Экономика • 26 Маусым, 2020

Шаруалар неге шаршап жүр?

408 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары ауылшаруашылық құрылымдарын мемлекеттік қолдау жүйеге түсіп, елдегі шаруаның ісі алға басты. Осының нәтижесінде жыл сайын алынған егін көлемі артып, мал басы көбейіп келеді. Бірақ ала жаздай атыз жағалаған ағайынды инвестициялық субсидия талаптарының жиі өзгере беретіні алаңдатады. Осының кесірінен көп шаруашылық қолдауға қолы жетпей, қиналып отыр.

Шаруалар неге шаршап жүр?

Сыр бойында күріш шаруа­шы­лығымен айналысатын ірі құ­ры­лымның бірі – «Абзал и К» толық серіктестігі. Жылына 5 200 гектар жерге күріш егетін серік­тестік жүздеген адамды жұмыс­пен қамтып отырған табысты шар­уа­шылық саналады.

– Мемлекеттің қолдауымен инвестициялық субсидия арқылы соңғы жылдары техникамызды толық жаңартып алдық. Қазір егін алқабынан баяғы кеңестік кезден қалған көне комбайн тап­пайсыз. Олардың орнын ж­ұ­мы­сы өнімді озық техникалар бас­ты. Бұл бейнеті белден келетін диқан жұмысын едәуір жақсартып отыр, – дейді серіктестіктің ком­мер­циялық директоры Сағидулла Сыздықов.

 Бірақ осы субсидияны төлеу талаптары қазір шаруалар арасында көп түсінбестік туғызып жүр. Мысалы, субсидия шартында техниканың шекті бағасы белгіленген. Қазіргі күні бұл бойынша комбайн бағасы 118 млн теңге болып тұр. Мемлекет техника сатып алған адамға осы құнның 25 пайызын өтеп береді.

 Бірақ диқандар қазір мұндай бағаға комбайн табу қиын екенін айтады. Оның үстіне пандемия кезінде АҚШ долларының тең­ге­ге шаққандағы бағамы ай­тар­­лықтай өсті. Осы күні егін оратын техниканың ең арзаны – 150 млн теңге. Шаруа оны сатып алған­ның өзінде мемлекет оған шекті бағаның, яғни 118 млн теңгенің 25 пайызын ғана өтеп береді.

Сонда шаруашылық әр комбайн бағасынан орта есеппен 8 млн теңгеден ұтылады. Бұл барлық шаруашылық құрылымдарына ортақ проблема.

– Мысалы, соқаға қойылып отырған шекті баға – 3,5 млн теңге. Бұл Ресейден шығатын ең сапасыз соқаның құны. Ал біз жақында 15 млн теңгеге неміс соқасын алдық. Бірақ оған субсидия ретінде жаңағы 3,5 млн теңгенің 25 пайы­зы ғана беріледі. Осы мәселеге орай әлемдегі озық фирмалар шыға­ратын ауылшаруашылық тех­никаларының құны салыстырылып, орташа баға қойылса деген ұсынысымыз бар, – дейді Сағидулла Сыздықов.

 Субсидияға өтінім қабылдауда да мәселе жоқ емес. Qoldau.kz пор­талы арқылы интернеті жақсы тар­татын, компьютері қуатты адам ғана өтінім беріп үлгіре алады. Осыдан да интернет жетпеген ауылдардағы шаруалар қол­дауд­ан шет қалып жатыр. Талап бойынша техниканы сатып алғаннан кейін 2 жыл ішінде ғана субсидия ала аласыз. Осы уақыт аралығында үлгермесеңіз, қол­даудан қағылдым дей беріңіз. Мысалы, былтыр «Абзал и К» ком­паниясы 42 млн теңгелік субсидиядан айырылып қалды.

 Диқандар қолдау ережелерінің жыл сайын өзгеретініне де наразы. Мысалы, компания былтыр 300 млн теңгеге күріш өңдейтін цифрлы зауыт салды. Құрылыс-монтаж жұмыстарына субсидия алудан үміттеніп, құжаттар толтырды. Бірақ биыл бұл қолдау тоқтатылуы мүмкін деген хабар жетіп отыр. «Жыл сайын өзгере беретін ереже талаптарына бейімделіп үлгермейміз. Сондықтан да талаптарды 5 жыл сайын ғана жаңартып отырса», дейді олар.

