Таным • 16 Маусым, 2020

Мәмлегерлік жолында

553 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Мемлекеттік тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары көпшілігіміз ерекше сезім жағдайында болғанымыз бүгінгі күндері естелік ретінде айтылады. Айтылуы да керек. Ұрпақ үшін. Болашақта тәуелсіздік туы төмендемес үшін. Тәуелсіздік – халқымыздың тарихы, өсу жолы, мәңгі болашағымыз.

Мәмлегерлік жолында

Қазақстан Республикасы Мем­ле­кеттік тәуелсіздігінің туын көтеріп, ел алдында ант берген Тұңғыш Пре­­­­зидентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­­­ұлы Назарбаев өзінің халыққа ар­налған барлық жолдауларында, әй­гілі «Бо­лашаққа бағдар: рухани жаң­ғы­ру», «Ұлы даланың жеті қыры», тағы басқа еңбектерінде еліміздің, ұл­ты­мыздың Мәңгілік ел болу идеясына айрықша екпін беріп келеді. Тәуелсіз мемлекеттігіміз – Қазақстанның әрбір азаматының ең қасиетті ұғымы. Ол тек ресми статус немесе геосаяси ­ахуал, жағдай емес. Ол – осы мемлекет аза­маттарының дүниежүзілік қоғам­дас­тықпен тең құқықтығы, әлемдік қа­рым­­-­қатынастағы өрісі, мүмкіндігі, өсуі, өнуі, ғаламдық бәсекелестікке лайық­­тылығы. Осындай талаптардың биі­­гінде болу үшін талай азаматтарымыз ел игілігіне еңбек етудің алдыңғы шебінде жүруі тиіс.

Мемлекетіміздің сондай бетке ұс­тар тұлғаларының бірі – Икрам Адыр­бекұлы Адырбеков. Ол – Қазақ­стан Республикасының көрнекті мемлекет қайраткері, 1996-2017 жылдар ара­­лығында Сыртқы істер минис­трі­­нің орынбасары, Литва, Латвия, Эс­то­ния, Малайзия, Индо­незия, Фи­лип­пин, Бруней, Қытай, Вьетнам мем­лекеттерінде Төтенше және өкілетті елші, Қызылорда облы­сының әкімі, Парламент Сенатының депутаты, Ха­лықаралық қатынастар, қорғаныс жә­не қауіпсіздік комитетінің төр­аға­сы қызметтерін абыроймен ат­қар­ған әріптесіміз, досымыз. Икрам Адыр­бековтің өмірбаяны мен сан салалы қызметінен ақпарат бе­ре­тін «Елшінің жазбасынан» деп атын өзінің болмысына ұқсас, ішкі мәде­ниет­тілігімен өте сыпайы қойған қол­жазбасын оқып шыққан адам тәуел­сіздікті жариялаудың, оның ішкі, сырт­қы мазмұнын толықтырып, мемлекет мүддесін қорғау жолдарының қаншалықты күрделі, тосын әрі орасан отаншылдықпен, білімдарлықпен қатар, қайрат-жігер талап ететіндігіне көзін жеткізер еді.

Икрам бауырымызбен көп жылдардан бері әріптес, өзара сыйластығымыз бен қадірлестігіміз таза қалыптасқан, мемлекеттік қызметте танысып, табысып, түсініскен, әңгімеміз жарасқан жандармыз.

Екіншіден, біздің өзара түсініс­тігімізге, сырлас болуға ықпал еткен жағдайлар – екеуміз де екі уақытта Қытай Халық Республикасында елші, Қазақстан Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төр­ағасы болдық. Көптеген халық­ара­лық конференциялар, кездесулер, келіс­сөздер, пікірталастарда, Еуропа Қауіп­сіздік Ынтымақтастық Ұйы­мының Парламенттік Ассамблея (ЕҚЫҰ) мү­шелері болып, оның мәжі­лістерінде бірлесіп, ел атынан, біздің Парламент атынан сөз сөйлеп, ұлт намысы үшін барымызды салып, қатар жүрдік.

Үшіншіден, адами қатынасымыз бір-бірімізді іздеп, пікірлескіміз келіп тұратын жақындыққа ұласты.

