Экономика • 30 Маусым, 2020

Қазақстан сапалы суға зәру

1218 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әлемде коронавирустық инфекция жайлағалы бері «Қолды үнемі сабынмен жуып, сумен кем дегенде 20 секунд шайқау керек» деген кеңес желдей ескені рас. Осыған байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арнайы флешмоб ұйымдастырып, бұл бастама жаһан бойынша жылдам тарады.

Қазақстан сапалы суға зәру

 

Су ресурстарының 46%-ы сырттан келеді

Алайда осы қарапайым нұсқаулықты орындаудың өзі оңай болмай тұр. Неге де­сеңіз, жұмыр планетамызда су тапшылығын 2,4 млрд адам көріп отыр. Сапалы суға зәру болып отырған елдердің әлемдік рейтин­гінде Қазақстан 68 мемлекеттің арасында 60-орында тұрақтаған. Сарапшылардың бол­жамынша, 2040 жылға қарай елімізде суды тұтыну деңгейі 56%-ға өсіп, су ресурс­тарының тапшылығы жылына 12 тек­ше шақырымды құрауы мүмкін.
Экология, геология және табиғи ресурстар министр­лігінің мәліметіне сәйкес, Қазақстан­дағы су ресурстарының көлемі 101 текше шақырымды құрайды. Оның 54%-ы еліміздің ішінде қалыптасса, қалған 46%-ы шекаралас елдерден келеді. Жер астындағы су қорының көлемі жылына – 15,5 текше шақырым. Арнайы барлаудың нәтижесінде су қорының 3,5 мыңнан астам көздері анықталды.

Десе де салаға жауапты министр су шаруа­шы­лығы бағытында түйткілді проблема­лардың бар екенін жасырған жоқ. Бірінші кезекте бұл өзен ағын­дары­­ның баяулығы мен тұтыну деңгейі­нің өсуі салдарынан орта және ұзақ мер­зімді кезеңде халықты сумен қамту­дағы болжамның төмендеуіне байла­нысты. Екіншіден, арналардың және ирри­гациялық жүйелердің күрт тозуы суды тасымалдаудағы шығындардың көбеюіне себеп. Нақты айтқанда, ауыл шаруа­шы­лы­ғында шығын көлемі 50%-ға жеткен.

«Бұл орайда 2030 жылы қосымша жер үсті су ресурстарын ұлғайту есебінен 100 шақырым деңгейінде су балансын сақтау, суармалы жерлерді 1,4 млн гектардан 3 млн гек­тарға дейін ұлғайту үшін жаңа ирри­гациялық жүйелерді салу, су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту және қайта жаңарту, су саласын цифрландыру, суды үнемдеу және тағы басқа міндеттер алды­мызда тұр.

2019 жылы 66 мың гектар алқапта су шаруашылығы инфрақұрылымы қалпына келтірілді. Еліміздің 5 өңірінде (Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Ақтөбе облыстары) суармалы жерлердің шамамен жарты млн гектарының (492 мың га) сумен қамтылуын арттырып, қалпына келтіру мақсатында тиісті жобалар іске асырылып жатыр. Қаржыландырудың жалпы сомасы – 274 млрд теңге. 

Тұтастай алғанда, 3 жыл ішінде біз 6,7 мың шақырымнан астам арналардың, 4 су қоймасының, 4 су торабының, 239 тік дре­наж ұңғымасының және 23 мың өзге де су шаруашылығы құрылыстарын қайта жаңғыр­татын боламыз», деді М.Мыр­зағалиев.

Алдағы екі жылда жалпы ұзындығы 1,2 мың шақырым болатын 6 жобаның құ­ры­лысы (Қаскелең, Эскулино, Жиделі, Талап, Преснов 1, Преснов 2 топтық су құ­быры­ның құрылысы) аяқталады деп күтілуде. Осы арқылы 250 мың адам сапалы сумен жаб­дықтау жүйесіне қосылмақ.

 

Сардобаның құрылысы Қазақстанмен келісілмеген

Бүгінде Орталық Азиядағы су ресурс­тары­ның басым бөлігі шаруашылық мақсатта пайдаланылып келе жатқаны жасырын емес. Аймақтағы су тапшылы­ғы­ның сезілуіне де осы фактор бірден-бір себеп дейді экологтар. Әсіресе мұның салдары жазғы маусымда анық байқа­лады. Атап айтқанда, өзендердің ағысы бә­сең­деп, судың сапасы нашарлап қана қоймай, экологиялық конъюнктура шат­қаяқ­таған сәттер аз болмады. Оған биыл көр­шілес Өзбекстанда орын алған жағдай дәлел.

«Сардоба су қоймасындағы апат екі мемлекеттің экономикаларына және сол аймақтағы халықтың тұрмыс-тіршілігіне теріс әсер еткені даусыз. Апат орнына өзім де барып қайтқан едім. Сол кезде қарамағымыздағы барлық техниканы Түркістан және Жамбыл облыстарындағы су арналарын жөндеуге жұмылдырған бо­ла­тынбыз. Мамыр айында өзбекстандық әріп­тестерімізбен кездесіп, алдағы уақыт­та мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін бірқатар мәселені талқыладық. Енді өзбекстандық тарап Сардоба су қой­масына қатысты мәселелерді бірле­сіп ше­шім қабылдауға келісімін берді. Екін­шіден, қазақстандық және халық­аралық сарапшыларды тарту арқылы тех­никалық аудитті жүргізуге байла­нысты уағдаластыққа қол жеткіздік. Өкі­ніш­ке қарай, Сардобаның құрылысы Қазақ­станның Үкіметімен келісілмегенін айта кету керек», деп нақтылады Экология, гео­логия және табиғи ресурстар министрі.

Көршілес елде болған жағдай ай­мақ­тағы мемлекеттердің су ресурстары мәсе­лесінде дербес саясатты ұстанатынын аңғар­­тады. Әлбетте әр ел ұлттық мүдде­ні бі­рінші кезекке қоятыны шүбә­сіз, әйтсе де трансшекаралық бассейн­дер­ге кел­генде интеграциялық байланыс­тардың маңыздылығын жоққа шығаруға бол­майды.

 

Тоқтағұлдың суы азайып барады

Қырғызстанның үкіметі су ресурс­тары­ның кезекті тапшылығына ұшырағанын мойындады. Таяу жылдарда бұл елдің өзендерінде судың деңгейі төмендеп, республикалық су қоймаларының, бірінші кезекте Тоқтағұл су қоймасын толтыру жылдамдығы бәсеңдей түседі. Бұл электр энергиясын өндіруді азайтуға және оны тұтынуда ықтимал шектеулерге әкеледі.

Бауырлас елде электр энергиясының тапшылығы 90-жылдардың басынан бері сезіліп келеді. 2009 жылы Бірыңғай ортаазиялық энергетикалық жүйеден Өзбекстан шыққаннан соң бұл тапшылық жыл сайын шамамен 4%-ға өсуде.

Бүгінде Түрікменстан мен Өзбекстан жан басына шаққанда су тапшылығын сезініп отырған елдердің алғашқы онды­ғына кіреді. БҰҰ-ның бағалауынша, ға­сыр­дың ортасына қарай Орталық Азияда су ресурстарының күрт жетіспеушілігі бай­қалуы мүмкін.

Қалыптасқан ахуалды ескеріп отырған қырғыз үкіметі электр энергиясын им­порт­тауға байланысты Қазақстан, Түрік­менстан және Тәжікстанмен келіссөздерге кірісті.

2021 жылдың сәуіріне дейін Қырғыз­станға 1 млрд кВт-сағат электр энергиясын им­порттау қажет. Бұл туралы Ұлттық энер­гохолдингтің төрағасы Айтмамат Назаров мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір Қа­зақ­станнан 500 млн кВт-сағат электр қуатын жеткізу туралы келісімге қол жеткі­зілді.

 

P.S. 2010 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы адамның сапалы су мен санитарлық қауіпсіздікке толық хақысы бар екенін мойындаған-ды. Алайда Азиядағы 49 мемлекеттің 30-ға жуығы әлі күнге дейін ауыз судан таршылық көріп келеді.