Руханият • 16 Маусым, 2020

Пәруана Пиросмани

880 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жақында жедел ақпарат желілері жер-жаһанға жайып үлгерген сенсациялық жаңалыққа сенер-сенбесімізді білмей отырған жайымыз бар. Асау Кураның жағасына жайғасқан талайғы Тбилисидегі ескі қорымдардың бірінен грузиннің ұлттық мақтанышына айналған ұлы тұлға Нико Пиросманидің жерленген орны табылған көрінеді.

Пәруана Пиросмани

Сонда қойылған көнелеу құлпытастың бетінен «Жаратқан, Николаны жарылқай гөр» деген көмескі жазу шығыпты. Көзі тірісінде көпшілік суретшіні еркелетіп осылай атаған екен. Әрине, бұл есім-сойы ұқсас екінші біреудің зираты болуы да мүмкін. Грузияның Мәдениет министрлігі жанынан құрылған мәртебелі комиссия мәселенің мәнісін анықтауға кірісіп кетіпті. Ал әзірге арнайы білім алмай-ақ бейнелеу өнерінің биігіне көтерілген талант иесіне табынушылар әлгі бейіт басына ағылуда. Өйткені олар бұған дейін қайда қойылғаны белгісіз болып келген қылқалам шеберінің сүйегі дәл осы арада жатқанына сенімді.  Деректері мен дәйектері жеткілікті болмағанымен айтқан уәждері көкейге қонады. «Қашан жоққа шығарғанша бұл қабір Пиросманидікі!». Тек енді көңілді күпті еткен жүз күдік жүрек түк­піріндегі жарқ еткен жалғыз үміттің әлсіз ғана жарығын өшіріп тастамаса жарар еді.

1

Кахетиядағы Мирзани елді мекенінде қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген Никола қабырғасы қатпай-ақ тағдырдың ауыр соққысына ұшырайды. Сегіз жасында әкесінен, артынша анасынан айырылып жетім қалады. Сорлы бала содан кісі есігінде кіріптарлықпен күн кешеді. Тек, Тифлистегі фабрикант Калантаровтың табалдырығын аттағанда ғана есін жиып, еңсесін көтере бастаған. Өйткені бұл үйдегілер оған оң қабақпен қарап өз ұлдарындай қылып өсіреді. Орысша, грузинше оқытып сауатын ашады. Бейнелеу өнеріне бейімдейді. Өнертанушы Эраст Кузнецов өзінің Мәскеуде ЖЗЛ сериясы бойынша жарық көрген «Нико Пиросмани» атты ғұмырнамалық кітабында оның сурет салуға деген құштарлығы ерте оянғанын, ақ қағаз бетіндегі алғашқы «шимай-шатпақтарымен-ақ» айналасындағылардың аузын аштырып, таң-тамаша қылғанын алға тартады.

1

Кезбе суретшілерден кенеп бетін буыр­қанған бояулармен бедерлеудің әліппесін үйренген жас талапкер шым-шытырыққа толы шығармашылық жолға түскенін сезбей қалады. Бірақ арнайы білім алуға әлеуметтік жағдайы келмей, әуесқойлық деңгейде әр нәрсенің басын бір шалып, жүріп жатады. Тіпті, өзі сияқты өнерге таласы бар өрен­дермен бірлесіп сурет шеберханасын да аша­ды. Алайда оны ұстай алмай, жан-жаққа тарап кетеді.

Сонымен қойшы, жан бағарлық жа­лақы іздеп темір жол жақты жағалайды. Жа­сыратыны жоқ, кондуктор болып жарытпайды. Іштей қаламаған іс қайдан ілгері бассын. Көңілі құрғыр көктегіні көксейді. Қиядағы қыранға қолы жетпей, қолдағы қоразды мен­сінбей біраз ми қатырған соң жұмыстан шығып тынады.

Құдайға қараған достары аяушылық білдіріп оған сүт ләпкесін ашып береді. Содан бұл байғұсқа шыр бітіп, шаруасы шалқып, қатарға қосылады. Сауданың жазылмаған заңы бойынша сатылатын тауарды жарнамалау керек қой. Міне, осы тұста Никоның табиғи таланты көмекке келеді. Жалға алған жаман құжырасының іші-сыртын көлденең жұрттың көзін сүріндіретін көркем суреттермен толтырып тастайды. Кейін бұлар баға жетпес байлыққа айналарын кім білген?! Сондағы салғандары – портреттер, натюрморттар, жан-жануарлар... Тағысын тағы күнделікті тіршілік көріністері... Тақырыптық тұрғыдан таңсық дүниелерді таппайсыз. Оғаш ойлар, тосын көркемдік шешімдердің шетіне жете алмай әуреге түспейсің.

1

Бәзбір білгіштер таланттылардың тағдыры таңғажайып оқиғалармен таңбалануы керек дейді. Жоқ болса, жасау қажет. Басымызға ондай бақ қонбаған соң қайдан білейік. Бәлкім шынымен де солай шығар...

Бүгінгі әңгіме арқауына айналған Пирос­манидің артында да қаптаған аңыз қалды. Солардың біреуін ғана сөз етейік.

