Қызылорда облысына Санкт-Петербургтен келген ғалымның жоғалып кеткеніне бір жарым ай болды. Бұл туралы «ОКО» газеті жазды.
-Қызылорда қаласының тарихымен танысуға келген Санкт-Петербург этнографиялық мұражайының қызметкері Сергей Дмитриев кенеттен жоғалып кетті. Болжам бойынша ол 19 тамыз күні Қызылордадан Жезқазғанға қарай бағыт алған көрінеді. Бірақ, оны табу әзірге мүмкін болмай тұр»,-дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің бас маманы Айгүл Нұрманова.
Мұның алдында шетелдік ғалымның Қызылорда қаласынан 84 шақырым жерде орналасқан дәмхана маңайында болғандығы жөнінде ақпарат тараған болатын. Облыстық төтенше жағдайлар қызметкерлері осы төңіректі және Таңбалы тас елді мекенін қарағанымен, күткендегідей нәтиже болмады. Қазір жоғалып кеткен ғалымды аталмыш департаменттің 3 бригадасы мен тікұшақ тынбай іздестіру үстінде.
Бақытбек Кенешұлы.