Руханият • 19 Маусым, 2020

Кісілік келбеті

810 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Халқымыздың тарихи тағдырындағы талай-талай қасиеттерінің қатарында танымдық табиғатына таңғаласың. Олай болмаса, нені айтса да, айналып келіп кісі болмысына әкеліп тірейтін «жүйрікте де жүйрік көп – қазанаты бір бөлек, адамда да адам көп – азаматы бір бөлек» деп таңбалап кетер ме еді. Жарық дүниеге кезегімен келіп, «қара қазан, сары баланың» қамы үшін қабағын тер, қабырғасын қан жуған ұрпақтар батар күні мен атар таңының амандығын айтқанда, алдымен алқалы жұрттың азаматының көп болғанын көкседі.

Кісілік келбеті

Қай заманда да қалың жұртқа қамқор болған қазақ абыздарынан қалған сөз: «Ең алдымен елімді аман қыл де. Аман елдің азаматы көп болады». Оған сөз бар ма. Десек те, бүгінде қалай? Аз ба, көп пе? Ойланып қалатын шаруа. Десек те, мейлі ол аздау болсын, мейлі көптеу болсын, қалай болған күнде араларында Серік Үмбетовтің бар екендігіне еш күмәнім жоқ. Секең екеуміздің тағдырымызда бір қызық ұқсастық бар. Ол сегізінші сыныптан кейін оқуын тастап, Алатаудың баурайында Аққайнар ауылында сиыр қайырып кетсе, мен де сегізінші кластан кейін мектепті жайына қалдырып, Аңырақай даласында қой бағып кеттім. Тәмсіл бар ғой, бір: «Тағдыр – арқан болса, бір ұшы Жаратушының, бір ұшы сенің қолыңда тұрады» деген. Өміріңнің мәні – сол арқанның қолыңдағы ұшынан көзі тіріде айырылып қалмай алға жылжи алуында. Солай ете алғандар ғана жақсылыққа, ар-ұятқа, абы­ройға, жеңіске ақыр соңында Жара­тушыға жақындай түседі»...

Сиыр қайырып жүріп арқан­ның өз қолындағы ұшынан айы­рылмаған Серік Үмбетов кейін Алматы мен Жамбыл об­лыстарының әкімі, Ауыл ша­руа­шылығының министрі дәре­жесіне жетті. Қазір Қазақстан Рес­­публикасы Парламентінің де­путаты. Яғни мемлекет және қоғам қайраткері. Халықтың қа­діріне жетуді қаперінен шы­ғар­май­тын қазақтың кісілік кел­бетіне ие аза­мат. Солай болмаса қазақ­тың қайраткер, айтулы аза­маты М.Құл-Мұхаммед оған қаратып:

 

Ұшырған Алатаудың қыраны едің,

Тамсанып бір өзіңе тұрады елің.

Жетісудай жәннатқа билік құрған,

Атадан әліп ұстаған Құлагерім.

Жастыққа тимей жүріп жар құлағың,

Жоқтың өзін қисынмен бар қыласың.

Жан түсірмей алдына дара шапқан

Өзіңсің асыл текті арғымағым.

 

Сыбағасын тірліктің алып жүріп,

Қанатыңды рахатқа малып жүріп.

Жүзге жет, әз бабалар жолыменен

Тағдырдың биігін тек бағын­дырып, – деп өлең жолдарын арнаса сол әлгі қайсыбіреулерге біте бермейтін қазақы кісіліктің келбетіне ризашылығы шығар. Азаматтың белгісі – кісілік кел­­бетің түп-тамыры текте ғой. Сері­­гіміз кіндігінен талай ұр­пақ тарап, сонысымен қазақ хал­қының демографиялық жағ­дайында зор үлесі бар, бір шеті сонау Қытайға дейін жетіп жат­қан, кезінде Әмір Темірдің тап­сырмасымен Қожа Ахмет Ясауидің ескерткіш күмбезін тұрғызуға қолғабыс жасаған тарихи қасиетті тұлға Бәйдібектің үрім-бұтағынан ғой. Сүйімбай мен Жамбыл сияқты аса атақты ақындар мен ұлтқа қорған болған Сұраншы, Саурық, Наурызбай секілді қаһармандардың қандасы ол. С.Үмбетовтің қазақы кісілік келбетін ежелгі елдік пен ерліктің, ерік-жігер мен ар-намыстың, абыройдың біртұтасқан тамырынан, тағылымнан іздеу ләзім. Оның дәлелі Секеңнің қызмет бөлмесіндегі үстелінің бер жа­ғын­да жаңағы аты аталған атадан асып туғандардың шағын мү­сіндері тұратын қаз-қатар. Ол Жамбыл облысын басқарған жылдары біз ай сайын дерлік кездесіп, бір уыс қазақтың бүтіндігі туралы көп әңгімелесетін едік. Ол сонда исі қазаққа теңдей тиесілі Қабанбай, Бөгенбай, Райым­бек, Исатай, Махамбет тағы тағы­ла­рының тағдырларын таратып айтып отыратын. «Абылай мен Кенесарысыз не болатын едік, Кеген, Нарынқол, Балқаштың солтүстік шығысы, Алматы, Қор­дай, Меркі, Тараз бір жағы қырғыз, бір жағы сарттардың бауырында қалатын еді ғой. Солай ма? дер еді, Секең. Және айтатұғын: Көкте құдіретті Жаратушыны, жерде ұлылардың рухын қастерлеуден асқан кісілік жоқ...».

Мен онға тарта аудан, облыс басшыларымен сырлас, пікірлес болған адаммын. Солардың бесеуі облыс әкімдері болды. Амалбек Тышанов Тараздың ежелгі атын қайтарып (әрине Елбасының мақұлдауымен) бере алуымен, Асқар Мырзахметов Таразды аз уақытта мүлде өзгертіп, ешкімнің қаперіне келмеген тарихи-рухани орталығын, «Даңқ» музейін тұрғызып, атаусыз облыстық драма театрға қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Асқар Тоқпановтың, филармонияға ұлы композитор Кенен Әзербаев есімін алып беруімен, Серік Үмбетов қаланың орталығындағы «күн көсем» Лениннің ескерткішін алып тастап, Бәйдібектің алып ескерткішін орнатып кетуімен бұқараның жадында қалдырып кетті. Секеңнің тарихи тұлғаларға тағзым кісілігі Шымкент пен Талдықорғанға дейінгі аралықтағы қойдырған қаншама ескерткіштермен ерекше ескеріледі.

Қазақтың кісілік дәстүрі, «қасқыр да қас қылмайды жолдасына» деген үрдістен алыстап кете алмас, сірә. Мен соны Секеңнен көп көрдім. Жамбыл облысына әкім болып жүргенінде қарауындағы кейбір лауазым иелерінің таяздығына көңіл қа­лып, атын атап, түсін түстеп: «Осы­лар тым қалтаң-селтең ғой» де­сем, айтатыны: «Қайтесің, жүре берсін, бала-шағалары бар ғой, кісі болып кетер...» Кейін Алматы облысының әкімі болып барғанда әлгілердің біразы соңынан барып, қолтығына тығылды. Жалпы С.Үмбетовті кімдер жағаламады. Солардың ішінде, әрқилы қыз­метте жүргендерді былай қой­ғанда, ақын-жазушылар да аз болған жоқ. Секеңнің жыл сайын ата-анасының рухына арнап дастарқан жаятыны бар. Алматы облысына әкім болып жүргенде көзім көрді, таласа-тармаса келіп жататын. Жарыса мақтасатын. Оңашалап алып шығып сөйлесіп қалуға жанталасатын. Сондағылары әрине шаруаларын айтып қалудың әңгімесі. Енді мына қызыққа қараңыз: С.Үмбетов облыс әкімі қызметінен ауысқан соң күні кешегі ат-көпір азаматтар жыл сайын азая түсті. Не өзгерді, сонда? Қызмет пе? Болса ше. Аза­маттық, кісілік қайда?! Сонау кезде жалбақтап телефонға маза бермейтіндердің саны да азая бастағаны өтірік емес. «Лауазым иесі оған әуел бастан дайын жү­руі керек», дейді Секең. – Мұ­сылманшылық кімде жоқ, тілде бар да, ділде жоқты қазақ бекер айтпаған. Егер, иман дегенді – кісілік мәдениет десек, қайтесің, ол бәріміздің болмысымызда бірдей болмайтындығынан шы­ғар. Оған өкпелеу орынсыз. Әң­гіме, өкініште. Ол өкініш – ұлттық мәдениеттегі кінәратта. Кім қан­дай қызметте, лауазым иесі ме, жұмысшы ма, кәсіп­кер ме, дәрігер ме, мейлі кім бол­са да ол – Адам! Бәрінің бір мезгілде қадіріне жету, сыйлас­қандарыңмен аяғына дейін содан айырылмайтын мәдениет керек бізге қазір.

Секең өзінің ғұмыр жолына жиі-жиі оралып отырады. Со­лар­дың ішінде «Аштықта жеген құйқаның дәмі аузыңнан кетпейді» деген сынды әңгі­ме­лерге үйірсек. Красногор совхоз техникумында оқыған жылдары қара нанды бөліп жеп, қара суды бөліп ішкен курстастарын үнемі ерекше сезіммен еске алып отырады. Атқа мінген жылдар, алып-ұшқан уақыт, талай күндер солармен кездесуге мүмкіндік бермеді. «Ауылдасың ғой, осы Тұрсынбай Мамытовтың жай-күйі қалай? – деген бірде – Жуас, жаны таза, мейірімі асып-төгіліп тұратын азамат еді». Оны өзім де біраз жылдар көрмеген едім. Мал бағады, бала-шағасы көп деп еститінмін. Соны айттым. «Көрсең соған сәлем айтшы. Келіп кетсін. Көмегім керек пе... Қажетсінсе, несие алып берер едім, пайызы арзанынан» – деді. Бірде, әйтеуір Тұрсынбайды көріп қалдым. Серіктің сәлемін айттым. «Облыс әкіміне... – өзінен өзі жаман қысылды. – Рахметімді айт. Қайда жүрсе де, аман жүрсін». Секеңе айтқанымда, «айналайын-ай» деп қалды. Сөйтіп қана қал­ған жоқ, аудан басшыларына жағдайына қарайласып жүруді ескерткенін естідім, кейінірек.

Қарапайым халқымыз болмаса біз кімге керекпіз, кіммен өсіп-өнеміз... Секеңнің ұстанымы осындай.

Кісілік келбеттің кемелденген кезеңі қалың бұқараның арасында қалыптасар. Ел-жұртпен етене жүру ерекше мектеп. Осындай ғұмыр Серік Үмбетовтің маңдайына жазылған. Жұмысшы, веттехник, бөлімше басқарушы­сы, шаруашылық директоры, аудан, облыс әкімі. Бастан-аяқ бұқа­раның арасы. Солардың амандығын тіледі, солардың жағ­дайы деп қабырғасы қайысты. Ол Алматы облысына ауысып кеткеннен кейін қайсыбірде ма­ған жолығып тұратын ардақты ақсақалдардың бірі – көп жылдар аудан басқарған ардагер Өтеулі Досыбиев келді. Қарияның қабағы салыңқы екен. – Серік бауырымыз көп шаруа тындырып еді-ау – деді салған жерден – Жер қауып қалған химия өнеркәсібінің еңсесін қайта көтерді. Берекесі қашқан ауыл шаруашылығын мүлде азып-тозудан аман алып шықты. Ауыл шаруашылығы басқармасын қайта құрды. Қар­жы тапшылығы деген желеумен жабылып қалған мәдениет ошақтарын, басқармаларын жедел іске қосты. Кішілігін айтсаңшы. Кісілігін айтсаңшы. Обал, сауап, тобасы қандай.

Иә, Секең облысты басқарған 5 жылда қыруар шаруаның сү­рінгенін сүйеді, құлағанын тұр­ғызды. Солардың ішінде «Аман­гелді газы»... Жергілікті жердегі кейбір желөкпелер С.Үмбетовтің тікелей айтып жазғызған бірді-екілі мақалаларын көлденеңдетіп, «Амангелді газының ашылуына өзі себеп болғандай «Айды аспанға шығарып» аңқау елге арамза молданың кебін киді. Солардың далбасасына жұрт әлі сеніп жүр. С.Үмбетовтің сол нысанды ашу үшін Үкіметті былай қоғанда Президентке бірнеше жолы кіріп, мәселені шешкенін, яғни «Амангелді газы» Секеңнен қалған «мұра» екенін екінің бірі біле бермейді. Шерағаң – Шерхан Мұртазаның айтқаны бар: «Марқұм Қаратай Тұрысов екеуміз «Амангелді газын» ашу үшін талай дөкейдің алдына барып, талай тер төккенбіз. Бірақ оны ел игілігіне жарату Серік Үмбетовтің ғана қолынан келді»...

Реті келген айтатыным – Се­­кеңнің ұлттық рухани әле­мі­­не деген кез келген бас­­шы­лық қызметтегілерден бай­­қала қой­майтын өзіндік өне­гелі көз­қарасы. Облыста, ұлы Баба­мызға қойылған рухани ескерткіш – «Жамбыл» әдеби-көпшілік, та­нымдық журналының Секеңсіз дүниеге келуі неғайбыл еді. Мен бастадым, ол қостады. 14 жылдан бері жарық көріп келе жатыр. Қазақтың ат белінен түспей келе жатқан, көргені мен көкірегіне түйгені көп, ұлт үшін ұлағатты істерге жаны жақын, жайсаң азамат Бердібек Сапарбаевқа бұл әрине құлаққағыс.

Алатаудың бауырында «Ақ­қайнар» деген ауыл жатыр. Се­кеңнің кіндік қаны тамған мекен. Бала Серіктің шөп шауып, сиыр қайырып өскен атақонысы. Барлық көшесі асфальтталған. Заманауи спорт кешені, көк-жасыл стадионы, мешіт, парк, дәріхана, балабақша... Бәрі де Серік Үмбетовтің табан ақы, маңдай тері. Өзінің 70 жасына біз жарыла айтқан және шағын мақалаға сыйғызу мүлде мүмкін емес мемлекетшіл пәрменімен жасаған қай-қай шаруаларымен келіп отыр. Осының барлығының биігінде қайда жүрсе де қазақы қалпын сақтаған кісілік келбеті тұр. Бұл менің түсінігімше, ең бас­ты бақыты. Соның баянды бола беруіне тілектеспіз!

 

Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері