Аймақтар • 03 Шілде, 2020

Алматыдағы жағдай бақылауда ма?

270 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Алматыда эпидемиялық жағдай күрделеніп бара жатқанын айналадағы бейресми жаңалықтар мен қаралы оқиғалардан ғана білуге мәжбүрміз. Қала тұрғындарының көңіліндегі алаң мен журналистердің көкейіндегі сан сауалды соңғы аптада қала әкімдігінің пандемияға байланысты құрған чатына қайта-қайта жолдағанмен, жауап жоқ. Онлайн-брифингтер де сап тыйылды.

Алматыдағы жағдай бақылауда ма?

Алматы қаласының бас мемле­кеттік санитарлық дәрігері Жандар­бек Бекшиннің коронавирус жұқтыр­ғаны жайлы ақпарат сайттарды кезіп жүр. Оның алдында ғана Алматының бас дәрігері Камалжан Надыров ін­детінен сауығып, жұртты мазалаған бірқатар сауалды реттегендей бол­ған. Қысқасы, бұдан былайғы жерде бірнеше миллион халқы бар, вирус жұқтырған мың­даған пациенті бар мегаполистегі құзырлы мекемелер БАҚ сауалдарына жауап бермейді деген ақпарға ғана қол жетті.

Енді өңірлер жолдаған сұрақтарға Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері ғана жауап береді екен. Эпи­демиялық жағдайды астана тарат­қан деректерден ғана білмекпіз. Бүкіл облыстар, әрбір қаладағы ахуал мен әр өңірдегі журналистердің жүздеген сауалын министрлік қалай меңгереді? Ал ортақ брифинг қай күні, қашан өтеді? Қысқасы, қала әкім­­дігінің «те­резесін тарсылдатып», «есігін жұл­­қылағанмен» жуық арада жауап естілмейтініне көз жеткен соң, әріп­тестерімізбен бірге өз бетімізше ақпарат жинауға көштік. Мысалы, ден­саулық сақтау саласында жүрген мамандардың сөзіне қарағанда, коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлердің 30 пайызы ауру жұқтырып үлгерген.

Шындап келгенде, Қазақстанда індет жұқтырғандар саны ресми статистикадан әлдеқайда көп, мұны зерттеп жүрген ғалымдар айтады. Ақи­қатында, әр адам өзінің сау немесе ауру екеніне күмәнмен қарайтын жағдайға жақындадық. Алайда дәрігерлер қазіргі жағдайға қарап, вирусты жұқтырған адам саны 170 мыңға дейін жетуі ық­тимал деп болжайды. Мәселен, Ден­саулық сақтау министрлігінің жұ­мысын мінеп жүр­ген маманның бірі – медицина ғылымдарының кандидаты, невролог-дәрігер Қайырғали Көнеев министрлік жағдайды бақы­лаудан шығарып алғанын жеткізді. ПТР-тестілеудің бағасын негізсіз қым­баттатып, сынама алуға мүмкіндігі бар зертханаларға рұқсат бермей отыр­ғанын да атап өтті.

«Қазір бейғамдыққа бір минут та уақыт жоқ. Жағдай қиын. Билік халықпен бірігіп жұмыс істеуі керек. Денсаулық сақтау министрлігінің алдыңғы әрекеттері «біз ақылдымыз, басқаларың топассыңдар, біз қалай айтамыз, солай істеңдер» деген сарында болды. Ал бұл жағдайды тығырыққа тіреді. Төтенше жағдай енгізілгеннен бастап халық министрлікті мүлдем тыңдаған жоқ. Енді қатаң каран­тин режімін енгізуден де түк шық­пайды. Бұған дейінгі еңбектің бәрі да­лаға кетті. Жағдайды зерттегенде, шынайы қарағанда коронавирусты тұншықтыруға болар еді. Олар жағ­дайды жасыру үшін тестілеуді де тежеді. Істі шынайы бағамдап, бақылау үшін тәуелсіз сарапшыларды, тәуелсіз санитарлық аудиторларды араластырып, тәжірибелі мамандарды тыңдау керек еді. Министрліктің осы уақытқа дейін жасаған жұмысын 1-5 балл аралығында бағаласам, министрлікке минус екі деген баға қояр едім», деді невролог-дәрігер Қайырғали Көнеев.

Көнеев мырза COVID-19 вирусын анықтайтын 500-18000 теңге ара­лындағы ақылы тестің құны өте қымбат деп есептейді. Маман коронавирусты анықтайтын сынаманың құны әрі кетсе 2,5 мың теңгеден аспайтынын айтады. Оның үстіне, министрлік адамдардан ПТР-тест алуды тек санаулы зертханаларға ғана тапсырған. Сынама алып үлгере алмай жатса да, басқа зертханаларға рұқсат берілмеді. Дәрігер-маман мұның лобби, монополия болуы мүмкін екенін айтты. Сол сияқты «Альта» медициналық орталығының мамандары: «ПТР-сынамаларын 1 мың теңгеге де жасауға болады, алайда оның сапасы нашар. Сапалының бағасы 2000-2500 теңгеден аспайды. Сынама құны қымбат әрі дер кезінде анықталмағандықтан, қазір екінің бірі пневмония. Яғни пнев­монияның асқынған түрі – COVID-19. Коронавируске сынама ха­лыққа толығымен тегін болу керек. Әлеуметтік аз қамтылған топ­тарды неге жаппай тексермеске? Ме­дициналық сақтандыруға аударылған ақша қоғамдық скринингке, қазіргідей аса қиын сәтте жұмсалмағанда, қа­шан жұмсалады? Тестілеу мен емдеу құқығын басқа клиникалар мен зертханаларға да беру керек. Зерттеу жасауға, емдеуге шамасы жететін меди­циналық мекемелер көп. Өзге клини­калардың емдеуіне рұқсат жоқ. Негізі, ПТР-тест жасай алатын мекемелер көп», деді.

«Ауруханалардағы төсек-орын тапшылығынан науқастардың көбі үйінде емделуге мәжбүр. Үйге дәрігер шақырғанымен, оған баратын маман тағы жетпейді. Бәрін қамтып үлгере алмай жатырмыз. Қазір дәрігерлердің, медицина қызметкерлерінің көбі вирус жұқтырып, өздері де ауырып жатыр. Бұлай жалғаса берсе, науқастарды емдейтін маман қалмауы мүмкін. Сондықтан карантин енгізу керек. Денсаулық сақтау министрі айтқан болжамдар аспаннан алынған жоқ, індетті тоқтатпасақ, жағдай бұдан да қиын болуы мүмкін», дейді С.Асфендияров атын­дағы ҚазҰМУ ішкі аурулар кафе­драсының меңгерушісі Ахметжан Сүгірәлиев.

«Қазір індетке шалдыққандар біз білетін статистикадан 2-3 есе көп бо­луы мүмкін екенін сенімді түрде айта аламын, біздің бөлімде бірнеше қызметкер ауырды, бірақ ПТР теріс нәтиже көрсетті. Алайда компьютерлік томография кезінде екіжақты пневмония анықталды. Сондықтан статистика сенімсіз болуы мүмкін. Компьютерлік томография бойынша расталған жағдайлар коронавирусқа жата ма, жоқ па? Егер ПТР-тест растаған жағдайлар ғана есептелсе, онда бұл сенімсіз. Себебі Алматыда соңғы апта ішінде ПТР-сынамалары жүргізілмеді. Осы уақыт ішінде біз қанша адамның коронавирустан өлгенін білмейміз. Ин­фекция статистикасы жазылған сайт адамдарды адастырады. Егер бұл көрсеткіш 100 немесе 200 мың болса, бәлкім адамдар басқаша қабылдар ма еді? Жұқтырғандар көбірек деп сенімді түрде айта аламыз», дейді дәрі­герлер арасынан «Қазақстанның 100 жаңа есімі» атанған нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев.

Сол сияқты Қайырғали Көнеев те ауырғандар саны әлдеқайда көп екенін алға тартады. «Өз бетімен емделген адамдар қазір өте көп. Бұл адамдар ресми статистикаға кірмеген. Сондықтан симптомды, сиптомсыз ауырған адамдардың санын 150-170 мыңға жетті деп санайды. Қатал карантин режімі емес, «ақылды» карантин жолын жасау қажет, әйтпесе қазір түнекке кіріп барамыз. Ең ұзақ әрі тиімді жол – ұжымдық иммунитетті қалыптастыру», дейді.

Өз кезегінде Мыңжылқы Берді­қожаев ауырмаса да дәрі ішу барып тұрған ақымақтық дейді. Өйткені анти­биотиктерден кейін де адам науқастанып қалса, әлгі дәрілер ағзаны қайта емдей алмайды. Алайда халыққа түсінікті ақпарат бермегендіктен, жұрт жаппай дәріханаларды «тонап» жатыр.

Үрейге бой алдырған дүрмектің керекті де керексіз дәрі-дәрмектерден дәрігерлердің кеңесінсіз қор жасап, қолдан дефицит ұйымдастыруы, тест тапшылығы, ауруханаларда тө­сек-орынның жетіспеушілігі және халық­тың санитарлық талапқа мән бермеуі жалғаса берсе, адам шығыны бірнеше есеге өсуі мүмкін дейді мамандар.

                                                                                                                

АЛМАТЫ