11 Қазан, 2013

Тасада тұрып тас атқан

561 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Жергілікті ұлт өкілдері бұрын-соңды бастан кешпеген сұмдық оқиғаларға куә болды. Дінді бөлшектеп, іріткі салуды мақсат тұтқан пиғылы жат қаскөйлердің кей ретте арамза ойлары шынымен жүзеге асып кетіп жатқандай да болды. Ата-баба салтынан айдың-күннің аманында бас тартқан қаракөздерімізді қайта оралту өте қиын соғып тұр.

1378089449 10610259

 

Мұның шынайы исламға үш қайнаса сорпасы қосылмайды немесе қазіргі діни факторлардың халықаралық қатынастарға ықпалы жайында бірер сөз

1378089449 10610259

Бізбен қатар өмір сүріп жатқан бейбіт әлем негізінен халықаралық діни ұйымдардың ортақ жобаларына, жер бетіндегі барша адамзат баласының өзара тату-тәтті, ымыра-бірлікте тұрмыс кешуіне, бейбітшілік пен келісімге құрылған қарым-қатынасқа, адамгершілік құндылықтарын қорғап, қадірлеуге, қоршаған орта мен жер байлықтарының ортақ игілікке жұмсалуына мүдделі болуы заңды. Мұны мақсатты түрде жүзеге асырып, күш-қайрат біріктіруде, табиғи құбылыстар туғызған қауіп-қатерлердің алдын алып, жаһандық шиеленістерді шешуде діни факторлардың орасан зор рөл атқаратыны мәлім. Бұл ретте Қазақстан тарапы шығыс пен батыстың түрлі діни дәстүрлерінің, алуан мәдениет пен өркениеттің өзара тоғысқан торабы іспетті болды және әлі де солай болып қала береді деуге толық негіз бар. Оған жарқын мысал ретінде Астанада үш жылда бір рет өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезін алсақ та көп мағына білдіреді.

Ал діни факторлар мен оның халық­аралық қарым-қатынасқа ықпалы туралы әңгіме етілгенде, ең әуелі тәуелсіздік жылдарындағы қоғамымызда орын алған басқа да оң өзгерістер туралы ойлар­дың ортаға салынуы заңды құбылыс. Мәсе­лен, біздің елімізде барлық конфессия өкілдеріне белгілі бір дінді тұтуға толық еркіндік берілген, сонымен қатар, діни институттар сандық және сапалық тұрғыда айтарлықтай дәрежеге өскен. Солай бола тұрғанмен, қазіргідей діни қақтығыстар мен текетірестердің шарпуы заманында кез келген ой мен сөзге, дін бостандығы мен еркіндігі деген нәрселерге өте мұқият та сақ қарамай тағы болмайды. Бұл орайда Елбасының Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV съезінде келтірген мынадай тұжырымын әрқашан есте ұстау керек деп білемін: «Көпконфессиялы қоғамдар ішіне, халықтар мен мемлекеттер арасына іріткі салуға діни нанымды пайдалануға берік қалқа қою маңызды. Халықаралық лаңкестік пен экстремизмнің адамға қарсы өзіндік практикасын дінге қандай да бір сілтеме жасай отырып, күпіршілікпен негіздеуіне жол бермейміз... Бұл ретте қауым мүшелері арасында тер­ро­ризм мен кез келген пішін­дегі экс­­тре­мизмнің дінге қарсы және адамға қарсы болмысын түсіндіру бойын­ша ыждағатты жұмыс жүргізу аса маңыз­ды». Мұны әрмен қарай ислам діні жайын­дағы түсініктермен жалғастырар болсақ, дін дегеніміз ежелден адам баласы үшін түрлі халықтар арасында тыныштық пен бірлікті, ынтымақ пен тірлікті қалып­­­тас­­тыру мақсатында жаратылғанын, ал Алла­­ның 99 көркем атының бірі – «ассалам» – «тыныштық», «бейбітшілік» еке­нін, «ислам» сөзінің арабшадан тікелей ау­да­рылғандағы мағынасы «тыныштық, бей­біт­шілік» дегенді білдіретінін айтқан абзал.

