– Шерхан Мұртаза алпысқа келгенде Оралхан Бөкей: «Міне, алпыс деген асуға шықтыңыз, төменге қараңызшы, аға, мен көрінем бе екен?» деп жазыпты. Сіз де, Болат аға, осы асуға шыққан жолыңызда артыңызға көз жіберсеңіз, кімдерді көресіз? Есіңізге не түседі?
– Менің бір нәрсеге анық көзім жетті. Бұл дүниеде ештеңе де өздігінен пайда болмайды және өздігінен жоғалмайды. Кездейсоқ ештеңе жоқ. Тағдыр маңдайға не жазса, сол болады. Жазмыштан қашып құтыла алмайсың, алдау да мүмкін емес. Яғни ойлаған немесе мақсат еткен ісіңе тағдырдың өзі жетелеп алып келеді. Ағамыз екеуміз әжеміздің бауырында өстік. Ол кезде тұңғыштарын атасы мен әжесінің баласы дейтұғын дәстүр болушы еді ғой. Өнегесі зор дәстүр еді, өкінішке қарай қазір жоғалып бара жатыр. Осылайша біз тетелес ағамыз екеуміз әжеміздің баласы болып ер жеттік. Әжемізді «апа», ал анамызды «жеңеше» дейтінбіз. «Жеңешеміздің» туған анамыз екенін кейін білдік. Әжеміз жастай жесір қалыпты. Басқарма бастығы болған атамыз дүниеден ертелеу қайтыпты. Шиеттей үш баланы жалғыз өзі аяқтан тұрғызыпты. Біреуі кішкентай кезінде шетінеп кетіпті. Өзі керемет әңгімешіл адам еді, суырып салмалықтан да құр алақан емес-тін. Естуімше, аталары шетінен «сен тұр, мен атайын» дейтін азулы ақындар болыпты. Жатса да, тұрса да әлдебір ескі әуенді үнемі ыңылдап айтып жүретін. Сол ескі әуені әлі құлағымда. «Ер Тарғын» жырын алғаш рет әжеміздің айтуы бойынша тыңдағанбыз. Атамыз қайтқанда, әкеміз сегіз жаста екен. Басқарма бастығының баласы болғандықтан ба, қоғамдық өмірге ерте араласты. Әкеміз кітапқұмар болды. Қалаға шықса құшақ-құшақ кітаптар алып келетін. Кітапханамыз жұрт қызығарлықтай өте бай болды. Қазақ ақын-жазушыларынан басқа, орысша, өзбекше, Әлішер Науаи, Омар Хаям, Хафиз, Пушкин, Есенин, Блок, Фет, тағы басқа Шығыс жұлдыздарының кітаптары қаз-қатар тізіліп тұратын. Тіпті, ол уақытта кез-келгеннің қолына түсе бермейтін 20 томдық «Всемирная история» деген қалыңдығы бір қарыстай болатын кітап есімде. Аздап өлең жазуға да ебі болды. Алайда шахматқа айрықша құмартты. Шахмат десе ішкен асын жерге қоятын, жарықтық. Ақын-жазушылармен де көп араласты. Шәмші Қалдаяқов, Төлеген Айбергенов, Қалаубек Тұрсынқұлов, Мұхтар Шаханов, Тұтқабай Иманбековтермен дос-жаран болып, қарым-қатынас жасады. Үйіміз қонақтан үзілмейтін. Айтайын дегенім, осының бәрі менің болашақта кім болатынымды белгілеп берген сияқты.
Көз алдыңда кітап біткен тіз қатар тізіліп тұрса, қалай оқымайсың. Шетінен алып оқи беретінбіз. Ілияс Жансүгіров, Әбділда Тәжібаев, Сәбит Мұқанов, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Сағи Жиенбаев, Тоқаш Бердияров, Мұқағали Мақатаев, Мұзафар Әлімбаев, Тайыр Жароков, Жұмекен Нәжімеденов, Қасым Аманжолов, Төлеген Айбергенов, Мұхтар Шаханов болып созыла береді. Сөйтіп жүріп, оларға еліктеп өлең жазатын болдым. Мектепте жүргенде өте көп жаздым. Күндіз де, түнде де тұрып жаза беретінмін. Анамның «балама оқу өтіп кетті» деп жылағаны әлі есімде.
1977 жылы Алматыға келгенде қолымда қалың бес дәптер өлеңім болды. Бірақ, оқуға түсе алмадым. Басым салбырап ауылға қайттым. Оқуға үшінші рет тапсырып әрең түстім. Институтта да жарытып оқымадым. Есіл дертім жазу еді. Бір күні тәуекел деп өлеңдерімді «Лениншіл жасқа» алып бардым. Сыншы Сайлаубек Жұмабеков қабылдап, бес-алтауын ұнатып алып қалды. Бірақ, өлеңдерім сол күйі жарияланған жоқ. «Қазақ әдебиетінде» істейтін Тұтқабай Иманбековті, кейін Ибрагим Исаевты жағаладым. Бәрібір, жолым болмады. Шыны керек, сол кезде өлеңнен қатты көңілім қалды. Өлеңді саябыртып, проза жазуға бет бұрдым. Үшінші курсты бітірген жылы әскерге алып кетті. Әскерден аман-есен оралып, оқуымды қайта жалғастырып жүргенде 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі бұрқ ете түсті. Оның зардабы тағдырыма қатты соққы болып тиді. 1987 жылы Алматыдағы бір орыс мектебіне қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып орналастым. Содан бастап орыс және аралас мектептердегі қазақ тілін оқыту мәселелері бойынша бұрқыратып мақалалар жаза бастадым. Мақалаларым «Өркен – Горизонт», «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газеттерінде жарық көріп жүрді. Тіпті, «Өркеннің» редакторы Әшірбек Аманкелдиев менің бір-екі мақаламды Қазақ ССР Оқу министрлігінің назарына да ұсынды. Құзырлы орыннан келген жауап хаттар сол күйінде газет бетінде жарияланды да. Ол кезде осылай газет пен құзырлы орындар арасында жанды байланыс жоғары еді. Қазір ше? 1990 жылы «Ана тілі» газеті ашылғанда алғашқы бас редакторы болған Жарылқап Бейсенбайұлы мені бірден қызметке шақырды. Сөйтсем, жазғандарымды баспасөзден бақылап жүреді екен. Осыдан бастап тағдырымның журналистикамен, жазумен байланысты екендігін түсіндім.
Әрине, жазудан көңілім қалған кездер де аз болған жоқ. Тоқсаныншы жылдары тұрмысымыздың қиындап кеткендігінен соған дейін жазған-сызғандарымды, өлеңдерім мен әңгімелерім, мақалаларым шыққан газет-журналдарды қосып өртеп жібергенмін.
– Өлең өлкесіне өмірдің өзі жетелеп әкелген дейсіз ғой. Біреулер сіздің өлеңдеріңізде қара бояу көп дегенді айтады.
– Мүмкін. Бірақ, оған өзімді кінәлі деп есептемеймін. Неге дейсіз ғой? Себебі менің бүкіл болмыс-бітімім, танымым, талғамым, бәрі уақыт деген ұлы билеушіге тәуелді. Біздің тәуелді болған уақытымыз бен өмір сүріп отырған ортамыз қандай болса, біз де сондаймыз, өлең де сондай. Ақын –суреткер. Ол өзі тәуелді уақыттан, ғұмыр кешіп жүрген қоғамнан тыс тұра алмайды және ойлай да алмайды. Сондықтан менің өлеңдерімнің қара бояуы көп болса, жанымды тыншытпаған жайттар көп деген сөз. Мұның басқаша түсіндірмесі жоқ.
Өзіңіз ойлаңыз, адам үнемі бақытты болып жүре алмайтыны сияқты, үнемі бақытсыздықта өмір сүре алмайды ғой. Әсіресе, жаһыл мен ақыл жекпе-жекке түскен уақытта. Қазір адам бойындағы қара мен ақ, жақсы мен жаман, кісілік пен қысастық майдандасқан кез. Мұндайда етек-жеңі келіскен тек бақытты өлеңдер тудыру мүмкін бе? Меніңше, ақынның міндеті – тек бақытты өлеңдер жазу емес, ақынның міндеті – бақытсыз өлеңдер жазу арқылы бақытқа жол көрсету. Қадыр ағамыз «Бақытты адамнан бақытты ақын шықпайды» дегенді баяғыда-ақ шегелеп айтқан.
Әрине, әрбір адам бақытты болуға хақылы. Сондықтан да бақытты болуға тырысады, бірақ олар бақыттың қандай екенін білмейді. Қолына қалам ұстаған әрбір шығармашыл адам, ол ақын бола ма, жазушы, сценарист бола ма, суретші, биші ме, бәрібір, өз Жаратушысын іздейді. Жаратушысын іздеу арқылы өзін тануға тырысады. Бірақ Жаратушыны тану мүмкін емес. Жаратушыны тану мүмкін болса, оның Жаратушылығы қайда? Өйткені Жаратушы дегеніміз – ұлы сынақ жолы. Осы ұлы сынақ жолынан тек таңдаулылар мен төзімділер ғана өтеді. Талантты ақындар осы Жаратушының таңдаулы адамдары ғана.
Осы ретте тағы бір ой. Мына маңдайдағы екі шырақты ақындардың бәріне бірдей қып берген. Бірақ, нүктені әр ақын өзінше көреді, өзінше елестетеді, өзінше кейіптейді. Менің маңдайыма ақшыл бояудан гөрі қара бояуды көбірек көру жазылған болса керек. Жалпы, ақындардың басқа адамдардан айырмашылығы – басқа адамдар көрмеген нәрсені көріп қою, сосын оны көркемсөз арқылы өлеңге айналдыру емес пе. Ақындықтағы басты мақсат – осы!
– Қолына қалам ұстаған інілеріңіздің қадамын қалай бағалар едіңіз? Сіздің пайымыңызда қазіргі жастар поэзиясының беталысы қалай?
– Бүгінгі аласапыран заманда бәрі мидай араласып кетті. Кімді кім деп танудың өзі қиындық тудыратын уақытты бастан кешіріп отырмыз. Шын ақын кім, жасанды ақын кім – танып болмайды.
Өлең техникасын керемет меңгеріп алған «өлеңшілер» көбейді. Бір қарағанда өлеңдерінен мін таба алмайсың, шетінен сымбатты, сұлу, құдды қуыршақ «Барбиге» ұқсайды. Бірақ жүрек жоқ, қан жоқ, рух жоқ, пластмасса секілді бірдеме. Қатқыл, қатал. Технократия үстемдік еткен заман ақындарының өлеңдері, бәлкім, осылай болу керек шығар. Ол жағын түсінбедім. Білгенім, өлең шіркінді жүректен шығарып, сананы түрлі сезімге дәнекерлеп, айналасын жұп-жұмыр етіп тегістеп, оқырманын ләззат әлеміне жетелей жөнелетін өлең сиреді.
Біздің поэзия жайындағы түсінігіміз уақытқа тым лайықталып, технократтанып кеткен тәрізді. Рухы жоқ өлеңдер мінезсіз міскіндер секілді оқырманнан алыстап бара жатыр. Қарап отырсаң, аңызы жоқ әдебиет, шері жоқ поэзия алға шықты. Оқысаң баяғыдай көзіңе жас келмейді, көңілің босамайды, бірақ орындалу техникасы мен пішініне мін таға алмайсың. Жасанды интеллект пен жанды дүние жекпе-жекке түскен уақытта біздің бұл ойымыз түсініксіздеу көрінуі де мүмкін. Интеллект дүниелердің ішкі ой мен рух ағымында күреске түсіп, ақыр түбі адамзат қоғамын депрессиялық жағдайға душар ететінін әйтеуір бір түсінетін боламыз. Бірақ, тым кешігіп қалмасақ екен деймін. Өлең шіркін, мөлдіреп, елжіреп, ән салып тұруы керек, қуантып, өкіндіре алуы тиіс.
– Мұнымен не айтпақшысыз?
– Романтика өлді, орнына прагматика келді. Прагматиктер романтиктерге жол бермеуге айналды. Қай салада болмасын – осы. Өзін мықты, талантты етіп көрсету үшін неше түрлі айла-тәсілдерге, ешкім күтпеген әрекеттерге барып жүр. Ең қауіптісі олар топтасып алған. Шын ақындарды талап жеуге бар.
Бір нәрсе анық, ауызды құр шөппен сүрте бергеннен ешкім бізге жақсы ақынын бөліп бермейді.
Біздің поэзиямыз ұлттық тұрғыдан алғанда ешкімнен осал емес, бірақ әлемде ортақол поэзияға жатады. Ақындарымыздың да тегеуріні мықты, абыройы асқақ. Темірхан, Тыныштықбек, Жәркен, Светқали, Серік, Ғалым, Маралтай, Бақыт, Әлібек, Ерландардың поэзиясы кімнен кем? Бірақ әлемдік тұрғыдан қарасаң, көпке белгісіздеу. Егер бұлар ағылшын тілінде өлең жазғанда, әлдеқашан құбылыс болып жүрер еді.
Адамзаттың осы уақытқа дейінгі жасалған ілімінде ойды тарқату, оны сан қырынан көрсету, себеп-салдарын анықтау, яғни дискурс жасау жағы басымдау болды. Осы тұрғыдан келгенде кейбір кеңестік жазушылар мен ғалымдардың орасан еңбектері шынында да сөзі көп, мылжың сияқты көрінеді. Қазіргі оқырмандар ондайды көтермейді, тез шаршайды, жүйкесі жылдам сыр береді. Мұны не үшін айтып отырмын? Біздің буын кітап оқып өскен ұрпақ. Бойларына жазба мәдениеттің дәстүрін терең сіңірген. Трилогия, эпопея жанрындағы қалың-қалың туындыларды оқығанда бұйым құрлы көрмейді, әп-сәтте оқып, бойларына жылдам сіңіре алады. Яғни үлкен дүниелерді оқуға да, жазуға да бейім. Соған үйренген, бейімделген. Ал қазіргі буын өкілдері қысқалықты қалайды. Соған бейімделу үстінде. Бір жағынан қысқалық қазақ менталитетіне бір- табан жақын тұр. Өйткені біздің бабаларымыз қоршаған ортасына сай көбіне томаға тұйықтау, көп сөйлемейтін, сөйлесе аз сөзге көп мағына сыйғызып айтуға машықтанған. Соңғы кезде әдебиетімізге еніп отырған осы формалық өзгерістер, аз сөзге көп мағына беру арқылы сөйлеу, суреттеу біздің шалдардан қалған мәдени үрдіс десе болады. Сондықтан әдебиеттегі формалық өзгерістер бізге соншалық бір таңсық нәрсе емес.
Екінші жағынан өнер, әдебиет, мәдениетті «әлеуметтік желі» арқылы өлшейтін, рухани құндылықтар туралы танымы бөлек, дүниеге, табиғи ортаға көзқарасы басқалау жастардың қаулап өсіп келе жатқанын мойындамасқа лаж жоқ. Олай болса, әдебиет те қоғамдық сұранысқа қарай бейімделе бастайды деген сөз. Одан біз қашып құтыла алмаймыз. Айтпағым, біз әдебиеттің жаңғыратын, қайта түлейтін уақытында өмір сүріп отырмыз. Енді шегінерге жол жоқ, артымызда Ұлы Дала, Ұлы даланың рухын сіңірген ұлы мәдениет тұр. Осы күнге дейінгі әдебиет жалпы көпке арналған таптаурын сөйлемдер жиынтығы болып келсе, енді ол өзгерді. Қазір мәтін, мән, мағына, пошым, машық, әдебиет философиясы қайта жаңғыруы керек. Ол адамның өзін өзі тану іліміне, яғни өзінің «ішкі менін», Құдайын тануға бағытталуы тиіс.
– Мұқағали, өз күнделігінде «өлең өмірдің өзіндей қарапайым болуы керек» демеп пе еді. Жаңа осы ойдың ұшқынын өзіңізден де естідік. Дегенмен, бұл күні керісінше, өлең қаншалықты түсініксіз болса, соншалықты терең болады деген сарында пікір айтатындар табылып жүр. Бұған не дейсіз?
– Осындай пікірдің бар екенін естиміз. Бірақ кімнен шыққан сөз екенін біліңкіремейміз. Түсініксіз өлең терең болады деу, меніңше, абсурд. Өлеңнің де өлеңі болады. Кейбір өлеңді бір рет оқып шығып, тереңіне бойлай алмауың мүмкін, бірақ ол тереңдікті, шедеврлікті білдірмейді. Өлеңнің міндетінің өзі сол – ойландыру емес пе. Ойландыра алмайтын өлең – ол тақпақ. Тақұл-тұқыл нәрсе. Алайда өлең жалған пайымға, түсініксіз тілге құрылса – ол адастырады. Мұндай өзге тұрмақ өзі де түсінбейтін өлең – тұйықталып қалған су сияқты. Не ақпайды, не толқымайды, құр су. Сасып-бықсып жата береді. Өлі судан тереңдік іздеу қандай әбестік болса, өлі өлеңнен тереңдік іздеу де сондай әбестік.
Қазіргі жастардың ісінен гөрі, амбициясы басым ба дейсің. Өздері бүгін оқып білгенді жұрт білмейді деп ойлайды, сөйтіп өзінше «жаңалық ашқысы» келеді. Ол жаңалығын керемет көріп, ортаға тықпалайды. Ал оны өзі сияқты әдебиет есігін жаңа ашқанқандар сұмдық жаңалық деп қабылдайды. Осының бәрі өлеңге кездейсоқ келгендердің ештеңеден жүрексінбейтіндігін, әдебиет киесінен қорықпайтындығын көрсететіндей.
Қазіргі кейбір жастардың есіл-дерті қазақ әдебиетінде төңкеріс жасау, бірақ ең алдымен өзінің миына төңкеріс жасау керек екенін білмейді. Әдебиетте төңкеріс жасау – ол жай бір киім ауыстыру емес. Көп ізденуді, ұйығып қалған арам терді шығаруды талап етеді. Ал «жас төңкерісшілер» қазақ әдебиетінің болашағын әлемдік әдебиеттен іздегісі келеді. Сонда жүрек ілімін дәстүрлі ұлттық қайнардан кім іздейді?! Оны кім ойлайды? Қазіргі идеология – ақша, миллиондар. Тележәшікке мұқият назар салыңызшы, бүкіл әлем көз алдыңда сөйлеп тұр, бірақ өзіміз туралы түк жоқ. Соның есебінен біздер әлі күнге дейін әлем тарихы мен географиясын көп біліп, қазақтың өзі туралы түк білмейміз. Бұл көрініс, сөз жоқ, күнделікті әдебіміз бен болмысымызға, әдебиетіміз бен менталитетімізге әсерін тигізеді. Мысалы, жас қаламгерлер қазақ әдебиетін әуелден қалыптасқан қазақ тілінде, қазақ болмыс-пайымында емес, әлемдік тілде, әлемдік «измдер» ракурсы тұрғысынан түсіндіріп, жазатын болды. Әлемдік тіл – қай тіл? Ағылшын, қытай, орыс!.. Жоқ, кешіріп қойыңыз, қазақ әдебиеті ағылшын, қытай, орыс тілінде жасалмайды, қазақ әдебиеті тек қазақ тілінде жасалады. Басқаша болуы мүмкін емес. Қазақ тілінде жасалмаған қазақ әдебиеті ол қазақ әдебиеті емес, маргинал әдебиет. Қазақ әдебиеті үшін әлемдік тіл – ол қазақ тілі. Тағы да айтамын, мұның басқаша түсіндірмесі болуы мүмкін емес. Әрине, өзімізден де бар. Олардың осы кемшілігін көре-біле тұра, «сен сұмдықсың!» деп қолтығына су бүркіп қоятынымыз өтірік пе?
Ғылымда әлемдік тіл, әлемдік әдебиет деген ұғым жоқ. Әлемдік әдебиет – жер бетіндегі әртүрлі тілдерде жасалған ұлттар әдебиетінің жиынтық бейнесі. Бары осы.
