Белоруссия астанасы Минск қаласында Қазақстан Республикасының мәдениет күндері өтті
Қазақтың ән-күйі әлемнің кез келген мемлекетіндегі таңдаулы сахналарда шырқалып жүр. Тиісінше, өзге елдердің мәдениеті мен өнерімен танысуға бізде де мүмкіндік көп. Жылына кем дегенде 4-5 елдің мәдени күндері өз елімізде ұйымдастырылып жатады. Бұл жолғы Белоруссия сапары қазақстандық өнер шеберлеріне тағы да бір ұмытылмас әсер сыйлап, жайма-шуақ достық пейілдің ықыласына бөленді деген ойдамыз.
Белоруссия астанасы Минск қаласында Қазақстан Республикасының мәдениет күндері өтті
Қазақтың ән-күйі әлемнің кез келген мемлекетіндегі таңдаулы сахналарда шырқалып жүр. Тиісінше, өзге елдердің мәдениеті мен өнерімен танысуға бізде де мүмкіндік көп. Жылына кем дегенде 4-5 елдің мәдени күндері өз елімізде ұйымдастырылып жатады. Бұл жолғы Белоруссия сапары қазақстандық өнер шеберлеріне тағы да бір ұмытылмас әсер сыйлап, жайма-шуақ достық пейілдің ықыласына бөленді деген ойдамыз.
Қазақстан мен Белоруссия арасындағы мәдени байланыстар жылдан-жылға нығайып келеді. Бір ғана мысал. Елімізде жыл сайын өтетін «Опералия» фестиваліне Беларусь мемлекетінен опера әншілері тұрақты түрде қатысып тұрады. Сондай-ақ, сол елде ұйымдастырылатын «Славянский базар», «Листопад» фестивальдерінде біздің өнерпаздар да бақ сынап жүр. Ал, мәдени күндерге келер болсақ, еліміздің мәдени күндері осыдан төрт жыл бұрын Минск және Гродно қалаларында өткен болатын. Іле-шала 2010 жылы Беларусь мәдениетінің күндері бізде ұйымдастырылды.
Қазақ елі Беларусь халқымен Кеден одағы аясында да сенімді серіктес. Соған орай бұл елде атқарылып жатқан істердің бір парасымен танысуға тура келді. Минск қаласына жеткен соң қазақстандық БАҚ өкілдері, яғни, біздер алдымен сондағы Төтенше және өкілетті елшінің кеңесшісі Айдар Шалбаевқа жолығып, екі елдің қарым-қатынасы туралы біраз жайларға қанықтық. Өзімізді қызықтырған жерлерге бардық. Алғашқы барған жеріміз Белоруссия Ұлттық техникалық университетінде ашылған Абай атындағы қазақ тілі, тарихы және мәдениеті орталығы болды. Оның жұмысымен орталықтың жетекшісі, сол елде радиотехника мамандығы бойынша білім алып жатқан магистрант Хамит Әбішев таныстырды. Орталықта фотокөрмелер, семинарлар, дөңгелек үстелдер, Қазақстанның атаулы мейрамдарына орай мерекелер ұйымдастырылады екен. Сондай мерекенің бірі ретінде биыл тұңғыш рет әз Наурыз мейрамы тойланған және жыл сайын өткізілу құқығын иемденген. Хамиттің айтуынша, орталық ұйымдастырған тағы бір үлкен шара – «Туровский, Абай, Гумилев, Конфуций, Боливар, Гете: заманауи мәдениеттің философиялық диалогындағы Белоруссия рөлі» деген тақырыпта өткен ғылыми конференция. Бұл конференцияға біздің елімізден де ғалымдар қатысқан.
