Технология • 11 Маусым, 2020

ТЖ кезінде 17 миллионнан астам мемлекеттік қызмет электронды түрде жасалған

178 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстандықтардың құжаттары цифрландырылады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен халық алдында есеп беру кездесуінде айтты, - деп хабарлайды Egemen.kz.

ТЖ кезінде 17 миллионнан астам мемлекеттік қызмет электронды түрде жасалған

"Қазақстандықтар енді керек құжатын алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып сабылмайды. Бүгінде қызметтің 82 пайызы автоматтандырылған. Өткен жылы 54 млн қызмет онлайн жасалған", - деді Асқар Жұмағалиев.

Министрдің айтуынша, елде төтенше жағдай басталғалы 17 миллионнан астам мемлекеттік қызмет электронды түрде жасалған. Күнделікті алуға болатын құжаттар саны 3 есе көбейген.

"Қазір кез келген қазақстандықтың қолында смартфон барын ескере отырып, өткен жылы арнайы мобильді қосымша әзірледік. Бұл тұрғындар үшін өте қолайлы. Бүгінде оның 1 млн-нан аса қолданушысы бар. Бірнеше батырманы баса отырып керек құжатыңызды онлайн ала алады", - деді ол.

Мобильді қосымшада азаматтың электронды төлқұжаты, туу туралы куәлігі және неке қию туралы куәлігі сынды құжаттарды сақтауға болады. "Цифрлы технологиялар туралы" жаңа заңға сәйкес, электронды құжат пен түпнұсқа құжаттың күші бірдей.

"Бүгін ғана Сенат отырысында аталған заң жобасы қаралды. Жаңа заң азаматтардың өзімен бірге бірнеше  құжат алып жүрмей, оны цифрландыруға мүмкіндік береді", - деді ол.