– Пенде біткенге тән ахуалдың барлығы ақынға да тиесілі ғой. Өмірде құлазитын кездеріңіз көп бола ма, көңіліңізде қандай алаң бар?
– «Алаң да алаң, алаң жұрт» деп жырлап кеткен Қазтуған неткен бақытты ақын десеңші! Ол бүкіл айтпағын осы бірауыз сөзге сыйдырып айтты. Кейде пендешілікпен артымда жұрт ауызынан тастамай айтып жүретін осындай бір сөз қалар ма екен деп ойлайсың.
Осыдан қырық жыл бұрын Алматыға оқуға шығарып салып тұрғанда айтқан әкемнің сөзі ешуақытта ұмытылмайды. Ол «Қайда жүрсең де туған ауылыңды ұмытпағайсың. Қолыңнан келсе көмектес. Егер дәрежең өсіп, дәулетің тасып жатса, ауданыңды ойла, одан да мықты болып бара жатсаң қазақты алақаныңда ұста. Сонда істегенің ел аузында жүреді» деп еді. Қолыңа қалам ұстаған соң қарақан басыңды ғана ойламайсың, ақын деген атыңа кір келтірмеуге тырысасың. Мәселе мынада: айналаңда болып жатқан келеңсіздіктерді, өресіздіктерді көріп тұрып, қалай үндемей қалуға болады! Кемшілікті көріп тұрып, үндемей қалсаң – онда ақын емессің, қылмыскерсің. Қоғамның жауысың. Жазушының мақсаты – адам бойындағы жаман қасиеттерді сын садағына алып, қоғамды ояту, келеңсіздіктерді болдырмау емес пе?
Сізге мына жайды айтайын. Бір кездері достық, махаббат деген ұғымдар адамзат баласы ойлап тапқан ең ұлы құндылықтар ретінде ерекше дәріптелетін. Досын сатқан адам қоғамдағы ең ұсқынсыз, ұятсыз, керексіз адам ретінде айыпталатын. Ал қазір адамның құны құлдырап кетті. Достық пен махаббат ең ізгі құндылық ретінде бағаланбайтын болды. Басқа халықтарды білмеймін, біз сияқты достық, ерлік, жауапкершілік рухында тәрбиеленген халық үшін бұл аса қауіпті. Достықты, махаббатты қадірлей алмайтын адам, анасын қалай қадірлейді? Әкесін қайтіп құрметтейді? Досына, сүйіктісіне опасыз адам Отанына опасыздық жасамайды деуге кепілдік бар ма? Туған жер мен туған елдің қадіріне қалай жетеді?! Жауапкершіліктен жалтару, сөзде тұрмау, уәдені орындамау, сатқындық жасау, екіжүзділік – өмір салтына айналып барады. Мұның бәрі романтиканың жоғалып, орнына прагматиканың өркен жайып отырғандығынан болып жатыр. Өйткені, бүгінгі таңдағы барлық қарым-қатынас есепке құрылған. Үйлену, үй болу, достық, махаббат, барлығы белгілі бір есепке негізделген. Енді бұдан біз ешқашан қашып-құтыла алмаймыз. Тек есеп пен ақшаға негізделген капитализмнің басты шарты – осы!
Егер жастарға осы пайыммен қарайтын болсақ, біздің болашақ отан қорғаушыларымыз Отанды да есеппен сүйетін болады. Отан бұған бөліп бере алса, ол сүйіп, құрметтейтін, қорғайтын болады. Бөліп бере алмаса, кешіріңіз, перзенттік құрметке ие бола алмайды, сүймейді, қорғамайды. Керек десеңіз басқа «ыңғайлы, пайдалы» Отанға айырбастап жүре береді. Ең қауіптісі – бұл үшін оны ешкім айыптай алмайды.
– Өзіңіздің ең басты шығармаңызды жаза алдыңыз ба?
– Жаза алғам жоқ. Қазір сол бойынша жұмыс істеп жатырмын. Құдай қаласа!
– Сөз соңында айтарыңыз бар ма?
– Ұлт қамы үшін айтылған барлық сөз – соңғы сөз, барлық айқас – соңғы айқас болу керек.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Арман ОКТЯБРЬ,
«Egemen Qazaqstan»