Таным • 12 Маусым, 2020

Сабақтастық пен өрлеудің сара жолы

952 рет
көрсетілді
38 мин
оқу үшін

Ұлықтау рәсімі өтіп, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан Респуб­ли­­касының Прези­денті қызметіне ресми түрде кіріскеніне бүгін тура бір жыл толып отыр. Былтыр 9 маусымда өт­кен сайлауда сайлаушылардың 70 па­йыз­дан астамы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа дауыс бер­ген еді. Осылайша, Қазақстан хал­қы Елбасы саясатының сабақ­тас­тығы­на және еліміз­дің одан әрі өрлеуіне қолдау білдірді.

 

Сабақтастық пен өрлеудің сара жолы

 

Содан бері небәрі бір жыл ғана уақыт өтсе де, арада болған оқиға­лар­дың көптігіне және атқарылған жұмыстың ауқымына қарап, олар­дың айтарлықтай ұзақ мерзімге татитынын аңғарамыз.

Осы кезеңде маған Қасым-Жомарт Кемелұлының қасында жүріп, бірге жұмыс істеу бұйырды. Яғни Мемлекет басшысының страте­гиялық жоспарлары мен сайлау алдындағы уәделері­нің қалай іске асырылып жатқанын өз көзім­мен көріп келемін. Осыған орай еліміздің бір жылда бағындырған белес­тері мен басынан өткерген сын-қатер­лері жайлы кейбір ойларыммен бөлісуді жөн көрдім.

 

Ел дамуының жаңа белесі

Былтырғы 19 наурыз егемен еліміз­дің шежіресіне ең елеулі даталардың бірі ретінде жазылары сөзсіз. Өйткені дәл сол күні Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы өзінің прези­дент­тік өкілеттігін тоқтату жөнінде тарихи шешім қабылдады. Осылайша, Нұрсұлтан Әбішұлы әрдайым халық пен мемлекеттің мүддесін бәрінен биік қоятынын кезекті рет дәлелдеді.

Дегенмен, мұндай қадам азамат­тар үшін күтпеген оқиға болғаны анық. Алғаш естігенде бәріміз де кәдімгідей тосырқап, түрлі көңіл күйді бастан өткер­­­геніміз жасы­рын емес. Бір жағы­нан, көкейде үлкен қимастық болды. Соны­­мен бірге халық Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­ның шешіміне құрметпен қарап, Елба­сының ел дамуына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз екенін сөзсіз мойындады.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – Қазақстанда да, әлемдік қоғамдастық­та да зор абырой-беделге ие жаһандық деңгейдегі саясаткер. Ол біздің жас және тәуелсіз мемлекетіміздің негізін қалады.

Елбасының басшылығымен Қазақ­стан 90-жылдардағы тоқырауды төзім­ділікпен еңсере білді. Тұңғыш Пре­зи­дентіміздің ерен еңбегі мен ерік-жі­гері­нің арқасында еліміз саяси және қар­жылық қиындықтарға төтеп беріп, барлық сынақтан сүрінбей өтті. Қазақ елі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бас­қарған 30 жылдың ішінде бұрынғы одақ республикаларының бірінен тәуелсіз, дамыған, әлем мойындаған абыройлы мемлекетке айналды.

Нұрсұлтан Әбішұлы президенттік өкілет­тігін тоқтатуға байланысты халық­қа жолдаған үндеуінде билікке басшы­лардың жаңа буыны келуі керектігіне баса мән берді. Сондай-ақ олардың елімізде жүргізіліп келе жатқан жаңғыр­ту­ларды жалғастыруға тиіс екенін айтты.

Бұл ретте ерекше атап өтер жайт, елі­мізде биліктің ауысуы толығымен Конс­­ти­туцияға сәйкес жүргізілді. Ата Заңы­мыз бойынша Қасым-Жомарт Кемел­ұлы халыққа ант берді. Біз осы тәжі­рибе ар­қы­лы бүкіл әлемге құқықтық және демо­кратиялық мемлекет құру жолын­­дағы ерік-жігерімізді айқын көрсете білдік.

Десек те, сол сәтте көпшілік ертеңгі күн­­нің қалай боларын болжай алмай, мем­лекеттің болашағы үшін алаңдаушылық білдіргені сөзсіз. Халық тұрақтылық пен сабақтастықты сақтай отырып, Елбасы саясатын жалғастырудың қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінді. Сонымен бірге елдің алдында мемлекеттік инсти­туттардың әрі қарай тиімді жұмыс іс­теуін қамтамасыз ету мәселесі тұрды.

Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлы президенттік қызметке кіріскен алғашқы күннен бастап Елбасы негізін қалаған страте­гиялық бағытты сақтауға басым­дық беретінін айтты. Сондай-ақ әлемдік тренд­тер мен сын-қатерлерді ескере оты­рып, мемлекеттің әрі қарай өсіп-өркен­деуі­не жағдай жасау да аса маңызды еді. Осы­ған орай Қасым-Жомарт Кемелұлы кезек­тен тыс сайлау өткізу туралы шешім қабыл­­дады. Қазіргі таңда бұл қадамның дұрыс әрі уақтылы болғанын көріп отырмыз.

Сайлаудың өтетіні белгілі болғаннан кейін еліміздің саяси өмірі қыза түсті. Был­­тырғы 23 сәуірде Nur Otan пар­тия­­сы­ның съезі өтіп, онда партия Төр­ағасы еліміздің президенттігіне Қ.К.Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды. Елба­сының бұл ұсынысына съезд делегаттары бір­ауыз­дан қолдау білдірді.

Маған партияның сайлау алдындағы штабын басқарып, оның жұмысын ұйым­дастыру міндеті жүктелді. Соған орай алдағы сайлау науқанына қызу да­йын­дық басталып та кетті.

Бұл естен кетпес қызықты да жауап­ты кезең еді. Ел аралап, күнде сай­лау­шылармен кездестік. Канди­даты­мыздың алдағы мақсат-міндеттерін әр қазақ­стандыққа жеткізу үшін бар күш-жігерімізді жұмса­дық. Тіпті тәулік бойы дамылсыз жұмыс істеген кез­деріміз де болды.

Үгіт-насихат жұмыстары кезінде қазақ­­стан­дықтар Қасым-Жомарт Кемел­ұлы­на айрықша қолдау білдірді. Өйткені біздің кандидатымыз егемендіктің елең-алаң шағынан бастап Елбасының жанынан табылып, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына зор еңбек сіңірді. Ұзақ жылдар бойы мемлекеттік басқару жү­йесінде ең жауапты лауазымдарда қыз­мет атқарды. Мемлекет басшысын елі­міз­бен қатар шетелде де білікті бас­шы, тәжі­рибелі саясаткер ретін­де жақ­сы тани­ды және құрметтейді. Қ.К.Тоқаев­тың БҰҰ Бас хатшысының орынбасары бо­лып жұмыс істеуі, БҰҰ-ның маңы­зы жағы­нан екінші саналатын Еуропа­дағы бөлім­шесін басқаруы оның халықара­лық бе­делі­нің қаншалықты зор екенін аңғартады.

Науқан кезінде Қазақстан халқы Қасым-Жомарт Кемелұлының жеке қасиет­теріне де ерекше назар аударды. Президент халыққа ант бергеннен кейін алғашқы жұмыс сапарын қа­сиетті Түркістан қаласынан бастағаны бел­гілі. Сапар барысында жергілікті ақса­қал­дармен кездесіп, емен-жарқын әңгіме-дүкен құрған болатын. Сайлау нау­қанымен аталған өңірге барғанымызда, түркістандық қоғам қайраткерлері сол жүз­де­суді тебірене еске алды. Олар Мем­лекет басшысының ең алдымен рухани астанаға ат басын бұрып, ата-баба рухына тағзым етуі үлкен мәнге ие екенін айтып, кандидатымызға ақ баталарын берді.

Қоғамдық штаб мүшелері еліміздің әр аймағына арнайы барды. Олар тек ірі қалаларда ғана болып қоймай, алыс аудандар мен шалғай ауылдардың тұр­ғындарымен де кездесті. Барлық жерде кандидатымыз бен оның бағдарламасы азаматтар тарапынан қолдау тауып отырды. Шын мәнінде, Қасым-Жомарт Кемелұлының науқан кезіндегі рейтингі өте жоғары болды. Оған сол кезде жүр­гізілген әлеуметтік сауалдамалардың нәти­желері айқын дәлел.

Сондықтан біз кандидатымыздың жеңіске жететініне сенімді болдық. Алай­да тоқмейілсуге ешқандай жол бер­ген жоқпыз. Керісінше, үгіт-насихат жұ­мыс­тары­ның соңғы күніне дейін аянбай еңбек етіп, сайлау алдындағы бағдарлама­ның маңызын сайлаушыларға түсіндіру үшін барымызды салдық. Оған қоғамдық штаб­тың әр мүшесі үлкен үлес қосты.

Дауыс беру күні сайлау учаскелері­нің шығаберісінде жүргізілетін сауал­да­­маның қорытындысы сол түнде жария­ла­­на­ты­ны белгілі. Бұл – қалыптасқан дәс­­түр. Біз осы сәтке ерекше дайындалдық. Nur Otan партиясы орналасқан ғима­рат­­тың бірін­ші қабатында үлкен экран орна­тыл­ды. Exit-pools нәтижесін білу үшін штаб мүшелері мен партия аппаратының қызметкерлері сол жерге жиналды. Бір ай бойғы қарбаластан шаршағанымыздың өзі ұмытылып, залда көтеріңкі көңіл күй орнады. Әрқайсымыздың жүзімізден толқыныс пен атқарылған жұмысқа деген ризашылық сезімдері айқын білініп тұрған еді. Ол жерге мақсаты ортақ, жеңіс үшін күш біріктірген, елдің болашағына сеніммен қарайтын, ниеттес, мүдделес азаматтар жиналған болатын.

Алғашында Қасым-Жомарт Кемелұлы нәтиже жарияланар сәтте, яғни түн орта­сы­на қарай келеді деп күтілді. Деген­мен кандидатымыз өзінің үгіт-нас­ихат жұ­мыс­тарын жүргізген азаматта­рмен тіл­десіп, алғысын білдіру үшін ай­тар­лық­тай ерте келді. Ол республикалық қоғам­дық штабтың әр мүшесіне көңіл бөліп, шынайы ризашылығын жеткізді. Тіпті жастармен бірге суретке түсуге де қуана келісті.

Дауыс беру нәтижесі Қазақстан хал­қы­ның басым бөлігі Қ.К.Тоқаевты және оның сабақтастықты сақтауға, әділет­ті әлеуметтік мемлекет құруға, эконо­ми­калық өрлеуді қамтамасыз етуге бағытталған саясатын қолдайтындарын айқын көрсетіп берді.

Президентті ұлықтау рәсімі 12 мау­сым­да өтті. Бұл шара ел дамуының келе­сі кезеңіне жол ашты. Салтанатты жиын­да сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттік органдар үшін негізгі он бағытты анықтап берді. Олар­дың қатарында халықтың табысын арттыру, тұрмыс сапасын жақсарту, сыбайлас жемқорлықты жою, сот және құқық қорғау жүйесін реформалау, тұрғын үй мәселесін шешу, әділетті әлеуметтік сая­сат, өңірлерді дамыту, рухани жаңғыру, үйлесімді және көпвекторлы сыртқы сая­сат, сондай-ақ жастарды қолдау сияқты басымдықтар бар.

Сонымен қатар Қ.К.Тоқаев өзінің Президент ретіндегі ең басты мақсаты халқымыздың бірлігін сақтау, әр азамат­тың құқығын қорғау және әрдайым Қазақстанның ұлттық мүддесін бәрінен биік қою екенін нақты айтты.

Осылайша, Мемлекет басшысы бірден сайлау алдында берген уәделерін орындау үшін білек сыбанып жұмысқа кірісіп кетті. Себебі алда ауқымды жұмыстар мен маңызды міндеттер тұрған еді.

1

 

 Қатерлер мен сынақтар кезеңі

Қ.К.Тоқаевтың тәуелсіз Қазақстанның дипломатиялық қарым-қатынасының қалыптасуына арналған кітаптарының бірі «Беласу: дипломатиялық очерктер» деп аталады.

Беласу... Осы бір ауыз сөз мемлекеттік деңгейдегі саяси қайраткердің күнделікті тыныс-тіршілігін нақты сипаттайды. Сонымен бірге бұл сөздің қауызына қиындықтар мен кедергілерге қарамастан, стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу үшін алға қарай батыл қадам баса білетін тұлғаның күш-қуаты сыйып тұр.

Расымен, өткен жыл оңай болған жоқ.

Бірінші кезекте, еліміздің кемел келе­шегі үшін билік транзитін сындарлы жүргізу басты міндет болды. Сондай-ақ мем­лекеттік аппараттың реформалар жүргізудегі қарқыны мен тиімділігін жоғалтып алмау да аса маңызды еді.

Тұңғыш Президентіміздің бастамасымен қолға алынған мемлекет­тік бағдарламалар мен жобаларды жүйе­лі түрде жүзеге асыру Қ.К.Тоқаевтың басшылығымен өз жалғасын тапты. Нұрсұлтан Әбішұлы Елбасы ретінде Мемлекет басшысын әрдайым қолдап, демеп келеді. Бұл – биліктің Конституцияға сәйкес ауысуының бірегей эволюциялық жолы екені даусыз.

Кейбір сарапшылардың пессимистік болжамдарына қарамастан, Қазақстан транзит кезеңін еш дағдарыссыз және тоқы­­раусыз өткерді. Сол арқылы мемле­кет­тік институттар мен заңдылықты ны­ғай­тып, демократиялық құндылықтарды берік ұстанатын ел екенімізді тағы бір дәлелдедік.

Жоғары биліктің ауысуына қатысты «транзиттік модель» дәл Қазақстанда пайда болып, сәтті жүзеге асырылды. Бұл елімізге шетелдік сарапшылардың ерекше назарын аударды және саяси инновация туралы сөз қозғауға себеп болды.

Сонымен қатар еліміз соңғы бір жыл­да басқа да сын сағаттарды бастан өткер­ді. Тіпті осы мерзім ішінде төтен­ше жағ­дай деген сөзді бұрынғыдан жи­ірек қол­дан­ған шығармыз. Себебі ұлт­тық және әлем­дік деңгейде көпшілікті алаң­датқан оқиға­лардың арта түскені белгілі. Бұл ел ба­сында отырған азаматтар үшін де, жалпы Қазақ­стан халқы үшін де үлкен сынақ болды.

Қазіргі таңда бүкіл әлем елдері сияқ­ты Қазақстан да COVID-19 індетімен күресті жалғастыруда. Оны еңсеру үшін қа­был­данған жаһандық деңгейдегі шек­теу­лер барлық мемлекет үшін ауыр соққы болды. Соның салдарынан бүгін­де әлем соңғы онжылдықтардағы ең күр­делі дағдарысты бастан өткеруде. Халық­ара­лық қаржы қоры биыл әлемдік эконо­ми­каның құлдырауы кем дегенде 3 пайызды құрайды деп болжам жасауда. Тіпті 2008-2009 жылдардағы ауқымды қаржы дағ­дарысының өзі дүние жүзі экономикасына мұншалықты зардабын тигізбеген еді.

Бүгінде жаһандық экономикалық рецес­сия қоғамдағы қарама-қайшы­лықты одан әрі шиеленістіріп, ең дамы­ған елдердің өзінде әлеуметтік наразылық­тардың күшеюіне себеп болып отыр.

Дегенмен Қазақстан коронавирустың салдарын айтарлықтай азайтып, індетті ауыздықтай алды десек, қателесе қоймас­пыз. Оған біріншіден, Президентіміздің шешімімен қабылданған кешенді шаралар себеп болды. Соның нәтижесінде дерттің жаппай таралуына жол берілмеді. Одан бөлек, Мемлекет басшысы ұсынған азаматтар мен бизнесті қолдауға арнал­ған дағдарысқа қарсы жүйелі шаралар елімізде экономикалық және әлеуметтік тоқыраудың алдын алды.

Қазақстан бір жылда әлем жұртын алаңдатқан кедергілермен бірге ел ішіндегі түрлі апаттармен де күресуге мәжбүр болды.

Бұл арада Президентті ұлықтау рәсі­мі­нен кейін бір жарым апта өткенде Арыс қаласында болған жойқын жарылысты еске алсақ жеткілікті. Өткен жылдың со­ңын­­дағы Bek Air ұшағының апаты да жаны­м­ызға аяздай батты. Биылғы ақпан айын­да орын алған Қордайдағы жанжал ең өзекті әлеуметтік мәселелердің тұтас шо­ғы­­рын көрсетіп берді. Осын­дай жағдай­дың бәрінде Мемлекет басшысы­ның дереу әре­кет етуі халықтың сенімін күшейте түсті.

Президентіміз қарсы келген дағдарыс­қа және экономикалық сын-қатерлерге лайықты тойтарыс беріп, шұғыл, батыл әрі маңызды шешімдер қабылдады. Ол жары­лыс болған күні Арыс қаласына ар­найы барып, тұрғындармен кездесіп, оқиғаның жай-күйін өз көзімен көрді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен төтен­ше жағдайдың салдары өте қысқа мер­зімде жойылды. Зардап шеккен әр от­ба­сы қажетті көмек алды. Тіпті тұтас бір қала қайтадан салынды десе де артық емес.

Қ.К.Тоқаевтың лидерлік қыры мен нақты ұстанымы дағдарыс кезінде ерекше көрінді. Әсіресе шұғыл шешім қабылдау, азаматтардың мұң-мұқтажына құлақ асу, әр істі жеке бақылауда ұстау сияқты нақты әрекеттер халықтың қолдауына ие болды. Сол себепті қазақстандықтардың Президентке деген сенімі күннен-күнге күшейіп келеді.

Әрине, қандай да бір төтенше жағдай елдің стратегиялық мақсат-міндет­терін екінші кезекке ысыра алмайды. Сон­­дық­тан мемлекеттік аппарат туын­­даған мәсе­лелерге байланысты дереу әрекет етіп қана қоймай, Президенті­міздің жаңғыру жолындағы ұзақмерзім­ді күн тәртібін жүзеге асыруға күш жұмыл­дыруда.

Қазіргі таңда Мемлекет басшысының дағдарыс кезіндегі іс-әрекетімен бірге стратегиялық бастамалары да халық тарапынан қызу қолдау тауып отыр. Әлеуметтік сауалдамалардың соңғы нәтижелеріне сүйенсек, азаматтарымыздың 80 пайыздан астамы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жүргізіп отырған саясатты жақ­тайтындарын жеткізген. Бұл бастаған істің баянды болуына үлкен септігін тигізе­тін факторлардың бірі екені сөзсіз.

 

Президенттің елді жаңғырту бағдары

Мемлекет басшысы бір жылдың ішінде жүздеген маңызды шешім қабыл­дады. Мұның барлығы сайып келгенде еліміздің жүйелі жаңғыру жолындағы күн тәртібін қалыптастыруға ықпал етеді. Сондықтан Президенттің елді жаңғырту бағдары – бір отырыста ғана айтылған ойлар емес, рет-реті­мен жарияланып отырған бастамалар жиын­тығы. Біз оларды Мемлекет басшысының сайлау ал­дындағы бағдарламасынан, ұлық­тау рә­сімінде сөйлеген сөзінен, Қазақстан хал­қы­на арнаған Жолдауынан және басқа да бағдарламалық тезистерінен аңғарамыз.

Мен бұл мақалада Қ.К.Тоқаевтың стратегиялық жоспарларының және оның басым бағыттарының бір бөлігіне ғана тоқталғым келеді.

 

Дағдарыстан – экономикалық дамудың жаңа кезеңіне

Президенттің экономикалық стратегиясы өте маңызды бірнеше мақсат-міндетті көздейді. Олардың негізгі та­ған­дары ретінде біз бәсекеге қабілетті инклюзивті экономикаға көшу, кәсіпкер­лер қатарын көбейту, табиғи ресурсқа тәуел­діліктен арылу және отандық кәсіп­керлер мүддесін шетелдерде ілгерілету бастамаларын атай аламыз.

Мемлекет басшысы қашанда кәсіп­кер­лікті қолдап, бұл салаға ерекше назар аударып келеді. Себебі бизнес-орта­­ны дамыту арқылы үш ауқымды мін­дет­ті шешуге жол ашылады. Бизнес бірінші кезек­те азаматтарды еңбекпен қам­тып, олардың жұмысқа орналасу мүм­­кін­дігін кеңейтеді. Екінші­ден, ұлт­тық эконо­­ми­ка­ны өркендету ар­қылы оның ор­нық­ты­лығын қамтамасыз етеміз. Соны­мен бірге шағын және орта биз­несті дәріп­теу арқылы талапты, жауапты әрі масыл­дық дерттен ада жасампаз азамат қалып­тастыруға мүмкіндік туады.

Жалпы, жаңа экономикалық стратегияны іске асыру жолындағы алғашқы қадамдар дағдарысқа дейін жасалған болатын. Президенттің тапсырмасын орындау үшін «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы бекітілді, микро және шағын бизнес үш жылға табыс салығын төлеуден босатылды. Шағын бизнес субъектілеріне тексеру жүргізуге мораторий жарияланды. Кәсіпкерлерді қолдаудың басқа да ауқымды шаралары қабылданды.

Коронавирус індеті жаһан экономикасын айтарлықтай тұралатқаны белгілі. Осыған байланысты әлемнің өзге елдері секілді Қазақстан да өзінің эко­номикалық даму жоспарына тү­зету­лер енгізуге мәж­бүр болды. Биз­несті қорғау үшін шұ­ғыл түрде ауқымды қадам­дар жасалды.

Соның нәтижесінде шағын және орта бизнес үшін несие төлемдері кейін­ге шегеріліп, айыппұлдар мен өсім­дер­ді есептеу тоқтатылды. Одан бөлек, кәсіп­­керлер еңбекақы қорына төле­нетін салықтан жарты жылға босатыл­ды. Мемлекет 700 мыңнан астам бизнес субъек­­тісіне салық ауыртпалығын төмен­детті. Осындай жеңілдіктердің арқасында бизнес өкілдері дағдарыс кезінде 1 триллион теңгеге жуық қаржы үнемдеді.

Сондай-ақ «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын қаржылан­дыру үшін қосымша 1 триллион теңге­ге дейін қаражат бөлінгені мәлім. Шағын және орта бизнеске жеңілдетілген мөлшерлемемен несие берілуде. Кәсіп­керлер мемлекет меншігіндегі нысандарды жалдау ақысынан босатылып, отандық тауар өндірушілер үшін мемлекеттік сатып алу рәсімдері оңайлатылды.

Қазіргі таңда елімізде дағдарысты еңсеру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Соның аясында Президенттің тапсыр­ма­сына сәйкес экономиканы қалпы­на кел­тірудің кешенді жоспары қабыл­данып, Мемлекеттік комиссия құрыл­ды. Парламент дағдарыстан кейін эконо­ми­калық өсімді қамтамасыз етудің құқық­тық негізін қалыптастыру үшін күш жұмыл­дыруда. Осы бағытта аса маңызды заң жобалары қаралып жатыр.

Мұның бәрі ел экономикасын дағда­рыс­тан кейін жедел қалпына келтіру­ге зор мүмкіндік береді. Сол арқылы біз экономикалық дамудың жаңа кезеңіне берік негіз дайындап жатырмыз деуге әбден болады.

1

 

Әлеуметтік саясаттың инклюзивті үлгісі

Президенттің жаңа әлеуметтік сая­саты – әділетті қоғамның мызғымас іргетасы. Оның мәнін былай ашып көр­сетуге болады. Әлеуметтік мемлекетте еңбекке қабілетті әрбір адамның лайықты өмір сүруі өзінің күш-жігері мен кәсіби дамуына тікелей тәуелді. Бұл – Абай атамыз айтқандай, өзіне, еңбегі мен ақылына сенетін адамдардың қоғамы. Десек те, мұндай елде ешкім қолдаусыз қалмайды. Әрбір мұқтаж жан қашанда мемлекетке арқа сүйей алады.

Бүгінде осындай саясат әлемдік трендке айналып келеді. Себебі ішкі жалпы өнімнің көлемі экономикалық және әлеуметтік дамуды анықтайтын әмбебап құрал ретіндегі функциясын жоғалтуда. Ол көп жағдайда техникалық көрсеткіш ретінде қабылданады. Керісінше, алдың­ғы қатарға халықтың әл-ауқаты, бақытты тұрмысы, инклюзивті даму, әлеуметтік өрлеу секілді жаңа индикаторлар шығуда. Сондықтан дамыған елдер адам өмірінің сапасына басымдық берілетін жалпыға ортақ игілікті мемлекет (welfare state) қалыптастыруды көздеп отыр. Мұндай мысалды біз Финляндия мен Канаданың тәжірибесінен көре аламыз.

Президент өзінің сайлау алдындағы бағдарламасының басты идеясы ретінде «Игілік баршаға!» ұстанымын белгілеген болатын. Біз мұның жалаң ұран емес екенін Қ.К.Тоқаевтың нақты тапсырмалары мен бастамаларынан анық көріп отырмыз.

Соңғы жылда атаулы әлеуметтік көмек­­ті тағайындау тетіктері айтарлықтай же­тілді. Ол адамды масылдыққа емес, ең­бек­ке баулуға негізделген. Биылғы 1 қаң­тар­дан бастап көп балалы отбасыларға табы­сы­на қарамастан жәрдемақы беріліп келеді. Қазірдің өзінде мұндай көмекті 400 мың­нан астам отбасы алып отыр. Аз қам­тылған отбасылар үшін атаулы әлеу­меттік көмектен бөлек, оларға жұмысқа орналастыру, өз кәсібін ашу, тіпті жеке қосалқы шаруашылығын дамыту үшін де қолдау көрсетілуде. Сондай-ақ аз қам­тылған отбасылардың балаларына кепілді әлеуметтік топтама белгіленген.

Бұдан басқа, 500 мыңнан астам адам­ның несиесі кешіріліп, қарызы жабыл­ғанын білеміз. Қазіргі таңда тұрғын үйдің қолжетімділігін қамтамасыз ететін жаңа бағдарлама қолға алынуда.

Коронавирус пандемиясы кезінде елімізде азаматтардың әлеуметтік әл-ауқа­тын жақсартуға бағытталған теңдес­сіз шаралар қабылданды. Соның нәтиже­сінде зейнетақы мен жәрдемақыға индексация жасалды. 4,5 миллионнан астам қазақстандыққа 42,5 мың теңге көлемінде жәрдемақы төленді. 1 миллионнан астам азамат арнаулы азық-түлік қоржынын алды. Бұдан бөлек, коммуналдық тарифтер төмендетіліп, аса мұқтаж жандарға оны төлеу үшін көмек берілуде.

Сондай-ақ Елбасының бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоры 475 мыңнан астам отбасына 50 мың теңге көлемінде атаулы көмек көрсетті.

Адами капитал – мемлекет жетістігінің негізі. Мемлекет басшысының жаңа әлеуметтік моделі осы қағидаға табан тірейді. Соған байланысты білім және ғылым мен денсаулық сақтау саласына айрықша басымдық беріліп отыр. Оларды заман талабына сай реформалау – кезек күттірмейтін мәселе. Президент қабылдаған шешімдерге қарап, бұл оның берік ұстанымы екенін көреміз. Қ.К.Тоқаев өзінің алғашқы шешімдері арқылы педагогтердің, дәрігерлер мен мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысын көтергені де көпшіліктің есінде.

Мемлекет басшысының отандық білім беру саласындағы мәселелерді шешу және оны дамыту ұстанымы айқын. Президент бұл бағыттағы бағдарламалық тезистерін ұстаздардың былтырғы Тамыз кеңесінде жариялаған болатын. Сол жолы реформалардың негізгі таған­дары айтылды. Олардың қатарында мұғалім­дерге лайықты еңбекақы тағайын­дау, ұстаз­дардың біліктілігін арттыру, педагог­­терді өз қызметіне қатысы жоқ мін­дет­терден босату және әлеуметтік-құқық­тық тұр­ғы­да қорғау, оқулықтардың сапасын жақ­­сарту, білім беру саласындағы ин­фра­­­­құрылымды дамыту ұстанымдары бар.

Адами капиталды дамыту мәселесі жуырда ғана өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында да кеңінен айтылды. Ол жерде Пре­зидентіміз білім беру мен ғылымға бағыт­талатын инвес­тиция­ны арттыру, қала мен ауыл мек­теп­терінің арасындағы алшақтықты қыс­қарту, осы саладағы басқару жүйесін жетілдіру мәселелеріне тоқталды. Сон­дай-ақ денсаулық сақтау жүйесіндегі түйткілдерге де айрықша назар аударды.

Мемлекет басшысы адами капитал­ды дамытуға баса мән бере отырып, өзі­нің алдағы саясатының стратегия­лық ба­сым­дықтарын нақты белгілеп берді.

 

Саяси реформалар – үйлесімді даму жолы

Сан алуан пікір, біртұтас ұлт. Міне, бұл – Қ.К.Тоқаевтың ішкі саясаттағы негізгі қағидаларының бірі.

Бәрімізге белгілі, Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында саяси жаңғыртуды жалғастырмай, экономи­калық реформаларды табысты іске асырудың мүмкін емес екенін айтты. Әрине, еліміз үшін мұндай өзгеріс­тер­дің эволюциялық сипатта болуы аса ма­ңызды. Асығыстыққа салынбай, ба­йып­­ты әрі сенімді шешімдер қабылдап қана көздеген мақсатқа қол жеткізуге болады. Мемлекет басшысы қоғамды жікке бөліп, тұрақсыздық тудыратын жүйесіз саяси либерализацияға жол беруге болмайтынын тегін айтқан жоқ.

Бүгінде елімізде жалпыұлттық диа­лог­тың жаңа моделі қалыптасып ке­леді. Бұл бағыттағы алғашқы қадам­ды да Президенттің өзі жасады. Нақты айт­қанда, Қасым-Жомарт Кемел­ұлы­ның ұлықтау рәсімінен кейін қол қойған алғашқы Жарлығы Ұлттық қоға­м­дық сенім кеңесін құру туралы болды.

Қазірдің өзінде бұл Кеңес өзінің тиім­­ділігін дәлелдеп үлгерді. Оның нақ­­ты нәтижелерін бәріміз көріп отыр­­мыз. Президент Ұлттық кеңестің төр­­ағасы ретінде өзінің алғашқы сая­си реформа­лар топтамасын дәл осы алаңда жариялаған болатын. Яғни, Мемлекет басшысы саяси партияларды тіркеу талабын екі есеге қысқарту, партия тізімінде жастар мен әйелдер үшін 30 па­йыздық квота бөлу, парламенттік оппозиция институтын заңдастыру, бейбіт жиындарды ұйымдастырудың хабарландыру тәртібін бекіту, жала жабу бабын декриминализациялау секілді нақты ұсыныстарын ортаға салды.

Бұл бастамалардың барлығы еліміздегі демократиялық үдерісті одан әрі дамытуға ықпал етіп, аза­мат­тардың қоғамдық-саяси өмірге араласу мүмкіндігін арттыра түседі. Қазіргі таңда жарияланған алғашқы саяси реформалар топтамасы заң жүзінде толықтай рәсімделіп болды.

Осы ретте қоғамдық диалогтың ны­ғайып, жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін айта кеткен жөн. Мұның барлығы Қазақстандағы саяси жаңғыру бастамасы бос сөз емес, Мемле­кет басшысының нық әрі айнымас ұс­таны­мы екенін айқындай түседі. Бұл елімізде өзіндік саяси реформалар моделі қалыптасқанын және оның байып­ты, жүйелі түрде жүзеге асырылып келе жатқанын нақты дәлелдейді.

 

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – заман талабы

Президент ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырым­дамасы өте маңызды қағиданы қалып­тастырады. Бұл – билікке азаматтарды алаңдатқан мәселелерді анықтап қана қоймай, қоғамның талап-тілегіне дер кезінде жауап қату міндетін жүк­тей­ді. Мұндай жағдай мемлекеттік қыз­­метшіге де жаңа талап қояды. Мем­лекеттік жүйеде елін дамытуды және хал­қының әл-ауқатын арттыруды мақ­сат тұтқан адамдар қызмет етуге тиіс.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» үшін қоғамдық пікір аса маңызды әрі құнды. Сондықтан ел тұр­мысына тікелей әсер ететін ше­шім­­дер халықпен ақылдаса отырып қабыл­дануы қажет. Билік өзінің әрбір қада­мын елге түсіндіріп отыруы шарт. Мем­лекеттік аппарат қаншалықты ашық әрі диалогқа дайын болса, өзінің қыз­метін де тиімді жүргізе алады. Бұл жер­де жалаң науқаншылдыққа, бюрократизмге және азаматтардың өтініш-тілегіне атүсті қарауға жол берілмеуі керек.

Осы орайда Мемлекет басшысы­ның өзі қоғаммен сенімді қарым-қаты­нас орнатудың озық үлгісін көрсе­тіп жүргенін атап өткім келеді. Прези­денттің ашық, диалогқа дайын тұл­ға екені бәрімізге белгілі. Әлеумет­тік желіде де белсенді. Қабылдаған шешім­дерін халыққа мұқият түсінді­ріп, қоғамда талқыланып жатқан мәсе­ле­лерге жедел пікір білдіріп отырады.

Қасым-Жомарт Кемелұлының мемлекеттік аппаратты жаңғырту бас­тамасы да уақтылы қолға алынды. Осы мақсатпен Президентіміз жастар кадрлық резервін қалыптастыруды ұсынды. Талантты, талапты, креативті жас­тарды мемлекеттік қызметке ша­қыр­ды. Нәтижесінде, арнайы резерв жасақталып, оның қатарына түрлі салада қызмет етіп жүрген жігер­лі әрі патриот жас мамандар қабыл­данды. Қазірдің өзінде олардың көбі мем­лекеттік басқару жүйесіндегі жауапты лауазымдарға тағайындалып, ел игілігі үшін қызмет етіп жүр.

Мемлекеттің дамуын тежейтін ке­дер­гі­лердің бірі сыбайлас жемқор­лық екені мәлім. Сондықтан Президенті­міздің тапсырмасымен мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлық­қа қарсы күрес жүйелі түрде жүргізілу­де. Бұдан былай қарамағындағы қыз­мет­кердің жемқорлық әрекеті үшін бірін­ші басшы жауапты болады. Бұл мәселе заңмен реттелген. Осы орайда нормативтік-құқықтық актілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу енгізілгенін де атап өткім келеді. Сонымен бірге құқық қорғау органдарын жаңғырту жұмысы да жүйелі жалғасуда.

Мемлекет басшысы еліміздің сот жүйесін реформалау мәселесін де назардан тыс қалдырған жоқ. Соның нәти­жесінде соттар жұмысының жаңа фор­ма­тын енгізу, сот ісін жүргізу про­це­с­ін оңтайландыру және цифрландыру шаралары қолға алынуда. Бұл сот жүйесі мен оның рәсімдерінің кез келген тарапқа түсінікті, қолжетімді, ашық болуын қамтамасыз етеді. Парламент бұл нормаларды қамтитын тиісті заңды қабылдады.

Президенттің осы бастамалары мем­лекеттік институттардың жұмы­сын жаңаша құруға мүмкіндік беріп отыр. Сол арқылы азаматтардың мүд­де­сін бәрінен жоғары қоятын және өз қызметін тиімді әрі ашық жүргізе­тін заманауи мемлекеттік аппарат қалып­та­сады деп сенеміз.

 

Патриотизм –  ұлт бірлігінің негізі

Президент ұлтымыздың рухани жаңғыруына, әр азаматтың бо­йында Отанға деген сүйіспеншілікті арттыруға айрықша мән беріп отыр.

Өткен жылдың қазан айында Ақтау қаласында Қ.К.Тоқаев көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Әбіш Кекілбайұлына арналған ескерткіштің ашылу рәсіміне қатысты. Мемлекет басшысы салтанатты жиын­да сөйлеген сөзінде «патриотизм­нің үш тұғыры» деп аталатын жаңа тұжы­рымдамасын жариялаған болатын.

Қасым-Жомарт Кемелұлы одан кейін де өзінің бұл ұстанымдарын бірнеше мәрте тарқата түсіндіріп, бекіте түскенін білеміз. Бұған Прези­денттің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы және Во­лон­тер жылының ашылу салтанатында сөйлеген сөзі дәлел.

Патриотизм адамның Отанға деген махаббаты және ұлттың береке-бірлікке деген ұмтылысы екені белгілі. Әрине, бұл ұғымның ауқымы кең, мағынасы терең. Президентіміздің пайым­дауынша, патриотизм – жалпы­ұлт­тық өрлеудің маңызды шарты.

Сол себепті аталған үш тұғыр абстрактілі ұғымдардан емес, нақты, анық өлшемдерден тұрады. Мұны еліміздің кез келген азаматы, әсіресе жастарымыз бағдар етіп ұстануға тиіс. Осы тұста үш тұғыр қандай қасиет­терге арқа сүйейтінін айта кеткеніміз жөн болар. Әрбір патриот азамат, бірін­шіден, төл тарихымыз бен шыққан тегі­мізді терең білуге, екіншіден, мем­ле­­­кетімізді және мемлекеттік инсти­тут­­тарымызды құрметтеуге тиіс. Үшін­ші­­ден, жеке тұлға ретінде дамуы және еліне пайдасын тигізуі үшін өзін үнемі адами, кәсіби тұрғыдан шыңдап отыруы қажет.

Президент хакім Абайдың мерейтойына арнаған мақаласында ұлт болашағына қатысты келелі ойларын ортаға салды. Мақалада Мемлекет басшысы «Толық адам» формуласына айрықша тоқталғаны есімізде. Бұл ұғымның ағылшын тіліндегі «A man of integrity» терминімен сабақтас екеніне де назар аударған.

Заманында ұлы ойшыл «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп «Толық адамның» тұлғасын нақ­ты сомдағаны белгілі. Міне, осылар – біздің бүгінімізге де, келешегімізге де темірқазық болатын қастерлі қасиет­тер. Сол себепті, Президент айтқан болашақ қазақстандықтың үлгілі бейнесі данышпан Абайдың «Толық адам» идеясымен үндесіп жатыр.

Бұл жыл Абай мерейтойынан бө­лек өзге де маңызды даталарға толы. Олардың қатарында Мемлекет бас­шы­сының бастамасымен қолға алын­ған әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Алтын Орданың 750 жылдығын атап айтсақ болады. Сонымен қатар биыл Президентіміздің ұсынысымен Абай­дың туған жері – Семей қаласына тарихи орталық мәртебесі берілді. Мұның барлығы халқымызды өзіне ғана тән ұлттық құндылықтардың аясына топтастырады және бірлікке үндейді.

Ел руханиятының негізгі тіректері­нің бірі – парасатты патриотизм бүгінгі еріктілер қозғалысынан да көрініс табуда. Бұл қозғалыс Мемлекет басшысы көтерген бастамалардың тағы бірі – Волонтер жылының арқасында мүлде жаңа биікке көтеріліп отыр. Әсіресе елімізде және әлемде орын алған төтенше жағдайлар еріктілер қозға­лысының аса қажет және қазақстан­дықтардың ел игілігі жолында адал қызмет етуге қашан да дайын екенін айқын көрсетті. Мыңдаған ерікті азамат коронавирус пандемиясының және карантиннің салдарынан қиын жағдайға тап болған жандарға көмек қолын созуда. Қасым-Жомарт Кемелұлы бастап берген «Birgemiz» акциясының жалпыхалықтық сипатқа ие бол­ғаны мерейімізді өсіріп, жанымызды жадыратқанын айтуымыз керек. Біз мұны тарыққанға демеу, әлсізге қорған бола білетін халқы­мыз­дың ізгі қасиеттерінің арқасы деп қабылдаймыз.

Мемлекеттік тілді дамыту мәселесі – ел Президентінің айрықша назарында. Қ.К.Тоқаев алғаш рет «Қазақ тілі – ұлтаралық қатынас тілі» деген тұжырымды алға шығарып отыр. Бұл – тың, прагматикалық идея, болашақ­тың бейнесін бағдарлаған байсалды ой. Президентіміздің пайым­дауы­н­ша, мемлекеттік тіл этностық топ­тардың әралуандығына қарамас­тан, ортақ қарым-қатынас құралы­на айналуы шарт. Қазақ тілі бірегей маз­мұн қалыптастыруға, озық ғылы­ми білімдер мен заманауи пайымдарды тудыруға әлеуетті болуы керек. Ана тіліміздің латын графикасы­на біртіндеп әрі байыппен көшуі­нің арқа­сында бұл бағытта жаңа мүмкіндіктер ашылары сөзсіз.

Рухани байлық, патриотизм құнды­лығы, мемлекеттік тілді дамыту – елдің жетістікке жетуінің кепілі. Егер азаматтарымызды Отанға деген махаббат, тарих пен ата-баба мұрасына құрмет, тұ­л­ға­лық дамуға ұмтылыс және айнала­сын­дағы жандарға жанашырлық қа­сиет­­тері жұ­мыл­дыратын болса, еліміз кез кел­ген қиынд­ықты еңсеріп, алда тұрған мақ­сат­тарға еркін қол жет­кі­зеді. Сон­дық­тан Пре­зидентіміз бұл ба­ғыт­ты да әр­дайым басты назарда ұстап келеді.

*  *  *

Былтыр елімізде көптеген маңызды шешімдер қабылданып, стратегиялық бастамалар көтерілді. Қолға алынған істердің барлығының түпнегізінде аза­мат­тарға деген зор қамқорлық пен олардың әл-ауқатын жақсартуға деген талпыныс жатыр.

Президент сайлау алдындағы бағ­дар­ламасында Елбасы саясатының сабақтастығын сақтауға, елді өрлеуге бастайтын еңбексүйгіш әрі жауапты азаматтардың әділетті қоғамын құруға, сонымен бірге әрбір қазақстандықтың тұрмыс сапасын арттыруға уәде берген болатын. Міне, осы идеялардың бүгінде ақиқатқа айналып келе жат­қанын көріп отырмыз.

Қазіргі таңда Қасым-Жомарт Кемел­­ұлы Тоқаевтың мемлекет пен қоғам өмірінің барлық саласына елеулі өзгеріс енгізу және жаңғырту баста­­масы аясында нақты жұмыстар жүргі­зілуде. Егер белгіленген жоспар­лардың бар­лығын іске асыратын болсақ, дамы­ған елдердің стандарттарына бір ­табан жақындай түсетініміз анық. Сол арқылы ортақ Отанымыз – Қазақ­стан­ды XXI ғасырдағы ашық, құқық­тық, әлеуметтік, өркендеген елге айнал­дыруға елеулі үлес қосамыз.

Сондықтан Мемлекет басшысының елімізді жаңғырту бағдарламасын тиімді іске асыру үшін тұтас мемлекет­тік аппарат, қоғамдық институттар мен ел болашағына бейжай қарамайтын азаматтар күш біріктіруі керек.

Халқымыз тарихтың талай тар кезе­ңін бекем бірліктің, қайсар ерліктің ар­қа­сында еңсергенін жақсы білеміз. Қа­зақта «Ынтымақ түбі – игілік» деген ата­лы сөз бар. Ұлтымыздың ғасырлар бо­йы сақталып келген ырыс-ынтымағы ал­дағы уақытта да тәуелсіздігіміздің тұғы­рын биіктетіп, Мәңгілік елдің ай­бы­нын асқақтатады деп сенеміз. През­и­дентіміздің сабақтастық, әділдік, өр­леу қағидаларына табан тіреген сали­қалы саясатының басты мақсаты да осы.

 

Мәулен ӘШІМБАЕВ,

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы