Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды
змет етіп жүрген азаматтарға ерекше құрмет көрсетіліп, осынау сын сағатта елді бірлікке шақырған форумда алдымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз бастады.
– Бүгінде әлемдегі барлық елдер, соның ішінде Қазақстан да коронавирус індетіне қарсы күрес жүргізуде. Бұл – әрине, өте ауқымды әрі күрделі жұмыс. Осыған орай мемлекет тарапынан теңдессіз шаралар қабылданды. Коронавируспен күресу үшін бюджеттен қомақты қаражат бөлінді. Тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік таратылды. Шағын және орта бизнес өкілдеріне бірқатар жеңілдік жасалды. Елбасының бастамасымен құрылған «Біргеміз» қорынан да көлемді қаржы бөлініп, мұқтаж жандарға нақты көмек беріліп жатыр. Бұл жұмысты Nur Otan партиясы белсенді түрде жүзеге асыруда. Осының бәрі бірлігіміздің бекемдігін көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бұл аса жұқпалы дерт азаматтарымыздың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіріп, халықтың әл-ауқатына нұқсан келтіргенін айта келе, ең алдымен, осы кеселден қайтыс болған адамдардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты, сондай-ақ вирус жұқтырғандардың тезірек сауығып кетуіне тілектес екенін білдірді.
– Осындай күрделі кезеңде барша жұрт жауапкершілік танытудың қаншалықты маңызды екенін түсінді деп ойлаймын. Әр адам өзінің, туыстары мен жақын адамдарының денсаулығына мұқият болуы керек. Бұл – қазіргі заманның талабы. Індетті жеңу – әрбір азаматтың өз қолында. Бұл, ең алдымен, қарапайым қағиданы ұстанудан басталады. Бетперде тағып жүру, тазалық сақтау және әлеуметтік қашықтықты ұстану – өте маңызды. Өйткені бұл сіздің және өзге адамдардың денсаулығы үшін аса қажет. Тағы да қайталап айтамын: «Сақ жүрсең, сау жүресің», «Сақтықта қорлық жоқ». Сондықтан азаматтарды қорғау үшін біз барлық қажетті шараларды жедел түрде қолға алдық және осы жұмысты әрі қарай жалғастыра береміз, – деді Президент.
Оның айтуынша, ауызбірлік, сабырлық, жанашырлық – халқымыздың дәстүрлі құндылықтары. Дәл осы қасиеттер бізге тарихтағы ең қиын сынақтарды еңсеруге септігін тигізді. Ел басына түскен қандай қиындыққа болсын қарсы тұрар бірлігіміз күшейіп келеді. «Біз біргеміз» – бұл біздің қоғамның жаңа ұраны. Осы ретте Мемлекет басшысы медицина және полиция қызметкерлеріне, әскери және мемлекеттік қызметшілерге, волонтерлер мен журналистерге, сондай-ақ қайырымдылық жасаған адамдарға ризашылық білдірді.
– Дәрігерлер, медбикелер, санитарлар мен жедел жәрдем қызметкерлері! Эпидемиямен күресте ең ауыр жұмыс сіздерге жүктелді. Сіздер күн сайын бүкіл елге ерік-жігердің, қайсарлықтың, батылдықтың ерен үлгісін көрсетіп келесіздер. Біз бұдан нағыз патриотизмді көреміз. Аса қиын жағдайларда ерлікке тән әрекет жасайтындарыңызды білемін. Пандемияның қайта өршіп, ауқымы кеңейе түскен кезде сіздер қорғаныс киімдерінің, қажетті дәрі-дәрмектердің, науқастарға арналған орындардың жетіспеушілігі және басқа да қиындықтармен бетпе-бет келіп отырсыздар. Біз бұл проблемаларды жақын арада шешеміз. Аталған жағдайды шұғыл ретке келтіру үшін Үкіметке нақты тапсырма берілді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстандағы әрбір 100 мың адамға шаққанда 80-нен аса азаматтың дертке шалдыққанын және мұның әлемдік статистика бойынша орташа көрсеткіш екенін айтты. Науқастар сапалы ем қабылдап жатыр. Бір топ медицина қызметкері жанкешті еңбектері үшін мемлекеттік орден-медальдармен марапатталды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі тәртіп сақшыларына аса маңызды міндет жүктеліп отырғанын айтып, құқық қорғау органдарының жұмысын да жоғары бағалады.
– Қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық полицияның мінсіз қызметіне байланысты. Бүгінде карантин шараларының сақталуын қадағалап, бекеттерде қызмет етіп келесіздер. Бұл оңай жұмыс емес. Тіпті, қоғам өкілдері тарапынан сынға ұшыраған кездеріңіз де болды. Әрине, кәсіби тұрғыдан біліксіздік танытқан полиция қызметкерлері де жоқ емес. Осындай жекелеген жағдайлар бүкіл құқық қорғау органдарының беделіне зиян келтіреді. Дегенмен тәртіп сақшыларының басым бөлігі – адал қызмет етіп жатқан азаматтар. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Осы ретте, Ішкі істер органдарының барлық қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен – Полиция күнімен шын жүректен құттықтаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Президент мемлекеттік қызметшілерді және ақ халатты абзал жандарды да төл мерекелерімен құттықтап, Отан алдындағы сертке берік болғандары үшін баршасына алғыс жаудырды. Сондай-ақ ол бұл қатарда әскери қызметкерлер, еріктілер, мемлекеттік қызметшілер, қайырымдылық ұйымдарының өкілдері, журналистер және басқа да белсенді азаматтарымыз зор құрметке лайық екенін, барлығы бейбіт күннің батырлары екенін атап өтті.
Мемлекет басшысының айтуынша, Төтенше жағдай режімін тоқтатқаннан кейін азаматтарымыз босаңсып кеткен, қауіп-қатерді елемеген, медициналық тәртіп пен ескертулерді сақтамаған, тіпті, кейбір адамдар мұндай ауру жоқ деген қауесетке сенген. Сондықтан Үкімет карантин шараларын қайта күшейтті. Бірақ бұл көңіл күйді түсіріп, сарыуайымға салынуға себеп емес. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз толыққанды, қалыпты тіршілігін жалғастыра беру керек деп санайды.
– Бүкіл әлемдегі адамдар карантин кезінде отбасыларымен арадағы қарым-қатынасты қалай бекіте түскені, балаларына көп көңіл бөліп, олардың проблемалары мен алаңдаушылығына уақыт арнағаны туралы өз тәжірибелерімен бөлісуде. Суретшілер, музыканттар, ақын-жазушылар карантин уақытында шығармашылықпен өнімді айналысқандарын айтуда. Яғни әрбір қиындықтың өз қайыры болады. Әрбір дағдарыс жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Біз бұл дағдарысты бірлесе отырып міндетті түрде жеңеміз, одан рухымызды шыңдап, дүниеге деген көзқарасымызды өзгертіп шығамыз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «BIZ BIRGEMIZ» атты жалпыұлттық онлайн форумы аясында коронавирусқа қарсы күресте алдыңғы шепте жүріп, ерлік көрсеткен бірқатар азаматқа «Халық алғысы» арнаулы медалін тапсыруды ұйғарды. Бұл – осындай қиын-қыстау уақытта аянбай еңбек еткен азаматтарға арналған жаңа мемлекеттік марапат.
Сонымен қатар Президент елордада пандемиямен күрестегі азаматтарымыздың ерлігін мәңгі есте сақтау үшін ескерткіш орнатылатынын айтты.
Бұдан кейін онлайн форумды еліміздің өңірлерінен тамашалап отырған бейбіт күннің батырлары да сөз алып, бірлігіміз бекем болса, бұл бәлекетті де жеңетінімізге сендірді. Алдымен Нұр-Сұлтан қаласынан Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі Тимур Лесбеков ортаға шықты.
– Кардиохирургияда 15 жыл жұмыс істеп жүріп, мен көптеген жақсылық, бақытты сәттерді көрдім, бірақ өкінішке қарай, қайғылы сәттерге де куә болдым. Алайда бүгінгі таңда осы пандемияның қорқынышты жағдайын көзбен көріп, сезінгеніміз өмір бойы өшпес із қалдырды. Өкініштісі, бұл коронавирус жас-кәрі демей, бәріне зардабын тигізіп жатыр. Бүгін таңертең өз әріптесіме жансақтау жүйесін орнаттым. Бұл – өте қорқынышты. Маған сеніңіз, біз үнемі жұмыста болып, отбасымызды көрмейтініміз үшін алаңдаудан бұрын, бұл вирустың шекараны білмейтінен қорқамыз. Бақытымызға орай, науқастардың көрер жарығы бар немесе үмітсіз деп бөліп жатқан жоқпыз. Барлығын бірдей емдеуге тырысудамыз. Коронавируспен күрес арқылы едәуір тәжірибе мен құрал-жабдықтар жинақталды және ең бастысы, вирусты жеңу мүмкіндігі бар. Мұнда бір ғана дәрігерлердің еңбегі жеткіліксіз. Тұтас халықтың бірігуі маңызды. Коронавируспен күрес – әр адамның міндеті. Осылай ғана қатерлі ауруды жеңе аламыз, – деді дәрігер.
Сонымен қатар Петропавл қаласынан учаскелік полиция инспекторы Станислав Олефиренко, Алматы қаласынан волонтер Жәнібек Сұлтанай, «Хабар 24» телеарнасының Нұр-Сұлтан қаласындағы тілшісі Марк Брюшко, Төтенше жағдайға байланысты шетелдегі оқуын тастап, елге оралған Диана Тоқтарқызы сөз сөйледі.
Онлайн форумның негізгі алаңында Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Алексей Цой, Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди және Мемлекеттік қызмет істері агенттігің төрағасы Анар Жайылғанова «Халық алғысы» медалін бірқатар азаматқа табыстады. Олар – Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы бөлімшесінің басшысы Тимур Лесбеков, «Nomad ММА» республикалық федерациясының президенті Гаджи Гаджиев, Ұлттық волонтерлер желісінің төрағасы Вера Ким, Мейірімділер клубының жетекшісі Гүлмира Әбдірашева, меценат, қоғам қайраткері Оралбек Ботбай, Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закария, Бас әскери клиникалық госпитальдің нейрохирург дәрігері Ержан Рысқалиев, Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің инспекторы Артур Ботабеков, елордалық волонтер Абзалбек Сұлтанбек, ғалым, кәсіпкер Әмір Қуат және «Jas Otan» жастар қанатының сарапшысы Аян Хафиз.
Бұған қоса дәл осы уақытта еліміздің басқа өңірлеріндегі азаматтар да қатар марапатталды. Жалпы, пандемиямен күресте елеулі еңбек етіп, жемісті жұмыс істегені үшін республика бойынша түрлі саланың 343 маманы алғысқа бөленіп, арнаулы медальды кеудесінде жарқыратты. Олардың арасында 60 дәрігер, 39 полицей, 30 әскери қызметші, 41 волонтер, 34 меценат, 38 мәдениет және білім өкілдері, 25 БАҚ қызметкері бар.