Жалпы, шаруашылықтарға «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының көмегі көп болып отыр. Палата өкілдері диқандар өтінішімен пандемия кезінде белгісіз себептермен экспортқа шығатын өнімдер қатарынан түсіп қалған күрішті қайта қостыруға күш салды. Осының нәтижесінде бір ғана «Абзал и К» компаниясы соңғы 1-2 ай көлемінде 3 мың тоннадан астам өнімді сыртқа жө­нелтті.

Облыстық кәсіпкерлік пала­та­сы­ның бөлім басшысы Жасұлан Серіков диқандар мәселесінің ұдайы назарда болатынын айтады. Үкімет пен салалық министрлік алдында шаруаларды шаршатып жүрген проблемалар талай мәрте көтерілді. Кейбір мәселелер жақын арада шешімін табады деген үміт те жоқ емес. Мысалы, жеке адамдар үшін теңгені басқа ва­­лю­­­таға ауыстырғанда курс айыр­­­­­­машылығы 6 теңгеден аспауы керек. Ал заңды тұлғалар үшін мұн­дай шектеу жоқ. Шаруалар осыдан да көп ұтылып қалып жатыр. «Атамекен» Ұлттық кәсіп­керлер палатасының араласуымен бұл мәселе оңтайлы ше­шілді. Жақында ғана Ауыл шаруа­шы­лы­ғы министрлігі тех­­никалар бағасына қа­тыс­ты коммерциялық ұсы­ныс сұратты. Бұл тиісті орын­дар­дың инвестициялық субси­дия төңірегінде көтерілген мәсе­ле­лерді зерттеуге кіріскенін аңғар­та­ды.

– Бүгінде барлық субсидияға қатысты өтінім Qoldau.kz порталы арқылы жүреді. Әрине жа­ңа­лыққа бейімделген жақсы. Кәсіп­керлерді әкімшілік кедергі мен жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтан құтқаратын жобаны біз де қолдаймыз. Бірақ шаруашылықтардың «дәл осы портал істі қолдан қиындату үшін жасалған» деген шағымы көп. Арнайы IT маман болмаса, қара­пайым ауыл тұрғыны үшін өтінім беру өте қиын. Тілін түсін­бе­гендіктен сырттан адам жалдап, әлекке түсіп жатқандар көп. Әрине олардың тегін істемейтіні түсінікті. Тіпті араларында 100 мың теңгелеп ақша сұрайтындар бар дегенді естиміз. Осылайша шаруа шығынға батады, – дейді Жасұлан Серіков.

Бұрын өтінім ХҚКО арқылы жүр­гізілген. Ондағы мамандар қан­дай құжаттар қажеттігін тү­сін­діріп, шаруаларға бірталай көмек көрсетіпті. «Qoldau.kz зей­нет жасындағы адам да оңай қол­да­на алатындай қолайлы болу керек. Сонда ғана шаруалардың шы­рылы азаяды», дейді Жасұлан Сақ­тапбергенұлы.

Жыл басында облысқа инвес­ти­циялық субсидия үшін 1,6 млрд теңге көлемінде қаржы бө­лін­ді. Оған ілінбей қалғандар қата­ры көп болған соң палата өкіл­де­рі салалық министрлікке тағы қар­жы қарастыру жөнінде өтініш бе­­ріп­­ті. Қазір соның жауабын кү­тіп отыр.

Осыған дейін Qoldau.kz арқы­лы субсидияға өтінім берген әр адам 3 айлық есептік көр­сет­кіш көлемінде ақша төлеп келіпті. Қазір бұл 11 АЕК-ке көте­рілген. Бірақ бұл қаржы шаруа қолдау ала алмай қалса да қайта­рыл­май­ды. Бұған наразы болған ауыл­да­ғылар кәсіпкерлер палатасына шағымданады.

Шаруа­ларды шаршатып жүр­ген мәселелердің бір парасы осын­­дай. Ала жаздай атыз жаға­ла­ған ағайын осы түйіннің тар­қа­тыл­­ғанын тілейді.

 

Қызылорда облысы