Руханият • 18 Маусым, 2020

Неміс автономиясы: ЖОБА ЖӘНЕ ҚАРСЫЛЫҚ

4844 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Орталық Азия мен Қазақстанда 1924 жылдың соңында болған ұлттық-мемлекеттік межелеу саясатынан кейін бір республика құрамына біріккен қазақ жерлері 2 995,5 мың шаршы км болса (Т.Рысқұлов 1927 жылы шыққан «Қазақстан» атты еңбегінде ресми деректе 2 800,0 мың шаршы км, ал ҚазКСР Орталық статбасқармасы бойынша 3 039,0 мың шаршы км деп көрсетеді), 1931 жылы – 2 814,6 мың шаршы км, 1938 жылы – 2 744,5 мың шаршы км, 1941 жылы – 2 434,7 мың шаршы км, 1951 жылы – 2 753,6 мың шаршы км, 1965 жылы – 2 715,1 мың шаршы км, 1987 жылы 2 717,3 мың шаршы км болды.

Неміс автономиясы: ЖОБА ЖӘНЕ ҚАРСЫЛЫҚ

Бүгінгі таңда, ресми мәлімет бойын­ша Қазақстан Республикасының жер көлемі 2 717,3 шаршы км құрайды. Яғни 1925–1987 жылдар аралығында Қазақстан 278,2 мың шаршы км жерінен айырылғаны көрініп тұр...

Қазақ жеріне кім көз тікпеді?! Жері­мізді бөлшектеп, оны жырымдауға байланысты неше түрлі жобалар жасалды. Мысалы, 1926 жылы 4 маусымда БОАК жанынан құрылған Қазақ АКСР-і мен Қырғыз АО-ның оңтүстік аудандарындағы жерге орналастыруды зерттеу жөніндегі ерекше комиссияның төрағасы М.Серафимов аталған аймақта орыс пен украин автономиялы облысын құру туралы ұсыныс жасады. 1949 жылы Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Ж.Шаяхметов Жетісу жерінде Ұйғыр автономиясын құру тура­лы ұсыныс жасап, И.В.Сталинге 2 рет хат жолдады. Ал КСРО-ны Н.С.Хрущев басқарған жылдары қазақ жеріне көз аларту көршілеріміз бен КОКП ОК тарапынан қайта-қайта орын алды. Өкінішке қарай, 1956 жылы 21 қаңтарда ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Бостандық ауда­нын және Бетбақдаланың бір бөлігін Қазақ ССР-і құрамынан Өзбек ССР-і құрамына беру туралы қаулысы» бо­йын­ша аталған жерлер Өзбек КСР-не бе­рілді. 1956 жылы сәуірде Ресейдің Астрахань облысы құрамына Батыс Қа­зақстан облысы Жәнібек ауданының оңтүстік бөлігі қосылды. Қазақстанның солтүстігіндегі 5 облыста Тың өлкесі құрылып, оны тікелей Мәскеуден басқару арқылы 16-шы республика ретінде бөлуге ұмтылыс жасалды. Сондай-ақ Н.С.Хрущевтің Маңғыстау түбегін Түрікменстанға, Оңтүстік Қазақстанның мақта өсіретін аудандарын Өзбекстанға беру туралы бастамалары Д.А.Қонаевтың қасарыса қарсыласуы барысында жүзеге аспай қалды. Бұл қарсыласу 1962 жылы Д.А.Қонаевтың қызмет бабы бойынша төмендетілуіне алып келді. Ал оның орнына республика басшылығына келген И.Юсуповтың кезінде 1962 жылдың қарашасында РКФСР-дың Челябі облысы мен ҚазКСР-нің Қостанай облысы арасында біріншінің пайдасын көздеген территориялық ауыс-түйістер орын алды. 1965 жылдың желтоқсанында бұл шешім қайта қаралды. Бір сөзбен айт­қанда, «Хрущев жылымығы» ҚазКСР-нің территориялық тұтастығына орасан зор қауіп төндіріп, қазақ жерін орыстандыру ерекше жүргізілді. Қазақ халқы өз жерінде азшылыққа айналып, 1962 жылы 29%-ды құрады. Н.С.Хрущев Ж.Тәшенов, С.Кенжебаев сияқты және тағы басқа қазақ қайраткерлерін орнынан алып, қыз­метінен қууға тікелей себепкер болды. Қазақ жерінде неміс автономиялы облысын құру жөніндегі авантюристік әрекет Л.И.Брежневтің кезінде де орын алды.

Екінші дүниежүзілік соғыс бастал­ған­нан кейін Еділ бойындағы Неміс автономиясы таратылып, сондай-ақ Са­ра­тов және Сталинград облыстарынан 1941–1942 жылдары барлығы 1 209 мың неміс Қазақстан мен Сібір жеріне кө­шірілді. Оның 420 мыңдайы қазақ даласына қоныстандырылды. Олар 1955 жылдың желтоқсанына дейін арнайы комендатураның қатаң бақылауында болды.

1956 жылы ақпанда өткен КОКП-ның ХХ съезінен кейін Екінші дүниежүзі­­лік соғыс жылдарында таратылған көпте­ген автономиялық республика қалпына келтірілгенімен, Еділ бойы немістері мен Қырым татарлары жөніндегі шешім қайта қаралмады. Осыған байланысты жер аударылған немістер арасында бұл мәселе қызу талқыланып, ұлттық автономияны қалпына келтіру мәселесі көтеріле бастады.

1964 жылы КСРО немістерінен фа­шис­терге көмектесті деген күдік алынып тасталды. Бірақ Еділ немістерінің автономиясын қалпына келтіру туралы мәселе қозғала қоймады. Осындай жағдайда 1965 жылы кеңес немістері Мәскеуге екі рет өз делегациясын жіберді (қаңтарда және маусым–шілдеде). Делегаттар билік өкілдерімен кездесу барысында Еділ бойы немістерінің автономиялық республикасын қалпына келтіруді та­бан­дылықпен талап етті. Олар неміс халқына тағылған айыпты қағаз жүзінде алып тастағанға қарағанда, іс жүзінде Неміс автономиясын қалпына келтіру кеңес халықтарына ерекше әсер етеді деп есептеді.

Неміс өкілдерін қабылдау кезінде КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы А.И.Микоян оларға ерекше ықылас танытып, Еділ бойы немістерінің АКСР-ін қалпына келтіру дұрыс шешім болар еді дейді. Бірақ кездесу соңында автономияны қазір қалпына келтіру мүм­кін емес, немістерсіз тың игеруді жүзеге асыра алмаймыз дей отырып, неміс­терге мәдени іс-шаралар кешенін (ана тілінде білім алу мүмкіндігін кеңейту, радиохабар тарату мен неміс тілін­дегі газеттердің таралымын көбейту және т.б.) ұсынады. Бірақ немістер «Ұлт мәселесі жөніндегі Бунд бағдарламасы бізге қажет емес» деп, бұл ұсынысқа үзілді-кесілді қарсы болады. Осыдан кейін, бұл мәселенің өзектілігін түсінген орталық билік қандай да бір шаралар қолдану қажет деген ортақ пікірге келеді.

Көп ұзамай, автономия алуды мақсат еткен қозғалысқа ұлтшылдық таңбасы тағылып, бірқатар жетекшілері жұмыс орындарынан қуғындалса, бірқатары «қызмет бабымен» Мәскеуге жақсы жұмыстарға ауысты. Сайланбалы органдардан немістерге көбірек орын бөлініп, мәдени салада бірқатар шаралар жүзеге асырылды. Бірақ КСРО-да жүргізілуі мүмкін реформалардан, сондай-ақ неміс автономиясының қалпына келуінен үміт үзген немістер арасында тарихи отандары – ГФР-ға көшу идеясы кеңінен тарай бастайды.

1969 жылдың қазанында бұрын ГФР сыртқы істер министрі болып істеген Вилли Брадттың федералдық канцлер болып келуінен кейін жүргізілген «Жаңа шығыс саясатының» нәтижесінде ГФР мен КСРО арасындағы қатынастар жаңа сатыға көтерілді. Бұл жағдай КСРО немістерінің Батыс Германияға қоныс ­аудару процесін де жаңа жолға қойды. 1970 жылы ГФР-ға 342 адам қоныс аудар­са, 1971 жылы – 1 145 адам, 1972 жылы  3 420 адам көшіп кетті. 1972 жылы КОКП ОК-нің Саяси бюросы кеңестік немістерге Еділ бойына қайта оралуға рұқсат берді. Бірақ автономия қалпына келтірілмеді. Көшу процесі одан әрі жалғаса берді: 1973 жылы – 4 493 адам, 1974 жылы – 6 541 адам, 1975 жылы 5 985 адам, 1976 жылы  9 704 неміс арғы тарихи отанына қайта оралды. Бұл көрсеткіш – қайтуға мүмкіндік алған немістердің ғана саны болатын. Ал көшуге ынталы немістер саны одан әлдеқайда көп болды және күн санап арта түсті.

