– Ең алдымен өзімізбен қанаттас «Егемендегі» қаламдастарымыздың ақ тілегіне алғыс айтқан жөн болар. Сіздерге де шығармашылық табыстар тілеймін. Ал енді өзіміз туралы айтсақ, кейінгі кездері басылым барлық жағынан өзгергенін атап өтуге тиіспін. Оқырманға ұсынылатын материалдардың мазмұны байып, дизайндық тұрғыдан толып жатқан жаңалықтар енгізілді. Сараптамалық сипаттағы жарияланымдардың саны артты. Біз сондай-ақ мақалаларды инфографика, коллаждар мен суреттер арқылы барынша безендіріп беруге күш салып жүрміз. Өйткені көркемдеу тәсілдері тиісті дәрежеде қолданылмағандықтан, тәп-тәуір дүниелер «көрінбей» қалатын кездер жиі кездесетін.
Газет – тауар. Әрдайым осыны есте ұстаған жөн. Уақыт хабар-ошардан ептеп арылып, талдамалы жанрлар жағына қарай ойысуды талап етіп отыр. Баспасөз жеделдік жарысында интернетпен үзеңгі қағыстыра алмайды. Кез келген кешегі жаңалығыңыз бүгінге жетпей ескіріп қала беретінін қайтерсің. Егер оны тауарға баласақ, мерзімі өткен өнім болып шығады. Осыған байланысты бірнеше міндет туындады. Біріншіден, тың ізденістерге бару керек. Екіншіден, неғұрлым терең мағыналы материалдарды көбейтуге көңіл бөлу қажет. Үшіншіден, басылым беттерін көз тартарлықтай етіп көркемдеуге айрықша назар аударған абзал.
Осы орайдағы шығармашылық эксперименттер ел арасында «етжеңді» атанып кеткен жұмалық нөмірлерімізде жүзеге асырылды. Соның арқасында оқырманмен кері байланыс орнауын қамтамасыз еткен жаңа жобалар пайда болды. Бұны негізінен «Шет аймақ», «Ауыл», «Практикум» секілді ауқымды көлемдегі айдарларымызға қатысты айтып отырмын. Сондай-ақ «Дәстүрлер», «Қазақ тілі», «Біздің ас үй», «Әуесқойлық әлемі», «Сыныптан тыс сағат», «Заң және тәртіп», «Фазенда», «Скриншот», «Арена» сияқты танымдық-тақырыптық беттеріміз де көкірегі ояу көпшіліктің көзайымына айналды.
Безендіру үдерісіне арнайы айдарларды жүргізуге жауапты бөлім редакторларының белсене араласуы ортақ істің оңға басуына игі әсерін тигізді. Өйткені олар өздері дайындаған мәтіндердің мән-мағынасын өзгелерге қарағанда жақсырақ білетіндіктен оқырманға жеткізудің тиімді жолын табары талассыз. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде өте қызықты идеялар өркен жайып, журналистер мен дизайнерлердің үйлесімді ықпалдастығы қалыптасты.
– Уақыт талабына сай, соның ішінде цифрландыру процесіне байланысты сіздердің басылымда қандай өзгерістер бар?
– Заманауи технологияларды игеру жөнінен «Казправда» өзіміздің сала бойынша көшбасшылар қатарына жатады. 2013 жылдың ақпан айынан бастап газеттің баспаға дайындалуын ұтымды ұйымдастыруға мүмкіндік беретін технологияға негізделген редакциялық-баспалық жүйе іске қосылған болатын. Сөйтіп өзімізге қолайлы, бұрыннан қалыптасқан дәстүрлерімізді сақтай отырып, әбден ескірген әдіс-тәсілдерді өткен шақтың еншісінде қалдырдық.
Мұндай жүйе әрбір қызметкердің бүкіл нөмірді әзірлеу барысын бақылап, дер кезінде өзгерістер енгізулеріне, сонымен бірге алдын ала беттер дайындауға мүмкіндік туғызады. Ең бастысы, журналистеріміз тек редакция ішінде ғана емес, одан тысқары жерлерде де интернет арқылы қосылып, жұмыс процесіне араласа алады. Оның тиімділігін біз коронавирусқа байланысты карантин кезінде айрықша сезіндік. Кейінгі кездері қызметкерлеріміздің түгелге жуығы оқшаулану жағдайында еңбек етуде. Шынтуайтында, бұдан ешқандай қиындық көргеніміз жоқ. Оны айтасыз, жекелеген шаруалар тіпті жедел атқарылуда.
– Цифрлы технологияға сүйенген газет-журналдар, радио, телеарналар оқырман, тыңдарман, көрермен үшін өзара бәсекеге түскені белгілі. Бұл ретте олар тек стандартты контенттің ғана көмегіне иек артып қоймай, әлеуметтік желілерді де белсенді пайдалану үстінде. Сіздер не істедіңіздер?
– Өзіміздің жұмысымызды әлеуметтік желіде белсене насихаттауға кейінірек кіріскенімізді жасырмаймыз. Бүгінгі таңда әлеуметтік желідегі аудиториямыз 90 мыңға жуық адамнан тұрады. 2018 жылмен салыстырғанда пайдаланушылар саны 52 мыңға артты.
Газетіміздің сайты кеңінен танымал. Ол интернет енді-енді дами бастаған 1999 жылы құрылған-тұғын.
Егер бастапқыда сайт баспасөз нұсқасының көшірмесі болса, таяудан бері интернет-редакция дербес бөлімге айналып, жемісті жұмыс істеуде. Портал бірте-бірте қарқын алуда. Нақтылай түссек, орташа тәуліктік жаңалықтар саны 35-тен 50-ге дейін артты. Жаңа форматтар іздестіріліп, электрондық ресурс молынан пайдаланылуда. Сайт ақпарат агенттігінің міндетін атқара отырып, «қағаз бетінде» шыққан үздік жарияланымдарды орналастырады. Газет мақалаларының оқылымдылығын одан сайын арттыру мақсатында «Журналистік зерттеу», «Архивтен алынған іс», «Тәуелсіздік жылнамасы» сынды айдарлар ашылған. Келешекте сайт арқылы сарапшылармен онлайн-трансляциялар мен стрим-сұхбаттар өткізбекпіз.
– «Казахстанская правданың» электронды нұсқасы үш тілде ақпарат таратады. Көптеген оқырман сайттан қысқа да нұсқа жедел ақпаратты оқығанды қолай көреді. Бірақ сіз жоғарыда хабар-ошардан бой тарта бастағандарыңызды айтып қалдыңыз. Ендеше, қалай газеттің қағаз нұсқасына оқырман тартуға қатысты ойларыңызды ортаға салсаңыз.
– Жалпы, кез келген ақпарат құралының өз аудиторияларын қаншалықты кеңейте алатындығы олардың көпшіліктің көкейіндегі тартымды тақырыптарды қалай қозғай білуіне тікелей байланысты екендігі әмбеге аян. Бірі жалаң сенсация қуалайды, екіншісі дау-дамайлы оқиғаларды алдыңғы кезекке қояды, үшіншісі көңіл көтеру контенттеріне әуес...
Ал біз басқа жолды, яғни басымдық берер басты «көзіріміз» етіп сараптаманы таңдадық. Біз азаматтарымызды толғандыратын мәйекті мәселелерді тереңнен қозғап, қажет тұсында тақырыпты билік өкілдері мен сарапшылардың түсініктемелерімен «тұздықтап», түрлі түйткілдерді әр қырынан көрсетуге тырысамыз. Осы ретте тілшілеріміз оқиғаның соңынан қумай, белгілі бір аймақта немесе тұтастай республика көлемінде аяғы жақсылыққа апарып соқпайтын проблемаларды өздері көтереді.
Газеттің шығармашылық палитрасы да «жасара» түсті. Сонымен қоса «Тұтынушы», «Мәселелі аймақ», «Эксперт-кеңес», «Практикум», «Журналистік зерттеу», «Қала тіршілігі», «Анализ», «Заң және тәртіп», «Репортаж», «Мифтерді талқандаушылар», «Dura lex, sed lex» және басқа арнайы беттеріміз оқырман олжасына айналып отыр. Бұлардың әрқайсысының көздеген мақсаты бар. Мәселен, «Мифтерді талқандаушылар» жобасы өткір әлеуметтік зардаптары бар әртүрлі адасуларды алға тартып, ағартушылық функциясын атқарады. «Dura lex, sed lex» айдары Қазақстан жаңғыруына әсер етуі мүмкін халықаралық заңнамаларды түсіндіруге арналған. «Эксперт-кеңес» күрделі әлеуметтік-экономикалық құбылыстарды сарапшылар кейде кереғар пікірлер білдіретін виртуалды дискуссия түрінде ашып көрсетеді.