«Елшінің жазбасынан» кітабы бірінші бет­тен-ақ оқушысын Ұлы даланың кеңіс­тігіндегі, ғасырлардан-ғасырларға жал­ғасуында бабаларымыздың еркін­дік аңсаған ұлы жорығынан бастау алып, азат ел болудың бақытын баға­лаудан сөз тартады. Нұрсұлтан Назар­баевтың жас мемлекетіміздің жаңа заманға сай сыртқы саясатын қалыптастырып, оны кәсіби дипломаттармен, ел ішіндегі мемлекет қызметіндегі тәжірибелі, отаншыл лауа­зымды қызметтерде нәтижелі іс атқаруға қабілетті тұлғалармен жа­сақ­­тауына тоқталу арқылы өзінің де сыртқы саясат саласына келуі туралы төмендегідей мағлұмат береді:                 «...Тә­уел­сіздіктің осы бір бастау кезе­ңі­нің алғашында мемлекеттік агро­өндірістік комитетіне, кейін сырт­қы экономикалық байланыс минис­трлі­гіне тиесілі «Казагро сыртқы сау­да» мемлекеттік компаниясының жетек­шісі едім…

...бес-алты мемлекеттік сыртқы сау­да компанияларының басшылары Мем­лекет басшысы мен Премьер-Ми­нистрдің шетелдерге жасаған ресми са­парларына қатысып жүрдік. Кей жағ­дайда сапарларды ұйымдастыруға да қол ұшын беретінбіз-ді. Бұл біздің ендігі арада Үкімет мүшелерімен таныс болуға, кейбір өзекті мәселелер туралы солармен пікір алмасып, ой бөлісіп жүруімізге мүмкіндік те бер­ді...» (И.Адырбеков. «Елшінің жазбасынан». 5-бет).

Автордың баяндауынша, осылайша сыртқы сауда арқылы басталған халықаралық қарым-қатынас саласын­дағы қызметі оны көп ұзамай мемле­кетіміздің жоғары лауазымды жауапты дипломатиялық қызметіне алып келді.

Сыртқы істер министрлігі елімізде бүкіл экономика дағдарысқа ұшырап, қаржы тапшылығы жайлап, күйзеліп тұрғанда құрылған еді. Соған қара­мастан Президенттің пәрменімен сырт­қы саясат әуел бастан сауатты жүр­гі­зіліп, министрлік те жаңа та­лаптарға сай жасақталып, АҚШ, Ресей, Қытай сияқты алып мемлекет­терден бастап, Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар басқа елдерде де біздің елшіліктер ашыла бастады. Бұл – қауырт кезең мемлекетіміздің әлемдік қоғамдастыққа батыл енуінің алғашқы қадамдары болатын. Жариялы ашық саясаттың артында қаржылық, ұйымдастырушылық, шаруашылық, тұрмыстық қажеттерін қамтитын ке­шенді жұмыс жатыр. Оларды білетін, тиімді шешім қабылдай алатын білікті ұйымдастырушылар қажет болды. Осындай уақытта Сыртқы істер ми­нистрі Қасым-Жомарт Тоқаевтың таң­дауымен Икрам Адырбеков минис­трдің орынбасары – Бас қаржы-әкім­шілік басқармасының басшысы болып келіп, еліміздің сыртқы саясатының қаржылық, материалдық базасын қа­лып­тастыруда қыруар жұмыс ат­қар­ды. Жаңа құрылған Сыртқы істер ми­нистрлігінің сұраныстарын Үкі­меттегі қаржы саласының қыз­мет­керлері дипломатия, саяси қаты­нас­тарды әуелде түсіне қоймай, бұрынғы жүйеден шыға алмай жүрді. Осындай кезде қаржылық қатынасты және оның жаңа талаптарын білетін Икрам Адыр­бекұлының СІМ-ге келгені және оның мемлекетшіл қыз­меті, әсіресе елшіліктердің әділ, сауатты қаржы­ландырылуын жолға қойды.

«Елшінің жазбасынан» кітабында сол жыл­дардағы ел мүддесінде шешіл­ген көп жағдайлар ашық айтылып, оған қаты­насып, іскерлік көрсеткен, сондай-ақ шетелдік іскерлік тұлғаларымен, билік өкілдерімен жүргізілген келіс­сөздер, қарым-қатынас, шешілген түйіндер туралы өте тартымды әрі оқушысына түсінікті тілмен жазылғаны көңіл толтырады. Икрам Адырбекұлы тікелей өзі қатынасып, істелген тыңғылықты істер туралы да, сыртынан бақылап сараптап, ой бөліскен тараулары да нақты дерекпен оқушысын оқиғадан оқиғаға қызықтыра жетелеп отыра­ды. Дипломатиялық қызметтің қыр-сыры көп. Ал олардың алғашқы ке­зеңі, тұрмыстың орналасуы, ғи­марат, қызметтік офис, көлік, жабдық мәсе­лелері әдетте көп айтыла бер­мейді. Кейде тіпті олардың қалай ше­шілетініне де көп адамдар мән бере қоймайды. Әрине, үлкен саясаттың көлеңкесінде олар екінші кезекте. Алайда үлкен саясатты ұтымды, нә­ти­желі жүргізу үшін де қажетті жағ­дай ұйымдастыру да көп уақыт ала­ды. Автор осындай қарбаласы мен ауқымы көп жұмыстардың көрі­нісі ретінде Литвадағы елшілік үшін мем­лекетіміздің меншігіне жер алып, екі ғимарат салдыру жолында қанша кеңсе, қанша лауазымды тұлға­лармен келіссөздер жүргізілгенін шебер­лікпен, қызықты иірімдермен жеткізе білген.

Икрам Адырбеков естелік жазу­дың өте тиімді тәсілін тауыпты. 2008 жылы Бейжіңде ашылған XXIX Олим­­пиада ойындары – ежелден келе жат­қан ұлы дәстүрдің жалғасы. Соң­ғы жарты ғасырда АҚШ, тағы басқа әлем­дегі ық­палды мемлекет­тер мұндай дәре­же­дегі спорт ойын­дарының өткізілу­өткізілмеуіне орын­сыз араласып, саясаттандырып жібер­гені де белгілі. Кітап авторы осы жағдайлардың бәрін сараптап, Қы­тайдың сол кезеңде Олимпиада ойын­дарын өткізуге дайындық, өт­кізу кезіндегі ұйымдастырылған өте ауқымды әлемдік қарым-қатынас про­цестерін, Қытайға қарсы, Олимпиада ойындарын болдырмау ниеттері жа­салғанын баяндап, бұрын жариялана бермеген қызықты жағдайларды да ортаға салады.

Сол кездегі ҚХР Төрағасы Ху Цзинь­тао Олимпиада ойындарының ашылуына біздің Президентіміз Нұр­сұлтан Назарбаевты арнайы шақырып, құрмет көрсеткені, Елбасының Қы­тайдың бұрынғы Төрағасы Цзян Цзяминьмен протоколдан тыс, бейресми кездесулері, өзара түсіністік әңгі­мелері кімді болса да бейжай қалдырмасы анық. Әрине, бұл ша­ралардың барлығының өз дәре­жесінде өткізілуі де сол елдегі біздің елшіміздің тынымсыз еңбегімен, оның қытай дос­тармен тіл табыса білуімен тікелей байланысты әрі өте мазмұнды бай­қағыштықпен жазылған.

Қазақстан-Қытай шекарасының та­рихы туралы қысқаша мәліметтер де қазақ оқушысына қажет. Біздің тәуелсіз мемлекеттігімізді Қытай тарапы мойындап, бізбен тең дәрежеде дипломатиялық қатынас орнатқаннан кейін, Нұрсұлтан Назарбаевтың Қы­тай басшыларымен алғашқы кезде­сулерінде қойған талабы – шекаралық келісімге қол жеткізу болғанының та­рихи маңызы зор. Сол келіссөздер нәтижесінде, 1994, 1997, 1998, 1999 жылдары екіжақты келісімдерге мемлекеттер басшылары қол қойып, парламенттерде ратификацияланып, БҰҰ-да қабылданды. Жеріміздің тұтастығы, шекарамыздың мызғымас беріктігі – елші қызметінің ең қасиетті борышы.