Мәдени құндылықтарды құрметтеу, мәдениетаралық, дінаралық үнқатысуды қолдау, ата-бабалардың алтын салтын, бейбітшілік пен келісімді, рух бірлігі мен өзара түсіністікті сақтау маңызды игіліктер санатын толықтыра түседі. Дін ықылым замандардан рухани мәдениеттің негізгі нысандарының бірі десек, адам баласының тарихи даму кезеңдерінде ол қоғамның барлық салаларына ықпалын тигізе алатын рухани әрі әлеуметтік басты факторға айналды. Сол себепті де өзара ынтымақтастыққа жаңадан жол ашатын еларалық үнқатысуларды дамыту қай кезде де зорлық пен діни фанатизмнен, экстремизм мен лаңкестіктен арылуға септігін тигізеді деп сенеміз. Шынын айту керек, қай діннің негізін алып қарасаңыз да сенім мен сүйіспеншілікті, мейірім мен махаббатты табасыз. Соған қарамастан, кейде «дінаралық шайқас» немесе «ислам экстремизмі» сынды жаппай мұсылман қауымын қаралайтын тосын сөздерді құлағымыз шалып қала береді. Ал енді мұндай қырғи-қабақ соғыстың астарынан діни мүддені емес, саяси, экономикалық, әлеуметтік себептерді іздеген әлдеқайда дұрыс деп пайымдаймыз.

Тарихта мұсылман әлемін қанға бөктірген «крест жорығының» түпкі мақсаты баю мен шұрайлы жерлерді иелену болғаны кім-кімге де артық түсіндіруді қажет етпейді. Дінді осылайша толық ұғынбау, әрі әлгінде айтқа­нымыздай, өзге дінді түсінбеушілік, сыртынан түрлі даурықпа сөздерді ілестіре біржақты ғана пікір түю халықты қашанда қақтығысқа апарып соқтыратын фактор болып табылады. Түрлі діндердің арасына түсіністік көпірі нық орнамай, әлемде ешқашан бейбіт өмір салтанат құрмайды. Сондықтан қай діннің де уағызы мен ұстанымы әділетсіздік пен қақтығысқа қарсы, түрлі келіспеушілікке тоқтам салып, есірткі, ұрпақ азғындығы, экологиялық апат сынды жаһандық мәселелерді жеңуге қызмет етуі тиіс. Күні кешеге дейін діни факторлар бізге халықаралық қатынастарды ірітуші емес, реттеуші күш болып саналып келді. Алайда, соған қарамастан, қоғамдағы түрлі өзгерістер мен саяси-әлеуметтік жағдайларға байланыс­ты басқа да түрлі қиындықтарға тап болуымыз мүмкін.

Соның бір мысалы ретінде айта кету керек, бір кездері Қазақстанда түрлі миссионерлер қаптап кетті. Тоқсаныншы жылдарғы тапшылықтың салдарынан шетелден енген сондай миссионерлік топтардың құрбанына айналған азаматтар аз емес. Олардың көбі өзіміздің қандастарымыз болғаны жанды аяздай қарып өтті. Бұлар баспанасыз, тұрмысы төмен, әлі оңы мен солын ажырата алмаған қазақтың кейбір уыздай жастарын жолдан тайдырып, өздерінің жымысқы әрекеттерін жүзеге асыруға тырысып бақты. Түрлі діни ағымдар пайда болды. Бір шаңырақтың астында өмір сүріп жатқан отбасының тыныштығы бұзылып, әп-сәтте ойран-топаны шығуы үйреншікті оқиға санала бастады. Жергілікті ұлт өкілдері бұрын-соңды бастан кешпеген сұмдық оқиғаларға куә болды. Дінді бөлшектеп, іріткі салуды мақсат тұтқан пиғылы жат қаскөйлердің кей ретте арамза ойлары шынымен жүзеге асып кетіп жатқандай да болды. Ата-баба салтынан айдың-күннің аманында бас тартқан қаракөздерімізді қайта оралту өте қиын соғып тұр.

