12 Қазан, 2013

Қатерге қарсы күрес

452 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастыруымен «Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі: қазіргі замандағы қауіп-қатерлер» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болды. Ол аталған институттың құрылғанына он жыл толуына орай ұштастырылды. Конференцияны ҰҚК Ғылыми-зерттеу институтының директоры, заң ғылымдарының докторы Қайыртай Шегіров ашып, жүргізді.

 

Кеше Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастыруымен «Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі: қазіргі замандағы қауіп-қатерлер» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болды. Ол аталған институттың құрылғанына он жыл толуына орай ұштастырылды. Конференцияны ҰҚК Ғылыми-зерттеу институтының директоры, заң ғылымдарының докторы Қайыртай Шегіров ашып, жүргізді.

Конференцияның тақырыбы меңзеп отырғандай, онда еліміздің ұлттық қауіпсіздігі мен оған төнетін қазіргі замандағы қауіп-қатерлер мәселесі ортаға салынды. Мінберге көтерілген баяндамашылар осы қауіпсіздік аясында өз ойларын ашық айтып, қауіп-қатерлердің алдын алу мен оны болдырмау жолдарын талқылады. «Біз экономикаға және қоғамға қажетті жаңа идея, білім, ғылыми ашылымдар мен технологиялық жаңалықтарды бере алатын тиімді ғылыми жүйені құруымыз керек» деп Елбасы айтқандай, бұл орайда сөз сөйлеген Президент жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты, саяси ғылымдар докторы, Қуаныш Сұлтановтың орынды пікірлері мен дәлелдемелері жиналғандарға үлкен ой салды. Депутат бұрын айтылмай келе жатқан идеологиялық алуандық туралы және қауіпсіздікті сақтау мәселелерін жан-жақты талдап, ашып берді. Мемлекеттің қауіпсіздігіне қауіп-қатерлер, байқаған адамға ел ішінен емес, сырттан келетінін, олардың «қой терісін» жамылып, іріткі салатынын, халықтың әлеуметтік қорғалмаған әлсіз топтарын, жұмыссыздарды, санасы қатпаған жастарды, биліктің, әсіресе, құқық қорғау органдарының қайсыбір қоқан-лоқысы мен дөрекі де әділетсіз дөң-айбатынан жәбір көргендерді тез өздеріне тартып, пайдаланатынын жасырмады. Сондықтан мемлекеттің халық үшін жасап жатқан қызметі әр адамның игілігі үшін арналуы және осы бағытта алдын алу жұмыстарын жүргізу қажеттілігін, сонда ғана сырттан келетін арамза күштерге жол бермеуге болатынын, демек қауіпсіздік мәселесін сақтауда бұрынғы КСРО-дан қалған кейбір амал-тәсілдерді доғарып, жаңа Қазақстанның жаңа бағытына сай іс-әрекет жасау керектігін алға тартты.

Бұл орайда, жасыратыны жоқ, дәл қазіргі күні өз қамы, ел қамы үшін бейбіт жұмыс істеп жүрген адамдарды ашындырмау керек екендігі басты мәселе болып тұрғаны анық. Мемлекеттің ел үшін арнаған әр жақсылығын бар адам бірдей көруі тиіс. Әйтпесе әділетсіздікті, заңның орындалмайтындығын сезінген адам билікке сенімсіздік танытады. Бұл наразылық тудырады. Оның арты адамның ашынуына соқтырады. Міне, осындай жағдайды іріткі салатындар дер мезетінде пайдаланады. Кешегі гүлденіп тұрған Мысыр елі не болды, Сирияның енді жағдайы не болмақ? Демек, құқық қорғау органдарына ойланатын мәселелер өте көп. Мемлекеттің жақсылығы кейбір адамдарға неліктен толыққанды жетпей жатқандығын терең зерттеген жөн. Сөйтіп қолдан әділетсіздікті тудыратын, заңды бұрмалайтын, белден басатын шенеуніктерді түгел әшкерелеу қажет. Міне, сонда ғана елге төнген қауіп-қатерлердің алдын алуға әбден болады.

Конференцияда орнықтылық пен тұрақтылықты нығайту – мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ең басты факторы екендігі туралы Парламент Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитет төрағасы, саяси ғалымдар докторы Ақан Бижанов айтып берді. Сондай-ақ, ұлттық қауіпсіздік мәселелері мен жас­тар арасындағы қазіргі жағдай жөнінде Парламент Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік ғылымдар академиясының вице-президенті, саяси ғылымдар докторы, профессор Камал Бұрханов сөз сөйледі. Сөйтіп, бұл конференция аясында ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің қалыптасуы, дереккөздермен толығуы, Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне төнетін қатердің сипаты және қауіптілік деңгейімен байланыс­ты мәселелер, аталған саладағы жаңа бағыттар қаралып, талқыланды. Сондай-ақ, Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің қоғамдық, саяси, экономикалық, әскери және ақпараттық аспектілері жан-жақты сараланды.

Александр ТАСБОЛАТОВ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар