Президент • 02 Шілде, 2020

Президент: Назарбаевтың ұсынысы ықтимал қантөгіске жол берген жоқ

3753 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Егемен Қазақстан" газетінде жарық көрген "Тарихи тұлға тағылымы" атты мақаласында Н.Назарбаевтың ТМД құру туралы ұсынысын жоғары бағалады.

Президент: Назарбаевтың ұсынысы ықтимал қантөгіске жол берген жоқ

"Нұрсұлтан Назарбаев кәнігі саясаткер ретінде алып елдің кетеуі кетіп, шаңырағы шайқалып тұрғанын жақсы сезінді. Сондықтан да сол сындарлы шақта Одақ басшылары ортасында жүріп жатқан ойыннан тыс болып, интеграциялық үрдістердің жақтаушысы ретінде көрінді. Бұл ұстанымы қаһарлы елдің қабырғасы сөгілген кезде ТМД ұйымын құруға негіз болды. Жаңа мемлекеттердің құрылуына байланысты "югославиялық сценарийдің" болғанын ескерсек, бұл шын мәнінде ықтимал қантөгістің алдын алған сарабдал шешім болатын.

Тәуелсіздік алған Қазақстанның алдында тағдыршешті таңдау тұрды. Жас мемлекет әлемдік геосаясаттағы орнын анықтап алуға тиіс еді. Бұл туралы Елбасы былай деп еске алады: "Қазақстан қандай ел болады? Азия мен Еуропаның арасына көпір бола ма? Немесе "Солтүстік – Оңтүстік" осіне айнала ма?", деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, Н.Назарбаев жүргізген қайта құрулардың маңызы мен тарихи ауқымын түсіну үшін сол кездегі елдің ахуалын көз алдына  елестетіп көру жеткілікті.

"Кеңестік қоғамнан тәуелсіз Қазақ еліне тұралаған экономика, тоқтаған кәсіпорындар мен ауыл шаруашылығы, кедейшілік, жұмыссыздық мәселелері "мұраға" қалған-ды. Мұның бәрі әлеуметтік қысымды күшейте түсті, кез келген уақытта ел ішінде тұрақсыздық белең алуы әбден мүмкін болатын. Сондай-ақ сол кездегі көптеген саясаткерлер мен сарапшылар еліміздің болашағына үлкен күмәнмен қарағаны да шындық. Олардың пайымынша, Қазақстандағы экономикалық, демографиялық қиындықтар мен шекараның заңды түрде бекітілмеуі елдің шынайы тәуелсіздігіне нұқсан келтіреді-міс. Алайда, тұңғыш Президенттің парасатпен жүргізген пәрменді саясаты әлгіндей сенімсіздік танытқан тұжырымдардың тас-талқанын шығарды. Бір ғана шекара белдеуін шегендеп берудің өзі қаншама қажыр-қайратты қажет етті десеңізші", деді Президент.