Таным • 17 Маусым, 2020

Жапон балабақшасы мәдениетті адам болуды үйретеді

1951 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Жапонияда балабақшаның йоучиен және хоикуен деп аталатын екі түрі бар. Йоучиенге балдырғандар үш жастан бастап қабылданады. Таңғы тоғыздан түс ауғанша істейді. Яғни түскі астан соң ата-анасы үйге алып кетеді. Мұндай балабақшада баланың қабілетін шыңдауға көбірек көңіл бөлінеді. Мәселен, кәсіби суретшіліктің бастапқы негіздері үйретіледі. Ағылшын тілі, музыка, спорт бойынша өзіне керегін алғаш рет осы йоучиеннен алады. Сондай-ақ экскурсиялар, мәдени іс-шаралар жиі ұйымдастырылады.

Жапон балабақшасы мәдениетті адам болуды үйретеді

Балабақша түрлері

Хоикуен баланы 1 жастан бастап қабылдайды. Таңғы сегізден кешке дейін істейді. Жұмысбасты ерлі-зайыптылар үшін ыңғайлы. Балабақшаның қай түрі болса да сәбиге мейлінше еркіндік бе­ріл­ген. Белгілі бір сағатта өнер үйре­ніп, тәрбиеші айтқан кезде ғана демалу керек деген шектеу жоқ. Мәселен, балаға сурет салу ұнамаса, қылқаламды қойып, қалаған нәрсемен айналысуына болады.

Жапонияда жекеменшік балабақша мен үкі­меттік балабақша арасында ай­тар­­­лықтай айырмашылық жоқ. Әр бала­бақшада балалар белгілі бір фор­ма киеді. Бірдей форма кию мектеп оқу­шы­ларына да міндеттелген. Балабақша жұмысы жо­ғары оқу орындары мен мектептер се­кілді үш семестрге бөлінген. Бала кани­кул кезінде де балабақшаға келіп, бассейн, тағы басқа пайдалана алады. Сабақ өтпесе де тәр­биешімен тілдесуіне болады.

Йоучиен құны хоикуенге қарағанда қымбат, өйткені материалдық жабдықтау тұр­ғысынан артықшылығы көп. Кейбір йоу­чиендер белгілі бір университеттің қара­мағына кірген. Мұндай элиталық бала­бақшаға барған бала университет аума­ғындағы мектепке қабылданады. Оны бітірген соң университетке емти­хан­­сыз түседі. Жапонияда ақылы бала­бақ­шада толық емес отбасылар мен табысы аз адамдарға жеңілдік жасалған.

Бұл елде балабақша меңгерушілерінің елу пайызы – ер адамдар. Тәрбиеші болатын адам екі және төрт жылдық арнайы ку­рстан өтеді. Мұндай курста баламен қа­рым-қатынас аспектілерінен бөлек, сурет салу, дене шынықтыру, оригами, му­зы­ка тағы басқа пәндерді жүргізудің әдіс­те­ме­сі оқы­тылады.

Балабақшаның қай түрі болса да ұлт­­тық стильде жабдықталған. Бала­ла­р ұйықтағанда тәрбиеші футон деп ата­­латын көрпе төсейді. Жиһаздары да қарапайым, жапондық минимализм пр­ин­циптері аңғарылады. Бала­бақ­ша­­да әдеттегі нормаға сай сүт, же­міс-көкөністерден әзірленген тағам­дар беріледі. Сондай-ақ анасы бала экс­кур­сияға шыққанда жеу үшін обентоу деген тағам мәзірін дайындайды. Обен­тоу қорапқа салынған, жиырма төрт түрлі өнімнен тұратын ұлттық ас мәзі­рінің жиынтығы. Оқушысы бар үйде анасы обентоуды күн сайын мектепке беріп жібереді. Обентоуды жасау баланың анасынан ұлттық тағамды шебер­лікпен әдемі етіп әзірлей білу қабі­летін талап етеді. Жапон әйелі обен­­тоуды ешқашан дүкеннен сатып ал­майды, тағамдардың барлығын өз қо­­лымен әзірлейді. Жыл мезгіліне сай тағам түрлері де, безендірілуі де өзгеріп оты­­рады. Обентоумен қоректену кезінде бала эстетикалық ләззат алу керек деп есеп­­тейді. «Жапондар көзбен жейді» де­ген мәтелдің себебі осы.

