10 Қазан, 2013

Сәулебай Рысқалиевті шығарып салуға жүздеген адам жиналды

244 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

 

10-10-13-ryskaliev1

Ақтөбе қаласының Құрмыш ауданындағы Махамбет көшесі бойында орналасқан үйде Сәулебай Рысқалиевті ақырғы сапарға шығарып салуға жүздеген адам келді. Бұл туралы «Мой город» порталы хабарлады.

«Қазаны шығарып салуға жүздеген адам жиналды. Ол үйдің жанына қойылған көліктердің санынан-ақ байқалды. Олардың басым көпшілігі Атыраудың мемлекеттік нөмірі тағылған көліктер болып шықты», - делінген хабарламада.

Марқұмның мәйітін шығарып салар алдында журналистерден үйге тым жақындамау өтінілген. Сосын ішке арнайы көлік кіріп, қақпа жабылған. Ауладағы көріністерді түсіруге де рұқсат етілмеген. Жаназа жабық ауланың ішінде өткен. Содан кейін дарбаза ашылып, шыққан көлікпен бірге жұрт та сыртқа беттеген. Олардың бірқатары садақа берілетін ресторанға кетсе, тағы бір қорасы бейітке баратын көліктерге отырған.

Сәулебай Рысқалиев 78 жасында қайтыс болды. Туған-туыстары осы оқиғаға байланысты журналистерге әлдене айтудан бас тартқан. Ал көрші әйел ақсақалдың жақсы адам болғанын, бірақ ұлдары жөнінде ештеңе білмейтінін, себебі, таныстығы жоқ екенін айтқан.

Осы оқиғаға байланысты КТК тілшісі жүргізген хабарда «Сәулебай ақсақалдың жаназасына ұлдары мен үш күйеу баласы және кісі өлтіруге тапсырыс берді деп айыпталған қызы қатыса алмағаны» айтылды. Ағайынды Рысқалиевтердің әкесі соңғы 10 жылдан өзінің жаназасы шығарылған үйде тұрып келген. «Жаназаға жиналғандардың көп болғаны сонша, жол бойына қойылған көліктерден көшедегі қозғалыс бірер сағатқа тоқтап қалды», - дейді тілші одан әрі.

Тілшінің баяндауынша, балалары елден кеткелі бері Сәулебай Рысқалиевтің жүрегі сыр беріп жүріпті. Өмірінің соңғы күндерін ол хабар күтіп, теледидарға телміреумен өткізіпті. «Балаларын аңсайды ғой. Аңсамайтын адам бар ма? Бала-бауыр еті ғой. Баласын ата-анасы ақ сүтін берген, қалай жоқтамасын?», - дейді марқұмның досы Алпысбай Жұмырғазин осы орайда.

«Денсаулығы, жүрегі ауырып жүреді ғой. Курортқа барды, емделіп жүрді. Бәрібір дәмі біткен соң кетті ғой. Не шара...ә", - дейді басқа құрдасы Құндызбай Берлепесов.

Туыстарының айтуынша, балаларының ақталатынына сенген. Және үнемі: «Әлі заман түзеледі, бәрі орнына келеді» дегенді жиі айтып жүріпті.

Атыраудың бұрыңғы әкімі Бергей Рысқалиев пен Мәжіліс депутаты болған бауыры Аманжан әкелерін соңғы сапарға шығарып сала алмады. Оларға 35 адамнан тұратын қылмыстық топ құрып, 71 млрд. теңгені жымқырды деп айып тағылған болатын.

Рысқалиевтердің сыбайластық командасында бұл әулеттің үш күйеу баласы да болған деседі. Олар да қазір шет елдерде бас сауғалап жүр. Ал қарындасына кісі өлтіруге тапсырыс берді деп айып тағылып, оған қазір халықаралық іздеу жарияланған. Қазір Швейцария прокуратурасы да ағайынды Рысқалиевтерге қатысты қылмыстық іс қозғапты.

Сәкен Майлыбай.

10-10-13-ryskaliev2