Аймақтар • 08 Шілде, 2020

Жамбылда коронавируспен күресте тиісті жұмыстар жүргізілуде

243 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әлемді әбігерге салып отырған коронавирус індетімен ауырғандар санының өсуі Жамбыл облысында да байқалуда. Бүгінгі таңда өңірде қауіпті індетті жұқтырғандар саны 1866 адамға жетіп отыр. Коронавирус індетінің алдын алу мақсатында облыс бойынша 5 шілдеден бастап қатаң шектеу шаралары енгізілді. Өңірде қоғамдық көліктің, жабық базарлар мен азық-түлік және азық-түлік емес дүкендердің, қоғамдық тамақтану және басқа да кәсіпкерлік нысандардың жұмысына шектеу қойылды, - деп хабарлайды Egemen.kz.

 

Жамбылда коронавируспен күресте тиісті жұмыстар жүргізілуде

Жалпы, қауіпті індетпен күресуде Әулиеата өңірінде қандай шаралар қабылданып, қандай жұмыстар атқарылуда? Аталған мәселеге байланысты Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында брифинг өткізді. Әкімнің айтуынша, облыста өткен тәуліктің өзінде 77 жағдай тіркелген. Оның ішінде 43 науқас симптоммен және 34 науқас симптомсыз жағдайда анықталған. Ал, инфекциялық стационардан жалпы саны 598 адам сауығып шыққан. Өкінішке қарай, 3 адам қайтыс болған. Оның ішінде 2 тұрғын жергілікті азаматтар болса, 1 тұрғын Павлодар облысының тумасы болған. Бүгінде 384 науқастың жағдайы орташа болса, 70 науқастың жағдайы жеңіл дәрежеде болып отыр. Сонымен қатар, өкпенің қабыну диагнозымен 896 адам ауруханаға жатқызылып, 732 науқас ем қабылдауда екен. Өз сөзінде Бердібек Сапарбаев облыста коронавирус індетін емдеу және оқшаулау шараларын ұйымдастыру мақсатында жалпы 1855 төсек қоры жасақталғанын атап өтті. Сондай-ақ, облыста 10 компьютерлік томография аппараты жұмыс атқарады. Тағы бір айта кетерлігі, инфекциялық 665 төсек қорын 1490-ға жеткізу мақсатында қосымша орындар әзірленуде екен. Ал, әкім өңірлік стационарларда бүгінде 146 ИВЛ аппараты тәулік бойы жұмыс атқаратын болса, жуық арада тағы да сондай 50 аппарат алу жоспарлануда екенін жеткізді.

Қазіргі кезде мемлекет тарапынан тұрғындар игілігі үшін тиісті қолдаулар көрсетіліп келеді. Жиын барысында Бердібек Сапарбаев 1662 медициналық құрал-жабдықтар алу үшін республикалық бюджетке 4,9 миллиард теңгеге өтінім ұсынылғанын мәлімдеді. Оның ішінде ИВЛ аппараттары, мониторлар, оттегі концентраторлары, пульсоксиметр сияқты медициналық құрал-жабдықтар бар. «Кадр тапшылығы да бүгінгі күні өзекті мәселеге айналып отыр. Жасақталған 1855 төсек қорына 1146 медициналық қызметкер тартылып, жұмыс істеуде. Оның ішінде 207 дәрігер, 498 орта буын медицина қызметкері және 441 кіші буын медицина қызметкері бар. Қосымша 565 медицина қызметкеріне қажеттілік бар. Оның ішінде 435-і нақты анықталып, тартылды», деді Бердібек Сапарбаев. Әкімнің айтуынша, медицина қызметкерлері де ауруға жиі шалдығуда екен. Брифинг барысында Бердібек Сапарбаев коронавирус індетімен күресуге жалпы 2,3 миллиард теңге бөлінгенін, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2585 медицина қызметкерлеріне 762,4 миллион теңге үстемақы төленгенін атап өтті. Сонымен қатар, облыста ПТР тестілеу 6 ПТР зертханасында өткізілетінін, ағымдағы жылдың 29 қаңтарынан бастап күні бүгінге дейін жалпы 64 мың 187 тестілеу жүргізілгенін жеткізді. Әкімнің айтуынша, емдеу шараларына жұмылдырылған медицина қызметкерлері демалыс орындарымен қамтамасыз етілген, 6 қонақүйге жалпы 409 медицина қызметкері орналастырылып, олардың жүріп-тұруына арнайы тасымалдау көлігі ұйымдастырылған.

  Бүгінгі таңда жергілікті тұрғындар үшін дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігі де күрделі мәселелердің бірі болып отыр. Дәріханалардың алдында сағаттап кезекте тұрса да тұрғындар қажетті дәрілерін таба алмай жатқандарын айтып, шағымдануда. Бұл орайда Бердібек Сапарбаев аскорбин қышқылы, эуфилин, глюкоза және басқа да дәрілердің жетіспей жатқанын айтып, бүгінде облыс бойынша 486 фармацевтикалық нысандардың жұмыс істеп тұрғанын жеткізді. Оның ішінде 447 дәріхана және өзге де нысандар бар. Ал, облыста енгізілген қатаң шектеу шараларына байланысты Тараз қаласы мен барлық аудандарда 43 мониторингтік топтары құрылған. Мониторинг топтарының тарапынан 2050 нысанға тексеру жүргізілген. Тексерулер барысында 340 нысанда карантин талаптарының сақталмауы анықталған. Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев 235 нысанға ескерту берілгенін, 75 нысанға айыппұл салу туралы хаттама толтырылып, сотқа жолданғанын және 30 нысанның жабылғанын мәлімдеді. Сотқа жолданған хаттама бойынша 12 нысанға 1,7 миллион теңгеге айыппұл салынған. Бір өкініштісі, соңғы 7 күнде науқастардың саны 414 адамға өскен. Тараз қаласының өзінде 260 адам тіркелген. Брифинг барысында Бердібек Сапарбаев мұндай өсім көрсеткіші тұрғындар тарапынан санитариялық талаптарды сақтамау салдарынан орын алып отырғанын айтып өтті.

 

Жамбыл облысы