«Елшінің жазбасынан» кітабының көлемді тарауы «Әлемдік қаржы дағдарысы және Қытай» деп аталады. Бұл бөлімде ке­шенді Қытай экономикасының соңғы 15-20 жылдағы дамуы, дағдарысы, оның әлемнің экономикасы ең қуатты мемлекеттер – АҚШ, Еуропалық одақ, Жапония, Ресей және басқа елдермен қарым-қатынасы, үйлесімділіктері, қай­шылықтары сарапқа салынған. Қы­тайдағы шағын және орта бизнестің жағдайы, оны өрістетудегі тәжірибесі, салық жүйесі кеңінен әңгіме болып, көптеген дамушы елге де сабақ бола алатынына да назар аударылады.

Қаржылық дағдарыстың эко­но­­­ми­каның дамуына немесе  тоқырауына тигізетін әсері де маман тұжы­рым­да­рымен тиянақтал­ған. Аграрлық кешен, жұмыссыздық, мигранттар мәселелері де қызықты да са­лыстырмалы деректермен толық­тырылған.

Кітаптың бес үлкен тарауы елшінің Малайзиядағы қызметіне арналыпты. Әсіресе, өткен ғасырдың 90-шы жылдары Малайзияның «Азия жол­барыстарының» алдыңғы шебінде болып, халықтың тұрмысын көтеруде бұрын болмаған жетістіктерге жеткені әлемге аян. Елшінің ой қорытулары сая­си билік, үкімет қызметін, елдегі кең ауқымды реформалар жүргізілуін, нә­тижелерін сараптап қана қоймай, өзінің көзқарасын, пікірін ортаға салуы да оның бұл тақырыпты бүге-шігесіне дейін терең зерттегенін көрсетеді.

«Елшінің жазбасынан» кітабының бел омырт­қасындай бөлімі Малайзия елінің ұзақ­мерзімді Премьер-Министрі Мохам­мад Махатхирдің феноменін талдап, оның саясаттағы, бүкіл Ма­лай елінің тағды­рындағы орнын айшықтайды. Жай, ресми ақпарат құралдарынан кездестіре бермейтін деректер Икрам Адырбекұлының аса мұқият ұқып­тылығымен жүйеленіп жа­рияланғаны көңілге қонымды-ақ. Сондай елеулі оқиғалардың бірі – М.Ма­хатхирдің 23 жыл атқарған Пре­мьер-Министр лауазымынан өз еркімен кетуіне байланыс­ты Біріккен малай ұлттық ұйымының (БМҰҰ) жылдық Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзінің кейбір өткір жерлеріне тоқтала кетудің де жөні келіп тұр. Елші өзі қатынасқан Малайзия елі үшін тарихи жиынында М.Махатхирдің тө­мендегі сөзіне мән беріпті: «...Осы жылдар ішінде 5 миллион болған малай халқының саны 25 миллионға жетті. Бұрын тек каучук пен пальма майынан басқа өндірісі жоқ малай елі дамыған елдердің қатарына қосылды. Елдегі барлық этнос тыныштықта өмір сүруде. Малай балаларының қолынан бұрын тек егіс егу немесе балық аулау ғана келетін еді, енді олар барлық салада жоғары білім мен мамандыққа ие болды. Бүгінгі күні көптеген малай азаматы мемлекет қайраткері, профессор, генерал атанды, бизнестен миллионерлер шықты, көптеген халықаралық ұйымды бас­қаратын дәрежеге жетті. Бүкіл мұнай, газ саласы мемлекет меншігіне өтіп, ол ұлттың байлығына айналды...

...Коррупция, менмендік, халықтың мұң-мұқтажына құлақ аспау, өз мүд­десін жоғары қою – партияның әлсі­ре­уіне, беделінің жоғалуына алып келеді...» (Икрам Адырбеков. «Елшінің жазбасынан». 37-38-беттер).

Автор осы сияқты Малай елінің Премьері М.Махатхирдің әр кездегі, әр дәрежедегі сөздерін сараптау ар­қылы өзі болған елдің хал-ахуалынан, тұрмыс-тіршілігінен оқушысына мол мағлұмат береді. Кітапта тек экономика, саясат саласында ғана емес, ғылым, білім, әсіресе тіл мәселесіне байланысты малай елінің тәжірибесі кеңінен орын тапқан. М.Махатхир билік басына келгеннен кейін малай тілінің қытай тілінің көлеңкесінен шығып, басымды мемлекеттік тіл дә­режесіне көтерілгенін ескерсек, мұн­дай тәжірибенің біз үшін де артық болмасын жазады кітап авторы.