Жапон балабақшасында әртүрлі өнер сабақтарынан бөлек, мектепке дайындық ре­т­інде оқу, жазу негіздері оқытылады. Бі­рақ басты ұстанымы білім беру емес, тәрбие сіңіру, қоғамдық ортаға бейімдеу. Ба­лаларды ойын арқылы мәселені ше­шу­­­ге үйретеді. Бірақ баланы бәсе­ке­лес­тік, бір-бірінен озу ниетінен алыс ұс­тайды. Жапонның ежелгі Ата За­ңын­да «адамның артықшылығы – қай­­шылықты болдырмауы» деп жа­зыл­­­ған. Сондықтан пікірталас кезінде бі­реудің екіншіні жеңуі қайшылыққа әке­­летіндіктен, қандай мәселе болса да ымы­раластық деңгейінде шешу негізгі ұста­ным. Жапондар балалар арасындағы ке­ліспеушілік олардың болашақта ұж­ым­ға сіңуіне кедергі келтіреді деп есеп­тейді. Сондықтан қандай жағдай орын алса да ұрыс, төбелеске жетпеуі керек.

Сондай-ақ жапон білім жүйесінде балаларға хормен ән айтқызу үрдісі бар. Жапондар бір әнші баланы сах­наға жарқыратып жеке шығару педа­го­­гикалық этикетке жат нәрсе деп есеп­­тейді. Кішкентай кезінен баланы ел алдында дара ғып көрсетуді дұрыс са­на­майды. Балалар әнді бірігіп айтса, бір­лікке, ұйымшылдыққа бейімделеді дейді. Жапондар спортты жақсы көреді. Балабақшалар мен мектептер спорттық жарыстарға белсенді қатысады. Мек­тепке дейінгі білім мекемелерінде тәр­биешілер бүлдіршіндердің ортасын­да ойнап жүргенін көруге болады. Бала­бақ­шада ұсақ моториканы дамыту үшін оригами, оятори сияқты ұлттық өнер түрлері үйретіледі. Ұсақ моториканы дамыту иероглиф жазуда аса маңызды.

 

Ата-ана мен тәрбиеші бірдей жауапты

Тағы бір ерекшелігі, ата-ана тарапынан белсенділікті талап етеді. Тәрбиеші әр баланың ұйқысы, ас ішуі, өзін өзі ұстауы, жалпы бір күн ішіндегі қимыл-әрекетін арнайы дәптерге тізіп жазып отырады. Ата-аналар да баласының күн­делікті әрекеттерін үйдегі дәптерге сипаттап жазуы керек. Бала тәрбиесі ата-ана мен тәрбиешінің бірлесе еңбек етуі арқылы жүзеге асатын процесс. Мұндай әріптестікте тәрбиеші жетекші рөл атқарады. Тәрбиеші ата-анаға баланың өсіп-жетілу кезеңінде үлкендер тарапынан қандай қамқорлық жетпейді, соны көрсетіп отырады. Ата-ана бала тәрбиесі деген аса жауапты істе тәрбиешінің ақыл-кеңесін ескеруге міндетті. Балабақшада ата-аналар жиналысы жиі өткізіледі. Мекемедегі іс-шараларға да ата-аналар қатысады.

