Қоғам • 02 Шілде, 2020

Карантинді күшейту – аса қажетті шара

191 рет көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың коронавирус инфек­циясының таралуына қарсы күрес шаралары жөнінде өткен кеңес барысында жұмысына салғырт қарағаны үшін бірқатар қала және облыс әкімдеріне сөгіс жариялағаны белгілі. Сондай-ақ сол жиында Президент тағы үш облыстың әкімдеріне өңірлердегі ахуалды реттеу қажеттігін қатаң түрде ескертті.

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, EQ

Тәртіптік жауапкершілікке тар­тылған лауазымды тұлғалардың қа­та­рында Қарағанды облысы әкі­мінің есімі болған жоқ. Ал Арқа төсіндегі қазіргі эпидемиялық жағдайды мәз деп айта алмаймыз. Қолдағы бар деректерге жүгінсек, індетке қатысты аурушаңдықтың еліміз бойынша өсімі 2,4 % болса, Қарағанды облысында бұл көрсеткіш 4,4 пайыздың мұғдарында екен.

Өткен жолы Премьер-Министр­дің алдында есеп берген облыс­тың әкімі Жеңіс Қасымбек өңір эко­но­микасының еліміз бойынша алдыңғы орындардың бірінде келе жатқанын айтқан болатын. «Ағымдағы жылдың 5 айының қо­рытындысы бойынша облыстың не­гізгі әлеуметтік-эконо­микалық көр­сеткіштерінің оң серпіні қам­­тамасыз етілді: өнеркәсіпте (103,2%), ауыл шаруашылығында (102,8%), құрылыста (124,9%), көлік сала­­­сында (77,4%), саудада (88,7%). Өнер­­кәсіптің нақты көлем индексі 103,2% құрады. Бұл өткен жылдың сәй­кес кезеңімен салыстырғанда 10%-ға жоғары», деп баяндаған-ды өңір басшысы.

Мұны еске алып отырған себе­біміз, ел Президенті осы жайтты ес­кер­гендіктен, Қарағанды облысының әкіміне оң қабақ танытқан сияқты сол кеңес отырысында. Әйтпегенде...

Иә, бүгінгі таңда Арқа төсі індет­тің таралуы бойынша Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларын ғана алға жібе­ріп, өзгелерден көп ілгері кеткен. Соңғы түскен деректі сөйлетер болсақ, өңірде 2268 адамның «жаман тұмау» жұқтырғаны ресми түрде расталып отыр.

Қаза берсе, коронавирус инфек­ция­сының бұлайша кең таралуына кінәлі себептер көп-ақ. Мәселен, «Қазақмыс» компаниясына қарасты «Нұрқазған» деп аталатын кеніште карантин талаптарының өрескел бұ­зылуының салдарынан жүздеген жұ­мысшы КВИ-дің шеңгеліне ілігіп, мың­даған адам еңбек ететін ұжым  ін­­деттің ірі ошағына айналып шыға келді.

Жалпы, коронавирус дертінің ел ішіне кеңінен таралуына адамдардың ескерту біткенге құлақ аспаған керен­ау­лығы мен немқұрайдылығы ті­келей себепкер болып отырғаны белгілі. Айналаны «жаман тұмау» жайпап жатқанда, біздің кейбір ағайындар тығылып той жасап жүр. Той өз алдына, аурудың өртше қаулап, белең алуына тағы бір жөн-жосық ерекше «еңбек» сіңіріп жатыр. Ол – өлікке бару, жерлеуге қатысып, құдайы аста болу.

Иә, өмір болған соң өлім-жітімнің ұшырасып тұратыны заңдылық. Жа­қыны қайтыс болса, «ой, бауырымдап» ат қойған бүгінгі қазақтың індет-сіндетке қарайтын түрі көрінбейді. Коронавирус жұқтырудың жүз пайыз ықтимал екенін біліп тұрып, басын бәйгеге тігіп келеді. Бармаса – ұят. Ал ұят дегеніңіз қазақ үшін өліммен тең...

Таяуда, жас өлік шыққан үйдің бірінде болғанымыз бар. Қазалы отбасына облыстың түкпір-түкпірінен келген адамда қисап болмады. Жылап-сықтап, құшақтасып, көңіл айтып жатқан жұрт. Бетперде таққан бір де бір жан көзімізге түспеді. Бұл жерде, әлгі, әлеуметтік қашықтық туралы айтудың өзі артық. Марқұмды жерлеп болғаннан кейін, дағарадай мешітте құдайы асы берілді. Ондағы адам санының өзі екі жүзден асып жығылды. Үйдің жабығынан індет сығалап тұрғанда, марқұмды ақырғы сапарына жөнелтіп келген қауым алқа-қотан отыра отыра қалып молда құран оқып болғаннан кейін, қаннен-қаперсіз ас-су ішіп жатты...

Осының бәрін көріп отырып, жұмыр басқа мынадай ой келеді: адамы қайтыс болған үйдің немесе әулеттің үлкені осындай жағдаятта бар жауапкершілікті мойнына алып, өлікке келмекші жамиғатқа басу ай­тып, адам санын шектеуі керек сияқты. «Бармасам, ұят болады», деген алыс-жақын туысқа рұқсатын беріп, риазалығын білдірсе. Қалай болған күнде де, шұғыл түрде бірдеңе істемесе болмайтын түрі бар...

Жалпы, жағдай тығырыққа ті­рел­ген осындай кезде молда-имам­дардың тым-тырыс қалғаны түсі­ніксіз. Біздіңше, дін өкілдері халық­тың алдына шығып, теледидардан, әлеуметтік желілерде пандемия ке­зін­дегі өлікке, жерлеуге, ас беруге қа­тысты жеті рет өлшеніп, бір рет ке­­сілген белгілі бір шешім қағидатын  жариялағаны жөн сияқты.

Осыдан біраз бұрын, облыстың Шет ауданындағы Жарық кентінде қай­тыс болған адамның қырқына кел­ген азаматтардың жиырма шақты­сы індет жұқтырып, ауруханаға жат­қызылды. Мұндай мысалдарды айта берсек, жетіп артылады. Жа­сыратыны жоқ, қазір ауылдарда тұр­ғындар тұмаумен жаппай ауыра бас­тады. Солардың көбінің қалаға барып, дәрігерге көрінуіне мүмкіндігі де, құлқы да жоқ. Үйде жатып, әр­кімнен бір естіген ем-домдарын өз бет­те­рінше жасауда. Мұның қайдан кел­­ген, қандай тұмау екенін тірі жан білмейді. Ең сорақысы сол, қазір­гі уақытта ауылдық жерлердегі эпи­де­миялық ахуал атқарушы билік тарапынан тіпті де бақылауға алынбаған. Шынын айтқанда, халық өз қотырын өзі қасып жатыр...

Жоғарыда Президенттің қиын-қыстау кезеңде жұмысын былжыратып алған әкімдерге сөгіс бергенін айт­тық. Қарағанды облысының әкімі де бұдан бұрын бақылауды әлсі­ретіп, індеттің таралуына жол берген екі әкімді жазалағаны бар-тын. Ка­рантиннің жағдайында бір есептен бұл дұрыс та шығар. Дегенмен, дәл қазіргі эпидемиялық ахуал ас­қынған кезде аудандар мен ауылдық жерлердегі әкімдерге уақытша болса да қосымша өкілеттік берілсе дейміз. Жергілікті басшының қолында заң күші бар тетік болса, ел ішіндегі жиын­­ның қандайының болсын жолын кесуге қауқары жетер еді. Ал бұлай іс­теу қолынан келмеген әкім-қараға қол­данар шара тіпті де қатаң болуы тиіс. Қазіргі күрделі кезеңнің талап ете­рі де осы болса керек.

Рас, қазір маңдайына тиген жұрт тойдан тыйыла бастады. Ал өлікке бару, жерлеу рәсіміне қатысуға қа­тыс­ты қандай да бір тоқтам мен бай­ламның болмай тұрғаны өкінтеді. Бү­гінгі күнде ағайын өлікке бармай «ті­рідей өлу» мен өлікке барып, тірі қа­лудың ара-жігін ажырата алмай дал болып жүрген сыңайлы. Қазақтың: «Өлгеннің артынан өлмек жоқ» дегені – ауыр сөз. Дегенмен, дәл қазіргі пандемияның асқынған жағдайында карантинді күшейту қажетті шараға айналды.

 

Қарағанды облысы

 

Соңғы жаңалықтар

ҚХЛ: Виза бермей жатыр

Хоккей • Бүгін, 15:18

COVID-19 адамнан итке жұққан

Коронавирус • Бүгін, 14:15

Қиын кезең артта қалды - министр

Қазақстан • Бүгін, 11:14

Жырақта өткен жиырма жыл

Оқиға • Бүгін, 08:16

Ұқсас жаңалықтар