Елбасы • 06 Шілде, 2020

Ел бірлігінің кепілі

1135 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Еліміздің жаңа тарихында алтын әріппен жазылатын үш ұғым: тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы, Қазақстан халқы Ассамблеясы және жаңа астана – Нұр-Сұлтан қаласы бір-бірімен үнемі тығыз тарихи байланыста болып қала береді. Олардың біртұтас тарихи байланысын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қызметі мен жетістіктері біріктіреді. Осының барлығы Елбасының стратегиялық жобалары – халық пен елдің өмірін түбегейлі өзгерткен, тәуелсіз Қазақстанның құрылу тарихының кезеңдері.

Ел бірлігінің кепілі

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,

Қазақстан халқы Ассамблеясы

Төрағасының орынбасары

 

Ел азаматтарының қазіргі буынына тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Қазақ­станның экономикалық, әлеумет­тік-саяси және рухани саласын қайта құру процесінің куәгерлері мен белсенді қатысушылары болу бақыты бұйырды. Бұл процестің басында нағыз Көшбасшы – Елбасы Н.Ә.Назарбаев тұрды.

Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Тәуел­сіздік дәуірі» кітабында: «Мен прагматик және істің адамы ретінде қазақ­стандық қоғамның сенімді және ұзақ мерзімді бірігуі үшін идеялар мен құн­дылықтардың аса маңызды екенін әрдайым жадымда ұстаймын. Бұл идеялар мен құндылықтарды қолдан жасап құрастыруға болмайды – әрбір азамат оны өзі табуы керек, оған өзінің өмірлік тәжірибесінің нәтижесінде келуі керек», деп атап көрсетті.

Бүгінгі таңда, елімізде және бүкіл әлем­де жаңа жаһандық өзгерістер орын алып жатқан кезде, бізге Елбасының тәжірибесі, оның мұрасын шығармашылық тұрғыдан ұғыну және Қазақстан дамуының жаңа тәсілдері мен парадигмаларын құру ауа­дай қажет. Елбасы саясатының басты ұстанымдарының бірі – кез келген реформалар мен дамудың сәттілігі қоғамдағы бірлік пен келісімге тығыз байланысты болуында. Тарихқа көз жүгіртсек, ең дамыған елдердің өзінде этносаралық және конфессияаралық жанжалдар дамуға, прогреске және реформалар жүргізуге кедергі келтіріп қана қоймай, елдің аумақтық егемендігі мен мемлекеттілігін сақтауына да қауіп төндіретінін байқаймыз. КСРО ыдыраған кезде, мұндай сценарий Югославияда, Иракта, Ливияда, Ауғанстанда түрлі жағдайда қайталанды және бұл тізімді жалғастыра беруге болады.

Бұл тұрғыда Елбасының бірлік саясатының тәуелсіздік жылдарындағы маңыздылығын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев нақты бағалады: «Баянды бірлігіміздің арқасында тәуелсіздігімізді нығайтып, халқымыздың жағдайын жақсартуға жол аштық... Еліміздің даму жолын бүкіл әлем мойындап, қазақстандық, яғни Назарбаев моделі деп атады».

Тарлан тарих қазақстандық модель­дің жетістігінің негізгі факторы – Қазақ­станның Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың саяси көшбасшылығы және бейбітшілік пен келісім саясатын іске асырудағы ерік-жігері болғанын айқын көрсетті. Бұл саясат біздің этностары­мыздың қазақ халқының айналасында бір­тұтас Қазақстан халқына, оның тіліне және мәдени-тарихи интегратор рөліне азаматтық қағидаттарында табысты бірі­гуін қамтамасыз етті.

«Әралуандықтағы бірлік» қағидаты 100-ден астам этносты, олардың мәдениеті мен дәстүрлерін қамтиды. Ең бастысы, біздің елімізде оқшаулау стратегиясын ұстанатын этностар жоқ. Барша этнос өкілдері өздерін Қазақстан халқының ажырамас бөлігі деп санайды. Бұл жерде Мемлекет басшысының «Комсомольская правда» газетіне берген сұхбатын келтіруге болады, ол «қазақстандықтар, олардың этностық шығу тегіне қарамастан, өздерін біртұтас халық, біртұтас ұлт деп санайды»... Қазақстанда «ұлттық азшылық» деген ұғым жоқ. Ал «диаспора» сөзін біздің этностарға қолдану – шындыққа түбегейлі қайшы келеді», деп атап өтті.

Елбасының сарабдал саясаты елдің бірлігіне қол жеткізуді қамтамасыз етті. Елбасы, халықтың бірлігін, қоғамдағы тұрақтылық пен келісім – «қазақстандық мемлекеттіліктің негізін қалыптастыратын біздің басты игілігіміз», деп бірнеше рет атап көрсеткен болатын.

Біз, Қазақстан халқы – біртұтас мем­лекеттілік пен аумақтық егемендік аясын­дағы азаматтық, мәдени және саяси бірлік екенін сенімді түрде айта аламыз. Оның негізіне азаматтық қағидат, жал­пы­ұлттық мүдделер, азаматтық әлеу­меттік-экономикалық, мәдени құқық­тар мен жауапкершіліктің теңдігі енгізіл­ген. Біртұтас құндылықтар аясында қазақ­стандық азаматтық бірегейлікті, рухани мәдениеттің тұтастығын дамыту жүріп жатыр. Елбасы саясатының даусыз жетістігі – қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісінің өзегі – Қазақстан халқы Ассамблеясы болды. Елбасы басқаратын Ассамблея құрылған күнінен бастап билік пен президенттік институттың ажырамас бөлігіне, әмбебап диалог алаңына және азаматтық қоғамның ең дамыған институттарының біріне айнал­ды. Ассамблея құру Елбасының бірегей саяси қолтаңбасын, оның саяси-философиялық парадигмасын айқын көрсетеді – мәселені шешуден қашпай, оны бүркемелеп-өшірмей, керісінше, оны әлеуметтік және саяси-құқықтық түрде институттандыру тәсілін қолдану, бұл көбінесе мәселенің сәтті шешілуінің орайы болып табылады. Әрине бұл жерде Елбасы саясатының тағы бір әдісі мен қағидасы – «әрбір дағдарыстан өсудің жаңа мүмкіндіктерін іздеу» әмбебап тәсілі жұмыс істеді, оны біз «Назарбаев тәсілі» деп сенімді атай аламыз.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанның этностық және мәдени-тілдік әралуандылығы және сол кездегі саяси ахуал, әрине көптеген қиындық тудырды. Оның үстіне, қазақ халқының саны ел халқының аз ғана бөлігін құрайтын еді. Сондықтан біріктіруші институт – интеграция институты ретінде ҚХА-ны құру тарихтың осы бір сынынан сүрінбей өтуге мүмкіндік берді. Мемлекет пен қоғамды дамытудың бірде-бір стратегиялық мә­селесі Ассамблеяның талқылауынсыз өткен жоқ. Ассамблея өзінің тарихи мис­сия­сын ойдағыдай орындап, қоғамдағы сая­си және этностық тұрақтылықтың негізін қалаушы факторға айналды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы, оның конституциялық мәртебесі бар органға эволюциясы және оның жұмысының нәтижелері Елбасының тарихи болжамын жақсы сипаттайды, ол: «Уақыт өте келе Ассамблеяның рөлі өседі, өйткені ол республика халқының азаматтық ықпалдастығының негізгі құ­рал­дарының бірі ретінде әрекет етеді. Біз­дің мемлекеттілігіміздің және бала­ларымыздың болашағы осыған байланыс­ты», деп атап өтті.

Бүгінде Ассамблея қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту, халықтың біртұтас саяси ұлтқа бірігуі міндеттерін іске асыруды қамтамасыз ете отырып, қоғамның сұраныстарына жауап береді және Елбасы қойған негізгі міндеттерді орындайды. Оның рөлін халықаралық саяси истеблишмент те жақсы біледі және бағалайды. Ассамблеяны БҰҰ-ға ұқсату фактісі – осы институттың айрықша сипатының көрінісі. БҰҰ-ның Бас хатшылары Кофи Аннан мен Пан Ги Мун аса жоғары баға беруге бейіл саясаткерлердің қатарынан емес.

Ассамблея жұмысына тікелей қатысқан халықаралық сарапшылар бірауыздан, Елбасы саясатының компромистер іздеу және біртұтас ұстанымдарды нығайту арқылы барлық ұлттық топтардың дамуына негізделген біріктіруші бастамаларының бірегей дұрыс шешім болғанын мойындайды. Елбасының саяси инновациясына берілген «этностық өкілдіктің түбегейлі жаңа түрі», «Қазақстан халқының саяси тұтастығы», «тікелей демократия» және «халықтық егемендік» құралы», «тиімді әлеуметтік лифт» деген бағалаулар асыра айтқандық емес. Елбасының бейбітшілік пен бірлік саясатына берілген жоғары баға – ЕҚЫҰ мемлекеттері басшыларының 10 жылдан кейін 2010 жылы елордада Ұйымның саммитін шақыруы және оның күн тәртібіне толеранттылық пен кемсітушілікке жол бермеу туралы арнайы мәселені қосуға келісім беруі.

2019 жылғы 2 қыркүйекте ЕҚЫҰ Аз ұлттар істері жөніндегі жоғарғы комиссары Ламберто Заньер ҚХА мүшелерімен арнайы кездесу өткізді және Қазақстанда этносаралық және конфессияаралық келі­сім саласында жүргізіліп жатқан саясат­қа көрсетілген халықаралық сенімді тағы да растады.

Бейбітшілік пен келісім саясаты «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асырудың басталуымен жаңа серпін алды. Оның бас­ты мағынасы – саяси және экономикалық жаңғырту процестерінің өзегіне айналатын озық рухани жаңғырумен қатар жүруі тиіс.

Өзінің ұлттық кодын, мәдениетін сақтау міндеті кешенді жаңғырту негізінде елдің әрбір азаматының бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажеттілігімен үйлеседі.

Елбасының бұл тарихи болжамы Президент Қ.Тоқаевтың «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» деген символдық атаумен жазылған сұхбатында толық көлемде көрініс тапты: «Тарихтан сабақ ала отырып, біз технология мен роботтар басты рөл атқаратын жаңа дәуірдегі қазақ халқының игілікті өмірі жайында ойлануымыз керек. Әлем түпкілікті өзгерістердің алдында тұр. ...Мемлекеттің өзі өлермендікпен өмір сүретін кезге келдік. Сондықтан еңбек ету – өмір сүру салтына айналып, басты міндет саналуға тиіс. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі!».

Әрине «Рухани жаңғыру» бағдарламасы саяси азаматтық ұлт ретінде ұлттық сана­ның түрлі полюстерін бітістіретін, халық­тың өткені мен бүгінінің және бола­шағының көкжиегін біріктіретін жаңа ұлт­тық бірегейліктің «даму баспалдағы» болды. Ең маңызды нәтижелердің бірі ретінде Елбасының саясаты, оның саяси ерік-жігері мен мемлекеттік кемеңгерлігі қазақ халқының ұйыстырушы халық, интегратор халық ретіндегі рөлін арттырды және жоғары деңгейге көтерді.

Елбасы «Біз қазақ халқына, оның мәдениеті мен тіліне байланысты тарихи әділетті қалпына келтірдік. Мем­лекет құрушы ұлт ретінде қазақтарға ел тағдырына байланысты ерекше жауап­кершілік жүктеледі» деп айрықша атап өткен болатын.

Ассамблеяның 2008 жылғы 23 қазанда өткен XIV сессиясында Н.Назарбаев қо­ғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік­тің қазақстандық үлгісінің тарихи бес негізгі қағидатын тұжырымдады: этнос­тық, конфессиялық, мәдени, тіл­дік әралуандылық біздің баға жетпес байлығымыз болып табылады; этнос­тардың мәдениеті мен тілдерін дамыту үшін жағдай жасау; толеранттылық пен жауапкершілік – ұлттың маңызды құндылықтары; қазақтардың біріктіруші рөлі; Қазақстан халқының бірлігі.

Сол кезде Елбасы: «Қазақ халқы әрқа­шан ұлттың ұйытқысы бола білді. Ол болашақта да біздің қоғамымызды біріктіруші болып қалуы тиіс. Бұл қазақ халқына елдің болашағы үшін айрықша жауапкершілік жүктейді» деп атап өтті.

Бүгін әлемде 5 мыңнан астам этнос пен халық бар, бірақ олардың 200-ден астамы ғана қатаң тарихи бәсекелестікте өз елін қорғап қалды және мемлекеттілігін құру мен дамыту құқығына ие болды. Бұл мәселе тек әскери-саяси аспектіге ғана емес, ең алдымен халықтың түрлі этнос­тарды, мәдениет пен тілдерді рухани-мәдени тартымды құндылықтар негізінде топтастыру қабілетіне байланысты болып отыр. Бұл ретте, Нұрсұлтан Назарбаевтың өлшеусіз еңбегі мынада – қазақ халқының тәуелсіздігін нығайту процесінде ол этностық және мәдени тұрғыда сан алуан миллиондаған адамдар үшін тартымды болатын күн тәртібін және елдің болашақ бет-бейнесін ұсынды. Ал қазақ халқын мәдени-рухани, саяси-тарихи арқау ете отырып, мемлекет құрушы субъект жасай алды, оның айналасында интеграцияның әлемдегі ең ұтымды көпэтностық үлгісі қалыптасуда. Бұл рөл қазіргі кезеңде қазақ халқының жаңа өркениетті рөліне айналды. Н.Назарбаевтың осындай тәсілінің арқасында Қазақстанның көпэтностылығы тәуекел факторынан дамудың стратегиялық ресурсына айналды.

