Экономика • 18 Маусым, 2020

Қап тауынан ауған көліктер жедел тіркеуді қажет етеді

144 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Маусым айынан бастап ІІМ елімізге Армениядан әкелінген көліктерді тіркеу жұмыстарына кірісті. Әкімшілік полиция комитетінің дерегіне сәйкес, алғашқы екі аптаның өзінде 2 мыңнан астам шетелдік көлік тіркелген. Олардың дені республиканың батыс аймағына, атап айтқанда Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарына тиесілі. Тәртіп сақшылары жылжымалы мүлікті тіркеуді кейінге қалдырмауға шақырды. Өйткені жаздың аяғында еліміздегі эпидемиялық ахуал қиындап, аталған көлік иелері бұл науқаннан тыс қалуы мүмкін.

Қап тауынан ауған көліктер жедел тіркеуді қажет етеді

Көлік сенімхат және сақтандыру полисімен тіркелмейді

ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басшысының орынбасары Серік Түсі­повтің айтуынша, Арменияның уәкілетті органдарында Қазақстан азаматтарының атына тіркелген, сондай-ақ елімізге 2020 жылдың бірінші ақпанына дейін әкелінген автокөліктер жатады. Мұндай көлікті сенімхатпен немесе сақтандыру полисі бойынша жүргізіп жүрген тұлға­лар тіркей алмайды. Себебі олар бұл са­наттағы көліктердің меншік иелері болып саналмайтынын айтады тәртіп сақ­шылары. Дегенмен сақтандыру по­лисі арқылы аталған көлік құралдарын бас­қару құқығы беріледі.

«Тиісті қаулының негізінде авто­көлікті тіркеу құны 11 946 теңгені құ­райды. Тіркеу үшін тағайындалатын алымның құны – 695 теңге. Техникалық төлқұжат үшін 3473 теңге және мем­ле­кеттік нөмір үшін 7778 теңге төлеу тәртібі қарастырылған. Әкелінген көліктер Ар­ме­нияның құзырлы органдарының есе­бінде тұрғандықтан, оны Қазақстанға тіркеу кезінде сары түсті мемлекеттік тіркеу нөмірі табысталады. Мұндай нө­мірлер басқа мемлекетте тұрақты тіркеуі бар көліктерге беріледі. Бұған қоса көлік иесінің тұрғылықты өңірі бойынша облыстық коды тапсырылады», деді С.Түсіпов.

 

Оң жақты рульді көліктер тіркеуден шет қалады

Әкімшілік полиция комитеті төраға­сының орынбасары басқару рулі оң жақта орналасқан автокөліктер тір­кеу науқанына қатыса алмайтынын нақ­тылады. Бұл көліктерді тіркеуге Қа­зақстанда 2009 жылдан бері тыйым са­лынған. Аталған мәселе еліміздегі жол қозғалысына қатысты заңмен қатар, Ке­ден одағының техникалық регламентімен реттеледі. Бұл – Армениядан бөлек, бар­­лық елдерден әкелінетін жылжыма­лы мүлікке қойылатын ортақ талап. Сондықтан басқару рулі оң жақта орна­ласқан көліктерді тіркеу мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ дейді полиция өкілдері.

Сауда және интеграция министрлігі Көліктік реттеу және метрология коми­теті төрағасының орынбасары Серік Құ­сайынов Арменияда басқару рулі оң жақтан солға қарай ауыстырылған ав­то­көліктердің Қазақстанда қауіпсіздік сертификатын алуы міндетті екенін еске салды. Бұл сертификатты арнайы зертханалардан алуға болады.

«Зертханада көлік құралдары еуро­палық талап негізінде қайта жарақ­талғаны тексеріледі. Бұл процедураны жүргізу үшін тиісті құрылғылар пайдаланылуы тиіс. Демек, мұндай рәсім қайта жабдықтаудан бұрын Арменияның тиісті орталықтарында жүргізілуі керек. Яғни қауіпсіздік сертификатын жыл­дам әрі оңай алу үшін тиісті жұмыс жүр­гізілгенін айғақтайтын құжат ұсы­нылуы тиіс», деді С.Құсайынов.

 

Кәдеге жарату алымын төлеу қарастырылмайды

Қап тауы аймағынан әкелінген кө­ліктерге қатысты жүргізушілер тарапынан койылатын сұрақ аз емес. Ақтөбелік Әлихан Оспанқұлов – басқа да Қазақстан азаматтары сынды армениялық нөмірлі көлікке ие болғандардың бірі. Темір тұл­пар иесі енді жылжымалы мүлігін елімізде тіркеген жағдайда онсыз да қымбат алым түрлерін төлеуге мәжбүр болатынына алаңдаулы. Сала мамандары алым төлеудің тәртібін былай тү­сіндірді:

«Заңнамада көзделген барлық алымдар, нақты айтқанда бұл – мемлекеттік баж салығы, кәдеге жарату алымы және кедендік төлемдер шетелден әкелінген және басқа мемлекеттердің есебінде тұрмайтын көлік құралдарын тіркеу ке­зінде қарастырылған. Үкіметтің қаң­тар айындағы қаулысы Арменияда авто­көлікті есептен алып, оны Қазақстанда әдеттегі тәртіппен тіркеуді қалайтын көлік иелері үшін қабылданды. Сондық­тан бұл көлік иелеріне аталған рәсімдерді орындау үшін жеткілікті уақыт берілді», деді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басшысының орынбасары.

Қазір шетелдік нөмірлі көліктерді арнайы Халыққа қызмет көрсету орта­лықтарында тіркеу мүмкіндіктері қарас­тырылған. Азаматтарға қолайлы болу үшін бұл орталықтардың жұмысы жек­сенбі күндері түскі сағат 13:00-ге дейін жалғасады. Полиция өкілдері ХҚКО-ның мұрағатында Арменияның жауапты органдарынан берілген техникалық құжаттар мен мемлекеттік нөмірлері сақталатынын айтады.

Мамандардың пікіріне сүйенсек, аза­маттардың едәуір бөлігі әлі де көліктерін тіркеуге асықпайтын сыңайлы. Қазіргі орайлы сәтті дер кезінде пайдаланбаса, ертең кеш болуы да ғажап емес.

«Кейбір азаматтар асықпай, көлікті тамыз айында тіркеуді жоспарлауда. Бұл дұрыс емес. Біріншіден, егер де олар автокөлікті сенімхат бойынша не­месе сақтандыру полисі бойынша бас­қарса, қажетті құжаттарды жинауға уақыт жетпеуі мүмкін. Екіншіден, соң­ғы айда өтініштердің көлемі артып, қыз­­мет көрсету орталықтары артық жүк­­темені өңдеп үлгермеуін естен шы­ға­руға болмайды. Сонымен қоса бұл эпи­демиялық жағдайдың ушы­ғуына соқтыруы мүмкін», дейді құқық қор­­ғаушылар.

Жылдың басында Қазақстанда ЕАЭО елдерінен әкелінген көліктерге байланысты ІІМ-нің жаңа талабы шыққан еді. Бұл мәселе қоғамда резонанс тудырып, әжептәуір талқыланған-ды. Осыған орай Мемлекет басшысы аталған проблеманы шешу үшін Үкіметке тиісті тапсырма жүктеген болатын.