12 Қазан, 2013

Күйші қыз

1290 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ulkenbaeva 4«Қазақстан» орталық концерт залында «Айгүл – күйге бар әлем тамсанады...» деген атпен өткен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, танымал домбырашы Айгүл Үлкенбаеваның өнер кешінде қасиетті қара домбыра үнімен күй құдіреті асқақтап, классикалық шығармалар, халық композициялары мен әндері жаңғыра түрленді.

«Қазақстан» орталық концерт залында «Айгүл – күйге бар әлем тамсанады...» деген атпен өткен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, танымал домбырашы Айгүл Үлкенбаеваның өнер кешінде қасиетті қара домбыра үнімен күй құдіреті асқақтап, классикалық шығармалар, халық композициялары мен әндері жаңғыра түрленді.

Ulkenbaeva 4Күй өнері дала өркениетінің халықтық қазыналары – алқа-қотан жиналған халықтың ерекше рухтанып, ортадағы орындау­шыны сахнада жан-жақтан ара-тұра дауыстап қолдау көрсетіп, ләззаттана, қуаттана, арқалана қабылдайтын айтыс, терме сынды айрықша асыл мұраларының біріне жатады. Осы кереметті көзбен көріп, күйші-домбырашының жүрегінің лүпілі мен әр алған тынысын жақыннан тікелей сезініп отырып тыңдаудан алған әсер қандай ғажап! Күй шымылдығын Есір күйшінің «Ақжарма» туындысы ашқаннан кейін Динаның «Бұлбұлы» бұлақтың кәусар лебіндей майдалап соғып, балбырай пісті. Жайықтың жағасынан Нұрғиса Тілендиевтің «Аққуы» күміс қанаттарын шолпыдай сыңғырлатып жүрек түбіндегі нәзік пернені қозғап өтті. Сарыарқаның сары белдігінен дүлдүл тұлпар желдей гулеп, көкжиекпен тұтасқан ғажайып өрнекке барып сіңіп кетті. Күйге еліткен сезім тым нәзік. Іштегі алапат бір толқуға ерік берген көңілдің көк дөненін шідерлеп ұзақ ұстап тұра алмайсың, ағыл-тегіл жөңкіп барады.

Күй көшімен бірге көшіп, дала­ның керемет жұпар ауасын жұтпағалы қашан. Нұрғиса Тілен­диев, Рыспай Ғабдиев, Қа­р­шыға Ахмедияров, Рахым Тәжі­баевтардың әрқайсысы тау еңселі тұлғалар еді ғой. Саусақтарынан күй сорғалаған қалыптары тарихта қалыпты. Экраннан Дина күйші мен Қали Жантілеуов бастаған сол шоғырдың шоқтай жанған көздерін көрген жұрт үнсіз егілді.

Айгүл ұлттық аспапты заманауи үнге жақындастыру үшін маңдай терін аямай төгіпті. Домбыраның ХХІ ғасырдағы ғаламат дауысы қазақ ұлттық музыка өнерінің жаңа кезеңі басталғанын байқатты. Тың жобада автор қазақтың дәстүрлі музыкалық аспабын «Керулен» фольклорлық-этнографиялық, джаз-рок, эстрадалық, классикалық музыкалық аспаптармен шебер шендестіруімен ерекшеленіп отыр. Сүгірдің «Ыңғай төкпе», Қазанғаптың «Жем суы» күйлері эстрадалық, джаз-рок тобының қосылуымен орындалғанда шығарманың екінші тынысы ашылып кеткендей жаңғырып естілді. Есжанның «Қош аман бол, Ақбикешінің» мақамы мамықтай майда үнмен құлақ құрышын қандырды. Сейтектің «Жантаза» күйін Марат Ахмеджановпен бірге орындағанда домбыра мен кахон аспабының үні үзілмей қабысып, тез жымдаса кетті. Бір мезгілде джаз-рок, эстрадалық, классикалық аспаптардың домбыраға қосылуы нәтижесінде халық әндері мен әуендері өзгеше өрнекке ие болды. Көз алдымызда «Қарай көзім», «Ақдариға», «Бір бала», «Ақ ерке, Ақжайық» сияқты халық әндері мен қазақ композиторларының әндері әсем сарында салтанат құрды.

Дина, Есір, Сейтек, Нұрғиса, Қаршыға шығармаларын жеке домбыраның, ұлт-аспаптар оркестрлерінің орындауларында талай мәрте естіп те, көріп те жүрміз. Жаңалық – Айгүлдің көне күйлер мен халықтық әуендерді домбыраны басшы етіп, ал қалған музыкалық аспаптарды соңынан ерген қосшы етіп, үлкен сахнаның төріне оздыра білуінде. Осы еңбегі үшін оған көп алғыс. Біріншіден, қазақтың жаны дерлік домбыраны шексіз шөлейттен шүйгінді айдынға алып шыққандай үлкен еңбек сіңіріп отыр. Екіншіден, күйлерге де күннің көзін түсіріп отыру артықтық етпейді. Осы жағынан мысалы, ол естілмей кеткен, ұмытылуға айналған есімдерді, күйшілерді халықпен қайта қауыштырып, мерейді таудай өсіріп жүр.

Айта берсек, Айгүл Нари­ман­қызының елордадағы шығар­машылық кешіндегі жарқын сәттер өте көп. Қазіргі композиторлардан Ермұрат Үсеновтің «Кербез сұлу» күйі, Ерлан Мырзабек пен Әділжан Толықбаевтың гитара сүйемелдеуімен орындаған «Қызылқұмда ауылым» әні, өзінің шәкірттерімен, «Ритм» тобымен қосылып тартқан «Синг-синг», «Тико-тико» шығармалары екі ішектің құдіретіне иілмейтін, икемделмейтін ештеңе жоғын дәлелдеді.

Айгүл Үлкенбаева мен Қазақ­станның халық әртісі Роза Рым­баеваның, белгілі өңдеуші Ринат Гайсиннің, әнші Ерген Ай­тымбетовтің, домбырашылар Олжас Сүлейменов, Қадыршат Сатбай, Ержан Жаманкеевтердің, өз студиясында білім алған шәкірттері Әли Солдатбай, Іңкәр Мизамбек, Ислам Сәрсенбек, Абылайхан Әбдірахмандардың бірлесіп орындаған кеші музыкалық жобаға бірталай өнер шеберлері мен мамандар тартылғанын, яғни концерттік бағдарлама бір күннің, бір жылдың еңбегі емес, талай уақыттан бергі ізденісті іс-әрекеттердің жемісі екенін білдіреді.

Айгүл орындаушылық жағынан шашасына шаң жұқпас жүйрік қана емес, алдыңғы толқын аға-апаларының өнеріне қашанда адал да ақ шәкірт әрі өнер қуған өрендерді тәрбиелеп жүрген үлкен ұстаз. Жаңа мен көненің, дала мен қала мәдениетіндегі озық, тозбайтын дәстүрлерді бір-бірімен жалғастырып, өнер көгіне өзгеше өрнек төгіп жүрген бөлек бітім. Күйді жаңғырту, заманауи талапқа сай өңдеп орындау өзіне дейінгі дәстүрлі күйден түбегейлі бас тарту деген сөз емес, қайта керісінше, сүю, көкейге түю дегенді білдірсе керек. Бұл ретте республикалық Құрманғазы атындағы, У. Гаджибеков атындағы халықаралық байқаулардың лауреаты, күй ақтаңгері А. Үлкенбаеваның алда атқарар міндеті айқын тәрізді.

«...Қазақтың күйін еркектің тартуына тыйым салынсын, күйді тек әйелдер тартсын! Деген үкім шығарар едім!

Айгүл өте сезімтал, күйдің ішіне түсіп алып барып тартады. Оның орындаушылығында жаттанды нәрсе жоқ, сезіммен, өзі де сол күйдің кейіпкеріне айналып жеткізеді. Сол себепті де менің жүрегімнің үкімі қашанда Айгүл жағында» деген екен марқұм Ақселеу ағамыз. Біз Дина күйші туған қасиетті Нарын топырағының сол бір ақ гүлі бүгінде өнер сахнасына қай жағынан болсын жарасып тұрғанын білеміз.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

––––––––––––––––

Суретті түсірген

Ерлан ОМАРОВ.

Соңғы жаңалықтар

Абай және жас ұрпақ

Абай • Бүгін, 19:55

Жаңа жылдың тарихы қандай?

Қоғам • Бүгін, 18:30