
Мәскеуде ауыр салмақты кәсіпқой боксшылар Александр Поветкин мен Владимир Кличконың арасындағы шайқастың қорытындыларына баға берушілер қазір көбейіп тұр. Солардың бірі – Ресейдің белгілі кинорежиссері Никита Михалковтың пікірі басым көпшіліктің ойын білдіреді. Бұл туралы «Советская Белоруссия» газетінің тілшісі хабарлады.
«Олимпийский» кешенінде екі боксшының шайқасын өз көзімен көрген атақты өнер маманы оның барынша адал да әділ өткенін ауызға алды.
Еске сала кетейік, 5 қазан күні Мәскеуде орын алған бұл жекпе-жекте украин боксшысы Владимир Кличко қарсыласын айқын басымдықпен, ешбір талассыз жеңген еді.
«Бұл өте бір ауыр айқас болды, ол барлық уақытта бірдей таза да болмаған шығар, бірақ әділ болды. Өзінің талантын жүз пайызға пайдалана білетін адамдар болады. Кличко – өзінің қолында бар нәрсені түгел пайдалана алатын нағыз, туабітті боксшы, оның қолы да ұзын, бойы да ұзын, ақылы да артық, жылдамдығы да артық, тағысын тағылар. Мен оның жеңгені өте-мөте әділдік болды деп есептеймін. Енді Поветкин қорытынды шығарар деп ойлаймын. Себебі, экраннан бейне-желіні көру бір бөлек те, бетпе-бет келіп, ұрысып көру тіпті бөлек. Ол видеоны көре салып, жеңіп кетуге болмайтынын ұққан шығар. Мен оның жақыннан салынатын шайқасқа «ұшып-ұшып» барып тұрғанын дұрыс деймін, бірақ соққысының жылдамдығы бұдан гөрі көбірек болуы керек еді», - деп түйіндегі Н.Михалков.
Дамир Қожамқұл.