Белоруссия Ұлттық техникалық университетінің халықаралық әріптестік бойынша проректоры Александр Цыганов орталық туралы да, жалпы екі елдің ғылыми тұрғыдағы байланысы туралы да кеңінен әңгімеледі. «Сіздер екі елдің Кеден одағында әріптес екенін білесіздер. Соның аясында білім және ғылым саласы бойынша әріптестіктің де маңызы ерекше. Екі елдің басшылары Қазақстан мен Белоруссияның даму бағыты инновациялық тұрғыда болуы керектігін айтып жүр. Сол бағытта екі елдің ғылыми-зерттеу институттары мен алдыңғы қатарлы техникалық университеттері кіретін консорциум құрылды. Консорциумның бастамашылары – біздің университет және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті. Осы уақыт аралығында екі форум өтті. Оның бірі Минск, екіншісі Астана қаласында ұйымдастырылды. Екі жиында да ғылыми жобалар талқыланған болатын. Кейіннен бұл жобалар екі елдің тиісті министрліктеріне таныстырылып, қазіргі уақытта жобалар бойынша жұмыстар жасалып жатыр. Бір айта кететін нәрсе – екі елдің де жобалары өз қаржыларымен жүзеге асады. Екіншіден, бастамашы болып отырған екі жоғары оқу орны өзара қарым-қатынасты жақсарту бағытында да жұмыс істеп жатыр. Оқу ордамыз техникалық болғанымен, бітіріп шыққан түлектеріміздің мәдениетті, зиялы болғанын қалаймыз. Сондықтан осында түрлі мәдени орталықтар жұмыс істейді. Оның бірі – Абай атындағы қазақ тілі, тарихы және мәдениеті орталығы. Сәйкесінше, Астанадағы Еуразия Ұлттық университетінде Беларусь мәдениеті орталығы өз деңгейінде жұмыс істеп жатыр»,–деді Александр Цыганов. Ол «Абай» орталығында түрлі кездесулер өтетінін, оған елшілік өкілдерінің қатысатынын, елшінің өзі оқу орнына бірнеше рет келгенін айтып өтті. А.Цыганов Қазақстан мен Белоруссияның білім-ғылым саласында жақсы қарым-қатынасқа қол жеткізіп келе жатқанын мәлімдеді. Мәселен, аталмыш оқу орны Қарағанды техникалық университетімен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Сол университеттің базасында машина жасау бойынша құрал-жабдықтарды Белоруссия тарапы жеткізетін орталық құрылған. Қазіргі таңда екі жақ бірігіп жұмыс істеуде. «Біз жақын жылдары бизнес-өндіріс құруды қолға алуымыз керек. Әрине, ғылыми-зерттеу бағытындағы жұмыстар да керек. Бірақ, бұл екі ел байланысының бірінші кезеңі. Екінші кезеңде бизнес-өндіріс құру ісі де өте маңызды. Бұны бір жағынан мемлекет қаржыландырса, екінші жағынан бизнеспен шұғылданып жүрген жеке тұлғалар да ортақ іске қаражат салары сөзсіз. Тағы бір айта кететін нәрсе, соңғы кезде Еуропада мобильді студент, мобильді аспирант, мобильді оқытушы деген жеке-жеке бағдарламалар бар. Еуроодақ елдерінің бұл бағдарламасы бойынша бір студент кем дегенде бір семестр өзге елдің ЖОО-сында білім алуы шарт. Бұл дұрыс нәрсе. Студенттер басқа ғылыми мектептермен танысады. Біз осы бағдарламаны қазақстандық әріптестерге қолданып жатырмыз. Қазіргі таңда Белоруссия Ұлттық техникалық университетінің құрылыс факультетіне қазақстандық студенттердің бір тобы келді. Олар жарты жыл бойы тәжірибеден өтеді. Өз кезегінде біз де студенттерімізді Қазақстанға жіберуді жоспарлап отырмыз. Адамдар солай танысады. Тек таныстықтан соң арада сенім пайда болады. Біз Кеңес Одағынан шықтық. Одақ құлап қалғанымен, достық, іскерлік, әріптестік байланыстар сақталу керек деген ойдамын», – дейді проректор.
