БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Ауғанстан аумағындағы НАТО күштерінің мандатын соңғы рет ұзартты. Бұл туралы ИТАР-ТАСС хабарлады.
Мандат Ауғанстандағы қауіпсіздік мәселесі толығымен осы елдің бақылауына алынған уақытта, яғни 2014 жылдың 31 желтоқсанында күшін жояды. Халықаралық күштер дәл осы уақытқа дейін Ауғанстан аумағын толығымен босатуы тиіс.
Бірауыздан қабылданған қарарда Ауғанстандағы жағдайдың әлі де халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілікке қауіп төндіріп тұрғаны ескерілді. Сондай-ақ мұндағы «Талибан», «Аль-Каида» және өзге де экстремистік ұйымдардың аса белсенділігі назарға алынды.
Айдар Өрісбаев.