Аймақтар • 26 Маусым, 2020

Елордада 1200 жас жұмыспен қамтылады

156 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Карантин уақытында “Жасыл ел” жобасы бойынша елордада 1200 жас жұмысқа орналасады, - деп жазады Egemen.kz

Елордада 1200 жас жұмыспен қамтылады

Биыл Нұр-Сұлтан қаласында “Жасыл ел” студенттік құрылыс және еңбек жасақтарының 16-шы еңбек маусымы басталды.
2017, 2018, 2019 жылдардағы квотаға сәйкес 975 адам жұмыспен қамтылған. Жобаның жастар арасындағы сұранысы ескеріліп, алдағы 3 жылға квота 1200 адамға дейін ұлғайды.

14-29 жас аралығындағы жастар 3 санат бойынша жұмыс істейді: көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларынан шыққан 14-17 жас аралығындағы балалар, 17-22 жас аралығындағы ЖОО мен колледждер студенттері және 18-29 жас аралығындағы жұмыссыз азаматтар.

14-17 жас аралығындағы жастар кәмелеттік жасқа толмағандықтан, Еңбек кодексіне сәйкес, денсаулықтарына зиян тигізбейтін, ауыр емес, күніне 4 сағаттан артық емес жұмысқа жұмылдырылады. Балалар елорда саябақтарында, өз мектептерінің ауласын көгалдандыруға, мектепке қарасты аймақтарды тазалау жұмыстарын атқарады.

17-22 жас аралығындағы жастар “Астана ЗеленСтрой” компаниясымен бірлесіп, қала саябақтарының көгалдануына үлес қосуда.

Кәмелеттен асқан жастар еңбек кестесіне сәйкес күніне 8 сағат жұмыс істейді. Олар құрылыс нысандарына да жұмылдырылған. Онда мамандардың көмекшілері, әртүрлі жұмысшы ретінде қызмет етеді.

Жастар өздері жұмыс істейтін мекемедегі жалақысына қоса “Жасыл ел” жобасынан қосымша 35 мың теңге көлемінде сыйақы алады.
Әрбір жаспен келісімшарт жасалып, онда көрсетілгендей қауіпсіздік талаптары міндетті түрде сақталады. Жұмыс 10 маусым күні басталды. Енді 10 шілдеге дейін 1000-ға жуық жас жұмыс істейді.

Карантинге байланысты жұмыс талаптары біраз өзгерді. Санитарлық нормалар мен қауіпсіздік сақтау мақсатында жастардың бір жерде шоғырланып жұмыс істеуіне жол берілмейді, олардың ара қашықтық сақтауы бетперде мен қолғап киюі қатаң қадағаланады.