Еліміздің мәдени-рухани өміріне, әсіресе Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларына ерекше екпін түсірілуі – өзінен өзі түсінікті. Оның сыртында «Рухани жаңғыру», «Атамекен», «Ұлы даланың даңқты ұлдары», «Архив», «Әдеби қонақжай», «Премьера», «Кітап сөресі», «Шығармашылық» атты беттерге кеңінен орын берілген. Елорда архивімен және мектептермен бірлескен «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы жүзеге асырылуда.
Жыл басынан бері бірқатар жаңа тақырыптық беттерді шығаруды қолға алдық. Мысалы, «Сыныптан тыс сағат» аясында бала тәрбиесіне байланысты педагогтер кеңесі беріледі. «Қазақ тілі» мемлекеттік тілді меңгеру технологиясын үйретеді. «Стартап» жастар жобасын ұсынады. Волонтер жылы айналасына бейжай қарай алмайтын азаматтар жайындағы толғаныстарға негізделген.
«Скриншот» шеңберінде еліміздің виртуалды өмірі және қоғамның қотырын қаситын комикстер көрініс табады.
Таяу болашақта іске асуға тиіс жоспарларымыз да жеткілікті. Атап айтқанда, тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына және Қазақстан дамуындағы Елбасы рөліне арналған арнайы беттер сериясын шығару көзделуде. «Өмір сапасы», «Бақылауда» беттері оқырманға жол тартпақ. Соңғысының мақсаты – Президент тапсырмаларының жергілікті жерлерде қалай орындалып жатқанына бақылау жасау. «Антифэйк» жобасы пысықталу үстінде. Оның нені діттейтінін атының өзі-ақ айтып тұр.
– «Журналистік зерттеу», «Мәселелі аймақ», «Ауыл» айдарларымен тұрғындар проблемасын шешуге бағытталған сараптамалық мақалалар жиі жарияланып жүр. Бұлардың қарапайым халыққа қаншалықты пайдасы тиеді?
– Көңілдің көксегеніндей болмағанымен ептеген нәтижелер жоқ емес. Өкінішке қарай мемлекеттік органдар сын мақалалардың бәріне бірдей құлақ аса бермейді. Ал бұл – халықтың мемлекеттік БАҚ-тарға деген сенімін айқындайтын маңызды мәселе. Газеттің пайдасы тиіп оң шешімін тапқан әрбір іс билікке деген сенімді де бекемдейтінін ұмытпаған жөн. Мәселен, былтырғы қазан айында жарық көрген «Қиыршық тастар кенішінің генералдары» атты мақала үлкен резонанс туғызды. Мұнда Боралдай өзенінің арнасынан заңсыз жолмен қиыршық тас өндіретін кәсіпорын туралы әңгіме қозғадық. Бұған дейін жергілікті тұрғындар өзенді құртуға айналған компания жұмысын тоқтатуға қанша әрекеттенгендерімен еш нәтиже шығара алмаған екен. «Казахстанская правданың» журналистік зерттеуіне Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, қадағалау органдары бірден назар аударды. Қабылданған шаралар арқасында толғақты мәселеге нүкте қойылды.
Жарияланымды дайындау кезінде меншікті тілшіміздің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Түркістан облыстық департаментіне дабыл қағуы мемлекетке келетін 2,7 млн теңге шығынның алдын алуға әсер етті. Ол туралы биыл 20 сәуірде басылған «Бұл сендерге гүл бүршігі емес» дейтін мақалада сөз болды.
«Жекеден жалпыға» атты мақалада Павлодар билігінің әлемдегі жалғыз грампластинка музей-үйін дербестігінен айыру пиғылы сыналған еді. Одан облыс басшылығы тиісті қорытынды шығарып, музей өз мәртебесін сақтап қалды. Дәл осы шаһардағы су басқан сегіз көше жайлы жазылған бірнеше мақаладан кейін қажетті инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыруға қажетті қаражат бөлінді.