КСРО басшылығы немістердің жаппай көшуін тоқтату үшін көптеген шара жасағанымен, олардан пайда бола қой­мады. КОКП ОК ендігі жерде неміс автономиясын құру туралы мәселені ойластыра бастауға мәжбүр болады. КСРО басшыларының мұндай қадамға баруына ішкі жағдайдан гөрі, сыртқы жағдайлар қатты әсер етті. Себебі Кеңес өкіметі өз ал­дына «қырғи-қабақ соғысты» тоқтатып, халықаралық қатынастардағы шиеленісті бәсеңсітуге кіріскен болатын. 1968 жылы 12 маусымда БҰҰ Бас Ассамблеясы КСРО ұсынған ядролық қаруды таратпау туралы шарттың жобасын қабыл алып, 1 шілдеде қол қою үшін ашық деп жариялады. Шарт 1970 жылы 5 наурыздан бастап күшіне енді. Көп ұзамай, 1970 жылы 12 тамызда Москвада КСРО мен ГФР арасында Соғыстан кейінгі Еуропадағы шекараны тану туралы шартқа қол қойылды.

1971 жылы 30 наурыз – 9 сәуір аралы­ғында өткен КОКП-ның ХХIV съезінде Бейбітшілік бағдарламасы қабылданды. 91 елдің 102 делегаты қатысқан съезде қабылданған осы құжат – КСРО-ның сыртқы саясатындағы барлық жаңа бағыттарды көрсетті. Осы құжат негізінде КСРО халықаралық жағдайды сауықтыруға бағытталған әртүрлі 150 ұсыныс жасады. Осы бағдарлама аясында 1971 жылы КСРО, АҚШ, Ұлыбритания мен Франция арасында Батыс Берлин туралы келісім жасалса, 1972 жылы КСРО мен АҚШ арасында стратегиялық қаруларды шектеу туралы келісімге (ОСВ-1) қол қойылды. 1973 жылы КСРО мен АҚШ арасында мерзімсіз уақытқа жасалған Ядролық қарудың алдын алу туралы келісім халықаралық жағдайды жақсартып, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық туралы кеңеске жол ашты.

Осындай жұмыстардың нәтижесінде 1975 жылы 1 тамызда Еуропаның, АҚШ пен Канада сияқты 33 мемлекеттің басшылары Хельсинкиде Қорытынды актіге қол қойды. Бұл құжатта мемлекетаралық қатынаста егемендік теңдігі принципін сақтау, бір-бірінің ішкі ісіне аралас­пау, дауларды бейбіт реттеу сияқты мә­селелермен қатар, адам құқығын құр­­меттеу қажеттігі көрсетілді. ГФР бас­шы­лығы осы тетікті жақсы қолдана оты­­рып, дипломатиялық жолмен неміс­тер­­дің құқығын қорғап, олардың көшу жөніндегі талаптарына ерекше қолдау көрсете бастайды. Сонымен қатар КСРО немістерінің ұлттық автономияны қалпына келтіру жөніндегі талаптары ГФР басшылығына бәймәлім болды деп айта алмаймыз.

Адам құқықтарын құрметтеу жөнін­дегі халықаралық келісімге қол қойған КСРО басшылары тығырықтан шығар жол ретінде неміс автономиясын құру туралы идеяны даярлауға кіріседі. 1976 жылы 6 тамызда КОКП ОК-і Ю.В.Ан­дропов бастаған сегіз жауапты қызметкерге осы мәселе бойынша ұсы­ныстар даярлауды тапсырады. 1978 жылы тамызда Ю.В.Андропов, И.В.Капитонов, М.В.Зимянин, Н.А.Щелоков, В.М.Чебриков және т.б. КОКП ОК-нің қызметкерлері қол қойған жазба-хатта Қазақстанда неміс автономиясын құру қажеттігі дәйектеліп, автономияны құру туралы нақты ұсыныстар қоса беріледі. Қол қоюшылар арасында бірде-бір Қазақстан өкілі жоқ еді.

Жоба бойынша неміс автономиясы Қарағанды, Көкшетау, Павлодар және Целиноград облыстарына қарасты бес ауданның аумағынан құрылып, орталығы Ерейментау қаласы (1997 жылдан бас­тап Ерейментау қаласы) болуы тиіс еді. Оның территориясы 46 мың шаршы км, ал халқы 202 мың адамды (шамамен, оның 30 мыңы неміс (15%-ы) құрауы тиіс болды. Осы уақытта Қазақстанда 900,2 мың немістің өмір сүргенін ескерсек, 30 мың неміс орналасқан аумақта неміс автономиялық облысын құру туралы жоба мақсатының өзі түсініксіз еді.

1979 жылы 31 мамырда КОКП ОК Саяси бюросының «Неміс авто­но­мия­­лы облысын құру туралы» №153/ХІ қаулысы қабылданып, осы шешім негі­зінде ҚазКСР және КСРО Жоғарғы Ке­ңес­терінің Президиумдары Жарлық­тарының жобалары мен ҚазКСР-нің құрамында неміс автономиялық облы­сын құру туралы заңының жобасы қоса даярланады. Саяси бюро қау­лысы бойынша ҚазКСР құрамында рес­публиканың органдарына тікелей бағы­натын неміс автономиялы облысын құру орынды деп есептелді. Қазақстан Компартиясы ОК-інде екінші хатшы А.Г.Коркин басшылық ететін неміс автономиясын құруға даяр­лық жөніндегі ұйымдастыру комиссия­сы құрылды. Комиссия мүшелері Ерей­ментау қаласына келіп, 15 маусымда КОКП ОК-не автономия құрамы мен шекарасы, оның құрылымы мен партия ұйымдарының штаты туралы нақты ұсыныстар жолдады. 18 маусымда Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың қатысуымен неміс автономиялық облысын құру жөніндегі салтанатты жиналыс өткізілу жоспарланды. Целиноград облысы Краснознаменский аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, неміс ұлтының өкілі А.Г.Браун жаңа автономия басшысы болуы тиіс еді. Мекемелер мен мектептерде неміс автономиялық облысын құру туралы күн тәртібімен жиналыс­тар өткізілді.

Автономиялық облыс құру туралы мәлімет республикаға тез тарап, қазақ халқының заңды қарсылығын ту­­ғызды. 16 маусымда таңертеңгі са­ғат 8.00-де Целиноградтың бірнеше же­­рінде бір мезгілде жастар жиналып, қала көшесімен колонна-колонна болып шеру жасап, облыстық партия ко­митеті ғимаратының алдындағы Ленин алаңында бір-біріне қосылады. Ми­­тингке қатысушылар негізінен облыс орталығындағы ЖОО мен техни­кум­дарының студенттері еді. Жастар қа­зақ және орыс тілдерінде «Қазақстан бө­лін­бейді!», «Неміс автономиясына жол жоқ!» және тағы басқа ұрандар жазылған тақ­тайшалар алып шықты. Сол жерде сағат 10.00-де митинг басталып, қазақ жас­тары неміс автономиясын құруға қарсы мәлімдемелер жасап, Кремльдің неміс автономиясын құру туралы шешімін айыптаған үндеу қабылдады. Митингке қатысушылар 19 маусымда тағы бір митинг өткізетінін, егер оған дейін би­лік мәселені оң шешпесе, 22 маусым тү­нінде алаулы шеру өткізетіндіктерін жа­зып, оны ҚКП Целиноград обкомына тапсырады. Бір сағатқа созылған ми­тингіге қатысушылар шеп түзеп, қала кө­шелерімен ұрандатып өтеді.

Митингке қатысушылардың саны жөнінде нақты дерек жоқ. Ол түрлі дерек көздерінде 400 адамнан бастап 800 адамға дейін деп әрқалай көрсетіледі. Облыстық және қалалық партия басшы­лығы тоталитарлық жүйенің дәстүріне сай әрекет жасай отырып, халықтың Саяси бюроның ойланбай шығарған ше­ші­міне қарсы жасалған шеруі мен ашу-ыза­сын идеологиялық жұмыс дәре­­жесі­нің төмендігінен болды деген қо­рытынды жасайды. Студенттік жа­тақха­наларға «түсінік жұмысын жүр­гізу үшін» насихат­шылар тобы жі­беріледі.

Қазақ жерінде неміс автономиялық облысын құру туралы хабар халық ара­сына тез тарап, 19 маусымдағы ми­тингке қатысушылар саны одан да көп болды. Бұл жолы шеруге жастар ғана емес, орден-медальдарын таққан соғыс және еңбек ардагерлері, егде жас­тағы адамдар да көп қатысып, шеруге жинал­ғандардың саны 2-4 мың адам шамасында болды.