Үлгі болар бір қыры, ұлттық тәрбие қағидаттары негізінде байырғы аңыз әңгімелерін, халықтық өлең-жырларды оқып беру арқылы патриоттық рухта тәр­биелеу. Басты мақсаты — дені сау, ұлтын сүйетін, ұлттық құндылықтарын қадірлейтін, мемлекетін қастерлейтін қо­ғам өкілін тәрбиелеп шығару. Туған өл­кенің тарихи мекендерін таныстыру, баланы төзімділікке бейімдеу, табиғатты жаны сүйетін азамат етіп тәрбиелеу мақ­са­тында топтық экскурсиялар ұйым­дас­­тырылады. Жалпы, Күншығыс елін­де табиғатпен байланысты балалар қатысатын мерекелер өте көп.

 

Ұрыс-керісі жоқ қоғам

Жалпы, жапондар дау-дамайды ұнат­пай­ды. Келіспеушілік туындаса керіс­кен­нен гөрі үнсіз тарқасуды құп көреді. Айтыс-тартыс, өзін ерекшелеп көрсету, өзінікі дұрыс екенін көп сөзбен дәлелдеу жа­понға тән қасиет емес. Туралығын ісі арқылы дәлелдейді. Тәрбиеші, мұғалім тап­сырманы дұрыс орындамаса да бала­ға ұрыспайды. Меңзеу арқылы (мысалы, суретке нұсқау) дұрыс әрекет амалын көр­сетеді. Жапон балабақшасы мен мек­тебінде балалардың миына сал­мақ сал­мау жағы ойластырылған. Әр саладан там-тұмдап мәлімет беру, сабақты еркін формада өткізу үрдісі бай­қалады. Ақпаратты үйіп-төгіп, мол мә­ліметті бірден сіңіруге мәжбүрлеу бұл елдің білім жүйесіне тән емес. Бала өзіне ұнайтын саланы тереңірек білгісі келсе қосымша кітап оқып, өз бетінше ізден­ге­нін құп көреді.

Жапонияда адамның жеке мүддесі үшін емес, ұжым, қоғам үшін еңбек ету дағдысы қалыптасқан. «Бәріміз жұ­мы­ла кірісейік» идеясы балабақшадан са­наға сіңеді. Бүлдіршіндер кіші, орта және дайындық топтарына бөлінеді. Топтар ұлттық мәдениеттің нышаны ре­тінде гүлдердің атымен аталады. Мек­тептердегі сияқты балабақшалар жұ­мысы 1 сәуірде басталады. 6-8 баладан тұратын шағын топтарға бөлінеді. Жарты жыл сайын топ құрамы ауысып отырады. Бұл балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеу үшін ойластырылған. Сондай-ақ тәрбиешілер де алмасады. Балақайға әрекетті таңдау еркіндігі берілген. Тіпті бала ойыншығымен жеке отырғаннан гөрі топтағы бүлдір­шін­дермен ойнағанын дұрыс санайды. Топтасып ойнау арқылы адами қаты­нас­тар негізі қаланады деп есеп­тей­ді. Сондықтан неше түрлі сабақ оқытып, өнер үйренуге күштеу мақсат емес. Әрине балабақшада ұлттық ме­­рекелер­ге орай мәдени шаралар, спорт жарыстары өткізіледі. Ән, би сабақ­тары да бар. Бірақ өнердің қандай да бір түрімен айналысуға баланы ешкім мәжбүрлемейді. Мектеп уақыты таяғанда ғана қатал тәртіп енгізіледі. Яғни мектепке дайындық сабақтары өткізіледі.

 

Бәсекелестік қажет емес

Балаларды білім, өнер жағынан бір-бірімен жарыстырып, бәсекелес етіп шығару үрдісі де байқалмайды. «Мен одан қалмаймын» деген бәсекелестік пиғылдан алыс баланың жүйкесіне салмақ түспесі белгілі. Жапондар әр баланың ми қабілетін ескере отырып, физикалық шама-шарқын негізге алып бағыт беріп, болмысына лайық деңгейде білімге баулиды. Бұл жапон қоғамында адамның қарым-қабілетіне байланыссыз тең мүмкіндіктер мен жағдай жасалғандығын көрсетеді. Жал­пы жапондарға тән қасиет, бала кезде қандай да бір өнер я кәсіп ұнаса, сол жолға түсіп, өмір бойы бір салада қызмет етеді. Қолға алған істі ешкімнің нұс­қауынсыз, тиянақты атқарып, әуес­қой­лықтың өзін кәсібилікке жеткізе білу жапонға тән беріктік нышаны. Ата-анасы баланы көңілі қаламаған іске күштеп итермейтіні содан. Сәбиді бала­бақ­шаға да зорлап апармайды. Үл­кен­дердің қарым-қатынасына лайық, жапон баласы тентектік жасамайды. Қо­ғам­дық тәртіпке бағыну, ұлттық тәрбие нормаларына сай әрекет ету қа­лып­ты жағдай.

«Бәленшенің баласын қарашы, ал сен итсің» деп, өзгені үлгі етіп, ұл-қызының бойындағы кемшілікті бетіне басып жатқан ата-ана жоқ. Оған қоса жапондар баласы қандай да бір жетістікке жетсе, тіпті сабақты кілең беске оқыса да «менің балам мықты» деп мақтанбайды. Жалпы, өзінің де, бала-шағасының да артықшылығын елге көрсетіп, мақтану жапон болмысына жат. Егер бір жапонға танысы «ұлың ақылды екен» немесе «қызың қандай ұқыпты» деп мақтаса, «ой, сіз оның қандай ақымақ екенін көрсеңіз ғой» деп, баласының кемшілігін айта бастайды. Жалпы, жапондар отбасы мүшелерінің артықшылығына басқа адамның назар аударғанын ұнатпайды.

Жапонияда ана мен бала денсаулығы, әлеуметтік жағдайы толыққанды болуы үшін мемлекет тарапынан барлық жағ­дай жасалған. Баланы үй күтушісі немесе әжесі емес, туған анасы бағуы жа­пон­ның ұлттық дәстүріне негізделген ереже. Жапон әйелі қандай қауырт шар­уа күтіп тұрса да баланы өзге бі­реу­­дің қолына қал­дырмайды. Тіпті дүкен аралауға да омыраудағы баласын көте­ріп барады. Жапон үшін әйелдің бала­ға күтуші жалдап, өзі сыртта жүруі адам­шы­лыққа жатпайтын әрекет.

Сондай-ақ, жас әйелдің бала тәр­биесін әженің мойнына жүктеп, өзі үй шаруасынан алыстап, карьера қуып кетуі де мүмкін емес. Сәби дү­ние­ге­ келгеннен бас­тап ер жеткенше оның тәрбиесімен анасы айналыса­ды.­ Жапонияда ер адамдар түннің бір уа­­ғы­на дейін жұмыс істейді де, ба­ла-шағасымен демалыс күндері ғана қауы­шады. Әйелдің ақша табу үшін отбасы құндылықтарын құрбан етуіне жол берілмейді. Перзентханаларда нә­рес­тенің кіндігі кесілгенде бір бөлігін анасы мен баланың аты жазылған ар­найы қорапқа салып сақтап қою дәс­тү­рі бар. Бұл дәстүр ана мен бала ара­сындағы берік байланыстың символы тәрізді. Жапон әйелдері, сондай-ақ үй тазалығына да өздері жауапты. Кейбір капиталистік елдердегі сияқты үй тазалайтын, ас пісіретін, бала бағатын адам жалдау сияқты көріністер бұл елге тән емес.

Балабақшада бойына сіңген еңбек­қор­лық, табандылық, төзімділік, кіші­пейіл­дік, тәубешілдік қасиеттер мектепте беки түседі. Жапонның теңіздей терең тілінде «рахмет» деген сөздің көптеген түр­лері бар. Алғыс айта тұрып иілудің өзі жапондық тәрбиенің ерекше нышаны. Өзгені құрметтеу негіздері, өзінен басқа да тіршілік иелері бар екенін сезіну, жалпы мәдениетті адам болуды жапондар осы балабақшадан үйретеді.

 

Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА,

жапонтанушы