Газет көптеген еңбек дауының, коммуналдық, экологиялық проблемалардың шешілуіне көмектесті. «Газ туралы арманмен» атты материалда Шығыс Қазақстан облысы орталығының экологиялық жағдайы онша оңып тұрмаса да республикалық газдандыру бағдарламасына енбегеніне қынжылыс білдірілді. Газет сынына байланысты Энергетика министрлігі редакцияға «Сила Сибири-2» газ құбыры есебінен облысты газдандыру мүмкіндіктері туралы Ресей Федерациясымен келіссөз жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Бұл ел үшін еткен еңбегіміздің шет жағасы ғана. Бәрін тізуді міндет санамадық.
– Газеттеріңізде каррикатура, комикс арқылы көптеген көкейкесті проблемалар көрініс табуда. Жалпы, сіздерде оқырманмен кері байланыс қалай жүзеге асуда?
– Газет азаматтардың құқығын неғұрлым тиімді қорғаса, өткір мәселелерді жиі көтерсе, соғұрлым кері байланыс көкжиегі кеңейе түседі. Бір қызығы, бізге бұрынғыдай қолмен жазылған хаттар келеді. Ашына жолданған арыз-шағымдарда құқықтық мәселелер жиі көтеріледі. Көптеген адам «Казахстанская правданы» шырылдап шындық іздеудегі ең соңғы инстанция ретінде қабылдайды. Сондықтан хат артында адам тағдыры тұрғанын ұдайы есте ұстаймыз.
– Әдетте көрші мемлекеттерде тұрып жатқан көптеген қандасымыз тарихи отандарында не болып жатқанына қызығушылық танытып, біздің елдің ақпарат құралдарынан жаңалықтар іздейтіні бар. Ендеше, 100 мыңнан астам тиражбен тарайтын газеттеріңіздің географиялық қамту аумағы қандай? Оқырмандарыңыздың басым бөлігін кімдер құрайды?
– Қазақстаннан тысқары жерлерді мекендейтін отандастарымыздың газет сайтына кіретінін, «Казправданың» әлеуметтік желілердегі парақшасындағы жаңалықтарға көз жүгіртетінін білеміз. Газеттің қағаз нұсқасын тұтынушылардың денін жазылушылар құрайды. Оның сыртында «Қазпошта» АҚ-ның барлық бөлімшелері және жеке таратушылар арқылы газетті бөлшек саудада сатамыз.
Қазіргі уақытта жоғары оқу орындарының студенттерін қамтитын «Оқитын жастар» жобасы іске қосылды. Ол жастарымыздың елімізде болып жатқан оқиғалардан хабардар болуына, сондай-ақ интеллектуалдық деңгейлерін көтерулеріне оң ықпалын тигізеді деген ойдамыз.
Ендігі жерде әлемдік стандартқа негізделген «Кофеге арналған газет» жобасының тұсауын кеспекпіз. Мұның мәнісі мынау: мейманхана тұрғындары мен шипажайларда демалушылар біздің басылымды ақ таңнан оқи алатын болады. Айтпақшы, «Казправданы» бүгінде кейбір кофеханалар мен отельдердің ішінен көрсеңіз таңғалмаңыздар. Газетті отандық әуе компаниялары арқылы тарату бағдарламасы да жемісін беруде.
– Жөн екен. Енді газеттің жүз жылдығына арналған іс-шараларға қысқаша тоқталсаңыз.
– Өкінішке қарай дүние жүзін дүрліктірген індеттің кесірінен ойдағының көбі орындалмайтын сыңайлы. Төтенше жағдай, карантин талаптары қолды байлап тұрғанын несіне жасырайық. Бірақ соған қарамастан біраз шаруаның басын қайырып үлгердік. Әсіресе, газеттің ғасырлық даму кезеңдерін баяндайтын ірі жоба – «Казправда жылнамасы» жасалынды. Архив ақтарып, тарихи құжаттар таптық. Биылғы қаңтардың бірінде мерейтойлық нөміріміз жарық көрді. Жас журналистер арасында конкурс өткіздік. Бәйгеде үздік деп танылған материалдар газетте жарияланды. Кезегін күтіп жатқандары да баршылық.