Қазақстандық БАҚ өкілдерін «Звязда» Баспа үйінің директоры Алесь Карлюкевич пен оның орынбасары Алексей Бадактың шынайы ықыласпен күтіп алғанын айтқымыз келеді. Бұл мекемеде «Звязда» газеті, тағы бірнеше республикалық журналдар мен аударма кітаптар басылып шығады екен. «Звяздаға» барған мақсатымыз жуырда ғана жарық көрген «Не ведая границ» деп аталатын Қазақстан мен Беларусь қаламгерлерінің шығармалары жинақталған кітап туралы кеңірек білу болатын. Кітапты құрастырушы, директордың орынбасары Алексей Бадак жинақтың жарық көруіне Ақпарат министрінің бірінші орынбасары Лилия Ананичтің тікелей ықпалы тигенін баяндады. «Кеңес Одағы тарағаннан кейін 16 мемлекет әрқайсысы бөлек күн кешті де, біз біріміздің әдебиетімізден де алшақтап кеттік. Түркіменстанға барсақ та, Арменияға барсақ та, жалпы қай елге барсақ та, алдымыздан: «Бұрынғы одақ елдерінің әдебиеті қандай халде?» дейтін сауал көлденеңдейді. ТМД елдерінің және өз қаламгерлеріміздің шығармаларын орыс тілінде шығарып отырмыз. Өйткені, одақтас елдердің оқырмандарына түсінікті болсын дейтін ниетіміз бар. Осы кітаптарды шығару барысында бір үлкен қиындыққа жолықтық. Бұрынғы 16 мемлекеттің кейбір елдерінде осы жиырма жыл аралығында орыс тіліне аударылған шығармалар өте аз екен. Ал, сіздерге келетін болсақ, орыс тілінде шығармаларды жинау аса қиындық тудырған жоқ. Мысалы «Простор» журналымен, жазушы Алексей Киммен қарым-қатынасымыз жақсы»,– деді А.Бадак.
«Звязда» Баспа үйінің директоры Алесь Карлюкевич даңқты жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын Анатолий Кимнің аудармасында орыс тілінде басып шығарғандарын айтты. «Жалпы, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының 4 томы да бізде жаңадан басылып шықты. Оны беларусь тіліне аудару алдағы күндердің еншісінде. Өйткені, Анатолий Ким бұл шығарманы орыс тіліне аудару үшін бір жыл ғана еңбектенбегені шындық. «Не ведая границ» жинағына келетін болсақ, орыс тілінде жарық көрген бұл кітапқа қазақтың Мұхтар Әуезов, Олжас Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев, Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырзалиев, Фариза Оңғарсынова, Нұрлан Оразалин, тағы басқа да бірқатар талантты қаламгерлерінің шығармалары топтастырылды. Жинақтың бірінші бөлігінде қазақ қаламгерлерінің шығармаларына орын тисе, екінші бөлігі беларусь қаламгерлерінің шығармашылығына арналған. Біз әзербайжан, армян, түркімен, т.б елдердің қаламгерлерінің шығармалары топтастырылған тура осындай тағы да 10 жинақ шығардық. Бұл арада белгілі аудармашы Қайрат Бақбергеновке алғыс айтқымыз келеді. Ол бізге Абай өлеңдерін беларусь тіліне аударуға үлкен көмегін тигізді. Екіншіден, осы жинақтағы қазақ авторларының шығармаларын құрастыруға көмектесті»,–деді А.Карлюкевич.
Қазақстандық журналистер Минскідегі Жазушылар одағында болып, одақ төрағасы Николай Чергинецпен кездесті. Ол өз кезегінде Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың үлкен жиындарда екі елдің тауар айналымына, мәдени байланыстарына ешқандай да кедергі болмау керек дегенді сонау 90-шы жылдардан бастап айтып келе жатқанын, соңғы жылдары құрылған Кеден одағының дуалы ауыздан шыққан сөздің нәтижесі екенін баяндай келіп, Қазақстан да, Белоруссия да экономикалық һәм әлеуметтік мәселелерді шешу тұрғысында алысқа ұзап кеткенін әңгімеледі. «Біз Қазақстанға түрлі техникалар, автомобильдер мен жер өңдеу техникаларын жібереміз. Өз кезегінде Қазақстаннан да түрлі тауарлар алып отырмыз. Бұл бір-бірімізді қолдап, қуаттап жатқанымыздың айғағы. Ал, әдебиет мәдени байланыстың бір ғана бөлшегі. Ресми түрде айтар болсам, Белоруссияда Қазақстанның жоқ дегенде бес кітабын шығару жоспарда бар. Бұған толықтай мүмкіндігіміз жетеді. Өйткені, Қазақстанның Жазушылар одағымен байланысымыз жақсы жолға қойылған», – дейді Белоруссия Жазушылар одағының төрағасы.
Қазақстанның Белоруссиядағы мәдениет күндері аясында Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің Минскідегі бірқатар мәдениет ошақтарында болғанын да атап айтуымыз керек. Соның бірі – Минскідегі Ұлттық академиялық опера және балет театры. Мұхтар Абрарұлы осы елдің Мәдениет министрі Борис Светловпен, Ұлттық академиялық опера және балет театрының бас директоры Владимир Гридюшкомен бірге екіжақты келісімдерге қол қойды. Ресми хаттамадан кейін Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед екі елдің баспасөз өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. «Белоруссия мен Қазақстанның байланысы тамырын тереңге жіберген, ел басына күн туған ауыр шақта сыналған, тарихтың сүзгісінен өткен бекем байланыс. Біз осындағы Орталық алаңда болдық. Ол жерден Кеңес Одағының Батыры атанған оншақты қазақстандық азаматтардың аты-жөнін кездестірдік. Сүндетқали Есқалиев бастаған қазақтардың Минск қаласын жаудан босату үшін шайқасып, ерлік көрсеткенін тарих ұмытпайды. Жалпы, әріптестікті үздіксіз дамытуға мүмкіндігі мол бірден-бір сала деп мәдениетті атар едім. Шын мәнінде екі ел арасындағы байланыстардың тоқтап қалған кезі жоқ. Кеңес үкіметі кезінде де, тәуелсіздік алған жылдары да бұл байланыстар жалғасып келеді»,–деді Мәдениет және ақпарат министрі. Ол сондай-ақ, мәдени байланыстар түрлі деңгейде дамып келе жатқанын, соның ішінде екі ел театрлары, мұрағаттары мен мұражай ұжымдарының жақсы қарым-қатынаста екенін сөз етті. «Міне, Ұлы жеңістің жетпіс жылдығы қарсаңында мұрағат деңгейіндегі тығыз әріптестік байланыстың арқасында түрлі жұмыстар атқарылып жатыр. Біз жыл сайын жаңа мұрағат деректерімен танысудамыз. Белоруссиядағы шайқаста хабарсыз кеткен солдаттардың қатарында болған әкелеріміз бен аталарымыздың аты-жөндері жазылған деректермен жетпіс жылдан аса уақыт өткен соң қайта қауышу үстіндеміз»,–деді министр.
Қазақстан мен Белоруссияның нық қарым-қатынасының айғағындай, өткен аптада ғана сол елдің президенті А.Лукашенконың Астанаға ресми сапармен келіп, экономикалық байланыстан бастап мәдени гуманитарлық байланысқа дейін қамтылған келісімшарттарға қол қойғаны есте. Араға апта аралатып қана қазақстандық делегация Минскіге барып, мәдениет күндерін өткізді. Бұл күндердің аясында қазақстандық өнер шеберлерінің Беларусь мемлекеттік академиялық музыка театрының сахнасында Гала-концерті өтті.
Концерттік бағдарлама барысында өнерпаздар қазақ халқының музыка мәдениетінің, би өнерінің алуан түрлілігін паш етуге тырысты. Минск театрында халық әртісі Роза Рымбаева, еңбек сіңірген қайраткерлер Бибігүл Жанұзақ, Жәмила Жарқымбаева, Нұрлан Бекмұхамбетов, Андрей Трегубенколар ән шырқаса, «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, «Ұлытау» тобы, «Серпер» домбырашылар ансамблі мен «Аққу» би ансамбльдері қазақтың би және күй өнерінің шоқтықты шығармаларын орындады. Бұл сахнада қазақтың халық әндерімен қоса Құрманғазының, Абайдың және Латиф Хамидидің шығармалары тыңдармандардың жүрегіне жол тартты. Сондай-ақ, әлемдік классика санатындағы А.Вивальди және Ш.Гуноның әуендерін қазақстандық өнер шеберлерінің орындауында беларусь жұрты жылы қабылдады.
Қонақжай беларусь халқы қазақстандық өнер шеберлерінің концертін ыстық ықыласпен, қол соға отырып тамашалады. Тыңдармандардың арасында Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед және Беларусь Республикасының Мәдениет министрі Борис Светлов, Қазақстанның Белоруссиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерғали Бөлегенов бастаған елшілік қызметкерлері, қазақстандық диаспора өкілдері де болды. Сөз соңында айтарымыз, Қазақстанның Белоруссиядағы мәдениет күндерін қорытындылаған Гала-концерт достығы жарасқан екі ел тыңдармандарының да рухани әлеміне жаңаша қуат, тың серпін сыйлағандай әсер етті.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан».
–––––––––––––––––––––––
Суреттерді түсірген
Бауыржан ЖУАСБАЕВ.