Таным • 19 Маусым, 2020

Елбасы және түркілер төрі Түркістан

1040 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Биыл Қазақстанның жаңа елорда­сы­ның, күні кешегі Астана­ның – бүгінгі Нұр-Сұлтанның 22 жылдық мерейтойы аталып өтіледі. Тәуел­сіз еліміздің қасиетті төрі, құтты мекені, Еуразия кіндігіндегі бас қала Ұлы даланың жасампаз жаң­ғыртушылық рухын бүкіл әлемге паш етті.

Елбасы және түркілер төрі Түркістан

Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елорданың 20 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиында: «Тәуелсіздіктің арқасында төрткүл дүниеге достық құшағын айқара ашқан асқақ Астананы салып, еңсесі биік Ақорданы құтты орнына қондырдық. «Қазақстандық жол» – ел дамуының жаңа стратегиясы дәл осы берекелі шаһардан бас­тау алды. Еліміздің бар өңіріне тартыл­ған «Нұрлы жол» да Астанадан шуақ шашты. Тіпті біздің заманды «Нұрлы жол» деп атаса да лайық», деді.

Астана қаласының бұрынғы әкімі ретінде айтарым, елордамыз – Елбасы­мыз­дың ерен ерлігі. Астана арқылы тарихы­мыздың жаңа мәтіні жазылды. Ізгі ниетті, таза пейілді кез келген адам Астана идеясын биік бағалайды. Құрметтейді.

Дүниежүзілік даңқты тұлғалардың лебіздеріне назар аударалықшы. Ресей лидері Владимир Путин: «Астана – қазіргі әлемнің ғажайыбы. 20 жыл ішінде Қазақстан астанасының халқы 3,5 есе ұлғайып, аумағы 2,5 есе кеңейді. Астана – Еуразияның ең заманауи қалаларының бірі».

Қытай Халық Республикасының төраға­сы Си Цзиньпин: «Астана Қазақстан халқы­ның еңбексүйгіштігі мен гүлденуінің ны­шаны болды. Соңғы 20 жылда мұнда Қазақ­станның тамаша болашағы бар екеніне меңзейтін ғаламат өзгерістер жүзеге асты».

Бразилияның баршаға танымал прозашысы Пауло Коэльо: «Астана – елорда ұғымынан да жоғары. Бұл – идея. Ел рухы прогресі мен трансформациясының идея­сы. Ол болжамды болашақты, азаматтар өміріндегі бедерлі белесті бейнелейді».

Ең бастысы, Елбасымыздың өзі елор­даны жасару мен жаңғыру жолындағы жасампаз ұлтымыздың жаңа келбеті деп кестеледі.

Елбасы феномені – әлем таныған дара құбылыс. Тұңғыш Президентіміз – Елбасымыздың феномендік құбылыс-қасиетін танытқан тағы да бір тағылым – Түркістан. Бүгін Тұңғыш Президенттің 2018 жылғы 19 маусымдағы Жарлығымен Түркістан облысының құрылғанына және тарихи қала Түркістанның өңір ор­талығына айналғанына тура екі жыл толып отыр.

Қасиетті шаhар Ұлы Жібек жолының бо­йындағы орталықтардың бірегейі бол­ған. Түркілердің текті төрі, рухани қара­шаңырағы, киелі бесігі саналған Қазақ хан­дығының қаншама ғасыр бойғы астанасы, бас қаласы. Түркістан – рухани жаңғыру бағ­дар­ламасының ең ерекше жемістерінің бірі.

Біз Елбасыны батылдық пен баста­машылдықтың, жаңашылдық пен ізгі ізденістердің, кемеңгерлік пен көрегендіктің дара көшбасшысы деп білуіміз керек. Бұл – бүгінгі бүкіл түркі әлемінің биік ойлы, адал ниетті, тұғырлы тұлғаларының ортақ пікірі. Текті тұжырымы. Қанатты қағидаты.

Өткен жылғы қараша айында «Egemen Qazaqstanda» Елбасы Кеңсесінің басшысы Махмұт Қасымбековтің «Елбасы және түлеген Түркістан» атты мақаласы жарияланды. Қоғамдық пікірге қызу қозғау салған осы дүниеге ой-пікір білдірушілер аз болған жоқ. Автор айрықша атап көрсеткендей, Түркістанды қайта түлету идеясын еліміз тәуел­сіздік алған алғашқы жылдан бас­тап көтеріп, оны жүзеге асыруға ден қой­ған Тұңғыш Президентіміз екені аян. Мұ­ның айшықты бір айғағы – Түркістанда 1991 жылы Елбасының Жарлығымен халықаралық Қазақ-түрік университетінің ашылуы. Бұл мақсатқа Нұрсұлтан Әбішұлының абырой-беделі арқасында Түркиядан қомақты қаржы тартылғаны да белгілі. Тіпті Кеңес Одағының кезінде Нұр­сұлтан Әбішұлы Әзірет Сұлтан кесенесіне арнайы келген. Жағдайымен жан-жақты танысқан. «Содан бері бұл қалаға деген ықыласы барған сайын арта түскеніне, оның болашақ тағдыры жөнінде әрдайым терең толғанып келгеніне жанында жүрген үзеңгілес серіктерінің бәрі куә», дейді аталған туындының авторы.

Елбасы: «Әрбір халық, әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің рухани орталығын нақты­лап алуы керек. Қазақстанның рухани орталығы – Түркістан. Ол – Қазақ елінің рухани жүрегі», деген еді. 2000 жылы ЮНЕСКО аясында аталған Түркістан ме­рей­тойындағы баяндамасы да киелі қаланы биік белеске көтерді. 2009 жылы Елбасы бас­тамасымен Астанада Түркі академия­сы құ­рылып, кейіннен Халықаралық мәр­тебе бе­рілді. 2015 жылы Ахмет Ясауи кесе­несі ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра­ла­ры тізбесіне енгізілді. 2016 жылы осынау беделі биік Халықаралық ұйымның деңгейінде Қожа Ахмет Ясауи жылы аталып өтті.

Түркілердің текті төрі, Қазақ елінің рухани жүрегі атанған киелі Түркістанның қасиетті топырағында 170-ке жуық тұғыры биік тұлғалардың асыл сүйектері жатыр. Мұнда ұлы бабамыз Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі бар және оның маңына қазақтың 21 ханы, 19 биі, 52 батыры, 8 сұлтаны жер­лен­ген. Әлемге әйгілі Әзірет Сұлтан кесене­сіне сәулеттік стилі мен күрделілігі жағынан тең келетін ғимараттың жоқ екендігі де – әлдеқашан мойындалған ақиқат.

Ұлы ұстаз, шандоз шайыр, терең ойшыл, данышпан діндар Қожа Ахмет Ясауи және оның ізгілік ілімі, хикметтерінің қанат­ты қағидаттары хақында «Тарих тол­қы­нында», «Ғасырлар тоғысында», «Сын­дарлы он жыл» кітаптарында толғана тебі­реніп жазған. 2010 жылы Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-түрік университетіндегі кездесуде ұлы бабаның өшпес өнегелері мен мұрасын меңгерудің жолдарын айқын­дады. 2011 жылғы наурызда Түркі­станда республиканың зиялы қауым өкілдерімен сұхбат құрып, Ясауи ілімдеріне жүйелі түрде ден қойып, айналымға түсіру керек­тігіне назар аударды. Ұлы ойшылды «Қазақ даласының Конфуцийі» деп атады. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында да Әбу Насыр Әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Абай айрықша аталады.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сонау 2000 жылы киелі қаламыздың мерей­лі мерекесінде: «Түркістанды облыс орта­лығы жасаймыз. Бұл той – Түркістанды орта­лыққа айналдырудың басы», деген сөзі елдің есінде әрі жұртшылықтың жадында жаң­ғырып, жасампаздыққа бастады.

Осыдан екі жыл бұрын маусым айында Ұлы Түркістан даласында үлкен жаңалық болғаны белгілі. Қазақстанның ғана емес, түгел түркі дүниесінің көшбасшысына ай­нал­ған Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жыл­ғы 19 маусымдағы тарихи тағылымды Жарлығымен Түркістан облысы құрылды. Шымкент шаһарына үшінші ірі мегаполис ретінде республикалық мәртебе берілді. Түркі әлемінің текті төрі Түркістан қаласы өңір орталығына айналды. Елбасы­ның ерекше Жарлығы Қазақстан жұрт­шылы­ғының ғана емес, күллі түркі дүниесінің мерейін тасытты.

