Арқалы ақын Қалижан Бекхожиннің 100 жылдық мерейтойы облыс көлемінде атап өтілді. Мерейтойлық шара ақын ескерткішінің салтанатты ашылуынан басталды. Оған елімізге танымал қаламгерлер, ақынның туған-туыстары, қала жұртшылығы қатысты.
Арқалы ақын Қалижан Бекхожиннің 100 жылдық мерейтойы облыс көлемінде атап өтілді. Мерейтойлық шара ақын ескерткішінің салтанатты ашылуынан басталды. Оған елімізге танымал қаламгерлер, ақынның туған-туыстары, қала жұртшылығы қатысты.

– Қалижан Бекхожин лирик-ақын, драматург, әдебиет сыншысы болды. Өскелең ұрпақ осындай даңқты адамдары жайлы білуі қажет, – деді өз сөзінде облыс әкімі Ерлан Арын.
Айтса айтқандай, ақын өлеңдері, поэмалары – әдебиетіміздің қазынасы. Бар өмірін шығармашылыққа арнаған айтулы ақын «Ақсақ құлан», «Кек», «Дала комисары» сияқты поэмалық шығармалар жазды. Зайыбы Зайда Бекхожина ағаларың қайталанбас өлең әлемін жасаған ақын еді ғой, құрмет көрсеткен елдің ғұмыры баянды болады, деп ризашылық білдірді.
Ескерткіштің ашылу салтанатында көрнекті қаламгерлер Әбдіжәміл Нұрпейісов, Тұрсынбек Кәкішұлы, Ұлықбек Есдәулет, Ғалым Жайлыбай, журналист Сейітқазы Матаев, т.б. қатысты.
– Қалижан Бекхожин сияқты дара тұлғаның еңселі ескерткіші кейінгі ұрпаққа мұра болып қалады, – деді Әбдіжәміл Нұрпейісов.
Ескерткіш облыс орталығындағы Сәтбаев пен Луначарский көшелерінің қиылысында, 100 жылдық тарихы бар Ақ мешітке таяу жерде орналасқан. Оның авторы – Мұрат Мансұров. Облыс орталығында ақынның атында көше және орта мектеп бар.
Бұдан кейін Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы университетте Қалижан Бекхожиннің өмір жолы мен әдеби мұрасынан толық мәлімет беретін арнаулы веб-сайттың тұсауы кесілді. Қазақ әдебиетінің қоры тағы да бір электронды кітапханамен толықты. Бұл веб-сайт «Бекхожиннің шығармашылығы және қазақ поэзиясы» атты ғылыми-практикалық конференциясы аясында жүзеге асты. Сөйтіп, ақын 20-дан астам поэмасын, 40-тан астам өлең жинақтарын бүгінге мұра етті. Сондай-ақ, фотомұрағат, бейне бөлімін де тамашалап, қонақ парақшасына пікір-лебізін тіркей алады. Торайғыров университетінде өткен «Қалижан Бекхожиннің шығармашылығы және қазіргі қазақ поэзиясы» атты ғылыми-практикалық конференциясында халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов, облыс әкімі Ерлан Арын, Президент телерадиокешенінің бас директоры Ерлан Бекхожин, ақынның зайыбы Зайра Бекхожина, жазушы, филология ғылымдарының докторы Тұрсынбек Кәкішұлы, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Омаров рухани танымдық тақырыпта баяндамалар жасады. Конференция жұмысына Түркия мен Әзербайжан елдерінен келген қонақтар, Қазақстан Жазушылар одағының жергілікті жердегі мүшелері, ақын-жазушылар қатысты.
Ақынның мерейтойына арналған алғашқы күн Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында әдеби-музыкалық кешпен аяқталды. Онда ақынның өмірі жайлы бейнефильм көрсетіліп, шығармалары оқылды. Опера әншісі Шахмардан Әбілов, Алматы опера және балет театрының солисі Есекелді Рыза, Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның әртістері өнер көрсетті. Мерейтойлық шаралар барысы екінші күні Баянауыл ауданында ұлттық спорт түрлерінен жарыстармен жалғасты.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы.