Ақордада Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің төрағалығымен Ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлықтарын беру жөніндегі комиссияның қорытынды отырысы өтті.
Ақордада Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің төрағалығымен Ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлықтарын беру жөніндегі комиссияның қорытынды отырысы өтті.
Ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтар ғылым мен техника қайраткерлерінің еңбегін қоғам мен мемлекет алдында жоғары бағалау болып саналады. Ал Қазақстан Президенті Мемлекеттік сыйлықты Қазақстанның азаматтарына еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуын айтарлықтай жеделдетуге, қазақстандық ғылым мен техниканың әлемдегі озық жетістіктер деңгейіне шығуына әкелетін іргелі және қолданбалы зерттеулер саласындағы аса үздік нәтижелері, қоғамға кеңінен танылған бір саладағы ғылыми жаңалықтар, монографиялар мен ғылыми жұмыстары, сондай-ақ, техниканың, материалдар мен технологиялардың әлемдік аналогтары немесе одан жоғары деңгейдегі жаңа түрлерін әзірлегені және өндіруді ұйымдастырғаны үшін беріледі.
Осыған орай, Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин бұл отырыста ережеге сәйкес, еңбектерді тағы да сараптап, қорытынды шешім қабылдау қажеттігін атап өтті. «Бұған дейін Білім және ғылым министрлігі ұсынған жұмыстарға алдын ала мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама жасады. Қоғамдық талқылаудан өткізді. Комиссия ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлықтарын беру туралы Президентке өз ұсынысын береді», деді Марат Тәжин. Мемлекеттік хатшының айтуынша, Комиссияның шешімі құпия дауыс беру үдерісі арқылы жүргізіледі. Сәйкесінше, Мемлекеттік сыйлықтар комиссия мүшелерінің 50 пайыздан төмен емес дауысын жинаған еңбектерге беріледі.
Бұл күнгі отырыстың күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Олардың біріншісі, 2013 жылғы Қазақстанның Мемлекеттік сыйлықтарын беру жөніндегі конкурсқа ұсынылған Ғылым мен техника саласындағы еңбектерді сараптан өткізу болса, екіншісі, 2013 жылғы Ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын беру жөнінде шешім шығару.
Бір атап өтерлігі, 2013 жылғы Ғылым мен техника саласындағы Қазақстанның Мемлекеттік сыйлықтарын алуға барлығы 19 жұмыс түсіпті. Биылғы жылдың 12 маусымында бұл жұмыстарға мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама және сараптамалық-талдау бағалау жүргізу жөнінде отырыс өткізіліп, отырыстың қорытындысы бойынша конкурсқа одан әрі қатысатын жұмыстар тізімі іріктелген екен. Ал аталған жұмыстар жөніндегі мәліметтер қоғамдық талқылау үшін БАҚ-та жарияланыпты. Талқылау кезінде 300-ге жуық пікір (рецензиялар, хаттар, басылымдағы жарияланымдар), сонымен қатар шетел ғалымдарынан 116 пікір келіп түсіпті. Осыған орай, конкурстық жұмыстар ұсынылған пікірлер мен рецензияларды ескере отырып, секциялық-сараптамалық отырыстарда қаралыпты.
Комиссияның қорытынды отырысында Мемлекет басшысының қарауына ұсынылатын 3 жұмыс бекітілді. Ал Мемлекеттік сыйлық лауреаттарын марапаттау рәсімі Тәуелсіздік күні қарсаңында өтеді.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».