Қоғам • 03 Шілде, 2020

Бұл індет қауіпсіздікті күшейтуді талап етеді

282 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 29 маусым күні коронавирус індетінің таралуына қарсы күрес шаралары жөнінде кеңес өткізді. Мемлекет басшысы осы жиында сөйлеген сөзінде дер кезінде жарияланған қатаң карантин шаралары уақыт ұтып, эпидемияның қатты өршіп кетпеуіне мүмкіндік бергенін, бірақ төтенше жағдай режімі тоқтатылғаннан кейін карантин шаралары босаңсып кеткенін айтты.

Бұл індет қауіпсіздікті күшейтуді талап етеді

Бүгінде қолға алынып жатқан сақтық шаралары осы кезге дейін ескерілмей келген көптеген кемшіліктің бетін ашып, оларды жоюдың жолдарын көрсетіп берді. Қалай дегенде де, бұл қатерлі індет­тің алдын алуға септігін тигізетіні сөзсіз.

«Ведомствоаралық комиссия өзіне жүктелген міндетті атқаруға шамасы жетпеді. Мұны ашық мойындау керек. Денсаулық сақтау министрлігі орталық және жергілікті билік органдарының жұмысын үйлестіре алмады», деді Мемлекет басшысы.

Президент тарапынан қа­былданған коронавирус індетінің таралуына қарсы күрес шаралары азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында жүзеге асырылуда. Әлемде қалып­тасқан күрделі ахуалға, яғни коро­навирустың таралуына қатысты елімізде қатаң карантин енгізілгені бүкіл халықтың денсаулығын сақтау үшін қабыл­данып отыр.

Сондай-ақ Президент бұл қиындықтан да шығуға болатынын жеткізді. Халқымызда «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген нақыл сөз бар. Сондықтан қатерлі аурудың алдын алып, оның кең етек алып кетуіне жол бермеу үшін бəріміз жұмыла күрескеніміз жөн. Президенттің коронавирус індетінің таралуына қарсы күрес шараларын  енгізу туралы осы шұғыл шешімін мемлекетіміз бен халқымыздың тағдырын ойлайтын əрбір азамат қолдайды деп ойлаймын. Өйткені қауіпті вирус қауіпсіздікті күшейтуді талап етеді.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев лабораториялық зерттеулердің тиімділігін арттыруды, реагенттер мен жұмса­латын материалдардың үздіксіз жеткізілуін шешуді, ПТР-зерт­ханалардың саны мен қуатын арттыруды тапсырды. Азаматтарды қажетті дәрі-дәрмектермен қамта­масыз етіп, емдеудің маңыз­дылығына да тоқталды. Осы ретте проблемаларды шешу үшін Үкімет пен өңірлердің әкімдеріне барлық қаржылық және инфрақұры­лымдық ресурстарды жұмылдыру тапсырылды.

Халқымыз «Бірлік бар жерде тірлік бар» дейді. Президент айтқан барлық іс-шараларды орнымен жүзеге асыра білсек, барлығымыз тəртіпке бағынып, осы іске атсалыссақ, қауіпті індеттің таралуына жол бермейміз. Ал елімізде жасалып жатқан жұ­мыстар, қауіпсіздік шаралары өз нəтижесін береді деген ойдамын.

 

Ерлан СЫДЫҚОВ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик