Абай • 17 Маусым, 2020

Жаңарған, жасарған Абай елі

415 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Есім-сойым – Бекмұханбет Рақышев, ауылдастарым Майсары атап кеткен. Өзім оқыған әрі аз-кем бірнеше ауданның прокуратурасында тергеуші, Алматы қалалық ішкі істер бөлімінде аға тергеуші болып еңбек етуіме септігін тигізген мамандығым заңгер болса да өмірдің ағымы мен Құдай берген қабілетке қарай 40 жылдай Абай ауданындағы «Абай елі» газетінде, жергілікті радиода журналист болып жұмыс істедім.

Жаңарған, жасарған Абай елі

Жастайымыздан қатарымыз­дан қалыспай кітапқа құмарттық. Абай атамыздың «ғылым таппай мақтанба» дегені үнемі санамызда жаңғырып жүреді, содан болар өз бетімізбен ізденіп,  қазақ әде­биетімен шектеліп қал­май, әлем­дік классикаға және орыс­тың XIX ғасырдағы ең үздік жазу­шы­ларының кітаптарына ауыз салдық.

Сөз өнеріне деген құмар­лы­ғым­ның арқасында қазақтың үш бірдей таланттысы – Шәмші, Мұ­қағали, Фаризамен таныс бол­дым. Осы үшеуінің де сол кезде-ақ Кеңес өкіметіне қарсы болға­нына нақты куәгер бола аламын. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкіл­дері Ақселеу Сейдімбек, Қажы­тай Ілиясов, Пернебай Дүйсен­биндермен қатарлас оқып, дос болғанымды мақтан етемін. Ал бүгінде Абай атамның ойла­рын бойтұмарымдай көремін. Өмір­де қиналсам жігерлендіретін, қуан­сам бақытымды еселейтін де ұлы  ақынның  өлеңдері мен қара сөздері.

«Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды» дегендей, өресі өсіп, жан дүниесі жан-жақты дамып жетіле бастаған ұлы ақынның ұрпақтары бүгінде Абайдың 175 жылдық мерейлі мерекесін неғұрлым биік, мәнді, мағыналы, халықаралық деңгейде өткізуге барынша атсалысып,  айрандай ұйыған ұлттың үлгісін көрсетіп отыр. Әсіресе оған ақынның кіндік қаны тамған, туған жерінің перзенттері ерекше мән беріп келеді. Ал қарт Шыңғыстау халқы мерейтойға мұрындық болып, бастама көтерген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа дән риза. Соның нәтижесінде қа­зір Абай ауданы тұтастай үлкен құры­лыс алаңына айналды. Аудан орталығы саналатын Қарауыл ауылы гүл-баққа оранып, жаңа түскен келіндей жайнап, жаңарып келеді. Орталықтағы барлық көшелер дерлік асфальттанып, әр үйге су құ­быры  тартылып жатыр. Ауыл­дың дәл іргесінен  бастау  алатын  Абай атындағы су жаңа  саябақ са­лынды.

Абайдың өмірге келіп, кіндік қаны тамған «Сырт Қасқабұлақ» маңы қазір адам танымастай өз­герген. Орталық қара жолдан сол жерге дейін жаңадан асфальт жол салынып, өмір бойы жа­ба­йы аң, төрт түлік малдың ме­кеніне айналған,  үш бірдей суы тас­тай суық бұлақтар тегіс айнадай болып тазаланып, қазірдің өзінде жолаушылар бір соқпай  кетпейтін  қасиетті мекенге айналды. Бұлақтар түгелдей қоршалып, айналасына Абайдың әртүрлі нақыл сөздері жазылды.

Тағы бір ауыз толтырып ай­тар жаңалық, ұлы ақынның әкесі Құнанбай қажының зираты тегістей жөнделіп, айналасы қымбат тастармен көмкеріліп, қоршалды. Қазір сол кісіге арналып музей үйі бой көтеріп жатыр. Жергілікті  халық­тың күшімен  Қарауылда  Құ­нанбай  қажы атындағы жаңа мешіт жанынан үлкен қатымхана салынуда. Бәрінен бұрын алты Алаштың тарихи меккесіне айналған, Абай мен Шәкәрім жерленген Жидебай қорығы түгел­дей жаңартылып, көргеннің көзі сүйсінетін жағдайға жетті. Ма­ңайында ағаштар өсіріліп, гүлмен көмкерілді.

Осынау елдік, халықтық күрделі де жауапты іске жан сала жанталасып, күндіз-түні ұлан-ғайыр мың сан жұмыстың басы-қасында болып,  ерен еңбектің үлгісін сөзбен емес, нақты іспен көрсетіп жүрген аудан басшылығының еңбегін ерекше атап кетпесек, әділетке жасалған қиянат болар еді.

Бір сөзбен айтқанда,  бұл жерде болып жатқан игілікті, үлгілі істерді тілмен жеткізіп беру қиын. Оны әркім өз көзімен көріп қана шынайы бағасын бере алады.

 

Майсары РАҚЫШЕВ,

 Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Абай ауданы