Осылайша Түркістанымызды түлету бас­талды. Барлық жұмыстарды жіті бақылап, жүйелі талдап, таразылап үй­ренген Тұңғыш Президентіміздің Түркістан қаласы мен бүкіл өңірге деген ықыласы бұрынғыдан да арта түсті. 2018 жылғы 29 қыркүйекте Нұрсұлтан Әбішұлы Түркістанға арнайы сапар­мен келді. Өзімен бірге Үкімет басшысынан бастап, барлық министр мен жетекші ведомство, алпауыт компания басшыларын да түгелдей дерлік ертіп келген болатын. Үлкен басқосу өтті. Барлық мәселелер, атқарылған жұмыстар, кейбір кешеуілдеулердің себептері, кімнің не істеу керектігі талқыланды. Бәрін бес саусағындай білетін, Түркістанымыздың тынысын жүрек үнімен сезінетін Елбасымыз сол сапарында аса маңызды қос құжатқа – «Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту бойынша бас жоспарының тұжырымдамасын мақұлдау туралы» және «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағын құру туралы» жарлықтарға қол қойды. Екі бірдей Жарлықтың мән-маңызын айрықша атап көрсетіп, Үкімет пен әкімдіктерге, елі­міздегі ірі-ірі компанияларға нақты тап­сыр­малар берді. Жаңаша жұмыс істеу жауап­кершілігін жүктеді.

Елбасымыздың ерендігіне таңғалмау мүмкін емес. 2019 жылғы қараша айының басында екі күндік жұмыс сапарын жасады. Шаһарды шынайы ықыласпен асықпай аралады. Алғашқы күні жаңа құрылыс нысандарына, мәдени-рухани ғимараттардың салыну барысына, жаңадан орнатылып үлгерген алуан түрлі айшықты дүниелерге, бақтар мен гүлзарларға, субұрқақтарға, арнайы арбаттың жай-жапсарына сын көзімен қарап, қатты қуанды. «Бір жылдай уақыт шамасында қыруар тірліктер тындырылыпты», деді жүзі жадырап. Кесене мен Есім хан алаңы арасындағы рухани-мәдени орталықта өткен концертке қатысып, жинал­ған жұртшылық алдында ағынан жарылып, сыр бөлісті.

«Тәуелсіздік алған соң Түркістанды болашақ астана ретінде қарастырдым. Бірақ, өз­деріңіз білетіндей, жағдай бұған жол бермеді. Бүгін бұл қала облыс орта­лығына айналды. Шаһар жандана­ды, Түрк­і­стан түлейді. Түркі әлемінің бесі­гін көр­кейту үшін бауырлас түркі мем­лекет­тері де бізге көмектеседі деп сене­мін», деді. Түркістан қаласында алғаш­қы кезекте 175 нысанның құрылысы жоспар­лан­ға­нын, соның 102-сі жыл аяғына қарай пайдалануға берілетініне дейін баян етті. Туристер саны мен жаңа да табысты жұ­мыс орындарының еселеп артатынына, халықтың әлеуметтік жағдайы жақ­сара­тынына назар аударды.

Сол қараша айындағы сапарының екін­ші күні Нұрсұлтан Әбішұлы құрылысы аяқ­талып үлгерген айтулы нысандарды көрді. Жаңадан ашылған Неке сарайын­да болды. Халыққа қызмет көрсету орталығы, «Алатау» медиа орталығы, облыс әкімдігінің ғимараты, оның екі жағынан бой көтерген аумақтық департаменттер мен облыстық басқармалар кеңселері де ұнады. Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығын қайта құрудың барысы, туризм индустрия­сы мен су және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағыттарындағы жобалармен танысып, егжей-тегжейлі сұрады. «Түркістан» халықаралық әуежайымен 600 орындық көпбейінді аурухананың ерекшелігін қызыға әңгімеледі. Тұңғыш Президентіміз, Nur Otan партиясының Төрағасы өңірлік фи­лиалдың тыныс-тір­шілігіне, халық пен билік арасын іс жүзін­де жақындату жөнін­дегі бастамаларға қызығушылық танытты.

