Руханият • 08 Шілде, 2020

Қала рухы

349 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ұстаз әл-Фараби ізгі қала жайлы ой-толғамдарында қалалар мен қауымдар жайын талқылай отырып, халқы ымырамен, өзара ізгілік гүлзарында ықпалдасып ғұмыр кешетін қайырымды қалаға жанды ынтық, жүректі іңкәр етуші еді ғой. Сол қалаға қарама-қайшы құбылыс – ізгілікке құрылмаған қалалар жа­йын да баян қылғанда, надандық жайлаған қараңғылар қаласы, тән қалауын ғана қанағаттандырар қажеттіліктер қаласы, тұрғындары байлықты ғана аңсаған айырбас қаласы, жүрек тоналған бақытсыздар қаласы және басқаларды бағындыруды ғана көксеген билік құмарлық қаласын көріп, жан жадағай тартып, жүрек жүдейтін.

Қала рухы

Халқы ұзақ та бақытты өмір сүретін, жақсылық пен әділдік дәс­түрі ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жа­л­­ғ­асатын қайырымды қала бел­­гісі неде дегенде, әуелі сол қа­­ла­ның тұрғындары ізгілік бел­­­гісі өзімізде бар ма десе керек, қайырымды қала қайда де­генде, біздің бойымыздағы қа­йы­рымдылық қайнары қайда десе керек-ті. Фукидидтің, көне заман ойшылының «Қала дегеніміз – тас қабырғалар емес, адамдар» деген ойын жалғастырар болсақ, қайы­рымды қала, ізгі мемлекет дегеніміздің өзі қайырымды адамдар, ізгі қоғам деген мағына ала бастайды емес пе. Ақылды адам бойында бес құндылығы жоқ қаладан аулақ жүргені аб­зал, дейді Ас-Самарқанди. Ол қан­дай сипат дегенде, әділ басшысы, тұма бұлақ – тұнық суы мен құнарлы топырағы, ғақыл­дан шырақ ұстаған ғалымы, сыр­қат­тың қай сырына да қанық болар шебер емшісі және жомарт әрі мейірбан адамдары екен.

Осы ойлардың ожау түбінде қалар қаспағы да сол, қала де­ге­ні­міздің адамдар екені. Қаланың тууы, өмір сүруі, тіпті күйреуі де адам­дарға байланысты. Осы құн­ды­лықтар мен қасиеттер бір­тұтас­та­нып, қаланың жаны мен рухына айналатындай. Иә, әр қаланың өз жаны, мінез-құлқы, менталитеті болады. Нәби де нәркес армандар мен үміттердің үкісі іспеттес Нұр-Сұлтан қаласының – NS шаһа­ры­ның жаны және рухы қандай деген ой келеді осы ретте. Ол осы жиырма үш жылдың ішінде қа­лып­тасып, толысып үлгерді ме? Оны біз сезіне алдық па?

Мәселен, әлемнің ең ұлы қала­ларының қалыптасқан бет-бей­не­сі, әдебиет пен өнердегі өзіне ғана тән детальдары мен штрихтары, адамзат өркениетінде алар орны бар.

«Маған ұлы Лондонның рухы ұнайды, мен оны барлық тұстан сезі­­немін», деген екен жазушы Шар­­лотта Бронте. Лондон рухы ір­ге­тасын римдіктер қалаған, күл­­ге айналып, феникс құсындай қайта түлеген, қазір әлемдік эко­но­миканың Вавилонына айналған қаланың рухы ғана емес, ағылшын халқының, ағылшын тілінің бүкіл әлемдегі өрісі мен беделінің символы. Демек, қаланың рухы асқақ болу үшін ұлттың өзі, мемлекет, оның тілі мен менталитеті де ас­қақ болуы тиіс. Сонда ғана ол рух­ты жан-жақтан, барлық тұстан сезінуге болады.

Ал Рим ше? Мәңгілік қаланың орталық алаңында «Milliarium Aureum» аталған алып тұғыр бол­ған екен. Римге қараған барлық провинциялардың астаналарына барар жол осы «нөлдік километр­ден» есептелген. Содан келіп әлем­дік сөз құндылығына айнал­ған «жолдардың бәрі Римге алып барады» деген тіркес те қа­лып­тас­қан. Сол тұста әлемдік өрке­ниеттің кіндігіне айналған Рим қаласы кейін де өз әсемдігі мен ғаламат шармын жоғалтқан жоқ. Гетенің өз империясының қала­ла­рын емес, дәл осы қаланы «О, Рим, сен мен үшін бүкіл әлем­сің» дегені де жайдан-жай емес. Ғұмырында бір мәртебе болса да Римді көрген жан бақытсыз болмайды, дейді тағы да ұлы ақын. «Ақындар провинцияда туып, Парижде өледі» дейді енді бір ақын Жан Кокто. Париж өзінің бар сән-салтанатымен, Луврымен, әдебиет пен өнердегі ағымдар мен бағыттарды қалыптастырушы мәдени құбылысымен, рас, әркімге сүйкімді. Әгәраки, сенің жолың болып, жастығыңды Парижде өткер­сең, одан кейін қайда барма, қайда тұрма – ол сенімен бірге қалады, өйткені Париж – әрқашан көңіліңде қалатын мереке дегенде Хемингуей әлемдік қалаларды сезіну мен түйсінудің жаңа дәуірін ашып берерін білді ме екен?!. Жаңа сипаттағы жиһангездер мен дүние кезушілер жер бетінің қай қаласына барғанда да осы мерекені іздейді, жан дүниесін жаңартып әрі жасартып жіберер таңсық әлемді, таңғажайып әсер­лер­ді іздейді. Барлық қалалар осы талапты қанағаттандыруға ұмтылады. Париж жайлы Дос­тоев­­скийдің ойы да қызық. Қасі­рет тартсаң да бақсыз болмайтын бірден-бір қала осы, дейді. Гете мен Достоевскийдің қаланы ба­ға­­лауын бақсаңыз, екеуінің де ба­қыт сыйлай алатын қаланы ғана ұлы қала деп танитынын аң­ға­расыз.

Әрине, теңіз жағасында шашылып жатқан маржандар секілді Нью-Йоркті айналып өтуге болмайды. Біздің ғасырда ұлы қала қандай болуы керек десек, соның бірнеше санатына жауап берер шаһар да осы. Адамдар бұл жайлы айтқанда, оның алыптығы мен асқақтығын, аспанға ұмтылған ғимараттары мен джунглилік кон­цеп­циясын, дүниенің байлығы шырқ үйірілген иірімдерін де ке­йінге ысырады. Қала жайлы айт­қанда, оның тұрғындарының менталитеті жайын сөз қылуға әуес келеді. «Бұл қалада бір кон­верт­тің ашылуына да адамдар жи­нала салады, әйтеуір шампан құйылса болғаны» немесе «Нью-Йорк: барлық адамдары аттаншыл, бірақ ешбірі ашынбайтын қала», «Тек осы қалада ғана зомби болып киінген адам ешкімнің назарын аудармай-ақ көшеде жүре алады» деген анықтамалардың өзі-ақ қаланың жанын көз алдына жайып салады.

Кез келген қала әлемдік қа­ла болуға, жаһандық сапар­на­маның жаңа ұранына айна­лу­ға ұмтылады. Біз де соған ұм­тылдық. Экспо өткіздік. Елорда арқылы елдің бет-бейнесін қа­лып­тастырғымыз және көрсет­кіміз келді. Жағрафиялық Ұлы даладан идеологиялық Ұлы да­ла­ға өтер тұста қағандар тә­жін­де­гі көзотаға секілді Нұр-Сұл­тан шаһары да жарқ етті, жаңа қала тұрды, жаңа өлшемдерін ұсын­ды. Экспо-ға келгендер астана бойы­нан шығыстық нәзіктікті, ба­тыстық өжеттікті қатар көр­ген­де­рін айтты. Футуристік қала деді. Алып ғимараттар адамдар үшін салынбағандай деді. Бірақ бір құбылысты әзірге сезіне алма­­­ған­дай: оның жұмбақ жанын. Оның рухы – далалық өрке­ниет­тің рухы. Қаланың жұмбақ жанын түсіну үшін әлі талай ұрпақ алмасар. Бәс тігемін, бір күні бір ғана сөз сол жұмбақты шешіп береді.