Еңбекпен қамту орталығының мамандары айтқандай, нарық талабында әйел адамдарға жұмыс табу оңай емес, ал 50-ден асқаннан кейін тіпті қиын. Еліміздің компанияларында, ұжымдарында әртүрлі жастағы адамдар еңбек етеді. Көбінің жасы 30-дар шамасында. Жұмыс берушілер жастарға азғана ақша төлеп ұстауға болады немесе олар жас болғандықтан жұмысты беріле істейді деген сияқты мысалдарды дәйек етеді. Ал жарнамалық газеттерде «Жұмыс іздеймін» деген айдармен негізінен 50-ден асқан ханымдар құлақтандыру береді екен.
Еңбекпен қамту орталығының мамандары айтқандай, нарық талабында әйел адамдарға жұмыс табу оңай емес, ал 50-ден асқаннан кейін тіпті қиын. Еліміздің компанияларында, ұжымдарында әртүрлі жастағы адамдар еңбек етеді. Көбінің жасы 30-дар шамасында. Жұмыс берушілер жастарға азғана ақша төлеп ұстауға болады немесе олар жас болғандықтан жұмысты беріле істейді деген сияқты мысалдарды дәйек етеді. Ал жарнамалық газеттерде «Жұмыс іздеймін» деген айдармен негізінен 50-ден асқан ханымдар құлақтандыру береді екен.
– Тіпті еден жуушы болып кіру үшін конкурстан өту керек, – дейді Семей тұрғыны Мерей Асетова, – қырық, елуге келген кезде басқа мамандық табу қиынның қиыны, дегенмен, мемлекетіміздің «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бар екендігін білгеннен кейін, әкімдікке арнайы барып едім, іздегенім тура алдымнан шықты.
Аталмыш бағдарламаға Семей өңіріндегі әйелдер қауымының тең жартысы қатысып отыр. Олардың барлығы да түрлі тағдырдың, түрлі мамандықтың иелері. Бағдарлама арқылы өздерін қоғамға пайдалы деп тауып, еңбекке белсене араласуда. Мәселен, Әмина Түсіпова кезінде педагогикалық колледжді бітірген, жас кезінен бастауыш сынып мұғалімі боламын деп армандаған еді. Бірақ оқуын тәмамдаған соң, мамандығы бойынша жұмысқа кіре алмады. Тіпті жұмысқа кіруге тырыспады десе де жаңылмаспыз. Қонаққа барып отырып, болашақ жұбайымен танысып, тұрмысқа шығып кетеді. Сөйтіп, бір жылдан соң өмірге қыз бала келіп, Әмина қолындағы сәбиін әлдилеп, күйеуін жұмыстан тосып алатын болды. Күйеуі электрик, жалақысы жақсы болды. Бір күні ол Әминаға келіп, кешір, мен басқа адамды сүйіп қалдым дегенді айтады. Киім-кешегін жинап кетіп қалады. Қызыма көмектесем, бірақ қалта телефоныма қажет дүниелерін жазып жібер, сөйлесіп, көрісуіміздің қажеті жоқ дейді. Мұндай жағдайға тап болам деп ойламаған Әмина бас кезінде ажырасқаны үшін қиналып, жылауға да шамасы келмей қалады. Бала өсіп келеді, оны асырау керек. Жұмыс жоқ. Біресе қалта телефондарының сатушысы, біресе әйел адамдарға арналған косметика сатамын деп жүріп, жөнді ақша таба алмай әбден қиналады. Сөйтіп, басқа мамандықты меңгеруге бел буады. Семей қалалық әкімдігінің жұмыспен қамту орталығына келіп, көмек сұрайды. Жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша кондитер мамандығын таңдайды. «Жастар» колледжінде қайта оқудан өтіп, маманданады. Оның үстіне күйеуін күтем, тамағын істеп берем деп үйде отырған 8 жылы босқа кетпепті. Жаңа мамандықты тез игерді. Жұмыспен қамту орталығы, оқу орны мен жұмыс беруші және Әмина арасында төрт жақты келісімшарт жасалды. Осының нәтижесінде ол қаладағы ЖШС-ге тәжірибе жинақтауға қабылданып, әрі қарай сонда жұмыс істеуге қалдырылады. Бүгінде Әминаның жұмысы бар деуге болады.
Ал Нұрсұлу Жобалаева бағдарламаға келмей тұрып, қаладағы бір серіктестікте киім пішуші болып істейді. Бірақ мұнда ақшаны жөнді ала алмай, оның үстіне жұмыс уақыты да көңілінен шықпай, ақыры орталыққа келеді. Сөйтіп, «тігінші-модельер» мамандығын иеленіп, алты ай оқып шығады. Әлеуметтік келісімшарт арқылы жұмысқа тұрып, бүгінде қалаға белгілі атақты тігінші болып отыр. Нұрсұлу тіккен киімдерді халық тұтына бастады.
Тағы бір кейіпкеріміз – Альмира Шідербаева. Университетті «қаржы» мамандығы бойынша үздік аяқтаған ол мамандығы бойынша жұмыс таба алмай, жұмыссыз ретінде тіркеледі. Бірақ 3 жылдан кейін ғана жұмыспен қамту орталығы бар екендігін естіп, құстай ұшып жетеді. Мамандар оған «Жастар тәжірибесі» арқылы тәжірибе жинақтауды ұсынады. Қаладағы банктердің бірінде тәжірибеден өткен ол осы жерде ұжымға жағып, жұмысқа алынады.
Жұмыспен қамту бағдарламасы тек қала тұрғындары ғана емес, ауыл әйелдерін де еңбекпен қамтуда. Знаменка ауылының тұрғыны Қорлан Әшімбаева бағдарламаның басқа бағытын таңдапты. Бұл жерге келгенге дейін ол бухгалтер болып жұмыс істеген екен. Кеңшар тараған соң үй тіршілігінде отырып қалады. Ол тәжірибесі бар адам ретінде әрі ауылдастарына да жаны ашып, кәсіпкерлікпен айналыса бастайды. Жаңадан жұмыс орындарын ашты. Биыл жаз несиелеу бағдарламасы бойынша 2 млн. теңге алып, мал өсіруде. Бизнес-жоспары бойынша 3 жылқы және 4 сауын сиыр алынып, жем-шөп дайындалған. Бүгінде кәсіпкер қымыз, сүт, қаймақ, ірімшік өндіріп, Семейдің базарларына саудалауда.
Ал Гүлназ Уәкиева «аспаз» мамандығы бойынша арнайы орта білімі бар екен. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын естігенге дейін жұмыс істемей, үйінде балаларының тәрбиесімен айналысқан. Жұмыспен қамту бағдарламасы беретін мүмкіндіктер туралы біліп алған Гүлназ оларды пайдаланып, жеке ісін ашуға бел бууда. Екінші бағытты іске асыру аясында Гүлназ тұрғылықты жері бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстарынан өтіп, кондитерлік цех ашу үшін несие алуды жоспарлап отыр. Сосын жабдықтар, құралдарға тапсырыс беру және сатып алу, ғимаратты жалға алу үшін келіссөздер жүргізбекші. Гүлназ нан-тоқаш өнімдерінің түрлерін көбейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашпақ.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА.
СЕМЕЙ.