Елбасы «Ұлы дала» орталығы, «Hampton by Hilton» қонақүйі, орталық стадион сынды басқа да бірқатар нысанға барды. Сапар қорытындысы бойынша БАҚ өкілдерімен өткізген брифингтен кейінгі бір жылдай уақытта қыруар шаруа атқарылға­нын айрықша атап көрсетті. Пайдалануға беріліп үлгерген және құрылысы қарқын­ды жүріп жатқан нысандарды, келешекте салынатын дүниелерге түгелдей тоқтал­­ды. Келесі жылы, яғни биыл көршілес түркі мемлекеттері саммитінің Түркістанда өтуі мүмкін екенін екшеді. «Бүкіл Қазақ­стан­ның жұртшылығы Түркістанның да­муын қолдап отыр. Әрбір үй, әрбір қала – Қазақстанның байлығы. Елорданы сал­ған кезде қаржыландыруға байланысты сұрақ­тар болған еді. Енді Нұр-Сұлтан қала­сы барлық шығындарды өтеп, жыл са­йын бюд­жетке триллиондаған кіріс әкеліп отыр», деді.

Тұңғыш Президентіміздің Түркістан туралы жоба-жоспарлары мен арман-аң­сар­лары жан-жақты жүзеге асып жатыр. Туризмді дамытуға байланысты нақ­ты­лы жұмыстар да, көлік инфрақұ­рылы­мы­ның ең негізгі нысаны болып табыла­тын Түркістан халықаралық әуежа­йы құ­рылысының сапасы да тікелей Нұр­сұл­тан Әбішұлының және Мемлекет басшы­сының қадағалауында. Түркістанда Халықаралық Туризм университетін ашу да – Елбасының баянды бастамасы.

Елбасының кең-байтақ Қазақстан­ның қай өңіріне де перзенттік сүйіспеншілік­пен қарап, бүгінгі істерге жан-жақты баға беретіні, келешекті кемеңгерлікпен болжайтыны – баршамызға белгілі. Тұңғыш Президентіміз бұрыннан-ақ «Оңтүстіктің орны ерек», «Оңтүстікте болғанды ұната­мын», «Оңтүстік шуақты күнімен, халқының меймандостығымен, салт-дәстүрге берік­тігімен, жомарттығымен, ең бастысы еңбек­сүйгіштігімен ерекшеленеді», «Ордабасы – ел жүрегі, жер кіндігі», «Мақтаарал – қазақтың мақтанышы», «Түркістан – қазақ даласының рухани төрі», «Түркістан – еліміздің рухани астанасы» деген пікірлерді жиі айтатын. Тек сөзбен емес, қаржы-қаражат бөлу, демеушілерді жұмылдыру арқылы үнемі нақты қамқорлық жасап келеді. «Бейнеу-Бозой» газ құбыры, Көксарай су қоймасы, Сырдария өзені арқылы Мырзашөл – Мақтаарал өңіріне салынған Тәуелсіздік көпірі, халықаралық және республикалық маңызы зор күре жолдар, тағысын-тағылардың бәрі – Елбасы­мыздың тікелей еңбегі. Оңтүстіктің халқы ешкімге тәуелді болмау үшін жасаған ғаламат жобалары.

Енді, міне, Түркістанды түлетіп жатырмыз. Қалаға келетін қонақтар, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері Елбасына, Мем­лекет басшысына алғыс айтады. Түркі­станды Нұр-Сұлтан қаласымен салыстырады. «Бірқанша жылдар бұрынырақта елор­дамызға екі-үш ай бармай қалсақ, таны­май таңданушы едік, қазір Түркістан да тап солай. Ай сайын жаңарып, жасарып, жаңғырып жатыр», деседі.

Түркістан – түркі дүниесінің, қазақтың мәдени-рухани астанасы. Олай болса, әрине, руханият жағы басым болуы тиіс. Сондықтан да «Ұлы дала» орталығы, «Қожа Ахмет Ясауи» музейі, Қазақ сазды драмалық театры, Халықаралық туризм университеті, Ғылыми-әмбебап кітапхана, тағы басқа да таңғажайып дүниелердің Түркістанда болуы түсінікті. Мәселен, мұнда салынатын кітапхананың теңдесі жоқ деуге болады. Қазақ кітапханасы. Түркістанға тән текті орын. Финдердің үлгісімен, яғни жұмыс пен үйден бөлек «үшінші орын» идеясы бойынша, дәстүр мен жаңашылдық үй­ле­сіміне негізделген, өзгеше өнегелі орын алғаш рет біздің Түркістанымызда туындамақшы. Онда тұрғындар кітап оқып, пікір алмасып, бір-бірімен еркін ой бөліседі. Ғылыми-әмбебап кітапхана әлемдік ең озық тәжірбиелер негізінде салынуда. Ішінде 200 орындық конференц-зал, 100 орындық оқу залы, кіші мәжіліс залы, балалар залы, ұлттық әдебиеттер орталығы, ассамблея, квор­кингтік білім, салт-дәстүр орталығы, өнер залы, шет тілдердегі әдебиет залы, абонементтер, мерзімді басылымдар залы, интернет залы, ІТ-технологиялар кабинеті, қор сақтау бөлмелері, киноконцерттік үйір­ме, дыбыс жазу және театр студиялары болады.

Nur Otan партиясы бүкіл республика бойынша «Кітапхана – заманауи білім орталығы» жобасын қолға алып, жаңаша бас­тамалар жасап жатыр. Бұл жоба ғана емес, басқа да бірқатар жоба Түркістандағы жаңа кітапхананың жұмысына тың серпіліс бермек. «Ореn space» орталығы Wi-Fi желісіне және бірыңғай онлайн кітап­хана­сына қосылады. Өлкетану бағы­тындағы кітап қоры цифрлы форматқа көші­ріледі. Кітапхана кеңістігі осылайша зама­науи талаптарға сай, оқырманға барынша ыңғай­лы, үйлесімді, ұнасымды, соңғы стиль­де қызмет етеді. Шаралар, көрмелер, бүкіл безен­діру жүйелері терең танымдық, интел­лек­туалдық, тұжырымдамалық және психо­логиялық мазмұнда мәнерленеді.

Сонымен қатар «Ұлы дала» және «Қожа Ахмет Ясауи» музейлерінің мазмұны мен маңызы талайды таңғалдырмақшы. Біз әлі де Ахмет Ясауи бабамыздың асыл мұра­ларын айналымға түсіре алмай, ие бола алмай жүрміз.

«Ұлы дала» орталығынан Түркістан рухы саналарға сәуле құйып, сана дарытады. Ұлы дала елінің, Түркістанның тарихын зерттеп-зерделейтін, халыққа оқытып ұғындыратын, туристерге түсіндіріп, насихаттайтын орталық болмақ. Ол «Дала өркениеті», «Киелі қорған», «Түркі әлемі», «Көне қала», «Қазақ хандығы», «Тәуелсіз Қазақстан белестері және Тұңғыш Прези­дент» залдарынан тұрады.

Елбасымыз Түркістан өңірін жан-жақ­ты дамытудың басты-басты бес бағы­тын айқындап берді. Біріншісі – Түркістан қаласын дамыту, екіншісі – Түркістан облысының мәдени-рухани саласын дамыту, үшіншісі – өңірдің аудандары мен қалаларын және ауылдарын дамыту, төртіншісі – агроөнеркәсіп кешенін дамыту, бесіншісі – индустриялық аймақтарды дамыту. Бүкіл өңірдің кешенді даму жос­пары түбегейлі түрде қайта қаралып, елеулі өзгертулер мен тың толықтырулар енгізілді. Түркістан шаһарының ескі, көне бөлігін қалпына келтіріп, дәстүр мен жаңашылдық ұнасымы негізінде дамыту мәселесі де жүйеленді. Байырғы шағын аудандардың инфрақұрылымын дамыту, су және газ, кәріз жүйелерін жөндеу жү­ріп жатыр. Артезиан сулары тартылып, арық-атыздардан су аға бастады. Көшелер жөн­деліп, жарықтандырылды.

Өз кезегінде Елбасымыздың тапсырмасымен Үкіметтің тарапынан өңіріміз үшін аса маңызды, облыс үшін тағдыршешті дей­тіндей бес қаулы қабылданды. Жұрт­шы­лық қатты қуанды. «Қуана білгенге құт қонады, бағалай білгенге бақ қонады» деген қанатты сөз бар. Қаулылардың бәрі де маңызды. Әсіресе, «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары туралы» құжаттың жөні бөлек. Еліміздің басшылығы тарапынан бес жыл көлемінде біздің өңірге бөлінетін қаржы 1 трлн 200 млрд теңгеден асты.

Өңіріміз ауыл шаруашылығы, құры­лыс, мәдениет, спорт, инвестиция тарту және басқа салаларда да нақты ілгерілеу­шіліктерге жетті.

Былтырдан бастап Түркістан қаласын жасыл қалаға және ауа райы неғұрлым қолай­лы аймаққа айналдыру мақсатында «Жасыл белдеу» жобасы жүзеге асуда. Түркі­стан төңірегінде 2021 жылға дейін 3,5 млн көшет егу көзделіп отыр. «Жасыл белдеу» тәлімбағында Түркістанның табиғатына тән, тезірек бейімделетін екпе көшеттер, көпжылдық гүлдер мен шөп­тердің түрлері өсіріледі. Қасиетті қала қызғал­дақты, гүлзарлы, шадыман шаһарға айналады. Шаңытып, құрғап жататын қалада су мәселесі түпкілікті шешімін таппақ. Кентау мен Түркістанның арасында салынатын су қоймасы, басқа да су көздерін қарас­тыру, «Жасыл белдеу» жобасы – бәрі де Елбасының идеялары. Жалпы ұзын­дығы 150 шақырым болатын канал жүйесі көп мәселені шешеді.

Нәтижесінде басты-басты идеология­лық, рухани-мәдени бағытын белгілеп, солар бойынша жан-жақты жұмыс істеуге кірістік. Олар: Түркістанды түркі әлемінің ең ірі зиярат және туризм орталығына айналдыру; Түркістанды әлемдік деңгейдегі қолөнер және шеберлер орталығына айналдыру; Түркістан – Ұлы Жібек жолы­ның бойындағы ірі сауда орталығы; Қожа Ахмет Ясауи – ұлы рухани тұлға. Бұлар – Елбасымыз ерекше екшейтін, үнемі назарда ұстайтын бағдарлар.

Ұрпақтар сабақтастығы, бірлік пен ынтымақ, елдік пен ерлік – ата-бабалары­мыздың аманаты, Түркістанымыздың, түркілердің текті тағылымы. Мемлекет басшысы, Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі алғашқы сапарын Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та қасиетті қаламыз Түркістаннан, әз Наурыз­дан бастады. Өзінің берік ұстанымдары сабақтастық, әділеттілік және ілгерілеу бола­тынын да Түркістанда тұңғыш мәлім­деді. Қасым-Жомарт Кемелұлы ең әуел­гі сұхбатында: «Түркістан – тек қазақ хал­қының ғана емес, күллі түркі жұртының қасиетті мекені. Түркістан – сан ғасырлық адамзат шежіресінің куәгері және өркениет жауһары. Қарап отырсаңыз, халқымыздың арғы-бергі тарихында ел бастаған, қол бастаған тұлғаларымыз да аса жауапты сәт­терде, күрделі саяси шешімдер қабыл­дайтын уақыттарда Түркістанға тағзым ете барған. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та осы киелі топыраққа ат басын бұратынын білесіздер», дейді. Сондай-ақ ата-баба аруағы, аманаты, Ұлы дала еліндегі кешегі және бүгінгі мемлекетшілдік дәстүрге, эволю­циялық даму сабақтастығына адал­дық хақында айтты. Елбасымыздың Түркіс­тан облысын құрғаны қай жағынан алып қарағанда да теңдессіз, ұлы бастама екенін, тарихи әділікті қалпына келтіргенін, енді Түркістанды түлетуге әрбіріміз жауапты екенімізді ерекшеледі. Мұндай сакральды ұғым-түсінік пен дәстүрге адалдық тек өркениетті, өсіп-жетілген ұлттың ғана қолы­нан келетіндігіне айрықша тоқталды.

Текті төріміз Түркістан шаһары облыс орталығына айналғалы екі жыл толды. Ұлы Жібек жолының бойындағы мерей­лі мекен болған көне Түркістан түгел түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретін­де жан-жақты, жасампаз даму жолына түсті. Елбасымыз – түркі дүниесінің дана көш­бас­шысы. Елордамызды түркі әлемі­нің жүрегі, Түркістанды тірегі дейді халқы­мыз. Жазу­шы, ұлтының сүйікті сурет­кері, күллі түркі­нің қадірлі қаламгері Шерхан Мұртаза аға­мыз тебіренгендей: «Түркі­с­танды түлету – пер­зенттік парыз».

 

Өмірзақ ШӨКЕЕВ,

Түркістан облысының әкімі