Алаш арыстарының өсиетін орындауға бел буып, ұлт руханиятының құндылықтарын, Абайдай алып ақынның мұрасын, өзге де жәдігерлерді әлемге танытып келе жатқан бір айтулы азаматымыз, белгілі қаламгер Роллан Сейсенбаев десек жарасады. Бұл жолы ол төрткүл дүниеге түгел таныс Фирдоусидің қыпшақ тіліне аударылған «Шаһнамесінің» түпнұсқасын әдемі кітап етіп, жақұттай жарқыратып, қазақ топырағына әкеліп, қалың елге ұсынып отыр. Енді осы дүниенің ішіндегі ұшан-теңіз байлықты зиялы зердеден өткізіп зерттесек, нәтижесін ұрпақтың игілігіне жаратсақ ұтылмаймыз, ұтамыз.
Алаш арыстарының өсиетін орындауға бел буып, ұлт руханиятының құндылықтарын, Абайдай алып ақынның мұрасын, өзге де жәдігерлерді әлемге танытып келе жатқан бір айтулы азаматымыз, белгілі қаламгер Роллан Сейсенбаев десек жарасады. Бұл жолы ол төрткүл дүниеге түгел таныс Фирдоусидің қыпшақ тіліне аударылған «Шаһнамесінің» түпнұсқасын әдемі кітап етіп, жақұттай жарқыратып, қазақ топырағына әкеліп, қалың елге ұсынып отыр. Енді осы дүниенің ішіндегі ұшан-теңіз байлықты зиялы зердеден өткізіп зерттесек, нәтижесін ұрпақтың игілігіне жаратсақ ұтылмаймыз, ұтамыз.
Дүние жүзінде қыпшақ тіліндегі бір данасы сақталған факсимиле қолжазба кітаптың тұсаукесер рәсімі елордадағы Ұлттық академиялық кітапхананың «Музыкалық мейманжай» залында өтті. Бастау сөзді кітапхананың бас директоры, көрнекті жазушы Әлібек Асқаров алып, ұлт руханиятына қосылған ұлы еңбектің Отанымызға оралуына ерекше үлес қосқан, құмнан алтын іздеген нағыз еңбекқор кейпіндегі Роллан Сейсенбаевтың бұл ісі ерлікке пара-пар екенін жеткізді. Өз кезегінде қыпшақ тіліндегі толық нұсқа туралы жан-жақты баян еткен Роллан Сейсенбаев «Егер бұл факсимиле жоғалып кетсе немесе жанып кетсе, қазақтар өздерінің зор мәдени құндылығынан айырылған болар еді», дей келіп, «Парсы, тәжік әдебиетінің классигі, ұлы ақын Фирдоуси – әлем поэзиясының асқар шыңы, даналық дариясында жүзіп жүрген алып кеме секілді. Бұл дастан иран шахтарының тарихы, тұран-иран шайқастарынан ғана емес, бастан-аяқ батырлық, ізгілік, жақсылық және махаббат дастандарынан тұрады», деп, «Шаһнаме» – таусылмайтын күрес кітабы, қайырымдылық пен текетірес кітабы, ұлы кітап, деді. «Кезінде қыпшақ тіліндегі «Шаһнамені» Иранның, Ирактың, Сирияның қолжазба қорларынан көп іздегенбіз. Атақты шығыстанушылар қолжазбаның сақталған даналарын араб елдерінен көргендерін де айтып еді. Кеңес өкіметі кезінде қол қысқа болды. Менің сұрауыммен Палестинаның атақты ақындары да қыпшақ тіліндегі нұсқаны жандарын салып іздеген болатын. Өкінішке орай, Израиль мен Палестина арасындағы ұзақ жылдарға созылған бітіспес майдан кездері, бүтіндей қолжазба қорына Израиль әскерінің бомбасы түсіп, барлық кітаптар мен құжаттар жанып кеткен. Осы оқиғаны маған Палестинаның атақты ақыны Муин Бсису көзіне жас алып айтып еді. Бұл оқиғаға да 40 жыл өтіпті. Осыдан екі жыл бұрын тәжік ғалымы Құрбонали Идрисов маған Фирдоусидің «Шаһнаме» эпосының қыпшақ тіліндегі көшірмесін алып келді. Алыс ғасырлар қойнауынан қыпшақ бабаларымыздың күмбірлеген үндері құлағыма жеткендей болды. Уақыт құшағында ескерусіз қалып ескірген, қағаздары үгітілген көнетоз қолжазбаны ыждағаттықпен бүгінгі техниканың арқасында жөнге келтіруге тырыстық. Қыпшақ тіліндегі көнетоз кітап қазақ мәдениетінің тереңдігі мен байлығын көрсетеді. Уақыт қысымында «тірі» қалған бұл кітап VІІ-VІІІ ғасырда тасқа қашап жазылған Орхон-Енисей дастандары, Күлтегін мен Тоныкөктің рухани, мәдени жалғасы болып табылады. Сондықтан да бұл кітап қазақ халқының теңдесі жоқ мәдени биіктерінің бірі екені даусыз. Бұл факсимиле қолжазба жер жүзінде біреу-ақ», деді. Ол сонымен бірге, бұл теңдессіз байлық Мысырда дүниеге келіп, бір данасы тәжік жерінде сақталып қалғанын, енді қазақ топырағына оралғанын айтып, Алланың алдында, қыпшақ тілінің алдында, Дешті Қыпшақ даласының алдында өзінің азаматтық парызын адал атқарғанын жеткізді.
Осындай тәуелсіз елдің рухани дүниесіне қосылған өлшеусіз құндылықты ендігі жерде қыпшақ тілінен қазақ тіліне көшіріп, жауһар тілді қазақ поэзиясына үкілеп қоссақ, ұтылмасымыз анық. Дастанды қыпшақ тіліне түсірген Саййид Шариф есімін қазақ тарихында жаңғыртып, орнықтырсақ, тағы бір кемнің орны түгенделер еді. Егемен елдің рухани салада мерейін өсіретін, абыройын арттыратын осындай дастанды бүкіл жұрт болып түсініп, түйсігі кем, ұлт руханиятынан гөрі байлықтың құлы болып жүргендердің санасына сіңіріп, ойына ұялатсақ, бізде жер байлығына қоса осындай құндылықтар да жетеді дегенді жастардың көңіліне қондырсақ, қазақ қоғамы қапы қалмас еді.
Тұсаукесер рәсімінде сөз алған белгілі қоғам қайраткері, ұлт руханиятының арғы замандарына бүкіл саналы ғұмырын арнаған Мырзатай Жолдасбеков шығыс жұлдыздары туралы тереңнен ой тербеп, Иран мемлекетінде елші болып жүргенде бұл дүниеден хабардар болғанын, енді соны елге оралтқан Роллан Сейсенбаевқа алғысын білдіріп, қаламгердің байлыққа, дәрежеге емес, ұлттық құндылықтар үшін қызмет етіп жүргенін ерекше атап өтіп, соңғы кездері ұлт киелілері туралы жазған еңбектеріне де кеңінен тоқталды.
Ал академик Болат Көмеков: «Арғы-бергі тарихқа қарап отырсаң алып мемлекеттер де, империялар да, патшалар да өмір сахнасынан кеткен. Ал рухани құндылық мәңгілік. Рухыңды биіктететін қазақ дүниесіне қосылған, осыдан бес ғасыр бұрын жазылған «Шаһнаме» – теңдессіз жәдігер» деп, түркі дүниесінің билік құрған замандарына кеңінен талдау жасады. Сол замандарда ұлы даладан шыққан қыпшақтарды әлем мойындаған. Қыпшақ тілін үйренуге ұмтылған. Сөйтіп, қыпшақ тілі халықаралық тілге айналған. Мұсылман елінде қыпшақ тіліне арналған сөздіктер түзіп, шығару үрдісі басталған. Себебі, қыпшақтармен қарым-қатынас жасауға бет бұрған елдер сол тілді білу жолын қарастырған. Қыпшақ тілі Еуразия кеңістігіне кең жайылып, Еділ, Сыр, Хорезмде әдеби, діни шығармалар дүниеге келген. Соның бір көрінісі – осы дастан. Біз мынаны ұғынуға тиістіміз, қыпшақ тілі – қазақ тілі. Осыны өзіміз ғана мойындап қоймай, өзгелерге де түсіндірсек, бойына сіңірсек жөн болар еді. Қаламгердің бұл еңбегі ұлт үшін жасалған жанкешті тірлік, ірілік деп білемін, деді.
Сол секілді білімдар ғалым, профессор Тұрсын Жұртбай руханият саласындағы қазақ несібесін арттыру үшін бүкіл күш-жігерін жұмсап, Абай, Шәкәрім, Жамбыл, Сүйінбай – бүкіл қазақтың төрт құбыласын түгендеп, әлем жұртшылығына таныстыра алған Роллан Сейсенбаевтың еңбегін ерекше бағалап, өзінің Иран, Моңғолия мемлекеттеріне жасаған сапарлары туралы толымды әңгіме қозғады. Исі қазақтың күретамыры саналатын дүниелерімізді маржандай тізіп, аталған мемлекеттердегі түркі әлемінің айтулы өкілдері жайлы тебірене сөйледі. Біз қазір ана тілден, мына тілден аударылған деп жүрміз. Шындығында, сол тілдердің түп-тамыры біреу ғой. Соны үлкен жиын өткізіп, анықтауға тиістіміз. Сонда түбі бір түркі дүниесі іркіттей ірімей, айрандай ұйитын болады, деп ана бір жылдары ұлт руханиятының көп дүниесін өзге мемлекеттер тасып кеткенін, енді соны қайтару қиын болып тұрғанын тілге тиек етті.
Тұсаукесерді қорытындылаған қарымды қаламгер, ойлы азамат, зерделі де зерек ұлт жоқшысы Роллан Сейсенбаев: «Менің бұл тірлігім қазаққа керек деген ойдан туған. Қай-қайсымыз да ұлт үшін осылай еңбек етіп, үн қатпасақ халық түлемейді, тобырға айналады. Менің қолымда қазір үш-төрт кітап бар. Оны да ұлт игілігіне жаратсам деймін. Мәселе, жаһандану заманында ұлтымызды сақтап қалуда тұр. Оның басты жолы осындай рухани дүниелерді жарқырата жаңғыртып, танытып, тағылым алар тұстарын айнадағыдай көрсетіп, қай ғасырда жасалғанын, қай дәуірде болғанын дәйектеп, біз тақыр жерден шыққан сормаңдай емеспіз, барымыз мынау, нарымыз анау десек тәуелсіз елдің нағыз ұлдарының мойнындағы қарызы мен парызы адал атқарылар еді», деді.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан».