kazng.gov.kz
Мәселен, Панфилов ауданына «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 5,2 млрд теңге бөлінген екен. Бүгінде өңірдегі жұмыс бекітілген 55 жоба аясында қыза түскен. Бұл аудан көлемінде 1047 адамды еңбекпен қамтуға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде 523 тұрғын аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналасқан.
– «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аудандағы бірқатар мәселені шешеді. Өңірде ұзақ уақыт қараусыз қалған ғимараттар әлі де бар. Қазір ауылдағы осындай бір мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізіп жатырмыз. Ал тұрғындар тығыз қоныстанған ауылға жаңа амбулатория салынуда. Екі мектепке күрделі жөндеу жұмысы басталса, басты мәселе болған екі елді мекенде ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстары жандануда. Көшелерді жарықтандыру, жол салу, парктерді абаттандыру сияқты жұмыстардың барлығы осы бағдарлама арқылы бөлінген қаражаттан жасалуда, – дейді Панфилов ауданының әкімі Талғат Өмірәлиев.
Жұмыспен қамтудың жол картасы аясындағы жұмыс Көксу ауданында да жалғасуда. Бүгінде өңір бойынша 26 жобаның тұсауы кесіліп, нәтижесінде 400 адам жұмыспен қамтылып отыр. Жол картасы бойынша бөлінген қаржы негізінен әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеу мен жаңадан салуға бағытталды. Мәселен, Көксу ауданына қарасты Айнабұлақ темір жол бекетіндегі дәрігерлік амбулатория ғимараты құлаудың аз-ақ алдында тұрған еді. Бөлінген қаржы арқылы медицина мекемесінің ғимараты жаңадан салынатын болды. 20 адамды қабылдауға арналған шағын емхана құрылысы 3 айда аяқталып, қолданысқа берілмек. Айтпақшы, осы бекеттегі шаңы шығып жатқан Рамазанов көшесі де жөнделіп жатыр екен. Мердігер компания бұл істі 1 айда толықтай әрі сапалы етіп аяқтамақшы. Сондай-ақ ауданда 5 бірдей білім нысанында күрделі жөндеу жұмысы бір мезетте басталған екен. Оның қатарында Жамбыл орта мектебінің, З. Тамшыбай ауылындағы мектептің спорт алаңын абаттандыру, ақын Қабан Жырау атындағы орта мектептің спорт алаңын ағымдағы жөндеуден өткізу және 10 жылдық Қазақстан ауылындағы шағын футбол, волейбол алаңдарын ретке келтіру, Алғабас ауылындағы 1989 жылы салынған орта мектепті орташа жөндеуден өткізу сияқты жобалар бар. Былтыр Қызылтоған ауылында 120 орындық мектеп құрылысы басталған болатын. Қазір жұмыс қайта жанданды. Екі қабаттан тұратын ауыл мектебі жаңа оқу жылында есігін айқара ашпақ.
– «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясындағы жұмыстарды орталықтан алыстағы ауылдардың мәселесін шешуден бастадық. Нәтижесінде әлеуметтік нысандар жаңғыртылып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту жайы да ескеріледі. Қазір аудандағы бірнеше ауылдың дәрiгерлiк амбулаториясына күрделi жөндеу жұмыстары жүргiзiлуде. Құрылысшылар да ауыл тұрғындары арасынан тартылуда. Бастысы, құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін бұл амбулаторияларға заманауи медициналық құрылғылар мен жабдықтар қойылады, – дейді Көксу ауданының әкімі Алмас Әділ.
Облыстағы жол картасы аясында бөлінген қаржының шарапатын Ескелді ауданындағы Бақтыбай ауылының тұрғындары да көретін болды. Осы ауылдағы Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтеді. Обалы нешік, бір кездері елді мекендегі ең еңселі ғимарат болған көпшілік орын жабылып, уақыт өте келе тозып, ескірген еді. Жақында 20 жыл бойына жабық тұрған осы Мәдениет үйін жөндеуге шешім қабылданыпты. Оған «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 864,6 млн теңге қаржы бөлінген екен. Жөндеу жұмысына жергілікті жұмыссыздарды тарту көзделген. Жалпы, Ескелді ауданында жол картасы бойынша 59 жоба жүзеге аспақшы. Оның дені ауылдардағы әлеуметтік нысандардан тұрады. Осы мақсатқа 3 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалмақ.
Ал биыл Талдықорған қаласында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 33 жоба жүзеге асуы тиіс. Осы мақсатқа 9,9 млрд теңге қаржы қарастырылған. Қазіргі кезде облыс орталығы бойынша 30 жоба жүзеге асып жатыр. Ол бойынша 474 жұмыс орны құрылса, 237 адам жұмыспен қамту орталығы арқылы жіберілген. Жалпы, облыс орталығында жол картасы бойынша атқарылатын іс жүзеге асқаннан кейін 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу мүмкін болмақ. Оның ішінде 4 мыңға жуық адам тұрақты еңбек нарығына қатысушы атанады. Қазірдің өзінде 1284 адам жол картасы бойынша басталған жұмысқа тартылған. Жалпы, бағдарлама аясында Талдықорған қаласы бойынша 37 жоба жүзеге асады деп жоспарланған екен.
Айтпақшы, жол картасы бойынша Текелі қаласына да қомақты қаражат бөлінген екен. Шағын қалада биыл 13 жоба жүзеге асып, оған 1 млрд 837 млн теңге қаржы жұмсалмақ. Нәтижесінде 408 жаңа жұмыс орыны құрылады деген сенім бар. Қазір басталған іске жұмыспен қамту орталығы арқылы 216 адам жолдама алып отыр.
– «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында алғашқы 2 жоба іске қосылды. Оның бірі теңіз деңгейінен 1200 метр биіктіктегі тау басына Ту ілетін тұғыр орнату болса, екіншісі қала келбетін биіктен бақылайтын алаң айналасын абаттандыру жұмысы. Алғашқы жоба бойынша 6 млн теңгеден астам қаржы жұмсалып, 5 адам жұмыспен қамтылды. Ал екінші жоба бойынша тағы 12 адам жұмыс істеп, алаңдағы құрылыс жұмысына 8 млн теңге бөлінді. Бұл бағыттағы жұмыс жандана береді, – дейді Текелі қаласының әкімі Бахтияр Өнербаев.