Ежелгі діни сенім-нанымдарды сақтау мен дәстүрлі жолды табу ендігі кезекте көп болып жұмылып іс атқаруды талап етеді. Дін туралы ойларды саралай келгенде, бұл саланың шаруасы шаш-етектен. Жалпылама саяси тұрғыдан алып қарағанда, жаңа тұрпатты Қазақстанның келбеті егеменді, тәуелсіз, зайырлы мемлекет ретінде айқын да ашық. Мұндағы діни бірлестіктердің қызметі ұлтаралық келісім мен саяси тұрақтылықты нығайтуға негізделген. Кей деректерге тіл бітірсек, 1989 жылы 30 конфессияға тиесілі 700-ге жуық діни бірлестік болса, 2008 жылы елде 46 конфессияға тиесілі 4000-нан аса діни бірлестік жұмыс істеген екен. Қазіргі таңда мұнда 4551 діни бірлестік бар десек, олардың арасында 2337 исламдық, Қазақстанның аумағында православие шіркеуіне жататын 281 діни бірлестік, олардың 230-ы орыс православие шіркеуі, 7-уі старообрядтық шіркеу, рим-католик шіркеуінің 82 бірлестігі, 1189 протестанттық бірлестік жұмыс істейді.

Дәстүрлі емес діни қауымдарға 5 буддистік, 24 индуистік, 12 кришнаиттік, 23 Бахай, 2 трансценденталдық медитация қауымы енеді. Діни емес ұйымдардан «Йеһова куәгерлері» бірлестігінің миссио­нерлік қызметі ерекше назар аудартады. «Йеһова куәгерлерінің» діни орталығы Есік қаласында орналасқан. Оның 79 діни бірлестігі ресми тіркелген және 30-дан аса жергілікті қауымдары бар көрінеді. Ал нақты саны 20 мыңға жуықтайды.

Қарағанды және Алматы қалаларында орналасқан апостолдар рухындағы Евангелшіл христиандар да өз жұмысын белсенді жүргізіп отырған ұйымның біріне жатады. Қазіргі кезде 3 мыңға жуық адамды біріктіретін 40 қауымдары бар десек, пресветериандық ағым елімізде америкалық, оңтүстіккореялық уағыздаушылардың миссионерлік қызметі салдарынан таралған. Оларды шетелдердегі діни орталықтар қолдап отырады. Елімізде 20-дан аса пресветериан бірлестігі жұмыс істейді. «Бірінші пресветериан шіркеуі», «Алматы аймақтық пресветериан шіркеуі» бірлестіктері болып жалғасатын мұндай қаптаған ұйымдардың арасында еліміздің заңына қайшы келетін әрекеттермен айналысқан, Лос-Анджелесте штаб-пәтері бар «Грейс-Благодать» діни бірлестігіне соқпай кету әсте мүмкін емес. Ал «Мун Сан Мен» діни бірлестігі халықаралық ұйымдардың атын жамылып, «аңқау елге, арамза молданың» керімен түрлі дәрістер өткізген.

Бір сорақысы, миссионерлік ұйымдар­дың шоқындыру саясаты Африка және Азия халықтары арасында үзілмей жалға­сып келе жатқан науқан екенін ешкім жоқ­қа шығара алмайды. Осы арада ерекше ескерер жәйт, миссионерлік ұйымдарға жіберетін елдердің қайырымдылық қорла­ры өте мол көрінеді. Олар өйткені әуелден-ақ, табаны сол жерге тиген күннен бастап жергілікті халықтың дінін, тілін, тарихын, әдет-ғұрпын, психологиясын әбден зерттеп зерделейді. Содан соң негізгі жұмыстарына кіріседі. Жұмысы, қызметі жоқ, өмірден әлі орнын таппаған жандар, рухани күйзеліске душар болғандар, қиындыққа төтеп бере алмай, жүйкесі сыр бергендер т.б. миссионерлер құрған тұзаққа тез түсіп қалады.

Алаңсыз жатқан сәбидің тәтті ұйқы­сына ұқсас тыныштық деген нәрсе де өте қорғауды, көп болып сақтауды қажет ететін ең басты құндылығымыз екені даусыз. Осы тыныштық әуені бұзылмауы үшін алдағы уақытта не істеу керек деген сауал тұрады. Мұның жұртқа ұғынықты қарапайым ғана жолы бар. Дәстүрлі емес діни ағымдардың әдебиеттері, түрлі насихаттары, бейнетаспалары ел ішінде жіті қадағаланып, тіпті таратылмас бұрын сараптан, парасат сүзгісінен өтуі тиіс деп санаймыз. Ислам атын жамылған кейбіреулер халықтың бетін теріс жаққа бұрғысы келеді. Соның арасында атам қазақтың ата дәстүріндегі құндылықтарды құрметтемеу сияқты істер бой көрсетіп қалатыны өкінішті. Мысалы, о заманда, бұ заман, қаза болған адамды сол заматта тез жерлеп тастау дегендей бұрын-соңды құлағымыз шалмаған жағдай алдымыздан шықты. Ас берілмейді, зират салынбайды, тасы көтерілмейді. Есесіне мүлде басқаша рәсімдерді сыналап ендіру әрекеті қылаң беріп қалады. Шеттен кірген кей діни ағымдар қазақты өзінің бойына дарыған өнер атаулыдан жұрдай етуге дейін тайынбайды. Теледидар көруге тыйым. Оларға салсаңыз, осы дәуірге дейін ата-бабаларымыздың салт-дәстүрінде сақталған басты құндылықтардың бәрінен бүгін қол үзіп, өзіміздің тегімізді, түбімізді жылы жауып қоя салуымыз керек сияқты. Өз өмірін мақсатты іске пида еткен адамның өліміне байланысты ойдан небір нәрселер шығарылып, жұртты түзу жолдан тайдырумен айналысады. Мәселен, бұл орайда белгілі қаламгер Уақап Қыдырханұлының: «Ислам террорға, зорлық-зомбылыққа, бейбіт жандарға күш қолдануға қарсы. Бүгінгі таңда әлемнің түкпір-түкпірінде ислам атымен сандаған жазықсыз адамдардың қаны төгіліп жатады. Жаратушы сөзімен қарасақ, бір адамға қиянат жасап, құрбан ету күллі адамзатқа бағытталған амал ретінде түсіндіріледі», деп исламның қақтығыс, лаңкестік, зорлық-зомбылық, өктемдік сияқты теріс әрекеттерді айыптап, қоғамдық тұрақтылықты, ізгілікті, ұстамдылықты уағыздаушы дін екеніне көңіл аудартуы бекер емес.

Қорыта келгенде, дінді қай елде де екінші, үшінші кезектегі мәселе деп ойлайтындар қателеседі. Ол бірінші орынға шығып тұрған бүгінгі күннің басты тақырыбы. Бүкіл жер бетіндегі тіршіліктің тірегі де, тіні де дін десек, сол сияқты діни факторлардың, оның ішінде рухани құндылықтардың халықаралық қатынастарды нығайтудағы рөлі айрықша екені белгілі. Халықты өзара қақтығыстан қорғайтын, ұлтты бөлінуден сақтайтын қасиетті ұғымның қадірін жаңа кезеңде қалай түсініп жүрміз? Қазақстан әлемге діни-рухани форумның орталығы есебінде танылған уақытта қандай діни іс-шараларға көбірек ден бұрған бұрынғыдан да анағұрлым маңызды, анағұрлым ауқымды іс-шаралар күтіп тұрғаны сөзсіз. Себебі, бүгінде әлемді дүр сілкінткен діни төзімсіздік, діни экстремизм мен лаңкестік шарпуының шаңы айналаңдағыны анық көрсетпеуге айналды. Халықаралық қатынастардың ХХІ ғасырдағы діни үнқатысуының маңызы сол себепті де өте маңызды болып саналады. Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастама көтеруімен өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері халықаралық қатынастағы заманауи діни факторлардың біріне жатады. Адамзатты тыныштыққа үндейтін жарқын ойлардың осы шараның мінберінен дүниеге тарауы ел үшін үлкен мерей десек, діни құндылықтар қашанда біріктіру мен интеграциялық үдерістердің күшті факторы болып қала береді. Ол үшін діндердің бойынан бір-бірін қырып-жоятын күш пен тоқтатар тоғанды емес, қайта керісінше, бір-бірін толықтыратын, біріне бірі қонып тұратын үйлесімділікті табуға тырысып бағуымыз керек. Қазақ елін бүгінде бүкіл әлем сол идеяның отаны, шаңырағына бейбіт ұялаған ғажайып ел ретінде танып отыр.

Ардақ БЕКЕНОВА.