11 Қазан, 2013

Жұрт басқосудан жақсылық күтеді

332 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

дубир-1Осы аптадағы ең басты оқиғаның бірі сейсенбі күні жұмысын аяқтаған Индонезияда өткен Азия-Тынық мұхит экономикалық ынтымақтастығының (АТЭЫ) саммиті болды. Ақпарат құралдарының мәлімдеулеріне қарағанда, қабылдаушы ел айрықша қонақжайлық көрсеткен көрінеді.

Осы аптадағы ең басты оқиғаның бірі сейсенбі күні жұмысын аяқтаған Индонезияда өткен Азия-Тынық мұхит экономикалық ынтымақтастығының (АТЭЫ) саммиті болды. Ақпарат құралдарының мәлімдеулеріне қарағанда, қабылдаушы ел айрықша қонақжайлық көрсеткен көрінеді.

дубир-1Жалпы, жыл сайын сол ынты­мақ­­тастыққа кіретін 21 елдің бірінде өтетін бұл саммиттің жартылай бейресмилік те сипаты бар. Әдетте галстуксіз деп аталатын кез­десулерде жиынға қатысушы­лар­дың еркін­деу жүретіні сияқты бұл басқосуда қабылдаушы ел қо­нақ­тар­дың көңілін табуға, еркін жү­ріп, кө­ңілді демалуына айрықша назар аударады. Бұл – дәстүр. Бір елдер қо­нақтарына өзде­рінің ұлт­тық киім­дерін де кигізіп, біздегі ша­­­пан жап­қандай, құрмет көр­се­теді.

Содан да болар, осы саммит жұ­мысын көрсетуге барған ақпарат құ­ралдары басқосудағы талқылан­ған мәселелер туралы әңгімелерді ке­йінге қалдырып, алдымен қонақ­тар­ға көрсетілген қызмет жайына кө­бі­рек тоқталған және Индонезия жа­ғы­ның жалпы саммиттің ойда­ғыдай өтуіне айрықша назар аудар­ғанын атап өткен.

Осы жерде журналистердің бұл саммиттің өтуін соңғы кездегі бі­раз басты халықаралық басқосу­лармен салыстыруының да өзіндік мәні бар-ау дейсің. Санкт-Петер­бург­те өткен дамыған 20 ел, Сол­түс­тік Ирландияда өткен әлеуетті 8 ел сам­мит­терін­дегі ұйымдастыру­шылық жұмыспен салыстырғанда, Индонезияның Балу аралындағы АТЭЫ саммиті көш биік тұрғаны атап айтылады. Ресей мен Ұлы­британияда өткен саммит ке­зінде біраз ескерілмеген жайлар орын алса, журналистер индоне­зия­лық­тардың қызметіне дән риза. Сам­мит­­ке келгендер Индонезияның ұлт­­тық өнеріне, дәстүрлеріне тәнті болыпты.

Осы бір қонақжайлық басында Индонезия президенті Сусило Бамбанг Юдайононың өзі жүргенін ақпарат құралдары атап көрсеткен. Ол өз әріптестерінің көңілінен шы­ғу үшін гитараның сүйемел­деуімен ән де орындапты. Бір әнін РФ пре­зи­денті Владимир Путиннің туған күніне арнапты (ол 7 қазанда 61 жас­қа толған). Әрине, бұл Путинге ғана емес, жұрттың бәріне ұнаған.

Бұл саммиттен жұрттың бір күт­кені бар еді, бірақ ол болмай қал­ды. Оған АҚШ президенті Барак Обама келуге тиіс еді, бірақ ол еліндегі жағдайға байланысты келе алмады. Келгенде, Путин екеуі арасында қан­дай жағдай болатынына жұрт назары ауатыны анық еді. Санкт-Петер­бург­тегі саммитте Оба­ма Путинмен ресми кездесуден бас тарт­қан. Әрине, жұрт екі дер­жава бас­шылары ара­сындағы тоңның қан­­шалықты жібі­генін білгісі келе­ді. Бұл жолы оның сәті түспеді.

АТЭЫ – аса маңызды құрылым. Оның аумағында әлем халқының 40 пайызы тұрады, сондай-ақ онда әлемдік жалпы ішкі өнімнің 56 пайызы өндіріледі. Саммитте эко­но­­ми­калық өсімнің жайы, оның жолдары, ынтымақтастық, елдер­дің кірігуі сөз болады, біршама мәселелерде түсі­ністікке қол жете­ді. Бұл оған кіретін қай ел үшін де айрықша маңызды.

Біз де Азиядағы елміз. Сол АТЭЫ-ға кірсек, екі жаққа да пайдалы болар еді-ау дейсің. Азияның алыптарына жолымыз ашылса, олар­­ға да біз Еуропаға жеткізетін көпір болар едік қой. Басқалардың ынты­мақ­тастығын көргенде, солар­ға қо­сыл­ғың келеді.

