
Батыс Украинадағы Ровно облысының Острог деген қалашығында тұратын Михаил Якубович деген жас украин ғалымы «Құранды» өз тіліне аударып шықты. Бұл туралы Әзербайжанның «Дәйәрләр» порталы жазды.
Жиырма алты жасар ғалым бұл аудармамен бес жыл бойы айналысыпты. Оның кітабында әрбір сүренің түпнұсқасымен қоса, мәтінге украин тілінде түсіндірме берілген. Ол түсіндемелерді «Құранды» оқудың классикалық беделді үлгісіне сүйеніп жасаған. Оқырмандар қазірдің өзінде қасиетті кітаптың украин тіліндгі нұсқасын Интернеттен тауып оқи алады.
Михаил Якубович мұнымен де тоқтаған жоқ. Қазіргі таңда «Острог академиясы» ұлттық университетінің ғалымдары оның басшылығымен «Құранның» Острозьский тәржімалаған нұсқасын зерттеуде. XVIII-XIX ғасырларда тап осы қалада татар қауымының жинақы болып тұрғаны белгілі. Сол кезде шығарылған бұл вариант поляк және украин тілдерінде жазылыпты. Бірақ мәтіні араб қаріптерімен терілген.
«Бүгінде Михаил Якубович өзінің украин тіліндегі «Құраны» Украинаның кітапханалар жүйесіне кеңінен тарауын армандайды», - деп жазады The Kiev Times басылымы осыған орай.
Атап өту керек, мұсылмандардың қасиетті кітабының украин тіліндегі толық аудармасы алдымен Сауд Арабиясындағы король Фахд атындағы «Қасиетті Құран» баспа жөніндегі кешенінде жарыққа шыққан. Бұған дейін бұл нұсқа Интернет арқылы тараған.
«Электронды нұсқа кешенде басылып шыққан мың бетке таяу баспа өнімінің өзіндік бір параллель басылымы болып табылады», - дейді Михаил Якубович.
Оның айтуынша, аударма кең аудиторияға жолдама алмас бұрын әуелі Сауд Арабиясындағы сарапшы-құраншылардың қолдауына ие болған. Соның ішінде «Араб тілінің оқулығы» кітабының авторы доктор В.Абдур-Рахим комиссия төрағасы және кешеннің аударма бөлімінің жетекшісі қызметін атқарған.
Аударманың дұрыстығы мен дәлдігі турасындағы тап осындай жұмысты «Құранды» ғылыми негізде оқушы мұсылмандар ортасындағы беделді мамандар шейх Хазим Хайдар мен шейх Омар Хавия орындаған. Сондай-ақ кеңесші ретінде Медина және Каирдегі Аль-Азхар университеттерінің профессоры Ахмад аш-Шаркави қызмет жасаған.
Еске сала кетейік, «Қасиетті Құранның» мән-мағынасын Валерий Басыров жасаған украин тіліндегі аудармасы 2010 жылы жарыққа шыққан болатын.
Мұрат Айтқожа.