Басқа елдерде тәуелсіздіктің қалып­тасуы қоғамда этностық қарама-қайшы­лыққа, ұлттық апатқа айналса да, Қазақ­станда барлық этнос қазақ халқының байыр­ғы қазақ жерінде тәуелсіз мемлекет құруға деген заңды ұмтылысын қолдады. Сонымен қатар барлық этностардың өкілдері осы үдеріске өз үлестерін қосып, еліміздің тәуелсіздігін нығайтуда.

Қазақстан халқының бірлігі мерекесі мен Алғыс айту күні Елбасының бірлік формуласының тиімділігінің жанды символдарына айналды, халқымыздың қоғамдық-саяси мәдениетіне кірігіп, оны барлық азаматтар қабылдады. Барлық этностардың бір-біріне және XX ғасырдың 30-40 жылдары тағдыр тауқыметімен қазақ жерін паналап келген түрлі этностардың өкілдеріне мейірбандық көрсетіп, бауырына басқан қазақ халқына алғыс айтуы, біздің ортақ тарихымызды қастерлеу, өзара көмек пен қолдауды құрметтеу, тәуелсіздік кезеңіндегі бірлескен жетістіктеріміз үшін мақтанышымыз ұлттық кодтың адам­гершілік негізі мен императиві болып табылады.

Ел аумағында бой көтерген «Қазақ еліне мың алғыс!» монументтері әкімдіктердің бастамасы болған жоқ, бірақ қазақ жеріне және қазақ халқына көптеген этностық топ өкілдерінің шынайы алғысының, барлық қазақстандықтардың өзара құрметі мен сенімінің, достығы мен бірлігінің нышанына айналды.

АҚШ-тағы және бүкіл әлемдегі оқи­ғалар өзгерген ахуал жағдайында шешілмеген нәсілдік, этноәлеуметтік мәсе­­лелер қоғамның іргелі ұстанымдарын бағын­дыруға қабілетті наразылық триггері бола алатынын көрсетті. Қазақстанда да қоғам өмірінің барлық салаларында қазақ халқының сан жағынан өсуі сапалық форматқа өткен кезде халықтың этноәлеуметтік құрылымында терең және іргелі өзгерістер болды.

Бұл фактіні көрсету бір жағынан, осы жағдайларда қазақтардың елдегі этносаралық қатынастардың жай-күйі үшін жауапкершілігі артып келе жатқанын, екінші жағынан, қазақ халқының әлеуметтік әл-ауқаты этносаралық қатынастар жү­йе­сіндегі маңызды индикаторлардың бірі болып табылатынының объективті шындығын ұғыну болып табылады.

Сондықтан бүгінгі таңда мемлекеттік құрылыстың, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін дамытудың жаңа кезеңі басталды. Бұл жұмыстың векторын Президент Қ.Тоқаев нақты айқындап берді. Бұл: қазақ халқының мемлекет құрушы ұлт ретіндегі рөлі; этносаралық келісім мен дінаралық өзара түсіністікті нығайту; «Ел бірлігі – оның әралуандығында»; еліміздегі барлық этностық топтардың тілдері мен мәдениетін дамыту; мемлекеттік қазақ тілінің рөлін күшейту, ол ұлтаралық қатынас тіліне айналады. Бұл вектор Елбасы саясатының осы мәселедегі стратегиялық сабақтастығын ешбір күмәнсіз толығымен қамтамасыз етеді, Н.Назарбаевтың қазақстандық үлгісінің шығармашылық дамуы болып табылады. Этносаралық мәселелер бойынша ақпараттық, зерттеу, білім беру, тәрбие және мәдени жұмыстарды жаңа деңгейге көтеру міндеті қойылды.

Жастар арасында қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік идеологиясын ілгерілетуге барынша назар аудару қажет. Елбасының ұстанымдарын басшылыққа ала отырып, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша және Президент Әкімшілігінің идеологиялық блогының басшылығымен орталық мемлекеттік органдар, ҚХА, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты «қайта жүктеу» бойынша ауқымды жұмыс жүргізуде. Қысқа мерзімде Этносаралық қатынастарды дамыту жөніндегі жаңа комитет, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты құрылды. Орталықта және жергілікті жерлерде осы салада барлық басқару жүйесін қайта жаңарту жүріп жатыр. Тұжырымдама деңгейінде елдегі қазіргі заманғы этнодемографиялық ахуалды, қоғамдық және әлеуметтік процестерді көрсететін этносаралық саладағы мемлекеттік саясаттың жаңа жүйелі пайымдауы әзірленуде.

Іс жүзінде күрделі экономикалық және әлеуметтік жағдайда, Елбасы Н.Ә.Назар­баев айтқандай, Мемлекеттік басқару­дың тұтас бір саласы реформаланды.

Жалпы алғанда, 2020 жыл да азаматтық бірегейлікті, келісім мен бірлікті нығай­тудың негізгі кезеңдерінің бірі болады. Ұлы Абайдың 175 жылдығы, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Алтын Орданың 750 жылдығы, Жеңістің 75 жылдығы, Волонтер жылы, Конституция мен Ассамблеяның 25 жылдығы – біздің жалпыұлттық топтастырушы тарихи санамызды, ұлттық код пен қазақстандық бірегейлікті, азаматтық бастауларды, ұлт­тың дүниетанымын нығайтып, жаң­ғыр­туды жалғастыруда. Олар азамат­тар­дың азаматтық қатыстылығы мен баста­машылдығының, саяси белсенділігінің бағытын айқындайды.

Әлемдік деңгейдегі карантин, әлеумет­тік және экономикалық катаклизмдер жағдайында Қазақстан азаматтары жоғары патриотизмді, азаматтық рухты және әлеу­меттік жауапкершілікті көрсетеді. Біздің халқымыз «Біз біргеміз!» акциясы аясында қоғамның барлық топтары өкілдерінің әлеуметтік ынтымақтастығы, волонтерлердің азаматтық белсенділігі, медицина қызметкерлері мен полицияның жанқиярлықпен шектесетін кәсіби ерлігі мен табандылығының жарқын үлгілерін көрсетті. Өзін өзі оқшаулау жағдайында әлеуметтік байланыстар мен коммуникациялар үзілмейді – олар барынша цифрлы форматқа көшуде. ҚХА, Nur Otan партиясы, қоғамдық бірлестіктер бір сәтке де өз жұмысын тоқтатпайды.

Әрине коронавирус инфекциясымен күрескен Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы азаматтық ерліктің үлгісін көрсе­тті. Ка­рантин жағдайында оқшаула­нуға қара­мастан, ол елдегі жағдайды жіті бақы­лауда. Биылғы 8 сәуірде Нұрсұлтан Назар­баев «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» мақаласын жариялады, онда пандемиямен күресудің азаматтық бағдарламасын тұжырымдай келе: «Бірде-бір адам, еліміз­дің ешбір азаматы қамқорлықсыз қалмайды. Біз – біртұтас ел, бірлігі берік жұртпыз. Мен әрқашан халқыммен бірге болғанмын, бұл жолы да сіздермен біргемін», деп жазды.

Елбасы, шынайы мемлекет, саяси және халық көшбасшысы ретінде, біздің отандастарымыздың рухын және ерік-жігерін нығайту, өз күшіне мызғымас сенім ұялату үшін ұйымшылдыққа және бірлікке шақырды. Оның тапсырмасы бо­йынша «Birgemiz» қайырымдылық қоры құрылып, тұрғындардың осал топтарына қолдау көрсетілді. Ел Президенті мен Үкімет пандемиядан қорғау, экономиканы және азаматтардың әл-ауқатын жан-жақты қолдау жөніндегі ауқымды шаралар кешенін жүзеге асырды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақстандық үлгісі тиімділігінің құпиясы осында. Шы­найы өмірде де, саясатта да Елбасы әрдайым халықпен бірге – халықтың құқықтары мен мүдделерін қорғау мен іске асырудың шынайы және пәрменді кепілі болды және солай болып қала береді. Осы саясаттың нәтижесі мен қорытындысын шығара отырып, Қазақстанның Тұңғыш Президенті: «Ұлтаралық бейбітшілік пен келісім – біздің ортақ жетістігіміз және көп жағдайда елдегі қоғамдық өмір мен оның жаңа тарихының барысын анықтайтын ұлы құндылық. Бәріміз бірге – біртұтас халықпыз, біздің әрқайсымыз – оның бір-бір бөлшегіміз!» деп айтуға толық құқығы бар.

Ел бірлігінің кепілі – Елбасының бұл сөздерінен асырып айту қиын...