Митинг басталмай жатып, жиналған халықтың алдына Целиноград обко­мының бірінші хатшысы, Социалистік Еңбек Ері Н.Е.Морозов пен облыстық атқару комитетінің төрағасы А.Қ.Жол­мұ­хамедов шығады. Бірінші болып сөз бастаған Н.Е.Морозов күтпеген жер­ден 18 маусымда Вена қаласында Л.И.Брежнев пен Ж.Картер қол қойған «Қос­қыш құрылғыларды шектеу туралы келісімнің» (ОСВ-2) құрметіне және облыстағы астықты жинау мәселесіне арналған митингті ашық деп жариялайды. Ол осы екі мәселе төңірегінде сөз өрбітіп, митингке қатысушылар аң-таң болып тұрған кезде, неміс автономиясы туралы мәселеге ойысады да, неміс автономиясы құрылмайды деп жариялайды. Оның бұл тапқырлығы митингке қатысушыларды иландырып қана қоймай, болуы мүмкін тәртіпсіздіктердің алдын алды. Митингке жиналған халық біртіндеп тарап кетеді.

Целиноград қаласынан кейін шағын митингілер мен шерулер Атбасарда, Ерейментауда, Көкшетауда өтті. Бұдан кейінгі бірнеше күн бойы қалалық өндіріс орындары мен мектептерде жиналыстар ұйымдастырылып, неміс автономиясының құрылмайтыны туралы адамдарға түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Оқиға орнында болып, мәселені арнайы зерттеген орталық органдардың жауапты қызметкерлері 1979 жылы 28 маусымда даярлаған жазба-хатта кейбір жекелеген прово­катор-ұлтшылдардың қатысы бар бол­ғанымен, бұл құбылыс аяқ астынан болды деген қорытынды жасайды. Бұл наразылықтан соң жазалау науқаны шектеліп, тіпті әкімшілік істері бойын­ша да сот процесі жүрген жоқ. Алайда республика басшылығы және Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті бұл митингтер мен демонстрациялар туралы ақпараттың таралып кетпеуі үшін қолдан келгеннің бәрін істеді. Баспасөзде, пар­тия активтері мен пленумдарда бұл оқиғалар туралы ештеңе айтылмады. Дегенмен Целиноградтағы қазақ хал­қының қарсылығы туралы қауесет халық арасына тарап кетті және ол қазақтардың ұлттық-сана сезімінің оянуына үлкен әсер етті.

1979 жылы 12 желтоқсанда Брюс­сельде Франциядан басқа НАТО елдері түгел қатысқан саммитте қатысушылар Еуропаға орта қашықтықтағы 572 ракетаны орналастыру туралы шешім қабылдай отырып, КСРО-ға орта қашықтықтағы ракеталарды екі жақты шектеу туралы келіссөздер жүргізуді ұсынады. АҚШ-тың мұндай провокациясына бой алдырған КСРО басшылығы жа­уап ретінде 27 желтоқсанда Ауғанстанға әскер енгізді. Енді халықаралық жағдай күрт өзгеріп, КСРО мен НАТО елдері арасында теке-тірес қайта басталады. Ендігі жерде, КОКП ОК-не НАТО-ның Еуропада ракеталар орналастыру туралы шешіміне қосылған ГФР-дың кеңестік немістердің құқығын құрметтеу туралы дипломатиялық талаптары жүре қоймады.

1980 жылы ақпанда КОКП ОК-і неміс автономиясын құру туралы ше­шімнен бас тартты. Бұл жоспарды 1979 жылы маусымда Целиноградта шеруге шыққан қазақ жастары бұзса, 1980 жылдың басында осы жоспарды ұсынған КОКП ОК-нің өзі ол мәселені әрі қарай қарастыруға құлықсыздық танытты. Кез келген бас көтеруді күшпен басып үйренген әміршіл-әкімшіл жүйенің алдын ала даярланған үлкен қойылымға ұқсайтын Целиноград наразылығына шыққан қазақ халқының өкілдеріне жұмсақтық танытып, бірде-бір адамды жауапқа тартпағаны да біздер үшін жұмбақ күйінде қалып отыр...

 

Сәбит ШІЛДЕБАЙ,

тарих ғылымдарының кандидаты, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі