11 Қазан, 2013

Көмірдің өңірге әсері қандай?

490 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

02-сенат2Сенат Төрағасы Қайрат Мәмидің жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысының күн тәртібі бойынша төрт мәселе қаралды. Депутаттар бұл жолы Балқаш жылу электр стансасы мен еңбек көші-қоны мәселелеріне қатысты заң жобаларын қызу талқыдан өткізді.

02-сенат2Сенат Төрағасы Қайрат Мәмидің жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысының күн тәртібі бойынша төрт мәселе қаралды. Депутаттар бұл жолы Балқаш жылу электр стансасы мен еңбек көші-қоны мәселелеріне қатысты заң жобаларын қызу талқыдан өткізді.

Күн тәртібінде алдымен палата Қазақстан Президентінің Ұлттық Банк төрағасын тағайындауына келісімін беру мәселесін қарап, ол бойынша тиісті қаулыға қолдау білдірді. Елбасының Қайрат Келімбетовті тағайындауға ке­лісім беру өтінішін Президент Әкімшілігінің Басшысы Кәрім Мәсімов жеткізді.

Бұдан кейін депутаттар Қа­зақстан Республикасы мен Корея Республикасы үкіметтері арасындағы Балқаш жылу электр стансасын дамыту, қаржыландыру, жобалау, салу, пайдалану және оған техникалық қызмет көрсету саласындағы келісімге өзгерістер енгізу хаттамасын ратификациядан өткізді. Балқаш жылу электр стансасына қатысты келісімге 2 жыл бұрын қол қойылған. Енгізілген өзгерістер Үкіметтің электр энергиясы бағасын белгілейтін құқыққа ие болуын қарастырады.

Жалпы, Қазақстан тарапынан бұл инвестициялық жобаға «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ жауапты болса, оны іске асыратын «Самұрық-Энерго» АҚ. Заң жобасы бойынша қысқаша баяндап берген Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевке депутаттар көптеген сұрақтар қойып, өз ойларын ортаға салды. Мәселен, Светлана Жалмағамбетова екібастұздық көмірдің күлділігі жоғары екенін айтып, оны байыту мәселесін алға тартты. «Самұрық-Энерго» АҚ басқармасының төрағасы Алмасадам Сатқалиевтің сөзіне қарағанда, көмірді байыту үшін басқа шығындарды айтпағанның өзінде үлкен көлемдегі су қажет екен. Оның айтуынша, сондай-ақ, қоршаған ортаға шығатын тастандыларды сүзгіден өткізу талаптары еуропалық стандарттарға сәйкес жүзеге асырылып отырған көрінеді.

Басқарма төрағасының мәліме­тіне қарағанда, бір жылда жиналатын күл көлемі 1,8 миллион тонна болса, соның 1,36 миллионы күлді-извест цементін шығару технологиялық желісіне бағытталатыны белгілі болып отыр. Бұдан басқа, күлді-керамикалық және күлді-бетондық өнімдер шығаруға да қалдықтар пайдаланылады деп жоспарланыпты.

Осы ретте сенатор Қожахмет Баймаханов күлді қалдықтардың жоғарыда аталған өнімдерін шы­ғару жарамдылығына өз күмәні бар екенін де жасырмады. Жал­пы, қазіргі таңда елімізде қатты қалдықтар көлемі миллиард тон­наға жетсе, Балқаш ЖЭС-інен шыққан қалдықтар соның 2 пайы­зын ғана құрайтыны да айтылмай қалмады. Екібастұздық көмірдің күлділігі 40 пайызға дейін жететіндігін көлденең тарт­қан сенатор Иран Әміров эко­ло­гиялық тәуекел ескерілмей отыр­ғандығына қынжылыс білдірді.

Ә.Исекешев 2018 жылы оңтүстік өңірлерде электр энергиясының жетіспеушілігі 2 мың мегаватқа жететіндігін айта келіп, инвестицияның 75 пайыздық үлесін корейлік тарап салып отырған жобаның тиімділігімен бөлісті. Салынған инвестиция толық қайтарып алынғаннан кейін ЖЭС тек қазақстандық тарапқа пайда әкеледі.

Кешегі отырыста депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Люксембург Ұлы Герцогтігінің Үкіметі арасындағы Табыс және капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияны және осы Конвенцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады.

Сонымен қатар, сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына бірінші оқылымда қолдау білдіріп, мақұлдады. Заң жобасы еңбекші көшіп келушілерді заңдастыруға және көші-қон үдерістерін мемлекеттік реттеуді жетілдіруге бағытталған.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар