Руханият • 29 Маусым, 2020

Жарты ғасыр жәдігер жинаған

637 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Сыр жерінің қай пұшпағында да көне тарихтың көп дерегін сақтаған көмбе бар. Олардың бірқатары қазір зерттелу үстінде, әлі көп көзіне түсе қоймаған қазына да аз емес. Қазалы ауданының Қарақұм беткейіндегі Тапа дейтін шағын елді мекенде қола дәуірінен қалған көп жәдігерді осы өңірдің байырғы тұрғыны Аманжол Жұмабеков жарты ғасырдан бері жинап келеді. Жуырда Қазалыға жол түсіп, аудан орталығынан жырақта жатқан Тапаға тартып кеттік.

Жарты ғасыр жәдігер жинаған

Суретті түсірген Нұрлан ҚАНАТ

Қарақұм – байырғы заманнан бері осы маңдағы малшы біткеннің жаз жайлауы, қыс қыстауы болып келген мекен. Қазір де тіршілігін төрт түлікпен байланыстырғандар осы құм арасын мекен етеді. Жері отты, шөбі шүйгін малға да, жанға да жайлы өңір жайлы ел арасында «Қарақұм дегенше, қарағым десейші» деген сөз бар. Сол Қарақұмды қақ жарып тартып келеміз. Жолбасшымыз Есімбек кезінде осы өңірде көп жыл мал баққан екен. Сондықтан да бұл арадағы айқыш-ұйқыш жолдың әр бұрылысы оған бала кезден таныс. Әр төбенің тарихын таныстырып отырып, аудан орталығынан жүз шақырым қашықтықтағы қыстауға демде жеткізді.

 Кезінде 20 шақты үй жайлаған Тапада қазір 2-3 шаңырақ қана қал­ған. Біз іздеп келген Аманжол ақсақал жарты сағаттың ішінде ауыл­дың өткен-кеткенімен таныстырып үлгерді. Зейнетке сауда саласынан шыққан ол өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бері құм арасынан қазына теріп келеді екен.

– 1969 жылы осы маңнан табыл­ған ине құятын қалып пен тас жебені Алматы музейіне өткіздім. Содан бері талай құпияны бауырына басқан осы төбелерден жүздеген жәдігер та­былды. Қазір қолымда 300-ден астам экспонат бар. Сынықтарды жымдастыра желімдеп, бірнеше құ­мыра құрастырдым. Олардың көп­шілігі қола дәуірінен қалған құнды дүниелер. Бұл осы араға келген ға­лымдардың пікірі, – дейді Аманжол Жұмабеков.

Құм арасынан қыш құмыралар­мен қатар сол замандағы ата-баба­ла­рымыздың қажетіне жараған дән үккіш, түймелер, темір қазан, тас пышақтар мен тері өңдейтін бұ­­йым­­дар шыққан. Аманжол ақса­қал­дың айтуынша, жәдігердің бәрі осы Тападағы 200 гектардай аумақтан табылып отыр.

Ертеректе бұл жерде қыштан құ­мыра құятын көне ошақтар көп болыпты. Елу жылдан бері қа­зы­на іздеп, әуесқой археологқа ай­нал­ған Аманжол Жұмабеков ондай жерлерді белгілеп кетіп отыра­ды. Кейін ғалымдар келгенде тапқан же­рін көрсетіп, солардың болжам-бай­ламына құлақ түреді. Сондай ошақ­тардың бірнешеуін бізге көрсетті.

Құм баурайына бізді бастап келген ақсақал белгіленген жердің біріне күрек салды. Ә дегеннен-ақ осыдан 3 мың жыл бұрын жағылған сексеуілдің күлі табылды. Сәлден кейін ошақтың бір қабырғасы айқындалды. Әр жерден құмыра сынықтары мен ақсөңке болған адам сүйектері көзге шалынады. Есте жоқ ескі заманда өткел болғаны байқалатын жолдан өте бере шыққан жалдан шеті кетілген тас жебе таптық.

– Кейде күніге 2 сағатымды осы маңда өткізем. Көп адамның «жасы жетпіске келгенде мынанікі не сандалыс?» деген күңкілін де естимін. Бірақ бұл менің жеке басыма қажет емес. Кейінгі ұрпақтың игілігіне айналуы тиіс қазыналар. Осыған дейін тапқан жәдігерлердің біразын аудандық музейге уақытша қойдым. Мендегі дүниелерге қызығып, Қы­тайдан келіп қомақты қаржы ұсын­ғандар болды. Бірақ ұлттың тарихын саудалауға арым жібермеді, – дейді қария.