Икрам Адырбекұлы дипломатия саласына үлкен өмір мектебінен өтіп, өзі еңбек еткен – мейлі ол ғылыми-зерттеу институтының лаборатория басшысы немесе өндіріс құрылымдарының ұйымдастырушысы, елшілік басшысы, Қызылорда облысының әкімі лауа­зымдарының қай-қайсысын да білім­ділікпен, мемлекет жанашыры қандай болу керектігіне үлгі боларлық әдіс-тәсілмен еңбек етіп, зор абыроймен атқарды. Үнемі артынан жақ­сы сөз ерді. Өткен жолы, барлық өсу баспалдақтары қайталанбас қым­­бат кезеңдер екеніне күмәніміз жоқ. Қай жерде, қандай қызметте жүрсе де төңірегіндегі адамдармен, үлкен, кішімен тіл табысып, білімін өсіріп, өрісін кеңейтіп, тілектестерін көбейтіп, ғибратты, парасатты орта құ­рып келеді. «Елшінің жазбасынан» кітабының бірнеше тарауы өз өмірінің – отбасы, ата-анасынан бастап, мектептегі жадында сақталған ұстаздары, еңбек жолында көрген өнегелі ағалары, жақсы адамдар туралы, «оларға ілтипат көрсетуім – азаматтық парызым» деп ағынан жарыла еске алыпты.

Өмірден ертерек, бір жылда кеткен ата-анасы жерленген Түркістан ма­ңындағы Балтакөл ауылына «ел та­рап кетпесін деп мешіт салдырып, егіс­ке арналып канал қаздырып, орта мек­тепті күрделі жөндеуден өткізіп, қолымнан келгенін жасауға тырыс­тым» деп перзенттік парызын орындай алға­нымен де оқушысымен ой бөліседі.

Сондай-ақ Икрам жазбаларында өзінің бозбала кезіндегі албырттық сезіммен өзінің әділдігін, бірбеткейлік мінезін түсініп, қамқорлық жасаған мек­тептегі ұстазы Рәзия Дүйменова апа­йына шәкірттік тағзымы, есейіп ең­бекке араласқан шағында шынайы жанашырлық, ешқандай есепсіз тек осындай таза, өсуге қабілетті жігіттің қоғамда өзінің адамгершілігіне, білі­міне, қабілет-қарымына қарай, ла­йықты орын, жауапты қызметке қо­сы­лып, абыройлы болуына тілек­тес әрі тікелей ықпал ете алған, аға­лық аялы алақандарын аямаған Хис­ме­дулла Искахұлы Үкібаев, Иса­бек Мыр­захметұлы Мырзахметов, Көп­ма­ғамбет Елемесұлы Елемесов сияқты ел­ге белгілі қайраткер тұлғаларға деген құрметін ерекше алғыс сезіммен жазғаны да азаматтық дәрежесінен кө­рініс беріп, адамның жанын жадыратады. Икрам Адырбекұлы бұл еңбегінде әртүрлі жағдайларда еңбек­тес, әріптес, қарым-қатынаста болған жүзден астам адам туралы (оның жартысына жуығы шетелдіктер) жазып, көпшілігінің мінез-құлқына, жұмысына пікір білдіріпті. Бұл да бір іскерлік мәде­ниет болар.

Сенаттағы қызметтес әріптестері­мен, одан кейінгі өміріндегі өзі сыйласып жүрген азаматтармен де ерекше қадірлесіп, дидарласып жүруін де бүгінгі өмірінің қазынасы, байлығына жалғастыра алған Икрам Адырбекұлы өзі де елінің ерен Тұлғасы.

Икрам Адырбековтің «Елшінің жазбасынан» кітабы – әрине бірінші кезекте жас дипломаттарға, біздің туымызды шетелдерде көтеріп жүрген бүгінгі елшілерімізге, сондай-ақ халықаралық қатынастарға қызығушылық білдіретін қалың оқырманға пайдалы, құнды шығарма.

Мұндай танымдық шығармалар Сыртқы істер министрлігінде, елші­лік­терде ұйымдастырылатын «Елші кітапханасының» көркі боларына күмә­нім жоқ.

 

Қуаныш СҰЛТАНОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты

 

Соңғы жаңалықтар