 

Жосықсыз әрекет жалғаса бере ме?

Қырғыз ағайындар жақтан көңілге қонуы қиын оқиғалар туралы хабар естілуі үйреншікті жағдайға айналғандай. Тағы бір сондай хабар естілді – дүйсенбі күні наразылық акциясына қатысушылар өз талаптарын орындату үшін Ыстықкөл облысының губернаторы Емілбек Қаптағаевты кепілдікке алыпты.

дубир-2Талаптары – Құмтөр алтын-кен орнын мемлекет меншігіне алу және осы мәселеге қатысты бұрын қамауға алынғандарды босату. Бұл талап орындалмаса, облыс басшысы босатылмайды екен. Бұл жө­нін­де сол облыс әкімшілігі үйіне жи­налған екі жарым мыңдай нара­зылық танытушылар атынан оның жетекшілері мәлімдеме жасаған.

Әрине, бұл хабардың жедел жалғасы болатыны анық еді. Үкі­мет өз өкілін қарсылыққа шық­қандардың қолына беріп қоя салмас, әрекет жасар десті жұрт. Расында солай болыпты, құқық қор­ғау орындарының қызметкерлері облыс басшысын босатып алыпты. Оның «қолға түсуі» де қызық. Облыс орталығы – Қарақол қаласында наразылық акциялары басталғанда, Қаптағаев олардың талабын есту үшін сонда барады. Қорғаусыз келген бастықты қарсылыққа шық­қандар оп-оңай «тұтқындайды» да, олардың басшылары өз талаптарын алға тартады.

Кейде осының барлығы бала­лардың ойынына ұқсап кетеді. Үл­кен, тіпті мемлекеттік мәселелерді жосықсыз әрекеттермен шешкісі келеді. Сол әрекеттердің заңға қай­шылығы өз алдына, сол талаптарды орындау да мүмкін емес қой. Дәл осы жолғы талаптарға келер болсақ, Құмтөр алтын кені орнын, ондағы өндірісті мемлекет мен­шігіне алу бір сәттің ісі ме, ол үшін келіссөздер жүргізіліп, келісімдер жасалып, мемлекеттік деңгейде шешім қабылдануға тиіс. Қысқарта айтқанда, «жарайды» деумен біте қоймайтын шаруа.

Тіпті, сол талаптарға көніп, оны жүзеге асырғанда, бұл елге, мемлекетке пайда әкеле ме? Парасат биігінен қарағанда, қып-қызыл зиян. Ең алдымен елдің, мемлекеттің беделі аяққа тапталады. Өзі жа­сас­қан келісімді бұзып, қиянатқа бар­ған елде не абырой, не бедел қа­лады?! Ондай елмен бұдан кейін кім сыйласып, жұмыс істейді? Бұл – мәселенің саяси әдеп, моральдық жағы. Ал экономикалық жағынан тиімді болатыны да күмәнді. Ка­надалық компания оны игеруге көп күш жұмсады. Технологиясын пайдаланды. Маман кадрлар әкелді. Соны тастап кете салмасы белгілі. Халықаралық сот арқылы төлем талап ететіні өз алдына, канада­лықтар техникасын алып кеткен жағдайда, оны қырғыз ағайын­дар­дың бірден игеріп алып кетіп, одан пайда көруі екіталай. Сонда ел бюджетінің сүбелі үлесін беріп отыр­ған өндіріс орнының қожы­рауы ел экономикасын күйзелте тү­седі.

Бұл жай болжам, ал ел бас­шы­лығы оған жол бере қоймас. Бірақ бүгінгі күні орын алып отырған жосықсыз әрекеттердің алдын алу­ға болмас па еді деген ой да көңіл­ге оралады. Және ондай әрекеттер бірінен соң бірі жалғасып жатады. Бір нәрсе жақпаса, күрежолға шыға салып, қозғалысты тоқтатып тастау бұл елде әдетке айнал­ған­дай. Аран­­датуға ерген жай қара­пайым ха­лықты былай қойғанда, белгілі қоғам қайраткерлері, партия кө­сем­дері, депутаттары үкімет үйі­не басып кіріп, оны «жаулап» ал­ғысы келеді. Олай болуы мүмкін емес­тігіне олардың өресі жетпей­тініне таңданасың.

Осының бәрі сонау президент Ақаевты төңкеріп тастаған революциядан бастау алатындай көрінеді. Жосықсыз әрекетпен президентті қууға болғанда, басқаның бәріне жол ашықтай. Билік тарапынан олар­ды ойландыратын шаралар да бұған дейін көп қолданыла қой­майтын. Тек осы жолы құқық қор­ғаушылар қаталдау әрекетке бар­ғандай. Арнаулы қызмет адамдары қарсылық әрекетке шыққандарды күшпен таратып, біразын қамауға алған екен, олар қайта бас кө­тер­мепті. Оның қаншаға созыларын кім білсін.

Мамадияр ЖАҚЫП,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар