11 Қазан, 2013

Үйі үлкендерге үйдей салық

300 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Парламенті Мәжілісінде тағы бір игілікті идея көтерілді. Депутаттар бұл жолы «Салық туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу барысында хан сарайындай қымбат бағалы үйлердің салығы басқалардан үш есе көп болуы керектігі туралы ұйғарымға ұйыды. Халық қалаулылары жобаны асқан шапшаңдықпен талқылап, бірінші оқылымда бекітіп берді.

 

Қазақстан Парламенті Мәжілісінде тағы бір игілікті идея көтерілді. Депутаттар бұл жолы «Салық туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу барысында хан сарайындай қымбат бағалы үйлердің салығы басқалардан үш есе көп болуы керектігі туралы ұйғарымға ұйыды. Халық қалаулылары жобаны асқан шапшаңдықпен талқылап, бірінші оқылымда бекітіп берді.

Әйткенмен, қазір нағыз қалталы байлар бұл өзгерістердің өзінен айналып өтуі әбден мүмкін, деген қауіп туындап жатыр. Өйткені, адамнан қулық артыла қоймайтыны да белгілі. Енді өзіңіз байқап қараңыз. Астанада шіріген байлар қоныс жайлаған элиталық аудандағы 402 шаршы метрлік коттедждің құны 270 млн. теңгеден асып-жығылады екен. Оның іші де кең, бөлмелері көп. Жатын жайының саны алтаудан кем емес. Соның қабатында саунасы тағы бар. Есігінің алдындағы ауласы да атшаптырым. Ал жаңа мизамның пәрмені бойынша, бағасы 150 млн. теңгеден асатын үйлерге салынатын салық бұрынғы мөлшердегіден үш есеге асып түскелі тұр. Мына үй соның шеңберіне емін-еркін енеді де кетеді.

Сосын елордадағы элиталық пәтерлердің арасында төрт және одан да көп бөлмелерден құралатындары кездеседі. Оның да бөлмелері даңғарадай. Ішінде үлкен футбол болмағанымен, мини-футболды ойнауға әбден болады. Жалпы көлемі жоғарыдағы коттеджден шамалы ғана аз, шамамен 300 шаршы метрдің айналасында. Мұнда да барлық жағдайлар жасалған. Өзі Есілдің сол жағалауында ендей көлбеп жатыр. Сондықтан оларға қалталары кәдімгідей қалың кәсіпкерлер құмар. Одан қалды, жинаған қорлары бір көсілуіне ырық бере алатын әншілер мен өнерпаздар бұл жаққа жиі көзін салады. Бірақ бағасы алдыңғы аталған сарайға қарағанда үш есеге жуық арзан. Яғни 100 млн. теңгенің төңірегінен тепең етіп шыға келеді. Сондықтан манағы 150 млн. теңге деген өлшемнің өрмегіне түсе қоймайды. Демек, бұрын қалай төлеп келсе, ендігі жолы да салығын солай өтей бермек.

Шынтуайтқа келгенде, соңғы аталған пәтерлер үй саудасы кезінде жаңа айтылған мөлшерден әлдеқайда жоғары бағамен таразы басына түсуі әбден ықтимал. Тіпті, өздері уағдаласқан, өздерінің көңілдері қалаған сондай бағалармен сатылып та жатқан болар. Бұл деңгей 150-дің белдеуінен де асып түсуі әбден кәдік. Бірақ ендігі жерде пәтер иелері оның бағасын ешқашанда 100-дің маңайынан жоғарылатып көрсетпейді. Сатылған сәтте де, алынған кезде де саудаға санат қосып, алақан ұрысатындар сол ауада қалқыған астарлы бағаны көлбеңдетіп тұрып алады.

Қазіргі жетіп жатқан қауесеттерге қара­ғанда, осындай пәтерлерде тұратын бай-бағ­ландар мен байшыкештер селебесін суырып келіп қалған салықтың сұсынан жалтарудың алуан түрлі құқайын қарастырып жатқан көрінеді. Ал қалғанын алдағы уақыт көрсетер.

Дегенмен, бүгінде жұрт үйдің үлкені салықтан таяқ жегізетінін ұғып қалды.

Құрыш НҰРЫМБЕТ.

Соңғы жаңалықтар