Экология • 19 Маусым, 2020

Нұртөре Жүсіп "Туған жерді таза ұстау" жалпыұлттық акциясын ұйымдастыруды ұсынды

1070 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының кезекті отырысында депутат Нұртөре Жүсіп Үкімет басшысы Асқар Маминге экология мәселелері бойынша депутаттық сауалын жолдады, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Нұртөре Жүсіп "Туған жерді таза ұстау" жалпыұлттық акциясын ұйымдастыруды ұсынды

"Қазақстан Республикасының Конституциясында - адамның өмір сүруі мен денсаулығына қолайлы айналадағы ортаны қорғау мемлекеттің мақсаты болып табылатыны бекітілген (31 бап). Осы мақсатқа қол жеткізу - елдің орнықты дамуының экологиялық негізі. Қазақстанда көрікті жер көп. Арқадан - Атырауға, Алатаудан – Ақтауға, Аралдан – Алтайға дейін кең жазира жеріміз бар. "Жер шоқтығы" атанған келісті Көкшетау, ұлылығын жақпар тасқа жасырған Ұлытау, қазыналы Қаратау, айбарлы Алатау, басына бұлт қонған Мұзтау... "Жер жәннаты" - Жетісу...Толып жатыр. "Бурабайдың" бір өзі – Швейцариядан несі кем?" - делінген Нұртөре Жүсіптің сауалында.

Осы орайда ол "Бурабайдың" жалпыұлттық курорт атанғанына биыл 100 жыл толатынын атап өткен.

"100 жылдық тарихында талай құрылымдық өзгеріс болды. 2000 жылы Қазақстан үкіметі өз қаулысымен "Бурабай" Мемлекеттік Ұлттық табиғи паркі" деген мемлекеттік мекеме құрды. Қазір "Бурабай" Қазақстан Президенті Іс Басқармасының қарауына қарайды. Ұлттық парктің жалпы жер көлемі – 129 299 гектар. Бұл – ерекше қорғауға жататын табиғи аймақ. Ал осы Бурабайға барғанда біз не көреміз? Қаптаған қоқыс... Шашылған заттар... Пластикалық бөтелке, умаждалған пакеттер... Көлдің суы лас... Қандай керемет демалыс аймағы! Қадірін неге білмейміз? Мемлекеттік Ұлттық табиғи парктің Тазалыққа жауапты тиісті бөлімдері мен құрылымдары бар. Мусордан аяқ алып жүре алмайтын жағдайға жеттік. Бурабайда демалушылар тастаған тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстар туралы әлеуметтік желіде таралған  бейнеролик соның дәлелі", - делінген сауалда.

Сондай-ақ ол қоқыс тек қана Бурабайда ғана емес, Қазақстанның кез келген өңірінде барын айтқан.

"Тастайтын да өзіміз, ластайтын да өзіміз! Бұл неден? Туған табиғатымызды аялап күте алмайтындай басымызға не күн туды?Соншама ластайтындай, осыншама қорлайтындай туған жеріміздің не жазығы бар? Жер – біздікі! Ел – біздікі! Қазақстанға шетелден алғаш  оралған ақсақал ұшақтан түсе салып, туған жерді сүйгені естеріңізде бар ма? Туған жерге деген осындай іңкәрлік неге жоқ бізде?" - деді Н.Жүсіп.

Бұдан соң ол қоғамды тазалық мәдениетін қалыптастыруға шақырған.

"Қазақ халқы – осы мемлекеттің иесі. Біз бәріне жауапты ұлтпыз.  Ұлттық санамызды өзгертейік! Табиғатты таза ұстау үшін Жанымызды таза ұстайық! Жаппай Тазалық мәдениетін қалыптастырайық! Даламыз да, қаламыз да таза болсын! Туған жерімізді анамыздай ардақтау өзімізге байланысты!" делінген сауалда.

Сондай-ақ ол Жер бетінде көлемі жағынан 9-шы орынды алатын кең-байтақ Қазақстанды бабаларымыз аттың үстінде жүріп қорғағанын айтады.

"Қолданыстағы заңнамаларда жеке тұлғалар мен заңды ұйымдардың қоршаған ортаға қатысты құқықтары мен міндеттері белгіленген. Мемлекеттік экологиялық бақылау тетіктері де қарастырылған. Бірақ қазіргі қалыптасып отырған жағдай мұның бәрінің тиімділігі  төмен екенін байқатады. Халықаралық тұрғыда  Канаданың тәжірибесін басшылыққа алу керек. Қазақстанның ауасы, суы, жері, флорасы мен фаунасы тікелей мемлекет қамқорлығында болуы тиіс", - дейді ол.

Оның айтуынша, Канада экономикасының бәсекеге қабілетті болуы – ең алдымен, табиғи ресурстарды – жерді, жер қойнауын, орманды, суды, даланы – барынша тиімді пайдалану арқылы жүзеге асып отыр. Әсіресе, экологиялық стандартты қатаң сақтайды. Ірі компанияларда экологиялық дағды Кодексі енгізілген. Үкіметтік емес экологиялық ұйымдар көп. Қоршаған ортаны қорғаушылар жүйесі, Канада қоршаған ортаны қорғау қоры, парктер мен жабайы табиғатты қорғау қоғамы деп аталатын ұйымдар өте жақсы жұмыс істейді.

Өнеркәсіптік және ауылшаруашылық кәсіпорындар қызметінде экологиялық реттеу мәселесіне айрықша көңіл бөлінеді. Парктер қызметі, метеорология қызметі, ластануға қарсы қызмет жұмыстары жоғары деңгейде. Халыққа Экологиялық білім беруге баса мән беріледі. Соның арқасында қоршаған ортаны қорғаудың сапалық стандарты жасалған. Канаданың «Жасыл жоспар» атты Ұлттық бағдарламасы қабылданған.

"Бұл елдегі Ұлттық парктердің, қорықтар, мемлекет қорғауындағы аймақтар  көлемі мен саны жыл сайын артып келеді. Мұндай аймақтар ел территориясының 15 пайызын алады. Олар керемет табиғат байлығын келешек  ұрпақ еншісіне қалдырудың барлық амалдарын қарастырған", - делінген сауалда.

Оның айтуынша, мемлекеттік тұрғыдан шұғыл түрде тазалықты сақтау, бақылау,  реттеу тетіктерін жетілдіру қажеттігі білініп отыр.

"Сізден осы мәселені қарап, Үкіметтің тиісті құрылымдары арқылы  өз құзыреттері шеңберінде Іс-шаралар кешенін жедел қабылдауды сұраймыз. Сондықтан қоршаған ортаға қатысты мемлекеттік саясаттың толық іске асырылуын қамтамасыз ету туралы орталық және жергілікті атқару органдарына арнайы тапсырма берсеңіз деген ұсынысымыз бар. Әрине, бәрін Мемлекетке, Үкіметке артып қою аздық етеді. Елдің белсенді, саналы азаматтарына, зиялы қауымға, жер-жердегі батагөй ақсақалдарымыз бен өскелең жас ұрпаққа көп нәрсе байланысты", - дей келе туған жерімізді таза ұстау туралы Қазақстан Үкіметі арнайы шара қабылдамаса болмайтынын айтқан.

Сондай-ақ сауалда тек қана демалыс аймақтарында емес, тұтас республика территориясында "Туған жерді таза ұстау" Жалпыұлттық акциясын ұйымдастыру керектігі айтылған. 

"Бұл тұрақты өтетін шара болуы қажет. Мұндай акцияны барлық Қазақстан азаматтары қолдайды деп сенеміз! Құрметті Асқар Ұзақбайұлы, "Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес, Сізден, жоғарыда көтерілген  мәселелер бойынша толық жазбаша жауап беруді сұраймыз", - делінген депутаттық сауалда.