Саясат • 01 Шілде, 2020

Парламент бесінші сессиясын аяқтады

176 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кеше Парламентте палаталардың бірлескен отырысы өтті. Онда депутаттар бесінші парламенттік сессияны қорытындылады. Парламент сессиясын жабу отырысы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталды. Алтыншы сайланған Парламенттің бесінші сессиясы заң шы­ғару жұмысының көлемі бойынша да, қабыл­данған заңдар шешімін табуға ықпал ететін міндеттер бойынша да өте ауқымды болды.

Парламент бесінші сессиясын аяқтады

Сессия барысында палаталардың 3 бірлес­кен отырысы өтті. Мәжілістің 41 жалпы отырысында 296 мәселе қаралса, Сенат 25 жалпы отырыста 165 мәселе қарады. Бесінші сессия кезінде қос палатаның қарауында 161 заң жобасы болды, оның 98-і қабылданды. Бүгінгі күні Парламент қабылдаған заңдардың 86-сына Мемлекет басшысы қол қойып, олар заңды күшіне енді.

Парламент қабылдаған «2020-2022 жыл­дарға арналған республикалық бюджет туралы» заң мемлекет саясатының әлеуметтік бағыттылығын толық көрсетеді. Әлеуметтік саланы дамытуға республикалық бюджет­тің барлық шығысының жалпы көлемінің 46%-ы бөлінді.

Сонымен қатар Мәжіліс Төрағасы Нұр­лан Нығматулин жалпы отырыс кезіндегі талқылауда экономикалық өсудің басты факторы бөлінетін қаражат көлемі мен оларды игеру емес, тиімді жоспарлау мен нақты нәтижелерге қол жеткізу екенін атап өтті.

Бұл мәселені депутаттық корпус 2019-2021 жылдарға арналған бюджетке түзетулер енгізу кезінде, сондай-ақ Үкімет пен Есеп комитетінің өткен жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарау кезінде де көтерді.

Бесінші сессия ішінде депутаттар қазақ­стандықтардың өміріндегі өзекті мәселелерді шешу үшін заң шығаруға бастама жасау бойынша өзінің конституциялық құқығын белсенді пайдаланды.

Осы сессияда депутаттар өздері бастамашы болып, 35 заң жобасын әзірледі, олардың 12-сі қазірдің өзінде қабылданып, 23-і бо­йынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

Депутаттар ана мен баланы қорғау, салық салу, аудиторлық қызмет, қылмыстық заңнаманы жетілдіру, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл, ауыл­дық елді мекендерде интернетке қолжетім­ділікті қамтамасыз ету, білім беру, ғылым және басқа мәселелер бойынша заңнамалық түзетулер енгізуге де бастамашылық жасады.

Бесінші сессия кезеңінде қос палата да әлеуметтік саладағы заңнаманы жетілдіру бойынша ауқымды жұмыс атқарды. Парла­мент, ең алдымен «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдады. Жаңа заңда педагог кәсібін реттейтін барлық құқықтық нор­малар бар. Аталған заң педагогтер мен оқушы­лардың жүктемесін қысқартуды бекітеді, мұғалімдер мен мектепке дейінгі ұйымдар қызметкерлерін ынталандыру үшін міндетіне кірмейтін артық функциялардан босатуға ықпал етті.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасы қоғам­да кеңінен белсенді әрі мазмұнды пікір­талас тудырды. Сондықтан Парламенттің қос па­латасының депутаттары үкіметтік емес ұйым­дар, медицина қызметкерлерімен, азаматтық қоғам өкілдерімен тығыз ынтымақтаса отырып, оңтайлы нұсқа іздеу мақсатында заң жобасын мұқият және жан-жақты қарады.

Жаңа Кодекс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халық денсаулығын сақтау жүйесін жақсарту туралы тапсырмаларын ескере отырып әзірленіп, отандық денсаулық сақтауды реформалау тетіктері қамтылды.

Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында Парламент «Ардагерлер туралы» заң қабыл­дады, онда ардагерлерімізге жеңілдіктер мен әлеуметтік кепілдіктер белгілейтін құқықтық нормалар алғаш рет жүйеленіп, топтастырылды.

Халықты әлеуметтік қорғау саласында Пар­ламент депутаттары қабылдаған «Мін­детті әлеуметтік сақтандыру туралы» заңның да маңызы зор.

Өткен сессияда депутаттық корпус жұмы­сы­ның басым бағыты Мемлекет басшы­сының саяси реформаларының заңнамалық негізін қалыптастыру болды.

«Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жиналыстарды, митингілерді, демонстрациялар мен шерулерді ұйымдастыру мен өткізудің қолданыстағы рұқсат беру тәжі­ри­бесін хабардар ету тәжірибесін түбе­гейлі өзгертті. Бұл заң «Халық үніне құлақ аса­тын мемлекет» тұжырымдамасына сай келеді.

Депутаттардың өздері әзірлеген «Қазақ­стан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңның, парламенттік оппозиция мәселелеріне қатысты заңның қабылдануы елімізде демократияны нығайту­дағы маңызды қадам болды.

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин атап өткендей, «парламенттік оппозиция» ұғымын заңнамалық тұрғыда бекіту қазақстандық парламентаризм тарихында жаңа бет ашты. Атап айтқанда, Мәжілістегі пар­ламенттік оппозицияға комитеттердің бірінің төрағасы мен басқа екі комитет хат­шы­ларының лауазымына, парламенттік тыңдау өткізуге бастамашылық жасау, бірнеше үкімет сағатының күн тәртібін айқындау құқығына, сондай-ақ парламенттік оппозицияға өз пікірін білдіру үшін кең ауқымды мүмкіндіктер беретін басқа да нормаларға кепілдік беріледі.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға және «Саяси партиялар туралы» заңға депутаттар енгізген түзетулердің де маңызы зор. Алғаш рет партиялық сайлау тізімдерінде әйелдер мен жастар үшін міндетті 30 пайыздық квота енгізілді. Бұдан басқа саяси партияларды тіркеу үшін кедергі екі есеге, яғни 40 мыңнан 20 мың адамға дейін азаяды.

Сот жүйесін жаңғыртудың берік құқықтық базасын жасау, сот шешімдерінің сапасын жақсарту мақсатында Парламент «Қазақстан Республикасының Азаматтық-процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын енгізу, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылдады.

Депутаттар қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы заң жобасымен жұмыс істей отырып, есірткі тарату, адам саудасы, педофилдік, сексуалдық зорлық-зомбылық және жеке адамға қарсы, әсіресе балаларға қарсы басқа да ауыр қылмыстардың жазасын қатаңдатуға әсер етті.

Өткен сессияда Парламент қабырғасында 13 үкіметтік сағат, 5 парламенттік тыңдау, 20 дөңгелек үстел, комитеттердің 27 көш­пелі отырысы және 2 конференция өтті. Пар­ламенттік тыңдаулар агроөнеркәсіптік кешен­ді дамыту, Қазақстанның су қауіп­сіз­дігі, заң шығару процесін одан әрі жетіл­діру сияқты мәселелерге арналды.

Сессия жұмысы кезеңінде Парламенттің қос палатасының депутаттары 308 депутаттық сауал (оның 204-ін Мәжіліс депутаттары, 104-ін Сенат депутаттары) жолдады. Осы сес­сия барысында Парламент депутаттарына аза­мат­тардан шамамен 9 733 хат келіп түсті, олар қолданыстағы заңнамаға сәйкес қаралды.

Парламенттің қос палатасының депутаттары коронавирустың таралуына қарсы іс-қимыл және төтенше жағдай кезінде тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі ел басшылығының тапсырмаларын бірауыздан қолдап, заң шығару қызметіне барлық күш-жігерін салды. Жалпы алғанда, заң шығару жұмысының қарқыны серпінді болып, қабылданатын шешімдер жеделдетілді.

Парламент депутаттары елде тұрақты­лықты қамтамасыз ету жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруға атсалыса отырып, ұлттық экономика, ауыл шаруашылығындағы егіс жұмыстарын уақтылы жүргізу, халық­ты әлеуметтік қолдау, денсаулық сақ­тау саласындағы жүйелі шаралар, эпиде­миялық жағдайды тұрақтандыру, бар­лық деңгейдегі білім беру сапасы секілді мәсе­лелерді ерекше бақылауға алды.

Алдағы алтыншы сессияда Парламенттің қос палатасының депутаттары ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы­на Жолдауының ережелерін іске асыруды жалғастырады.

Қазіргі уақытта Парламент қоржынында 61 заң жобасы бар. Мұнда Экологиялық кодекс, өзіндік ерекшелігі бар тауарларды ба­қы­лау туралы, өсімдік әлемі туралы заң­дар на­зарға алынады. Сонымен қатар «2021-2023 жылдарға арналған респуб­лика­лық бюджет туралы», әскери қызмет және ар­наулы мемлекеттік органдар қызметк­ер­лері мен әскери қызметшілердің тұрғын үй қа­­ты­­настары мәселелері жөніндегі, билік­тің аудан­дық, қалалық және ауылдық деңгей­лері­нің дер­бестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәсе­лелері жөніндегі және тағы басқа да заңдарды қабылдау аса маңызды болмақ.