және оңтүстік аймақтарында алтын кен орындарының ауқымды ошақ­тары бар.

Бұдан басқа жаңа қорғасын-мырыш кен орындары Қазақстанның орталығы мен оңтүстік өңірлерінде, кенді Алтаймен қатар Ресей және Қытаймен шекаралас аудандарында ашылуы мүмкін. Вольфрам, молибден, алюминий, қалайы, сондай-ақ басқа да сирек кездесетін пайдалы қазбалардың ошақтарын игеру қарастырылған», деді М.Мырзағалиев.

Министр көмірсутекті шикізат қорын игеру бойынша да ауқымды жұ­мыс атқару жоспарланғанын жеткізді. Гео­логтер 76 млрд тоннаны құрайтын сұйық шикізаттың шартты 15 бассейнді ошағын анықтаған. Бұл аумақтарда барлау жұмыстары әркелкі орындалса керек. Өйткені оның 5-еуі игерілсе, тағы 5 орын жеткілікті деңгейде зерттелмеген.

«Бұл орайда Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2021-2025 жылдарға арналған геологиялық барлауға қатысты мемлекеттік бағдарламаны әзірлеуге кірістік. Соған сәйкес  мұнай мен газдың әлеуетін айқындайтын көп зерттелмеген шөгінді бассейнді жерлерді анықтап, тау-кен аумақтарындағы терең орындарда барлау жүргізу қарастырылмақ. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру арқылы 2025 жылға қарай зерттелген жерлердің көлемін 25%-дан 37%-ға дейін арттыруға жол ашылады. Бұған қоса, пайдалы қазбалардың болжамды ресурстарын бағалауға және пайдалы қазбалардың шамамен әлеуетті 50 нысанын анықтауға және шөгінді бассейндердегі зерттеуді ұлғайтуға мүмкіндік береді», деді сала басшысы.

М.Мырзағалиев еліміздегі су шаруа­шылығының ахуалына да тоқталды. Спикердің дерегіне сүйенсек, Қазақ­станның су ресурстарының кө­ле­мі шамамен 101 текше шақырымды құрайды. Оның 54%-ы республиканың ішінде қалыптасса, қалған 46% шекаралас елдерден келеді. Жерасты суларының қоры жылына 15,5 текше шақырымды құрап отыр. Су тапшылығы бойынша Қазақстан 68 мемлекеттің ішінде 60-орында тұр деп нақтылады министр. Сарапшылардың қорытындысына сәйкес, 2040 жылға қарай елімізде суды тұтыну деңгейі 56%-ға өсіп, су ресурстарының тапшылығы жылына 12 текше шақырымды құрауы мүмкін.

Осыған байланысты 2030 жылы қосымша жерүсті су ресурстарын ұлғайту есебінен 100 шақырым деңгейінде су балансын сақтау, суармалы жерлерді 1,4-тен 3,0 млн га-ға дейін ұлғайту үшін жаңа ирригациялық жүйелерді салу, су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту және қайта жаңарту, су саласын цифрландыру мен суды үнемді пайдалану тетіктерін әзірлеу міндеттері қойылған.

 

Соңғы жаңалықтар