– Жүз жылдық тарихы бар газетті басқарудың өзіндік қиындықтары бар шығар.
– Әрине. Ел шежіресіне айналған ата басылымды басқару үлкен жауапкершілік жүктейді. Газет тарихымен танысу барысында оның талай тар жол, тайғақ кешуден өткеніне көз жеткіздім. «Казправда» кезінде бір баспа табақ көлемінде бейсенбі сайын шығып тұрған «Известия Киргизского края» апталығынан бастау алады. Оның басты міндеті Кеңес өкіметінің актілерін қалың бұқараға жеткізу болған. Алайда сол кездің өзінде-ақ қаламгерлер ұжымының толыққанды газет жасауға талпынғаны байқалады.
Азамат соғысы аяқталып, ұжымдастыру және индустрияландыру науқаны басталғанда газет «Степная правда» аталып, республика Компартиясы мен Орталық атқару комитетінің органына айналды. Алайда оның шығуы ұзаққа бармады. Елді аштық пен бүліншілік жайлады. Соның салдарынан «Степная правда» мен «Оренбургский рабочий» газеттерін біріктіру жөнінде шешім қабылданды. Осылайша, екі жарты бір бүтін болып, дүниеге «Советская степь» газеті келді. Ол аптасына алты рет шығып, әжептәуір бедел жинады. Стилі көп өзгерді. Құрғақ есептер мен директивалардың орнын көркем көсемсөз басты. Очерктер, корреспонденциялар, тіпті фельетондар пайда болды. Айта кетерлік бір жайт, осы тұста Михаил Зощенко, Кукрыниксы, Сергеев-Ценский, Ольга Форш, Константин Симонов, Алексей Толстой, Сергей Михалков, Константин Паустовский секілді қабырғалы қаламгерлер газет жұмысына білек сыбана атсалысты.
1929 жылдың тамызынан газет ВКП (б) Қазақ өлкелік комитеті, ҚазОАК, Алматы округтік партия комитеті мен атқару комитетінің органы мәртебесіне ие болды. Бұған дейін Орынборда орналасқан газет редакциясы республиканың жаңа астанасы – Алматыға қоныс аударды.
1932 жылдың 20 қаңтарында «Советская степьтің» соңғы – 2185-інші нөміріне қол қойылды. Қазақ өлкелік партия комитеті ІІІ Пленумының қаулысымен газет атауы «Казахстанская правда» деп өзгертілді.
Газет Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін өзінің шын мәніндегі өркендеу жолына түсті. Таралымы көбейіп, журналистер құрамы жақсарды. Тіпті, тоқырау кезеңінің өзінде басылым сыни көзқарастарымен ерекшеленетін еді. Журналистер артта қалған өндіріс орындарының проблемасын, ауылдағы ауыр ахуалды, бейдауа бюрократизм фактілерін және тағы басқа жағымсыз жайларды ретті жерінде жазып отырды.
1985 жылы қайта құру мен жариялылық жалаулаған тұста да газет аналитикаға ден қойып, көптеген көкейкесті мәселелердің ақ-қарасын айыруға қомақты үлес қосты.
Ал Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін басылым мүлдем жаңа арнаға бет бұрып, биік белеске көтерілді. Рас, басында ақпарат кеңістігіндегі бәсекеге байланысты ептеген қиындықтар да болмай қалған жоқ. Бірақ біз оның бәрін жеңе білдік. Міне, он жылға жуық уақыттан бері газет тиражының 100 мыңдық межеден төмендемеуі осы ойымыздың айғағы екені анық.
Әрине, ғасырлық ғақлияға толы басылымды басқару оңай емес. Бірақ мен жалғыз емеспін ғой. Біздің өте ұйымшыл, кәсіби біліктілігі жоғары ұжымымыз бар. «Казправда» қай кезде де өз ісіне берілген майталман мамандардан кемдік көрмеген. Қазір де сол игі дәстүр жалғасын табуда.
Әңгімелескен
Талғат Батырхан,
«Egemen Qazaqstan»