Сол он тоғызыншы ғасырдың аяқ ше­нінде-ақ үлкен мәдениет орталығына айналып үлгерген Тифлиске гастрольдік сапармен француз әншісі Маргарита де Севр келсе керек. Осы кезде қалтасына қаржы түсіп, әжептәуір әлденіп қалған Нико да елмен бірге ерекше концертті тамашаламай ма? Ұзын сөздің қысқасы, әні мен сәні келіскен әлгі әншіге тұла бойы тұнған романтика қияли жігіт ғашық болып қалады. Айдай сұлу аруды аспаннан түскен періштеге теңейді. Париждің паң қызы бұған мойын бұра қоймайды. Махаббат мұңы мазалаған тифлистік мырза қайткенде қарату ниетімен Марго жатқан мейманхана алдына екі-үш арба гүл әкеледі. Кімге арналғанын тамам ел біледі. Бәрі бас шайқап, таңдай қағады. Шынымен де, мұндай мәрттікке екінің бірі бара бермейді ғой. Әбден риза болған әсем бикеш әлгі жерде жомарт жүректі жайсаң гүржінің ернінен сүйіпті дейді.

Арада азғантай уақыт өткенде гастролі аяқталған Марго ғайып болады. Бар байлығын миллион алқызыл раушанға жұмсаған Нико тақыр жерге отырады. Сөйтіп баяғы кедейлік кепті қайта киеді. Отқа күйген жынды көбе­лектей опық жеген пәруана Пиросмани жа­нын жаралаған күйіктің кесірінен күндіз күл­кі­ден, түнде ұйқыдан айырылады. Есесіне еш­қашан ұмытылмайтын, ертегіге бергісіз әлде өтірік, әлде рас әңгіме кейіпкері болып ел есінде қалды.

Тбилиси тұрғындары таңға айтып та­уы­са алмайтын бұл хикая 1931 жылы орыс­­тың атақты жазушысы Константин Паус­товскийдің құлағына тиеді. Грузия астанасына ат шалдырған қаламгер жайғасқан мейманханасының қабырғасын айшықтаған Пиросмани суреттерін көзімен көргенін жазып, жоғарыдағы баянсыз махаббат жайында жазады. Сексенінші жылдары арқалы ақын Андрей Вознесенский мен көрнекті композитор Раймонд Паулс «Миллион алых роз» деген керемет ән жазды. Оны атағы жер жарған Алла Пугачева орындағанда алқалаған әлеу­мет әдемі әсерге бөленетін.

Айтпақшы, 1969 жылы Луврда Пирос­манидің шығармалары қойылғанда Маргарита де Севр келіп өзінің портретін көріпті. Сон­дағы түскен фотосуреті сақталғанын интернеттен оқып білдік. Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпегенін көрдік.

Тағдыр тәлкегін қойсаңшы бұл. Өлгеннен кейін ғана өшпес даңққа бөленген Пиросмани көзі тірісінде көп құрмет көрмеген. Тифлисте тұр­ған ағайынды Илья және Кирилл Зда­невичтер дарынның еңбегін елеп-ескермесе, ақшаларына суреттерін сатып алып жи­намаса ол осылайша тарихта қалар ма еді, қалмас па еді. Мәселен, Илья Зданевич 1913 жылы «Кавказская речь» газетіне ма­қала жазып, Мәскеуде ұйымдастырылған фу­туристердің «Нысана» атты көрмесіне оның үш-төрт суретін апарып, көрермен назарына ұсынған. 1916 жылы ағалы-інілі екеуі өз пәтерлерінде Пиросмани жұмыс­тарының көрмесін өткізген. Мұны көкірегі ояу көпшілік Грузияның мәдени өміріндегі құбылыс ретінде қабылдапты. Іле-шала грузиялық суретшілер қоғамы саяқ жүрісті саңлақты жиналыстарына шақырып, орталарына тартқан. Қажетіне жарату үшін ептеген қаржы да берген сияқты. Өкінішке қарай, Нико бұл мекеменің есігін қайта ашпаған.

Өмірінің ақырғы кезеңдерінде еркін шы­ғар­ма­шылықпен шұғылданған Пирос­мани салған суреттерін су тегін оңды-солды таратқан. Сатылғандары некен-саяқ қана. Онда да бір аяқ көжеге, бір шөлмек арақ-ша­рапқа... Тас жарған талант табысы тамағынан аспа­ғаны қандай қа­сірет десеңізші... Бейнелеу өне­ріндегі при­митивизм (академиялық дип­ломы барлар оларға мұрын шүйіріп қарай­тындарын қай­терсің) бағытына жататын Пи­росмани туындыларын Зданевичтердің Тби­лисидегі трактир­лер мен духандардан тірнектеп жинағаны еріксіз қайран қал­­дырады. Бұлардың бәрі ақ қағазға немесе сұр кенепке емес, кәдімгі асханаларда дастарқан ретінде пайдаланылатын ақ, қара түсті кленкаларға салынған. Ара-тұра жұ­қа қаңылтырды қолданған. Суретшінің 3 мыңға тарта еңбегінің екі жүздейі ғана са­тылған. Анау бір жылы журналистік сапармен Тбилисиге барғанымызда, Грузияның өнер тарихы музейінен олардың біразымен таныс­қанымызды айта кеткеннің артықтығы болмас.

Сакартвелоның саңлақ перзенті қайыр­шылық халде қаңғырып жүріп өлгені белгілі. Артынан іздер ағайын-тумасы бол­мағандықтан, марқұмың мәйітін аты-жөндері белгісіз жандар жататын молаға апарып көме салған. Енді міне жағымды жаңалық естіп жатырмыз. Жарықтықтың жаны жай тапқан жердің табылғанына елең етуіміздің себебі сол.