Негізі, елімізде Орталық Қазақ­стан қола дәуірінің деректері мол сақталған өңір саналатыны белгілі. Бірақ қазақ қоғамына тән антропологиялық, этностық, мә­дени және шаруашылық негізі бас­тау алатын кезеңнің белгілері Сыр жерінде де аз емес. Мысалы, Арал­дың шығыс жағында орналасқан Түгіскен кесенелері қола дәуірінің аса көрнекті ескерткіштерінің бірі саналады. Тек өткен ғасырдың ал­пысыншы жылдары Хорезм архео­логиялық экспедициясы жүргізген зерттеу жұмыстарынан кейін аймақ­та қола дәуірі ескерт­кіштеріне қаз­ба жұмыстары жасал­ған жоқ. Ұзақ жылғы үзілістен ке­йін, 7 жыл бұрын Ә.Х.Марғұлан атын­дағы Археология институтының Астана филиалы мен Қорқыт Ата атын­дағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Археология және этно­графия» ғылыми-зерттеу орта­лығының мамандары осы Тапаға бірлескен экспедиция жасады. Оның нәтижесінде археологтар мен жер­гілікті өлкетанушының авторлық бірлестігімен «Тапа – памятник эпо­хи бронзы северо-восточного Приаралья» атты мақала жарық көрді. Қазақстан Ұлттық музейінің «Халық қазынасы» ҒЗИ жетекшісі Ақан Оңғар, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Әзілхан Тәжекеев, елімізге белгілі өлкетанушы Ерлан Сыздық Аманжол ақсақалмен үнемі хабарласып, қолдан келген көмектерін беріп тұрады.

Осыдан 2 жыл бұрын Қорқыт Ата атындағы ҚМУ «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкерлері Тапа қонысы мен осы аумақты және бір барлап шықты. Нәтижесінде Арал мен Тапа ауылы ортасынан Үрген, Аққұдық сияқты ежелгі тұрақтар орны анықталды.

 Аманжол ақсақал жуырда ­аудан әкіміне кіріп, жәдігерлер табылып жатқан алаңдарды қоршау, мем­лекеттік есепке алу туралы өті­­­ніш білдірді. Аудан басшысы осыған орай тиісті орындарға тапсыр­ма беріпті. Біраз уақыт бұрын осы маңайда мұнай құбырын жүргізген Қытай компаниясының қалашығы болған. Бұл жерден құнды дүниелер табылып жатқанын естіген олардың да қарап қалмасы анық. Бірнеше мәрте «қара археологтардың» да қара көрсетіп қалған кезі бар. Ақсақал тарихи қазыналар осылай талан-таражға түсіп кете ме деп алаңдайды.

Тапаға жақын Шәкен ауылындағы орта мектеп оқушылары үшін көш­пелі көрмелер ұйымдастырылып тұ­рады. Кола ішіп өскен балаларға қола дәуірінің дерегін жеткізіп, тарих тылсымына жетелеуде ақсақалға мектеп басшылығы да ұдайы жәрдем беріп келеді.

Тарихи қоныстың зерттелуін біл­мек болып Қорқыт Ата атындағы ҚМУ «Археология және этнография» ҒЗО жетекшісі, PhD доктор Әзілхан Тәжекеевке хабарластық.

– Сыр өңіріндегі қола дәуірі ес­керт­кіштеріне назар аударылмай келеді, тіпті зерттеу жұмыстары жоқ­тың қасы. Тапа қорымының жер­леу ғұрпы, қыш ыдыстардың түр­лері және пішіндері, өрнек са­лу мәнерлері толық және терең зерт­теуді қажет етеді. Бұл үшін бас­қа аймақтардағы қола дәуірі ескерт­кіштерімен салыстырып, айыр­ма­шылықтарын анықтап, туыстас тай­палардың әсерлерін анықтау керек. Сонымен қатар жойылып бара жат­қан ескерткіште тұрақты зерттеу жұ­мыстарын жүргізген жөн, – дейді Әзілхан Әуезханұлы.

Келген сапарымызды түйіндеп, кері қарай жолға шықтық. Талай тарихты баурайына бүккен Тапа мен Ащы Ақай, Әулие сексеуіл төбелері артта қалып барады. Олардың қойнауындағы көмбені игеруге бүгін кіріспесек, ертең тарихымызды тани түсуімізге септігін тигізетін көп дүниеден айырылып қалуымыз әбден мүмкін. Құм арасынан жарты ғасыр жәдігер жиған жергілікті өлкетанушының алаңы да осы.

 

Қызылорда облысы