Білім • 22 Маусым, 2020

Онлайн оқу оңтайлы ма?

450 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Коронавирус індеті экономикаға, күнделікті өмірге және білім саласына көптеген өзгерістер әкелді. Қазір технологиялар мектепте қосымша білім беру немесе ойын-сауық ретінде ғана емес, сонымен қатар оқушыларды толықтай оқыту үшін де таптырмас құрал болып табылады. Пандемиядан кейін мектептегі білім беру қаншалықты өзгеретінін қарастырып көрейік.

Онлайн оқу оңтайлы ма?

Мәселен, пандемия Италия елін қатты есеңгіреткені рас, соған қара­мастан Италия үкіметі мұғалім­дерге бейнеконференция байланыс­тары мен сабақ жоспарларына қол­жетім­ділікті қамтамасыз ету үшін арнайы веб-сайт құрды. Сол арқылы елдегі білім беру саласы өз жұмысын әдеттегідей жалғас­тырды. Мамандардың айтуынша, өмірде болатын түрлі жағдайлар­ды ескерсек, қашықтан оқыту эпидемиялық жағдайда ғана емес, басқа уақытта да өте ыңғайлы болып саналады.

2015 жылы Оңтүстік Корея үкіметі қағаз түріндегі оқулықтардан толы­ғымен бас тартты. Білім департа­менті мектептерді өзгертетін жаңа цифрлы революцияға дайындалып жатқанын хабарлады. Дәл осындай цифрлы революция әлемде бірінші зияткерлік ұлтты құруды мақсат тұт­қан Сингапурға да қатысты.

Қазақстан әзірге кітаптардан бас тартуға дайын емес, дегенмен ин­тернет желісін жақсартатын кез кел­ген сияқты. Ауыл мен қалаларда оқушылардың білім алуына еш кедергі болмауы тиіс. Жалпы қашықтан оқыту дәстүрлі мек­тепті толықтай алмастыра алмайтын секіл­ді. Өйткені мектеп уақыты – бұл өсу мен тұлға болып қалыптасу кезеңі. Балал­ар қарым-қатынастың, өзара көмек көрсету­дің, достықтың, қиыншылықтарға төтеп берудің не екенін сезініп білуі қажет.

Статистика бойынша Қазақстан халқының 70 пайыздан астамына интернет қолжетімді. Сарапшылардың пікірінше, елдегі интернет желісі­нің жылдамдығы тұтастай алған­да халық­тың қажеттіліктерін қанағат­тандырады, ал оның бағасы әлемдегі ең төмен көрсеткіштердің бірі болып табылады. Осындай позитивті статистика болғанымен ауыл балалары осы оқу жылының соңында біраз қиындықтарға тап болды. Бәлкім, жаңа оқу жылында жаңалықтар болып қалар.

Жоғары оқу орындарына көшсек, болашақта эпидемиялық жағ­дайдың шиеленісуіне және жақ­саруына байланысты немесе онлайн дағдарыс жағдайында гибридті оқу жүйесі жоғары оқу орнында өте ыңғайлы болып табылса, яғни офлайн мен онлайн режімін алмастырып пайдалану қарастырылады. Біріншіден, кейбір студенттер мақсатқа жету үшін тек оқулықтар мен интернет желісін жеткілікті деп санаса, енді бірі ұстаздар тарапынан қатаң бақылауды қажет етеді. Екіншіден, студенттің оқып жатқан факультетіне байланысты оқу бағдарламасы да әртүрлі. Егер ол химия, биология сияқты мамандықта оқыса, онда оған міндетті түрде көзбен көріп тәжірибе жасау керек. Ал егер гуманитарлық мамандық болса, онда онлайн режімде оқуды жалғастыруға болады. Әзірге қай бағытта дамитынымыз белгісіз, бірақ бір нәрсе айқын. Бұл – өміріміздің бұрынғыдай болмайтыны.

Шыны керек, Қазақстан Еуропа елдерімен салыстырғанда жоғары оқу орындарындағы білімді онлайнға ауыстыруға дайын болмады. Себеп тағы да сол интернет желісі, онлайн оқу құралдарының жетіспеушілігі, ұс­таз­дардың дайындығының жоқтығы.

Биыл Қазақстанда ҰБТ маусым­ның 20-сы мен 5 шілде аралығында өтеді, оған ағымдағы жылдың шамамен 120 мың түлегі және орта арнаулы білімі бар 15-20 мың түлек қатысады. Құжаттарды қабылдау жұмыстары толықтай электронды форматта жүргізілді. Білім және ғылым министрлігі ҰБТ-ны дәстүрлі форматта қағаз түрінде өткізетінін мәлім­деді. Пандемияға байланысты түлектер қатаң санитарлық нормаларды сақтауға міндеттелді.

Шетелдік оқу орындарына түсу жайлы айтатын болсақ, емтихан тапсыру мен құжаттарды жіберуде түлектер үшін ешқандай қиындық болмайды. Себебі әлемнің түкпір-түкпірінен түлек­тер электронды форматта құжаттарын жібереді және тестілеу де онлайн түрде өтіп жүр. Ең бастысы, шекаралар ашылып, әуе қатынасы бұрынғыдай қалып­қа келсе болғаны. Кейбір зерттеулер бо­йынша қыркүйек айында студенттер сабақтарын онлайн түрде оқуы әбден мүмкін, дегенмен жыл соңына қарай оқу жүйесі әдеттегі форматқа көшеді деп күтілуде.

 

Соңғы жаңалықтар