Аймақтар • 21 Маусым, 2020

Жәнібекте асық алаңы салынуда

544 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданы орталығында "Алтын сақа" атты алаң салынып жатыр, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Жәнібекте асық алаңы салынуда

Ауылдағы Мұстахим Ықсанов пен Қапан Мусин атындағы көшелердің қиылысында бұрынғы көне ғимараттың орны бос тұрған болатын. Көктемде ауыл бойынша көше тойы мерекесі өткен кезде дәл осы жерге тұрғындар әдемі шара өткізді. Сол кезде тұрғындар қараусыз қалған мүйісті абаттандыруды сұраған екен. Енді міне, бұл жерде Жәнібек ауылдық әкімдігінің ұйымдастыруымен ұлттық спорт алаңы ашылатын болды.

"Аудан аумағындағы барлық мектебімізде асық үйірмелері бар. Жергілікті деңгейдегі спорттық шаралар ұлттық ойындарсыз, соның ішінде асықсыз өтпейді. Енді міне, асық ойындарына арналған арнайы алаң ашқалы отырмыз", - дейді бізге Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Жақсылық Кәримоллаұлы.

Алаңдағы құрылыс жұмыстарын ақылы жұмысқа тартылған ауыл тұрғындары атқарып жатыр екен. Қаржы ауылды абаттандыру арналған қордан бөлінген. Алаңның көрнекі жеріне алшысынан түскен алтын сақа бейнесі қойылыпты. Оны жасаған – жәнібектік шебер, "Жасөмір" жеке кәсіпорнының иесі Жомарт Машаев екен.  

Шілде айының басында ашылғалы тұрған бұл алаңда балалар ойнайтын кешенді алаңқай да орналаспақ.

"Ауылдың осы жағында мектеп жасындағы балалар да көп. Жаңа алаңның ашылуын олар да күтіп жүр. Коронавирустың беті қайтып, вирус жұғу қаупі сейілсе, бұл алаң балалардың шат күлкісіне толатын шағы алыс емес",- дейді Жəнібек аудандық ішкі саясат бөлімі басшысы Жанар Диясқызы.

 

Батыс Қазақстан